ТIЛ ЖАНАШЫРЫ ЖЕҢIСКЕ ЖЕТТI
ТIЛ ЖАНАШЫРЫ ЖЕҢIСКЕ ЖЕТТI
Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ
Газетiмiздiң алдыңғы сандарында жарияланған («Түркiстан», №35, 1 қыркүйек) «Керекуде кемшiлiктер кемiр емес. Тiл жанашыры араша сұрайды» атты мақалада Павлодар қаласының тұрғыны Руза Бейсенбайтегiнiң «Павлодарлифт» ЖШС тарапынан тiлдiк құқығы аяққа тапталып және аты-жөнi түбiртекте әдейi бұрмаланып келгендiгi үшiн сотқа жүгiнгенiн, ең сорақысы соттың қарсы жаққа жығып бергенiн де жазған болатынбыз.
Бұл жөнiнде тiл жанашырының өзi: «Қалалық сотта сот сауатсыздығынан ба, әлде басқа ұлттың алдындағы жалтақтықтан ба, жеңiлiп қалғаным рас. Бiр қызығы судья И.Ж Медерова ханым шешiм шығарғанда менiң талап-арызымның еш негiзi жоқ десе де, оған қарама-қайшы келетiн жеке ұйғарымды тағы шығарды. Онда «Тiлдер туралы» заң нормаларының бұзылғандығынан мекеме бiр айдың iшiнде соларды қалыпқа келтiруi керек және мекеменi қаржы полициясы тексерсiн делiнген. Нәтижесiнде, Котов мырза (оның орнына жаңа директор М.Қ.Ахметов келген) орнынан босатылып, қаржы полициясына елден шықпау туралы қолхат берген көрiнедi. Бүгiнде Кереку өңiрiнде 50 пайыздан астам қазақ тұрса да, «Павлодарлифт» ЖШС қызметкерлерiнiң 96-97 пайызы басқа ұлттан тұрады екен. Өзiңiз ойлаңызшы, мұндай жерде қазақ тiлiнiң иiсi қайдан аңқысын?», – деп мұңын шағып едi.
Алайда, Кереку өңiрiндегi мемлекеттiк тiл мәселесiн жиi көтерiп, жанын салып жүрген тiл жанашыры Руза Бейсенбайтегi қалалық соттан жеңiлiс тапқанмен, үмiтiн еш үзген жоқ. Ол Павлодар облыстық сотына аппеляциялық шағым түсiрiп, нәтижесiнде жеңiске жеттi. Павлодар облыстық сотының судьясы Г.С. Жаппарова таныстырған шешiм бойынша, «Павлодарлифт» ЖШС мекемесiнiң тiл заңдылықтарын өрескел бұзғандығы айтылған.
Тiл үшiн күресте табандылық танытқан қазақ қызы Руза Бейсенбайтегi жүрекжарды қуанышын былайша жеткiздi. «Бұл – менiң емес, қазақ тiлiнiң жеңiсi! Қазақ тiлiнiң мәртебесiнiң өсуiне қорғаушы Абзал Құспановтың да кәсiби деңгейдегi бiлiктiлiгi септiгiн тигiздi. Одан бөлек әдейi Алматыдан келген «Желтоқсан ақиқаты» қоғамдық бiрлестiгiнiң басшысы Бейсенғазы Сәдуұлы мен Сайлау Лепесовтiң қоғамдық қорғаушы болуы қазақ тiлiнiң мерейiн өсiрдi».
Бiр айта кетерлiгi, «Павлодарлифт» ЖШС-на келген жаңа директор М.Қ.Ахметов мырза кадр мәселелерiн ҚР «Еңбек кодексiне» сәйкес шешудi қағидатта ұстап (қызметкерлердiң ұлтына қарап алынуына жол бермей), жұмыс iстейтiндiгiн көрсете бастапты. Халыққа қызмет көрсету мекемесi аз уақыттың iшiнде жергiлiктi тұрғындардың ойынан шығып, сапалы қызмет ұсынуды қолға алған көрiнедi. Бәлкiм, бұл оңтайлы өзгерiс «Павлодарлифт» ЖШС мекемесiнiң қазақ тiлiн де тезге салатын шығар, кiм бiлсiн?!
27.10.2011