ҰЛТ РУХЫНЫҢ СИМВОЛЫ
ҰЛТ РУХЫНЫҢ СИМВОЛЫ
Атам қазақтың: «Ат аунаған жерде түк қалады»,– деп айтқаны бар. Бұл ұлағатты сөз ел үшiн бар жан-тәнiмен аянбай еңбек еткен тұлғалар тәлiмiнен алынса керек. Сондай тұлғалардың бiрi – мемлекет және қоғам қайраткерi, этнограф ғалым Өзбекәлi Жәнiбеков. Өзi өмiрден өтiп кетсе де артында iзi сайрап жатыр. Ол қай жерде қызметте болса да, ұлтқа, халық игiлiгiне пайдалы iстер атқарған.
Жәнiбеков еңбек жолын Шымкент облысының Абай ауылында мұғалiм болудан бастапты. Тарих пәнiнiң маманы. Бүгiнде шәкiрттерiне сабағын қызықты өткiзгенi жөнiнде көз көргендер айтып жүр. Ол оқушыларға тартымды сабақ өткiзiп қана қоймай, мектептiң iшкi шаруашылығын ұйымдастыруда да тыңнан үрдiс туғызды. Жас жiгiттiң алғырлығын байқаған аудан басшылары оны аудандық комсомол комитетiнiң хатшысы етiп тағайындайды. Ол кезде аудан негiзiнен мақта өсiрумен айналысатын. Жастарды еңбекке жұмылдырып, еңбек өнiмдiлiгiн арттыра бiлдi. Көп ұзамай iскер жанды облыс басшылары облыстық комсомол комитетiнiң хатшысы қызметiне шақырады. Бұл қызметте де ол халық шаруашылығының қай саласында еңбек етiп жүрген комсомол жастардың белсендiлiгiн көтерiп, жаңаша серпiн әкелген.
Ол еңбектi ұйымдастыруға ғана көңiл бөлiп қойған жоқ, әлеуметтiк-мәдени, рухани салаларға да баса назар аударды. Сол кезде облыс орталығы Шымкентте Ленин мен орыс революционерлерiнен басқалардың ескерткiштерi болмайтын. Жәнiбеков: «Неге бiздiң ұлт тұлғалардың ескерткiшi жоқ? Сонда ел болашағы үшiн аянбай еңбек еткен жандар бiзде болмағаны ма? Болғанда қандай! Солардың мүсiндерiн неге қала орталығына қоймасқа?» – деген ой құшағында жүрдi. Ақыры бұл iстi қазақтың тұңғыш комсомолдарының бiрi Ғани Мұратбаевтан бастауды жөн көрiп, нар тәуекелге барды. Әуелi қалалық партия комитетiнiң хатшысына кiрiп, өз ойын ашып айтып, ұсыныс жасаған. Нәсiлi бөлек жан Мұратбаевтың кiм екенiн бiлмесе керек. Содан ба, жоқ әлде басқа көлденең ойы себепшi болды ма, әйтеуiр қолдай қоймапты. Бұл мәселе сенен шешiлмесе, обкомның бiрiншi хатшысынан қолдау табар деп соның есiгiн ашады. Бiрiншi шегiр көзiн оның өңменiне шанши қадап: «Мұратбаев деген кiм?» деп сұрайды. Ол қысқа ғана түсiндiрген. Бiрiншi басын шайқап: «Облыс бюджетiнде қаржы тапшы. Ескерткiштi кейiнге қалдыра тұрайық», – деп шығарып салады. Алайда Өзбекәлi Жәнiбеков те алған бетiнен қайтпай, олармен ымырасыз күрес жүргiзедi. Мәскеудегi Бүкiлодақтық комсомол комитетiнiң кезектi мәжiлiсiне барған кезде, ВЛКСМ-нiң басшысы Тяжелниковке арнайы кiрiп, Ғани Мұратбаев туралы айта келе сөзiнiң соңында қаладағы комсомол ұйымының беделiн көтеру үшiн Шымкенттен ескерткiш қою қажеттiгi туындап отырғанын, облыстық бюджеттiң қаржы тапшылығын, мүмкiн болса осы игiлiктi iске көмек беруiн өтiнедi. Бiрiншi оның бұл айтқандарын құп алып, комсомол бюджетiнен арнайы ақша бөлгiзген. Ғанидың тас мүсiнi де сонда жасалып, Шымкент қаласының орталығына орнатылады. Осы iсте оның ұлт тұлғаларына деген аса үлкен құрметi, қайтпас қайсарлығы көрiнiп, қаладағы ұлт өкiлдерiнiң сүйiспеншiлiгiне бөленедi.. Республика жұртшылығы алдында өзiнiң де беделi көтерiлдi. Содан республика комсомол ұйымына бiрiншi басшылық қызметке шақырылды.
