ЖУРНАЛИСТЕРГЕ ҚАСТАНДЫҚ ЖАСАЛДЫ
ЖУРНАЛИСТЕРГЕ ҚАСТАНДЫҚ ЖАСАЛДЫ
Алтынай ҚУАТ
Ақтауда iссапармен жүрген алматылық әрiптестерiмiзге оқ атылды. Қастандық жасалған журналист пен телеоператордың бiрi арқасы мен қолынан жараланса, ендi бiрiнiң басы жарылып, аяғына оқ тиiп, қолы сынып, иығы шыққан. Сорақысы сол, ақтаулық дәрiгерлер қансыраған телеоператордың жарақатын тiгуге жайбарақаттық танытқан көрiнедi.
Ақтау қаласында жұмыс барысымен жүрген тәуелсiз журналист Өркен Жоямергенұлы мен телеоператор Асан Амиловке қастандық жасалды. Белгiсiз бiреулер резеңке оқпен журналистiң арқасы мен қолынан жаралап, оператордың басын бейсбол таяқшасымен жарып, қолын сындырып, иығын шығарған, аяғынан атқан. Оқиға туралы ести сала, әрiптестерiмiзге хабарласқанда, Өркен: «Кеше түнде «Қаламқас» мұнай кенiшiнен келгенбiз. Мұнайшылардың мәселесiне қатысты ақпарат алғымыз келген. Бiрақ кенiш басшылары ақпарат беруден бас тартып, бiзге «МаңғыстауМұнайГаз» кәсiпорнына баруға кеңес бердi. Ақтау қаласына қайтып келгеннен кейiн бiз жалдап жатқан үйге белгiсiз бiреулер келiп, пәтер жалдау туралы, бiздiң кiм екендiгiмiз туралы басқа да сауалдар қойды. Олар кеткеннен кейiн түнi бойы әлдекiмдер бiрнеше рет есiк қоңырауын басып, бiзге маза бермедi. Қауiпсiздiгiмiздi ойлағандықтан, есiктi ешкiмге ашқан жоқпыз. Бiрақ бүгiн таңертең «МаңғыстауМұнайГаз» мекемесiне бару үшiн жиналып, тысқа шыққанда бiз жалдаған таксидiң жүргiзушi үй маңында 708 нөмiрлi ақ «Прадо» көлiгiнiң бiраз уақыттан берi тұрғаны күмәндi көрiнетiнiн айтты. Маңайымызды шолып шыққанда ешқандай көлiктi байқамадық. Ойымда ештеңе жоқ, таксиге ендi жайғаса бергенде кенет есiк ашылды да, маған белгiсiз бiр жiгiт екi рет резеңке оқ атты. Оқ қолым мен арқамнан тидi. Әлгi жiгiт қолымдағы ноутбук, дискiлер, жұмысқа қажеттi басқа заттарым салынған рюкзагiмдi жұлып алды да, кiлт терiс айналды. Көлiк сыртында тұрған операторды бейсбол таяқшасымен басынан бiрнеше рет ұрып, қансырата жарып, аяғына оқ атып, қолын сындырып, иығын шығарған олар бой тасалап үлгердi. Жастары 20-25 арасындағы 4 жiгiт. Шабуыл 3-4 минутқа ғана созылды» дедi. Оның айтуынша, әрiптестерiмiз дереу полицияға хабарласып, артынша «Жедел жәрдем» шақырған. Полиция қызметкерлерi 10 минутқа жеткiзбей жетiп келсе, «Жедел жәрдем» сүт пiсiрiм уақыттан соң келген. Басынан жараланып, көп қан жоғалтқан Асанға Ақтаудағы облыстық аурухана дәрiгерлерi де көмек беруге асықпапты. «Ақ халатты абзал жандар» Асанның басын жарақат алғаннан кейiн 1 сағаттай өткеннен кейiн ғана тiккен. Болған оқиғаға қатысты полицияға шағым түсiрген журналистер қауiпсiздiгiн қамтамасыз етудi сұрап, прокуратураға да өтiнiш жазған. Әрiптестерiмiзге жасалған Ақтаудағы қастандық туралы хабар ала сала, «Әдiл сөз» Сөз бостандығын қорғау қорына, елiмiздегi бiрқатар БАҚ өкiлдерiне, депутаттарды құлағдар етiп, олардың жеке бас қауiпсiздiгiн қамтамасыз етуге және Алматыға аман-есен жетуiне ықпал етуге өтiнiш бiлдiрдiк.
Өкiнiшке қарай, қоғамның, тiптi бүкiл әлемнiң дамуына, тұтас бiр адамзаттың игiлiгiне қызмет ететiн мамандықтардың бiрi – журналистика қауiп-қатерге толы. Ресми деректерге сүйенсек, жыл басынан берi бүкiл әлем бойынша қызмет бабын орындау барысында 80-нен астам журналист қаза тапқан. Соңғы он жылда Қазақстанда өмiрмен ерте қоштасқан журналистер арасында Асқат Шәрiпжанов, Нури Муфтах, Алексей Пугаев, Батырхан Дәрiмбет, Сәкен Таужанов т.б. бар. Көпшiлiгiнiң қазасының себебi соңына дейiн анықталмаған. Сонымен қатар қызмет барысында әкiмшiлiк, қылмыстық жазаға тартылған бiрнеше журналист түрмеде отыр.
Жуырда ғана ҚР Сенатында депутаттар Қазақстандағы идеологиялық құрал саналатын БАҚ өкiлдерiнiң, яғни журналистердiң әлеуметтiк мәртебесiн айқындап беру туралы мәселе көтерген болатын. Журналистер қауымының бүгiнгi ахуалы туралы пiкiр айтқан ҚР Мәжiлiс депутаты Мұрат Әбенов: «Журналистер – қоғамның түрлi саласында болып жатқан шараларға белсене араласатын мамандық иелерi. Менiңше, журналистерге елiмiздегi кез келген проблемаларды батыл көтеруге жағдай жасау қажет. Ол үшiн БАҚ өкiлдерiнiң ақпарат алудағы жеке бас қауiпсiздiгiн қамтамасыз етудi жақсарта түсу керек. Демократиялық қоғам құрамыз десек, бұқаралық ақпарат құралдарының сапалы да жедел, батыл да нақты жұмыстарына қолдау көрсеткен жөн. Себебi бiз ақпаратты журналистер арқылы аламыз. Ақтауда журналистерге қастандық жасалғаны өкiнiштi. Бiрақ алдағы уақытта БАҚ өкiлдерiн құқықтық, әлеуметтiк тұрғыда қолдайтын шаралар керек деген пiкiрдемiн. Қоғамды демократияландыруда, мемлекетте жүзеге асырылып жатқан реформалардың жемiстi түрде жүзеге асырылуына қомақты үлес қосатын – журналистер. Сондықтан өзге мамандықтарға қарағанда, журналистерге, жалпы БАҚ өкiлдерiне мемлекеттiк деңгейде баса назар аударған абзал. Қай мемлекетте болса да, қоғамдағы демократиялық процестер журналистердiң жұмыс сапасымен қатар жүредi. Мен журналистермен тығыз қарым-қатынастамын. Олардың жұмыс барысында туындайтын қиындықтарымен, мысалы, ақпарат алудағы кедергiлермен таныспын. БАҚ саласындағы қиыншылықтар мен кедергiлер кiмдi де болса ойлантпай қоймайды, әрине», – дейдi.
27.10.2011