Жаңалықтар

2020 ЖЫЛЫ ҚАЗАҚСТАНДА МҰНАЙ ҚОРЫ

ашық дереккөзі

2020 ЖЫЛЫ ҚАЗАҚСТАНДА МҰНАЙ ҚОРЫ

Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ

«ҚазМұнайГаз» Барлау Өндiру» АҚ компаниясы бүгiнде үлкен жетiстiктерге қол жеткiзiп отыр. Биыл компанияның IPO нарығына шыққанына – 5 жыл. Осыған байланысты ұйымдастырылған роуд-шоу аясында белдi компания әлеуеттi инвесторлар және акционерлермен кездесiп, алдағы жоспарларымен бөлiстi.

«ҚазМұнайГаз» Барлау Өндiру» АҚ ком­­па­­ниясы өсу мен даму сатысына өрлеп келе жат­са да, аз уақыттың iшiнде инвесторлардың құн­ды қағазын салғысы келетiн бiрден-бiр қай­нар көзiне айналуда. Бүгiнде аяғынан тiк тұр­ған компания әлемнiң бiрнеше елдерiнен ин­вестиция тартып, ауқымды түрдегi жобала­рын бастап кеттi. Компания басшылары роуд-шоу­дың нәтижесiнде құнды қағаздарға да ай­тар­лықтай әсер етуге болатындығын айтуда.

Компания IPO нарығына шыққан бес жыл­да қандай жетiстiктердi бағындырды? Ал­дағы уақытта нендей жобаларды қолға ал­мақшы? Мiне, «ҚазМұнайГаз» Барлау Өндiру» АҚ басшылары өздерiнiң се­нiм­дi серiктесiне айналған инвесторлары мен сарапшылары алдында болашаққа ба­ғытталған жоспарларының бiр парасы­мен таныстырып өттi. «ҚазМұнайГаз» Бар­лау Өндiру» АҚ компаниясы бас дирек­торы Асқар Бал­жановтың айтуынша, компанияның тынысы IPO нарығына шыққалы берi едәуiр кең­ейе түсiптi. «Бiздiң компанияның IPO-сы Қазақстан үшiн мұнай-газ саласындағы мем­лекет пен миноритарлы инвесторлардың бiр­лес­кен жобасы. Айта кету керек, елiмiзде күнi бү­гiнге дейiн миноритарлы акционерлердiң мүд­десi ескерiле бермейтiн-дi. Қазiр бiзде ми­норитарлы акционерлердiң мүддесiн қор­ғай­тын корпоративтi басқару жүйесi жұмыс iс­теп келедi», – дедi компания басшысы жур­на­лис­­терге арналған брифингте.

Осыдан бес жыл бұрын компания құ­ра­­мына кiретiн «Өзенмұнайгаз» және «Ем­бi­мұнайгаздың» өндiру көлемi 9 млн. тонна мен 3 геологиялық барлау блогына ие бол­ған. Бүгiнде компания осы екi филиалдан бас­қа үш бiрлескен кәсiпорынға иелiк етуде. Ком­па­ния­ның жинақталған өнiм өндiру көлемi шамамен 13 млн. тоннадан асады. Одан бөлек IPO на­рығына шыққанда сатылған акция құны 2 млрд. АҚШ долларына бағаланғаны есте. Ал бес жыл iшiнде сол қарызға алған 2 млрд. АҚШ долларының дивидендi төленiп, шама­мен 1 млрд. АҚШ доллары миноритарлық ак­цио­­нерлерге берiлдi. Компанияның 4 млрд. дол­лар шамасындағы бос қаражаты бар десек, оның 2 млрд. доллары алдағы уақытта өнiм өн­дiрiп, кен орындарының жұмысын тұрақты түр­де ұстап тұруға, 1 млрд. қаржы Қашаған мен Қарашығанақтан басқа өзге де жобаларға, ал 2-2,5 млрд. доллар жаңа жобалар бойынша өнiм алуға жұмсалмақшы.

