Жаңалықтар

АГРАРЛЫҚ САЯСАТТА

ашық дереккөзі

АГРАРЛЫҚ САЯСАТТА

Ауылшаруашылығын қолдау бағытындағы мемлекеттiк саясат ендi Кедендiк одақ пен Бiрыңғай экономикалық кеңiстiк аясында реттелiп отырмақ. Жақында құрылған Қазақстан, Ресей, Белорусь мемлекеттерi арасындағы Агроөнеркәсiптiк қауымдастықтың құрылуы – осының айқын дәлелi.

Қазан айының ортасында Бүкiл­ресейлiк көрме орталығында «Кеден од­ағы – агроөнеркәсiптiк кешеннiң бәсекеге қабi­леттiгiн қамтамасыз ету кепiлi» атты форум өттi. Оған Ресей ауылшаруашылығы министрi Елена Скрынник, Белорусь ауыл­шаруашылығы және азық-түлiк министрiнiң орынбасары Василий Казакевич, Қазақстан ауылшаруашылығы министрiнiң орынбасары Мүслiм Өмiряев қатысты.

Осы форумның қарсаңында Кеден одағы аясында Агроөнеркәсiптiк қауымдастық құрылған болатын. Бұдан былай үш ел ауылшаруашылығын дамыту бағытында бiрыңғай ортақ саясат ұстануды жөн көрiп отыр.

Шындығында, Кедендiк одақ iске қосылғалы берi ауылшарушылық саласының мамандары үш елге ортақ бағыт ұстанудың қажет екенiн айтып келедi. Өйткенi, бұл үш елдiң үшеуi де – аграрлы мемлекет. Ауылшарушылығы саласындағы ауызбiрлiк мынаған саяды: азық-түлiк қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету, тауар өндiрiсi мен экспорт көлемiн арттыру, одан соң өзара тиiмдi инвестициялар салуға жағдай жасау, ауылшаруашылық өнiмдерiн саудалау және агроөнiм нарығын дамыту үшiн бiрыңғай инфрақұрылым құру.

Ең бастысы, бұл елдердiң кез келгенiнде шығарылған ауылшаруашылығы өнiмiнiң сапасы жөнiнде ұлттық құжаты Кеден одағының кез келген түкпiрiнде жарамды болып саналады. Яғни, сапалы өнiм шығарушы өз өнiмiн үш мемлекеттiң нарығында кедендiк салықсыз тасымалдай алады. Соңғы төрт жылда Қазақстан, Ресей, Белорусь арасындағы тауар айналымы жылдан жылға артып келедi. Былтыр оның көлемi 4 миллиард АҚШ долларынан асты. Кеден одағы iске қосылған алғашқы бес айда Қазақстан тауарларының Ресейге экспорты 60 пайызға, ал Белорусьқа 2,3 есе артқан.

Ресей де, Қазақстан да азық-түлiк импортына тәуелдi. Сондықтан да үш ел одаққа бiрiккенде, халықаралық нарыққа шығу үшiн импорттық пошлиналардың ең жоғарғы деңгейi белгiлендi. Мамандардың айтуынша, ет-сүт, қант нарығы Кеден одағы аясында бұған дейiнгi кезеңмен салыстырғанда жақсы қорғалған. Жоғары импорттық салығы отандық өндiрiстi дамытуға себепкер болады деген үмiт бар.

Бүгiнгi таңда Қазақстан, Ресей мен Белорусь мемлекеттерi арасындағы Кеден одағы аясында ауылшаруашылығын дамыту мәселесi бойынша бiрқатар ортақ келiсiмдер бар.Әзiрге ауылшаруашылығына мемле­кеттiк қолдау көлемiн 10 пайыздан асырмау жөнiнде бiрыңғай ережелерi қабылданды. Тек Белорусь үкiметiне мемлекеттiк қолдау көлемiн 16 пайыздан 10 пайызға дейiн төмендету үшiн 2016 жылға дейiн мұрсат берiлдi.

Үш елдiң үшеуi де ауыл шаруашылығы дамуына көңiл бөлiп отыр. Ресей де, Белорусь та Қазақстан сияқты ауылшаруашылығын қолдау бағдарламаларын қабылдаған. Тiптi Белоруссияға қаратып «ауылды қолдауға қаржы тым көп бөлiнедi» деген сыни пiкiр жиi айтылады. Қазақстан Президентi Беларусь Республикасына соңғы ресми сапарынан соң Үкiмет пен Ауылшаруашылық министрлiгi басшыларына осы елдегi агроқалашықтарды құру арқылы ауылды жаңғырту бағытындағы тәжiрибесiн зерттеу жөнiнде нақты тапсырма берген болатын. Бұл зерттеудiң қорытындылары жергiлiктi мемлекеттiк органдарда, сондай-ақ Партияаралық кеңестiң ХIII отырысында қарастырылып, жылы лебiзге ие болды.

