ТӨРТ ТҮЛIКТI ТҮРЛЕНДIРГЕН
ТӨРТ ТҮЛIКТI ТҮРЛЕНДIРГЕН
Аққан айлардың, жылжыған жылдардың өзiндiк сыйлар қуанышы мен қайғысы да, күнгейi мен көлеңкесi де ұшаң-теңiз ғой. Үздiксiз қозғалыстағы өмiр өнерге де тынымсыз өзгерiс, жаңалық әкеп жатады. Осы арада көз тiгер қалыптасқан өнер дәстүрi, тарих сабағы бар, таланттар мұрасы бар. Олар жаңа туған ай сияқты қазiргi толғаныс-iзденiстерiмiзге өз жауабын ұсынады, ұйқысыз жылдарының жемiсiн алға тартады.
Мiне, бiздiң алдымызда заманымыздың ұлы суреткерi Мұхтар Омарханұлы Әуезовтiң бұдан 80 жыл бұрын елiне жазған бiр хатының көшiрмесi жатыр. Ұясын қорғаған қарлығаштай, талант иесiнiң елi үшiн, туған жерi үшiн жүрек жарды тiлегi бұл хатында қалтқысыз көрiнiс тапқан. Тегiнде, әр жазушы алдымен елiмен, халқымен iргелi десек, Әуезов шығармашылығы да жаңарған қазақ елiмен бiртұтас дүние.
Әуезовпен бiрге өсiп, бiте қайнасқан адамдардың жазып қалдырған естелiктерiне қарағанда, ол өзiнiң әдеби қызметiн қоғамдық жұмыстармен шебер шендестiре бiлген. Жазушыны сонау жастық кезiнен өте жетiк бiлетiн Құлатай Ақбердиннiң естелiгiне қарағанда, ол бұрынғы Шыңғыс болысында тұтынушылар кооперациясын ұйымдастыруға барынша күш жұмсаған екен. Ал 1921–1922 жылдарда жауапты қызмет атқарған кезiнде болашақ жазушы бүгiнгi Абай ауданына қарасты Байқошқар өңiрiне поселка салып, елдi отырықшыландыруға мұрындық болғанын Әуезовтiң артында қалған хаттары баяндайды. Мұның бәрi, сайып келгенде, жазушының мұратты, мүдделi болған мәселелерiнiң ауқымдылығының, халқының кетiгiне кiрпiш, жыртығына жамау болуға ерте әзiрленгенiн дәлелдесе керек. Бiз әңгiмелегелi отырған хатты мұхиттай Мұхтардың бұдан 80 жыл бұрын жазған. Оның толық мәтiнi төмендегiдей:
«Қадiрлi Ике, Жұмжұма, Тоқар, Құлке, Өмiртай, Бұғыш, Қамза, Абайке, Сәдуақас, Бендебай ағайлар! Мына кiсiлер Ленинградтағы бiлiм ордасынан Қазақ өкiлдерiнiң сұрауы бойынша қазақ даласындағы қазақ малының тұқымын айырып, түрiн сынап, бiтiм сүйегiн өлшеуге шыққан маман-бiлгiштер. Бұлардың iстерi ғылым жолымен қазақ шаруасына пайда тигiзуге ғана арналады. Одан басқа алым-салыққа септiк тигiземiз деп, сол ниетпен жүрген кiсiлер емес. Сондықтан, әрбiр тәуiр малдардың түрлерiн ел жасырмай, толық көрсетудi тiлейдi. Мүмкiн болғанша елдiң сенiмдi көзбен қарап, iстерiне шама келгенше көмектесуiн қатты қалайды. Сондықтан менi тобықты баласы болған соң, елдiң сөз ұғатын, жөн бiлетiн кiсiлерiне хат жазып, бiздiң жайымызды ұғындырып бер деген соң осыны жазып отырмын. Көмектерiңiздi аямассыздар деп сенемiн.
Хат жазушы-iнiлерiңiз Мұхтар Әуезов».