«ҚазМұнайГаз» Барлау Өндiру» АҚ бас ди­ректоры Асқар Балжанов әңгiме барысында «Өзен­мұнайгаз» кен орнының компания тарихын­да айрықша орын алатындығын жет­кiз­дi. «Өзенмұнайгаз» – компаниямыздың маржаны. Бiздiң бар арқа сүйейтiнiмiз де сол. Өйткенi ком­панияның жинақ өндiрiсiнiң 50 пайызын, қор­дың 50 пайызын «Өзенмұнайгаз» толтырып отыр», – деген ол соңғы жылдары ауық-ауық орын алған ереуiлдердiң мән-жайына да тоқ­тала кеттi. – Бiрiншiден, «Өзенмұнайгазда» соңғы екi-үш жылда еңбек тәртiбi кәдiмгiдей бұзылып, ереу­iлшiлердiң бас көтергенi ешкiмге құпия емес. Ал биыл жазда басталған ереуiл үш ай­ға созылды. Бiз жұмыс берушi ретiнде ал­ғаш рет ереуiлшiлердiң талап-тiлегiмен ке­лiс­педiк. Себебi, компания соңғы жылдары мұнайшылардың жалақысын ең жоғары дең­гейге көтерiп, әлеуметтiк шығындарын ай­тар­лық­тай молайтқан болатын. Демек, бiз жұмыс бе­рушi ретiнде жұмысшылардың алдындағы бар­лық мiндеттемелерiмiздi орындадық. Екiн­шi­ден, сот орын алған наразылық акцияның заң­сыз өткендiгiн айтты. Компания «Еңбек ко­дексi» бойынша жұмыс орнында болмаған қыз­мет­кердi жұмыстан шығарып жiберуге құқысы бол­са да, үш айға дейiн шыдамдылық танытып келдi. Алайда, жұмысқа шықпаған 2,5 мың еңбеккердiң 1 жарым мыңы үш айдан кейiн қайтадан жұмысына кiрiссе, өкiнiшке қа­рай, жұмысқа бiржола бармаған 990 адам жұмыстан босатылды. Олар ереуiлге шыққаны үшiн емес, жұмысқа шықпағаны үшiн кәсiбiнен айрылды. Әрине мұнда қазiр моральды-психологиялық жағдай мәз емес. Оны тез арада қалпына келтiру де оңай шаруа дей алмаймын. Өзiм әр апта сайын Өзенге барып, мұнайшылармен кездесiп тұрамын. Жұ­мыс берушi мен жұмысшының бiр-бiрiне деген сенiмiн қайта жандандыру керек. Қазiр бiз бұл мәселенi екi жақ болып қолға алып, шешу үшiн барлық күш-жiгерiмiздi жұмсаудамыз. Уа­қыт өте келе бәрi де өз орнына келедi», – дедi «ҚазМұнайГаз» Барлау Өндiру» АҚ-ның бас директоры Асқар Балжанов мырза.

Компания басшылығы бiрнеше айға со­зылған ереуiлдiң салдары өнiм өндiру көлемiне айтарлықтай салқынын тигiзгенiн де жасырмады. Мәселен, екi-үш айдың iшiнде өндiрiс көлемi тәулiгiне 16 мың тоннадан 10 мыңға дейiн күрт түсiп кеткен. Алайда компания тамыз айының басында өнiм өндiру көлемiн тұрақтандыруға арналған жедел шараларды қабылдаудың нәтижесiнде, жарты айдың iшiнде өнiм көлемiн 10 мың тоннадан 14 мың 300 тоннаға дейiн көтерген. Мұны компания басшылығы үлкен жетiстiктiң бастауы деп отыр.

Сондай-ақ, компанияның бас директоры Асқар Балжанов: «Өзенмұнайгаз» бойынша 2011 жылы шамамен 5 млн.150 мың тонна, келер жылы 5 млн.800 мың тонна, ал 2013 жылдан әрi қарай 6 млн. тоннадан жоғары өнiм алуды көздеп отырмыз. Бiз қанша өнiм өндiрсек, ел қазынасы мен Ұлттық қорға да соншалықты ақша құямыз», – дегендi тiлге тиек еттi. Ал бiздiң тарапымыздан қойылған «Компания Каспий теңiзi шельфiне қашан шығады?» деген сұраққа Асқар Балжанов мырза: «Бiз қазiр бұл жөнiнде «ҚазМұнайГаз» АҚ компаниясымен келiстiк. Келесi жылдың бiрiншi жартысына дейiн Каспий жағасындағы бес-алты нысандарды көрiп, ұнайтынына ұсыныс жасаймыз. Ал негiзгi келiсiм-шартқа мамыр айында қол қойдық. Бұл жөнiнде келесi жылдың екiншi тоқсанында нақтырақ айта аламыз», – деп жауап бердi.

«ҚазМұнайГаз» Барлау Өндiру» ком­па­ниясының қазiргi бағаланып отырған қоры 260 млн. тонна болса, 2020 жылға қарай мұнай қорының өсiмiн 850 млн. тон­наға жеткiзу жоспарда тұр. Компанияның бас геологi Базар Есқожаның пiкiрiнше, бо­ла­шақта сатып алатын жобаларды есепке алмағанның өзiнде «ҚазМұнайГаз» Барлау Өндiру» компаниясының нақты қоры 2016-2018 жылдары он жаңа нысан бойынша 3 млрд. 50 млн. баррельге (406 млн. тонна) жетедi деп болжануда. Бұл жаңа жұмыс орындары көбейедi деген сөз.

27.10.2011