ҮРІМЖІ МӘДЕНИЕТТЕРДIҢ– ТОҒЫСҚАН ЖЕРI
ҮРІМЖІ МӘДЕНИЕТТЕРДIҢ– ТОҒЫСҚАН ЖЕРI
Алматы мен Үрiмжi арасы небәрi 1 мың шақырымға жетпесе де, оған жетудiң машақаты жетiп артылады. Алматыдан Үрiмжiге ұшақпен қатынау қымбат, пойызбен немесе автобуспен қатынау бiршама уақытыңды зая кетiредi. Алматы уақытымен таңғы 7.30-да шыққан Алматы–Үрiмжi бағытындағы автобус түскi үштерде Қорғас шекарасына жетiп үлгердi. Бiрақ екi шекарадағы кедендiк рәсiмдеу бес сағатқа созылды. Шекарадан өткен соң, автобустың рәсiмделуiн күту үшiн 1 юаньға автобусқа отырып, автовокзалға жеттiк. Автобустың жолсерiгi қазақ әйелi екен. Шекарадан өткенде көрген алғашқы қазағымыз осы кiсi болды. Кiргендерден таза қазақ тiлiнде жолақысын төлеудi өтiнiп жатты. Автовокзалда «Алтын алма» қазақ асханасында түстендiк.
Кешкi сағат 8.30-да Қорғас кеденiн артқа тастап, Үрiмжiнi бетке алдық. Таңғы 4.30-да Үрiмжi қаласына да келiп жеттiк.
Үрiмжiде ең алдымен бас сұққанымыз ұйғыр асханасы болды. Қорғаста асханалар мен дүкендердiң маңдайшасындағы жазу қытай және төте араб үлгiсiндегi қазақ тiлiнде болса, Үрiмжiде қытай жазуымен қоса ұйғыр тiлiнде жазылады екен. Үрiмжiдегi тiрлiк, әсiресе мемлекет қызметiндегiлер үшiн тым ерте басталады. Жергiлiктi уақыт бойынша таңғы 7.00-де, Бейжiң уақыты бойынша 9.00-де басталады. Сондықтан болар көбiнiң сағаты Бейжiң уақытымен жүредi. Алматы мен Үрiмжi арасында сағат айырмашылығы жоқ. Жан саны 3 миллионға жақындаған Үрiмжi үлкендiгi жағынан Орталық Азияда Ташкенттен кейiнгi екiншi орынды иеленедi. Мұндағы ең биiк ғимарат бiз түскен қонақ үйдiң артында орналасқан екен. Биiктiгi – 54 қабат.
Таңертең Үрiмжi уақыты бойынша 8.30-да Үрiмжiнiң ортасындағы «Жин Гу» қонақ үйiне келiп орналастық. Қазақ тiлiндегi мағынасы – «Алтын бидай» дейдi жергiлiктi қазақтар.
Қытайдағы iрi қонақ үйлердiң бiрi саналатын бұндағы қызметкерлердiң басым көпшiлiгi қытайлар. Қытай тiлiнен өзге шет тiлiн бiлмейдi. Ағылшыншаға жауап қатпайды. Келген қонақтармен қалай тiл табысатыны беймәлiм. Қонақүйдiң кiреберiсiнде отырған сақшыны қазаққа жорысам да, онымен сөйлесуге бата алмай сәл тұрдым. Қытай не дүңгенге келетiн сынды. Дегенмен жақындап келiп:
– Қазақсыз ба? – деп сұрауға батылым жеттi.
– Иә, балам, не бiлейiн деп ең? – деп жылы жауап қатты. Бұның өзi менiң төбемдi көкке жеткiзгендей болды. Тiркеу бөлiмiнде отырғандардан осындағы таныстарға қалай телефон соғуға болатындығын сұрап бердi.
– Егер бiрдеңе қажет болса, ұялмай сұраңдар, көмектесуге әзiрмiн, – дедi ол кiсi асқан кiшiпейiлдiлiкпен.
Осы қонақ үйде асханада жұмыс iстейтiн тағы екi қазақ баласын жолықтырдық. Таңғы ас iшуге жоғары қабатқа көтерiлдiк. Шай сұрап iшуге дәтiмiз бармай, тығылып отырған едiк. Қасымыздағы бiр кiсi асханада даяшылық етiп жүрген жас жiгiттi шақырып, қазақша тiл қата бастап едi, ол да лып етiп қазақша сөйлей жөнелдi. Оның жанындағы даяшы қыз да қазақ екен, ол да келiп бiзге қызмет етуге даяр екендiгiн айтты.
Жалпақ есеп бойынша Үрiмжiде 100 мың қазақ бар делiнедi. Бұл сан әр жерде әрқалай айтылады. Бiрақ ешқандай ресми мәлiмет кездеспейдi. Бұл қалада қазақтар сан жағынан қытай, ұйғыр, дүңгеннен кейiнгi төртiншi орынды иеленедi. Дегенмен қызмет көрсету орындарынан бiр қазақты кездестiрiп қалуыңыз әбден мүмкiн.