Бiр ғажабы, бұл хат жазылғаннан кейiнгi жарты ғасыр бойы Қазақстаннан тыс жерде сақталған. Тек 1977 жылы, яғни Әуезовтiң туғанына 80 жыл толуы қарсаңында хаттың түпнұсқасын Латвия ССР-нiң бiр ғалымы жазушының Алматыдағы мұражай үйiне мәңгiлiк сақтауға жiберiптi.Хаттың жазылу себебi де назар аударарлықтай. XX ғасырдың алғашқы ширегiнен бастап, КСРО Ғылым академиясының өндiргiш күштер жөнiндегi тұрақты комиссиясы Қазақстанның сол кездегi шығыс аймақтарында комплекстi экспедициялық зерттеулер жүргiзе бастаған. Осы комиссияның құрамында жергiлiктi үй жануарларының тұқымын зерттеуге арналған шағын мамандар тобы жұмыс iстейдi. Бұл жұмысты кезiнде Ленинград университетiнiң профессоры, Ресейде генетикалық iлiм мектебiнiң негiзiн салушылардың бiрi-биология ғылымдарының докторы марқұм Юрий Александрович Филипченко басқарыпты.
Мiне, жоғарыдағы аталған комиссияның сол шағын тобы 1927 жылы көктемде Семей губерниясында өзiнiң кезектi зерттеу жұмыстарын жүргiзу үшiн сол жаққа аттанған. Мақаламызға өзек болып отырған хатты Ленинград университетiнде оқып жүрген студент Мұхтар Әуезов Ю. Филипченконың өтiнiшi бойынша жазып берсе керек. Бұл сапарды Ю. Филипченконың өзi бармаса да, Әуезовтiң хатын ол экспедиция мүшесi, үмiт күттiретiн шәкiрттерiнiң бiрi Ян Янович Лусис деген жас ғалымның қолына ұстатады. 1923 жылы Петроград университетiнiң биология факультетiн үздiк бiтiрiп, сонда ғылыми жұмысқа қалдырылған Я. Лусистiң ұлты латыш.Жазушы хатының өз мұражайына келiп түскенiне де бiрталай жылдар өтiптi Хатқа дұрыс иелiк жасап, оны мұражайға жолдаған кезде абзал ғалым Я. Лусис 80 жаста екен. Латвия мемлекеттiк университетiнде өз мамандығы бойынша оқытушылық қызметiн жалғастырып жүрсе керек. Осы мақала иесi бұдан жиырма жылдай бұрынғы бiр iс сапарында жазушының Алматыдағы мұражайында сақтаулы жатқан сол хатымен кездейсоқ танысып, оның көшiрмесiн алған соң Латвия ССР-нiң Ғылым академиясы мен Латвия мемлекеттiк университетiне ресми мұрағаттық сұраулар жолдаған едi. Ондағы ойы – егер Я. Лусис тiрi болса, ол өзi жөнiнде, Мұхаңның хаты қақында азды-көптi деректер жолдар деген үмiт болатын. Иә, көп ұзамай жергiлiктi мұрағатқа беделi мен лауазымы үлкен бұл екi мекемеден де жауаптар келдi. Алғашқысының жауабында Я. Лусис кезiнде осы ғылым ордасына корреспондент-мүше болып сайланғанын, алайда, оның 1979 жылы тамызда дүние салғанын, туыстарынан бұл күнде тек жалғыз қызы Валентина Лусистiң КСРО Ғылым академиясының Москвадағы Мұхит зерттеу институтында қызмет iстейтiндiгi хабарландырылды. Ал, Я. Лусистiң ең соңғы қызмет орны – Латвия Мемлекеттiк университетiнiң биология факультетi. Сауалымызға орай, Я. Лусис «Өмiрi мен ғылыми қызметi» атты монографиялық кiтапты жолдапты. Барынша танымдық мәнге толы аталмыш бұл кiтап Латвия ССР Ғылым академиясы редакциялық баспа кеңесiнiң қаулысы бойынша осы ғылым ордасының өз баспасы «Знатне» атты баспадан 1985 жылы шағын таралыммен (1000 дана) орыс тiлiнде жарық көрiптi. Кiтапты ашып жiбергенде оның титульды бетiнде көрiнiс беретiн грифтер: Латвия ССР Ғылым академиясы, оның