Жаңалықтар

БИIКТIК

ашық дереккөзі

БИIКТIК

«Болған ел тарихын таспен жазады екен,Тозған ел тарихын жаспен жазады екен. Қазақтың тарихтан арттырғаны – рухани дүниесiнiң өзiндiгi, жасампаздық күшi мен өнерi ғана. Көзi соқырдан көңiлi соқыр жаман»,– деген екен Өзбекәлi Жәнiбеков. Қазақтың тарихын тауы мен тасынан iздеген, петрголифтер мен көне деректерден iздеген, қазақтың мәдениетi мен салтын түгендеген бiр адам болса, ол – ӨЗБЕКӘЛI ЖӘНIБЕКОВ екенi даусыз. Қазақтың рухани дүниесiн молайтуға, қазақтың рухани дүниесiн ЖАҢҒЫРТУҒА барынша үлесiн қосты. Қазақтың төл өнерiн өзiне «шекпен» жауып қайтаруға тырысқан Жәнiбековтiң қазақтың рухани-мәдени әлемiне қосқан өлшеусiз үлесi бар.

Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев: «Өркениеттi ұлт, ең алдымен тарихымен, мәдениетiмен, ұлтын ұлықтаған iрi тұлғаларымен, әлемдiк мәдениеттiң алтын қорына қосқан үлкендi-кiшiлi үлесiмен мақтанады. Сөйтiп, тек өзiнiң ұлттық жол тарихы мен мәдениетi арқылы ғана басқаға танылады» деген едi. Елбасымыз айтқандай, өркениетке жету жолында ұлт үшiн, қазақ халқы үшiн елеулi еңбек еткен iрi тұлғалар аз емес. Солардың көш басында Өзбекәлi Жәнiбековтiң де есiмi құрметпен айтылады.

Белгiлi сыншы Құлбек Ергөбек Жәнiбеков жайында жазған бiр естелiгiнде: «Өлсе өлер табиғат, адам өлмес…» Бiреу өледi – өшедi. Бiреу өледi – өседi. Қазақтың маңдайына бiткен қайраткер перзентi Өзбекәлi Жәнiбек өлген сәттен екiншi өмiрiн – мәңгiлiк өмiрiн бастап кеткен азамат! Ол халқымен мәңгi бiрге жасай беретiн есiм!» деген екен. Бүгiнгi бiздiң әңгiмемiз де тәнi өлсе де, жаны өлмейтiн, өшпейтiн Жәнiбеков әлемi хақында.

Өзбекәлi Жәнiбеков есiмiн рухтайтын, Жәнiбековке бас ұратын шәкiрттерiнiң көбi әлi күнге аға есiмiн ұлықтап, аға есiмiн ардақ тұтады. Қазақтың ноқтаға басы сыймаған ұлдары жетерлiк. Олардың бәрiн саусақпен санап бiте алмаймыз. Солардың қақ ортасында тұрған Жәнiбековтiң азаматтығы, ұлты үшiн жанкештiлiгi, ұлттың мәдениетiне деген құрметi туралы аз айтылған емес. Айтыла да бередi. Қазаққа «Жәнiбековтi мақтаудың аса қажетi шамалы, Жәнiбековпен мақтану қажет». Бiр кездерi Өзбекәлiдей қазақтың ерен ұлы туралы Қазақстанның халық жазушысы Әбiш Кекiлбаев: «Несiн айтасыз, жапан түзге жеке бiткен көк сеңгiрдей дара тұлға едi. Өтiп бара жатқан ғасырда қазаққа талай-талай мүйiзi қарағайдай ұл сыйлаған жомарт құдайдың бiр бердiм деп берген ерен перзентi едi», – деп баға берiптi. Оған қоса, Халық жазушысы Шерхан Мұртаза: «Оның, яғни Өзбекәлi Жәнiбековтiң халқына сiңiрген ерекше еңбегiн тiзбелеп шығу үшiн ғана үлкен кiтап жазу керек. Ол — киелi адам», – деген екен.

Қазақ үшiн киелi есiмге айналған Өзбекәлi Жәнiбековтiң биыл 80 жылдығы аталып өтiп жатыр. «Жақсының аты, ғалымның хаты өлмейдi» деседi халық даналығы. Шыны сол. Өзбекәлi Жәнiбековтiң де тағдыры бiреулер үшiн ерекше нұрлы, жарқын болып көрiнуi де мүмкiн. Бiрақ қайраткер тағдырына байыптап қараған адам, оның тар жол, тайғақ кешулерден өткенiн байқар едi. Өйткенi ол өзiнiң принципшiл мiнезiмен, ұлтжанды көзқарасымен жоғарыдағы тағдырды шешетiн адамдарға ұнай бермейтiн. Сондықтан болар оның өмiрбаяны бiрде өсу, бiрде түсу сияқты бұралаң сатыларға толы. Бiрақ осының бәрiнде оның азаматтық болмысының iздерi сайрап жатыр», – деп жазады ҚР Парламентi Мәжiлiсiнiң депутаты Уәлихан Қалижан.