Өзбекәлi Жәнiбековтiң тұсында алғаш рет өнер, мәдениет, әдебиет, ғылым, өндiрiс салаларында еңбек етiп жүрген жастарға тұңғыш рет республика комсомол-жастар ұйымының сыйлығын беру қолға алынды. Ол сыйлық алғаш рет әдебиет саласынан жазушы Оралхан Бөкеевке, өнер саласынан Роза Рымбаеваға табыс етiлдi. Оның жалпы өнер адамдарына, ақын-жазушыларға iлтипаты ерекше едi. Ал Мәдениет министрiнiң орынбасары кезiндегi, «Гүлдер», «Айгүл», «Адырна», «Арқас», «Сазген», «Алтынай» ансамбльдерiн қалыптастыруда, 1943 жылдан берi үзiлiп қалған ақындар айтысын халық алдына қайта шығаруда, Түркiстандағы көптен қараусыз қалған Қожа Ахмет Иассауи кесенесiн қайта қалпына келтiруде, Ленинград Эрмитажынан Тайқазанды әкеп, құтты орнына қондыруда атқарған қыруар iстерi өз алдына бiр төбе. Сондай-ақ оның «Жаңғырық», «Қазақ киiмi», «Тағдыр тағылымы», «Уақыт керуенi», «Жолайрықта» секiлдi еңбектерi ұлттық этнографияға қосқан тамаша үлес әрi құнды ғылыми еңбектер.
Жаңа құрылған Торғай облыстық партия комитетiне идеология хатшысы болып барған кезде де ақын-жазушыларды арнайы шақырған. Жәнiбеков солармен облыс жұртшылығының кездесуiн өзiнiң екi томдық кiтабында естелiк ретiнде жазыпты. Сол естелiгiнде Жұбанның «Мен қазақпын!» өлеңiнiң мәнiне үлкен мән бере отырып, әрi қарай былай сабақтайды.
«…Бұлай деп кезiнде Жұбан ақын ғана айта алған. «Мен қазақпын!» деген өзiнiң отты тұжырымын ол 1986 жылғы қанды оқиға кезiнде Колбин мен оның сыбайластарына да айтты. Кiм бiлсiн, сол күндерi Алматыда болсам, мен де тоқырау заманының озбырлығына қарсы шыққан жастардың арасында болар ма едiм, оны тағдыр менiң пешенеме жазбапты. Әйтсе де азулы да ашулы ақынның әдiлетсiздiкке қарсы айтқан отты сөздерiнен алған әсерiм қажағаймен тайға таңба басқандай кiмдi болса да бейтарап қалдырмайтын едi. Жұбан сияқты арыстар өмiрге анда-санда келедi.