«ТӘҢIР КӨЛI» ЖӘНЕ ҚЫТАЙ ТУРИЗМIНIҢ ҚАЗАҚЫ КӨРIНIСI
Тянь-Ши – қазақ тiлiнде «Тәңiр немесе Боғда көлi» деген мағынаны бiлдiредi. Үрiмжiден 70 шақырымдай қашықтықта орналасқан. Туристiк аймақ болғаннан кейiн оған баратын жол өте тамаша жасақталған. Бұған дейiн қазақтардың жайлауы болып келген тамаша көркем мекен 1984 жылдан бастап туристiк орын атағына ие болған. Қазiр мұндағы қазақтардың қолында қазiр мал қалмаған. Алыс аймақтарда мал бағатын ағайындарынан арзанға сатып алып, оны туристерге қымбат бағада өткiзедi екен. Мәселен бiр қозыны 400 юаньға алса, шетелдiк турист үшiн ол 1800 юаньға бағаланады. Бiрақ туристердiң арасында қазақтар болса, бағамыз анағұрлым арзан болады дейдi ондағылар.
Бiз Бауыржан есiмдi қазақтың киiз үйiне түстiк. Алты қанат ақорда қазiргi заманға үйлестiрiлiп, ағаштан емес темiрден жасалған. Iшкi жасауы қазақы көрiнiске малынып тұр. Бауыржан өзi ән салып, би билеп, келген қонақтардың көңiлiн табуға барынша тырысады екен. Ол бұнда келген туристердiң жүрегiн жаулау мақсатында орысша, жапонша, ағылшынша әндердi де үйренiп алған. Бауыржан бiзге орысша «Катюшаны» орындап бердi. Қазақтың ұлттық биi «Қаражорға» мен «Қамажайды» талшыбықтай бұралған әсем бишiлер биледi. Дастархандағы тамақтың бәрi қазақтың ұлттық тағамы. Күз мерзiмiнде лақтың етi ем саналатындықтан, қонақтарға лақ етiнен сiрне мен кәуап ұсынылды. Туристер жылдың төрт мезгiлiнде де үзiлмейдi екен. Жазда тамылжыған табиғат аясында көл үстiнде серуендеудi (кемемен, шомылуға рұхсат жоқ) мұрат тұтса, қыста шаңғы тебу үшiн таптырмас орын. Тек күз бен көктемде келушiлер сирейтiн көрiнедi. Жергiлiктi халықтың айтуы бойынша, бұл ара Санжы-дүнген облысының Фукан ауданына қарасты. Жалпы ауданда 16000 қазақ болса, «Боғда көлi» саяхат басқармасындағы қазақтардың саны – 3000-нан асады екен. Бiз ат басын тiреген базада 56 отбасы бар. Одан төменiректе 104 отбасы күнелтедi. Барлығы жаз айларында киiз үйлерде тұрады, туристердi де осында қабылдайды. Олар өздерi жиналып жеке серiктестiк құрған. Оған қазақ басшылық етедi екен. «Боғда көлi» саяхат басқармасының базасында 94 отбасы жер үлестерiн қосқан. Оның 56 отбасы туристердi қабылдап, содан түскен табыспен жан бағатын болса, қалғандары өздерiне тиесiлi үлестерiн алуға құқылы әрi өзге қызметпен айналысуына мүмкiндiктерi бар.
«Боғда көл» саяхат басқармасы төрағасының орынбасары Әдiлет Мақай биыл Үкiметке айтып жүрiп 104 отбасы жерiнiң үлесiн қосқаны үшiн мемлекеттен әрбiр туристен түскен табыстан он юань алуға қол жеткiзгендiгiн айтады.
– Биыл туристердiң саны жылдағыдан көп болды. Жаңағы 104 отбасының табысы мамыр айынан есептегенде әрқайсысы орта есеппен 60 мың юань, 1,5 миллион теңге немесе 10 мыңдай долларға жеттi. Бұл өте жақсы табыс. Апта сайын келушiлердiң саны 20-25 мыңнан түспей тұрды шiлдеде, – Әдiлет Мақай, – оның үстiне мемлекет туристiк саланы дамытуды стратегиялық бағыттың бiрi ретiнде қарайды. Сол себептi де, үкiмет кадрларын демалуға арнайы жолдама бередi. Бұның барлығы қайтып мемлекет қазынасына түседi және сол саламен айналысатын адамдарға нәпақа болады.