химия және биология институты, генетиктер мен селекционерлердiң Н. Вавилов атындағы Латыш республикалық қоғамы ұжымдарының бұл басылымды жарыққа шығаруға барынша еңбек еткен ортада Я. Лусистiң осал ғалым еместiгiн дәлелдесе керек. Шындығында, бұл кiтаптың әр бетi 82 жыл өмiр кешiп, оның 60 жылын ғылымға бағыштаған адамның өнегелi өмiр шежiресi екен. Сондай шежiренiң бiрi – жас ғалым Я. Лусистiң 1926–1927 жылдары қазақ жерiне ғылыми-экспедициялық қызметпен сапар шегуi. Кiтапта «1926 жылғы Жетiсу экспедициясы», «1927 жылғы Семей экспедициясы» атты шағын-шағын тақырыпшалы материалдар басылып, олардың зерттеу жүргiзген жерлерi, маршрут карталары, сол кезде қазақ жерiнде түсiрiлген суреттерге де орын берiлiптi. Жоғарыдағы М.Әуезов хатының жазылу себебi осы кiтаптың «1927 жылғы Семей экспедициясы» атты материалында былайша баяндалды:
«Экспедиция өткен жылғы (1926 жыл – Ғ.З) бастан кешкен қиыншылықтарын ескере отырып, Я. Я. Лусис сол кездегi Ленинград университетiнiң студентi М.Әуезовтiң жерлестерi мен туыстарына жазып берген хатына сүйенедi. Сол хаттың көмегi арқасында малдың алуан түрлерiн зерттеу көп қолайсыздықтан құтқарды». Осы материалдарда баяндалғандай, Ленинград ғалымдары Семей қаласына 1927 жылдың 1 мамырында келiп жеткен. Осыған қарап Мұхтардың жерлестерiне жылы, айы мен күнi көрсетiлмей жазып берген хатының жазылу мерзiмiн болжауға болатындай. Демек, сол кездегi сапар шегi мен жол жүру қиындығын ескерсек, хат бiзше 1927 жылдың сәуiр айының басында жазылғанға саятындай.
Құрамында алты адамы бар экспедиция Семейге келген соң екi шағын топқа бөлiнген. Бiр тобы Тарбағатай, Алтай жағын, екiншi тобы Шыңғыс, Шұбартау, Қарқаралы бөктерлерiн аралауға аттанған. Екiншi топты Я. Лусис басқарыпты. Сөйтiп, бұл экспедиция Семей губерниясының жерлерiнде үш ай бойы үй жануарларының түрлерi мен тектерiн зерттейдi. Араб әрпiмен жазылған хатқа көз жүгiртiп, оқытып алған ел адамдары экспедиция мүшелерiне шын пейiлдерiмен, ықыластана малдарын көрсетiп, тексерткен. Алдарына ас қойып, ауылдар арасында жол көрсетiп, көлiкпен қамтамасыз етедi. Барынша мол, пайдалы материалдар жинаған экспедиция 1927 жылдың 6 тамызында Семейге оралып, одан әрi Ленинградқа қайтып оралған.Осы сапар материалдары сұрыпталып, соның негiзiнде бiр жылдан кейiн, яғни, 1928 жылы СССР Ғылым академиясы «Семей губерниясының үй жануарлары» («Домашние животные Семипалатинской губернии», Ленинград, Издат. АН СССР) атты көлемдi екi жаршы (вестник) жинақ шығарады. Бiрiншi жаршы жинақ iрi қараға арналса, екiншi жинақта қой-ешкi туралы сөз болады. Әр жинақтың кiрiспесiнде қазақ халқына тән мал бағудың өзiндiк әдiс-тәсiлдерi, көктеу, күзеу, жайлау, қыстау сияқты көшi-қон жайының халықтық ұғымдарына түсiндiрме берiлген. Экспедициялық зерттеудiң мақсат мүдделерi мен мiндеттерi, жергiлiктi мал тұқымдарын асылдандыру мүмкiндiктерiне байланысты мәндi мәселелердi баяндаған. Сайып келгенде, бұл еңбектердi жариялатуда, бiр жүйеге келтiре баяндауда негiзгi басшылық Я. Лусистiң қолында болып, тiкелей соның араласуымен шыққан.