Егер тарихи шындыққа жүгiнсек, отызыншы жылдардағы қолдан жасалған аштық-жалаңаштық, қуғын-сүргiн, көршi елдерге қоныс аудару кезiнде опат болған 3 млн.-ға жуық халықтың әр қайсысынан үш адамнан өрбiгенде де қазiргi қазақтың санына 9 млн. адам қосылған болар едi. Жұбан ағаның «Мен – қазақпын мың өлiп, мың тiрiлген», – дейтiнiнiң түпкi мәнi де осында жатыр. Өкiнiштiсi, өзiмiздi қорғай да, сақтай да алмадық. «Оқасы жоқ» десек те жан-жағымызға қарайлап қырағы болайық, ағайын».
Жәнiбековтiң жазушы Сәбит Мұқановқа деген көңiлi де ерекше едi. Оның шығармаларын жас кезiнде сүйсiнiп оқығаны былай тұрсын, Мәдениет министрiнiң орынбасары қызметiнде жүргенде талай рет дәм-тұздас болып, сағаттап сөйлессе де ерiнбей-жалықпай тыңдай бергiсi келедi екен. «…1972 жыл. Құрамында Жұбан Молдағалиев те бар Сәбит Мұқанов бастаған бiр топ жазушы Сырбай Мәуленовтiң 50 жылдығына байланысты Торғай облысына келетiн болды. Облыс ендi ғана құрылған. Арқалықта керек десеңiз, Мәдениет үйi де, мейманхана да, тiптi ресторан да жоқ уақыт болатын. Мерейтойдың ашылу салтанаты Құрылысшылардың клубында өттi. Ал қонақтарды қала сыртындағы жасанды көл жағасында тiгiлген екi киiз үйде күтiп алуға тура келдi. Менiң Сәбеңдi өзiнiң «Сұлушаш», «Адасқандар» поэмасы мен романының оқиғалары өрбiген жерлерге алып барып, әңгiмесiн тыңдап, қызығына батсақ деген ойым бар едi. Бағдарламаны да соған орай құрастырдық.
Келесi күнi Амангелдi ауданындағы Сарыторғай жылқы зауытында болдық. Халықтың Сәбеңе, Сырбайға деген ықыласының шегi жоқ едi. Мұнда да жұрт екi ақ үйдi қатар тiгiп қарсы алды….Кешкi кездесуден кейiнгi дәм үстiнде кеңшардың директорын оңаша шақырып алып: (ол өзi бiр жеңiлтектеу жiгiт болатын) «Сәбеңнiң қасына жұбайы Мәриям апай ерiп келген екен, әлгi өздерiңнiң «Торғай түрi», «Алты ауыл» атты осы өңiрге кеңiнен тараған кiлемдерiңнiң бiрiн сыйға тартсаң орынды болар едi»,– десем, директор жiгiт:
– Сонда не, Сәбит бiздiкiне келдi деп кеңшарды таратып жiберуiм керек пе? Жылқы сойдым, қой сойдым, сол да жетедi ғой,– деп қалды.
Мен өзiмдi қоярға жер таппай ашу-ыза кернеп:
– Ей, оңбаған, бұл не дегенiң? Сәбең сенiң үйiңе екiншi рет келедi ме, келмейдi ме, ол жағы бiр құдайға мәлiм. Бiрақ сен сияқты көргенсiз әлi талай рет Сәбең бiздiкiнде болып едi деп, балаңның баласына мақтаныш сезiммен айтатын боласың. Бүкiл ел қадiр тұтатын атамыздың атын саудаға салатындай, сен кiм едiң? Сен не Сәбеңнiң үйiнде кiлем жоқ деп ойлайсың ба? Әлде мен саған кеңшардың есебiнен сатып алып бер деп отырмын ба? Кiлемiңдi жамылып жата қал, онда менiң жұмысым жоқ. Арқалыққа барған соң тоқмашылардан өзiм-ақ сұрап аламын. Олар сен сияқты надан емес. Өздерi-ақ алып барып, сыйлыққа тартатын болар.
Осыны айтып, Мәскеуге ертемен ұшатын ұшаққа үлгеру үшiн үйге кiрiп, қонақтармен қоштасып, шығып кеттiм.