Шындығында, егер өз ауылшаруашылығын дамытпаса, Белорусь мемлекетi жыл сайын 15 миллиард долларға азық-түлiк сатып алуға мәжбүр болар едi. Сондықтан да одаққа мүше әр ел өзiнiң азық-түлiк қауiпсiздiгiн естен шығармайды. Халықаралық азық-түлiк қауiпсiздiгi қағидалары әр мемлекеттiң өзiндiк ұлттық ауылшаруашылығын дамытуға үндейдi. Ауылшаруашылығының даму деңгейi мемлекеттегi экономикалық және қоғамдық-саяси тұрақтылығын анықтайтын фактор.

Дегенмен, агроөнеркәсiптiк қауымдастық iшкi бәсекелестiктi төмендетiп, сыртқы нарықты жаулауда бiрлескен саясат ұстану жолдарын табуы тиiс.

Әрiптестiкке қатысты ой бөлiскен Ресей министрi Елена Скрынник «Интеграция өзара тиiмдi шарттар арқылы, ұлттық мүдденi және әр елдiң бәскеге қабiлеттi жағын ескере отырып жүзеге асуы керек» дедi.

Кеден одағына кiретiн елдер ет-сүт өнiмдерiмен және дәндi дақылдармен өзiн-өзi қамтамасыз етiп қана қоймай, халықаралық нарықта экспорт тасымалдауда өзара әрiптестiк бола алады. Ең бастысы, Кеден одағына мүше үш елдiң үшеуi де – ауылшаруашылығы мықты дамыған елдер. Олардың әрқайсысындағы ЖIӨ-дегi ауылшаруашылығының үлесi 5-10 пайыз аралығында. Үш елде ортақ аграрлық саясат ұстану арқылы өз тұрғындарын қажеттi азық-түлiкпен өздерi қамтамасыз ете алады. Мысалы, Белорусь мемлекетi сүт өнiмдерiн өндiруде басымдыққа ие. Жыл сайын бұл ел сыртқы нарыққа 4 миллион тонна сүт шығарады екен. Ресей ет өнiмдерiн шығаруда қуатты. Осы елдiң ауылшаруашылығы министрiнiң айтуынша, Ресей 2020 жылы әлемдiк нарыққа 370 мың тонна ет өнiмдерiн шы­ғаруды жоспарлап отыр.

Қазақстан бидай мен ұн экспорты бойын­ша әлемдегi жетекшi елдерден ­тұра­тын алғашқы ондыққа кiредi. Қазақ ауыл­шаруашылығы экспортының 15 пайызы мақтадан тұрса, ал 25 пайызы терi мен жүндi құрайды.

Қазан айының ортасындағы мәлiметке сәйкес, Қазақстанда егiстiң 95,7 пайызы жиналып бiткен, яғни қазiрдiң өзiнде 26,7 млн. тонна бидай бастырылды деген сөз. 2011-2012 жылдары маркетингтiк жоспарына сәйкес, қазақ елiнде 30 миллион тонна астық жиналып, оның 14 миллион тоннадан астамы экспортқа шығарылуы тиiс.

Салыстыру үшiн, биыл Белорусь елi 8,2 миллион тонна астық жинамақ. Ал Ресейде дәндi дақылдар орағынан 95-97 миллион тонна түсiм болады деген болжам бар. Оның 22 миллион тоннасын ресейлiктер сыртқы нарыққа шығаруды көздеп отыр.

Ауылшаруашылық вице-министрi Мүс­лiм Өмiряевтiң айтуынша, Қазақстанның көлiк-логистикалық инфрақұрылымы ендiгi бидай экспорты көлемiн арттыруға мүмкiндiк бередi. Ол Кеден одағы мүшелерiн әлемдiк нарықта бiр-бiрiне кедергi болмай, керiсiнше қолдан келгенше көмек беруге үндедi.

Осылайша, жаңадан құрылған Агро­өнеркәсiптiк қауымдастықтың алғашқы кезеңдегi жұмысы өндiрiс және экспортқа байланысты ортақ саясат жүргiзу үшiн қажеттi қағидалар мен ережелердi талқылауға арналмақ.

Ресей ауылшаруашылық министрi Елена Скрынниктiң айтуынша, азық-түлiк экспортын дамыту Кеден одағындағы аграрлық саясаттың өзегi болуы тиiс. Ол «Кеден одағы елдерi болашақта ғаламдық азық-түлiк қауiпсiздiгiне кепiл бола алады» деп мәлiмдедi. Кеден одағы елдерiнiң географиялық орналасуы да, экономикалық қарым-қабiлетi де бұған сеп болуға лайық. «Сондықтан да экспортты дамыту бiздiң ортақ аграрлық саясатымыздың басым бағыты болуы тиiс» дедi ресейлiк шенеунiк.

Қазақ ауылы бидай мен ұн, мақта мен жүн ғана емес, қымызы мен ұлттық сусындарын, ет-сүт өнiмдерiн халықаралық нарыққа шығаруға қабiлеттi. Бұл өнiмдердiң әрқайсысы ұлттық бренд болуға лайық. Кеден одағына бiрiккен мемлекеттердiң аграрлық сала басшылары осы жолы «Бiз бiрлескен инвестицияларды арттыруға ұмтыламыз» деп мәлiмдедi. Ендеше, қазақ ауылшаруашылық өнiмдерiн таратуға және насихаттауға тың инвестициялар табылса, қанекей.

27.10.2011

Гүлбиғаш Омарова