Ғұлама ғалымның соңғы 30 жылдық өмiрi өзiнiң туған елi Латвияда өтедi. Латвия ССР Ғылым Академиясының корреспондент-мүшесi, Латвия ССР-нiң ғылымына еңбек сiңiрген қайраткерi, «Еңбек Қызыл Ту» орденiнiң иегерi, Латвия мемлекеттiк университетiнiң биология факультетiндегi зоология және генетика кафедрасының профессоры. Мiне, Я. Лусистiң ғылым әлемiндегi кеңiстiгi осындай.
Ал, 1927 жылғы Семей сапарының алдында дүниеге келген Я. Лусистiң қызы Валентина Ұлы Отан соғысының ауыр жылдарында жүздеген Ленинград балаларымен Көкшетау облысының Бурабай аймағына жеткiзiледi де, сонда оқытып, тәрбиеленген екен.
Айтпақшы, Я. Лусистiң кеңестiк Қазақстанмен байланысы тек М.Әуезовтiң жазып берген бiр хатымен, оның қазақ елiне келуi екi сапармен ғана шектелмесе керек. Бақсақ, ол бүгiнде республикамыздың оңтүстiк далаларында өсiрiлiп келе жатқан арқар-меринос қойын дербес тұқым ретiнде шығарушыларға генетик ғалым қақында ақыл-кеңес берушiлердiң бiрi екен. Осы бағытта Қазақ ССР Fылым академиясы эксперименттiк биология институтының Құрметi базасында денесi шымыр, сирағы ұзын, сүйегi мықты, таулы жердiң жағдайына көнбiс, еттi-биязы жүндi қой тұқымын шығару жөнiндегi Қазақстан ғалымдары мен шопандарының еңбектерiн бағалап, бағыт беру мақсатымен ол 1935–1949 жылдар арасында Алматыға талай рет ат басын тiресе керек. Сөйтiп, ол осы қойды жаңа дербес тұқым ретiнде 1949 жылғы мемлекеттiк қабылдау комиссиясы мүшелерiнiң бiрi болган.
Ұлы суреткер М.Әуезовтiң бiр хаты хақындағы баянды ойларымызды түйiп айтсақ, жазушының отызыншы жылдардың басында-ақ қаламынан туған «Бiлекке бiлек», «Құм мен асқар» әңгiмелерiнiң мал шаруашылығы мәселелерiне арналғандығы тегiн болмаса керек. Кезiнде Мұхаң сценарийi бойынша түсiрiлген «Райхан» көркемфильмi қазақ жылқысының тұқымын жақсарту мәселесiн көтерсе, ал «Өскен өркен» атты ең соңғы романында бүгiнгi таңда малды көнерген тәсiлмен бағу жайы сынға алынғаны мәлiм. Ендеше, мазмұны мен жазылу себебi баяндалған бұл хат сонымен бiрге жазушы қиялынан, шығармашылық iзденiстерiнен әр кез, әр алуан орын алып келген мал шаруашылығы тақырыптарының түп төркiнi тым тереңде жатқанын, оны сонау жас кезiнде-ақ қатты толғандырғанын танып-бiлуге көмектеседi.
27.10.2011 Ғабит ЗҰЛҚАРОВАягөз қаласы