Азаматтық болмысы бөлек, бiтiмi өзгеше, елдiң рухани өмiрiне өлшеусiз үлес қосқан Өзбекәлi Жәнiбековтiң жанында қазақтың маңдайына бiткен асыл азаматтары жүрдi. Олардың кейбiрi Жәнiбековке аға болса, ендi бiрi – шәкiрт, тағы бiрi – асыл дос, жолдас бола бiлдi. Солардың бiрi – Михаил Есенәлиев болатын. Есенәлиев досқа деген адалдығын, қазақтың Өзбекәлiсiне деген құрметiн өзiнiң естелiгiнде ерекше атап келтiрген: «Бiлiмдi, қос тiлдi меңгерген, салиқалы, жұмысқа деген қабiлетi ерекше жiгiт өз iсiн шырқ үйiре жүргiзiп, басқаларға да сондай талап қойды. Жас­­тар ұйымында жұмыс жасаған жылдары-ақ оның терең бiлiмi мен туған халқының тарихына, ұлттың мәдениетiне, қайталанбас салт-дәстүрлерi мен ауыз әдебиетiне деген сүйiспеншiлiгi ерекше көзге ұрып тұратын. Ол қазақтың ұлттық рухының символындай едi. Қазақстанды көп ұлтты мемлекетке айналдыруға тырысып, белсендiлiк көрсетiп жүрген кейбiреулер өз ұлтынан гөрi, өзге ұлттың мүддесiн қолдап, сойылын соғып жатқан кезде, Өзбекәлi Жәнiбеков байыппен, еш күйбеңсiз, табанды, жүйелi түрде ұлттық сана-сезiмi жылдам өсе бастаған республика шығармашылық интеллигенциясының жаңа толқынын қуаттап, қолпаштап жүрдi.

…Театр ашылар алдында Павлодар облысында iссапарда жүрген менi ол телефон арқылы бiр ауданнан тауып алып, театрдың ашылу күнiн хабарлады және ашылуға мiндеттi түрде келуiмдi өтiндi.

Алғашында мен:

– Иә, мен театрды сүйемiн, оған қуана-қуана барып тұрамын, кейде кешiгiп бара жатсам, машинамен де бара салам. Бiрақ әлi бiр рет те театрға ұшақпен келген емеспiн, пойызбен де барған емеспiн. Оның үстiне Павлодардан Арқалыққа ұшақ ұшпайды, тiке пойыздар да жүрмейдi ғой, – деп әзiлдедiм.

Бiрақ ол менiң әзiлiмдi қабыл алмады және бар шынымен:

– Егер келмесең, мен ренжимiн және бiздiң достығымыз арасында қара мысық жүгiрiп өттi деп сана, – дедi.

Бұл оған моральдық тұрғыда қолдау қажет болған кез болатын. Сондықтан да мен Павлодардан Есiл темiржол бекетiне дейiн пойызбен барып, сол жерден аудандық партия комитетiнiң бiрiншi хатшысы Рысбек Мырзашев екеумiз борандатып, Арқалыққа аттандық. Театрдың ашылуына жарты сағат қалғанда келiп жеттiк. Осылайша досымның табандылығының арқасында мен «Айман-Шолпан» атты тамаша спектакльге пойызбен келген едiм.

Торғай өлкесiнiң халқы Өзбекәлiнi сүйiспен­шi­лiкпен еске алады. Торғай даласында ол даңқты тұлға едi. Торғайда iстеген бiрнеше жылдан соң, оны Алматыға қызметке ауыстырды», – деп жазады Михаил аға досы туралы өз естелiгiнде. («Өзбекәлi Жәнiбек», «Арыс» баспасы, 1999 жыл).

Кеңестiк уақыттағы саяси жүйенiң маңызды бiр бөлiгi, сол қоғамдағы басты әрi маңызды ұйымды, яғни Қазақстан комсомолын басқара отырып, Өзбекәлi Жәнiбеков кадрлардың бүтiн бiр шоғырын тәрбиеледi, жастарды еңбекке, патриотизмге тәрбиелеуде жаңа бағыт-бағдар бере бiлдi. Ол жас таланттарға қамқорлығын аямаған жан. Оның бойындағы саяси-идеологиялық жұмысқа творчестволық қарау, жаңа кезеңдегi партияның бүкiл қызметiне iзденiмпаздық рух беруге ұмтылу, халықтың рухани мұрасы мен оның қажеттерiне қызмет етуде ғылымилық талаптар, iзденiмпаздық, әр iстегi терең жауапкершiлiк, өзiне де басқаларға да зор талап қоя бiлуi – Жәнiбековтiң ешкiмге де, ешқайсысына да ұқсамайтын даралығын танытқан едi.

Өзбекәлi Жәнiбеков өзiнiң Отанына, қазақ халқына адал қызмет еттi. Ол өзiнiң туған халқы үшiн өмiр сүрдi. Жанына қылаудай кiршiк түсiрмей, қайырымы жоқ, қиянат-құқайы көп өмiрден еңкеймей, кеудесiн шалқақ ұстап өтiптi. Тумысынан дара, бекзат болмыс иесi туралы айтылар естелiк те, жазылар жыр-дастан да жетерлiк. Елiм деп соққан жүректiң адами қасиеттерiне, азаматтық болмысына жанында жүрген азаматтар да, артында қалған ұрпағы да құрметпен бас иедi.

27.10.2011

Гүлзина Бектасова