Қытайдағы қазақтардың көшуге асықпайтындығының тағы бiр себебi – Қытайдың ауылшаруашылығына ерекше көңiл бөлуi дейдi жергiлiктi қазақтар. Ол жақта малшы мен егiншi үшiн жасалған жағдай ерекше көрiнедi. Соның бiр куәсi ретiнде бiз Үрiмжiден 70 шақырым жердегi Даваншың ауданының Ақсу ауылына барғанда көрдiк. Ол жерде қазақ малшылары күнелтедi екен. Ауылда 855 отбасы, 3470 тұрғын бар. Бiрақ малшылар үшiн құрылған ауылдың көркi де ерекше. 60-қа жуық екi қабатты үйлер тұрғызылған. Жергiлiктi қазақтардың айтуынша, бұл үйлер осындағы ауыл тұрғындарының барлығы үшiн салынады екен. Сонымен қатар бұрын зейнетақы тек мемлекеттiк қызметкерлерге ғана төленiп келсе, ендi мемлекет қызметiн iстемеген, тiптi үй шаруасында болған адамдарға да зейнетақы төлеу қолға алынған. Қазiргi заң бойынша жұмыс iстемегендер үшiн зейнетақы 200 доллар көлемiнде болса, қызметкерлер үшiн жалақысының 75 пайызы төленетiн көрiнедi.
ТАЛДЫҚОРҒАНҒА БАРАР ТАР ЖОЛ, ТАЙҒАҚ КЕШУ
Үрiмжiден қайтар жолда Қытайдың мемлекеттiк мейрамына орай шекара жабылып қалғандықтан «Қорғас» кеден бекетi арқылы емес, «Достық» кеденi арқылы өттiк. Мейрам күндерiнде Қытай кеденi автобус пен жеңiл автомашина үшiн жабық болғанымен, пойыз бен ұшақ үшiн ашық болады екен. Сол себептi де бiз «Достық» пойызы арқылы Алматыны бетке алдық. «Достық» бекетiнде бiр күнiмiздi күтумен өткiзгеннен кейiн, көп ұзамай «Достық» станциясына келiп тоқтадық. Пойыз тағы бiр сағат күттiредi екен.
Осы станциядан вагондарға билетi жоқ «қояндар» отырғызылды. Солардың бiрi Жанел бiзге «Достық» ауылының мұңын шақты. Оның айтуынша, «Достық» станциясынан Алматы облысының орталығы Талдықорғанға, тiптi Алакөл ауданының орталығы Үшаралға немесе Бескөл станциясына жету қиямет қайым көрiнедi. Бiрiншiден, бұл ауылдан автобус қатынамайды. Жеңiл автокөлiк те жүргiсi келмейдi. Өйткенi 20 жыл бойы жөндеу көрмеген жолдың ми батпағы шығып жатыр. Темiр жолмен қатынайтын тек қана «Жiбек жолы» пойызы. Оған жолаушылар Алматыдан Үрiмжiге, Үрiмжiден Алматыға дейiн билет сатып алатындықтан жергiлiктi тұрғындар үшiн билет болмай қалады. Сол себептi де, Үрiмжiден қайтып келе жатқан пойызға таныс арқылы, жең ұшынан жалғасу арқылы отырып кетудi мұрат тұтады. Былайынша, аптасына екi рет қатынайтын, халық арасында «бичевоз» аталып кеткен жүк пойызына екi вагон тiркеледi. Ол вагонмен Бескөл станциясына жетсе, Бескөлден Үшаралға немесе Талдықорғанға, я болмаса Алматыға сапар шегуге болады. Бұл жерден шыққан жеңiл көлiк 12 сағатта Талдықорғанға жеткiзсе, пойызбен 15 сағатта Алматыға табан тiреуге болады. Бұған дейiн «Тұран экспресс» жолаушылар тасымалына қарасты пойызы қатынап келген екен. Бiрақ олардың Қазақстан темiр жолымен өзара келiспеушiлiгi болды ма, бiраз уақыттан берi ол тоқтап тұр.
– «Бичевоз» деген аты айтып тұрғандай, жүк пойызына тiркелген екi жолаушылар вагонында жол жүру азаптың азабы. Ол купе де, плацкарт та емес, кезiнде «общий» деп атаушы едiк қой, сол секiлдi ағаш орындықтар қойылған. Онымен Бескөлге жеткенше мазаң кетедi. Бiзге «Тұран экспрестiң» «Алматы-Достық» бағытымен қатынайтын пойызын қайтарса, жақсы болар едi, – дейдi Жанел.
Басында жолсерiктердiң заңсыз жолаушы алғанына наразы көңiлiмiз су сепкендей басылды, керiсiнше, шекара маңында тұратын жергiлiктi халыққа жанымыз ашыды.
Жанелдiң айтуы бойынша, жалпы шекара аймағында тұратын халықтың тiрлiгi жақсы екен. Бұл жердегi халықтың саны да өзге ауылдармен салыстырғанда анағұрлым көп. Әрбiр үйде дүкен бар, еңбек етем деген адамға мүмкiндiк мол. Осындай ауылда тұрып жатқанына мақтанатындығын айта отырып, жолды жөндеуге не кедергi болып отырғанын түсiнбейтiндiгiн жеткiздi ол.
27.10.2011
Есенгүл КӘПҚЫЗЫАлматы-Қорғас-Үрiмжi-Достық-Алматы