Ертеңiне жазушылардың делегациясын Иманов атындағы кеңшардың Үрпек деген аулында ешкiм қарсы алмай (шамасы уақытын шатастырған болса керек) жалғыз түп ағаштың көлеңкесiнде отырып қалыпты. Сәбең шыдай алмай:
– Апыр-ай, ит байласа тұрмайтын жер екен!-– дептi.
Мұны естiп қалған Ғафу Қайырбеков:
– Сәбе, бұл не дегенiңiз, әркiмнiң туған жерi өзiне алтын бесiк емес пе? – деп өкпесiн айтыпты.
Сонда Сәбең:
– Ей, Ғафу, мен сен жөнiнде айтып жатқан жоқпын. Байқадың ба, обком хатшысы кеше неге қабағы салыңқы, бiр нәрсеге ренжiгендей кейiппен бiзбен қоштасып түнде кетiп қалды? Сенiң мыналарыңды тәртiпке келтiру үшiн бұл адамға үлкен күш жұмсау керек шығар,– дептi.Ертеңiне бұл әңгiме Мәскеудегi маған жеткеннен кейiн аудандық партия комитетiне телефон соғып, қандай үйде қарсы алудан дастарқан мәзiрiне дейiн тәптiштеп тапсырма беруге тура келдi».
Өзбекәлi Жәнiбеков мұнда келгенше облыстағы кiтап дүкендерiнiң саны төртеу-ақ екен. Кiтап саудасы мүлдем артта қалған. Кейбiр аудандарда азық-түлiк дүкендерiнiң бiр бұрышынан бар-жоғы 40–50 кiтапқа ғана орын берiлген. Соның өзiнде көбiсi орыс тiлiндегi басылымдар. Таза қазақы аудан болып саналған Амангелдi, Жанкелдин аудандарына бөлiнген кiтаптардың 80 пайыз үлесi орыс тiлiнде. Ол үш жылдың iшiнде облыстан 79 кiтап дүкенiн ашып, ондағы кiтаптардың 80 пайызын қазақ тiлiндегi басылымдарға жеткiздi. Кiтап саудасын орнықтырып, ретке келтiрдi
Ол ұлттық баспасөзге жазылу жағын да көтердi. Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетiнiң насихат бөлiмiнiң меңгерушiсi А.Плотников арнайы телефон шалып:
– Сiздерде қазақша басылымдарға жазылушылар саны неге көбейiп кеткен?- дейдi зiлдi үнмен.– Бұған сiздiң жүрегiңiз неге ауырады? – дейдi Өзбекәлi Жәнiбеков салмақты үнмен. – Әлде сiз мұны орыс газеттерiнiң есебiнен жүргiзiп жатыр деп ойлап тұрсыз ба? Сөз саптауыңызға қарағанда, мұндай шаруаның бұйрықпен бiте қоймайтынын түсiнгiңiз келмейдi ғой деп ойлаймын. Бiлгiңiз кесе, айтып берейiн, қазақ ауылдарында подворный обход жасап, түсiндiру жұмыстары арқылы қазақ басылымдарына жазғызып жатырмыз. Келiп көргiңiз келсе, қонағымыз боларсыз,– дедiм.
– Жо-жоқ, әшейiн сұрап жатқаным ғой, сен дұрыс түсiн,– дей берiп едi.Бiреулер маңдай терiн төгiп, жұртты қазақша газет-журналдарға жазғызып жатса, олардың iстеген еңбегiн әртүрлi саққа жүгiртетiн болсаңыздар, жарыған екенбiз. жолдас бөлiм меңгерушiсi, – деп тұтқаны орнына қойды.
Бұл өмiрiнде үлкен қызметтерде жүрiп, дүние-қызылға арбалмай, атақ-мансапты мансұқ етпей, халқы үшiн бойындағы барын берiп, адал қызмет еткен Өзбекәлi Жәнiбеков туралы әңгiменiң бiр парасы ғана.
27.10.2011Көлбай Адырбекұлы