ЕСІМДЕ СОЛ БІР ИНТЕРНАТ...
ЕСІМДЕ СОЛ БІР ИНТЕРНАТ...
«Әркiм өз заманын мақтайды» дейдi. Рас шығар. Несi бар, жақтауға лайық болса, оның несi айып? Әйтеуiр, жөн-жосықсыз жала мен қара күйе жағудан артық қой. Бiздiң бұл жолғы әңгiмемiзге арқау болғалы тұрған шақ – сонау өткен ғасырдың 70 жылдарының арғы және бергi жағы. Атап айтқанда, Жәнiбек ауданының орталы- ғында қызмет еткен совхозаралық интернатты сөз етпекпiз.
Сол жылдары аудан орталығында екі интернат дүрілдеп, жұмыс істеп тұрды. Біреуі –Абай атындағы сегізжылдық, екіншісі – жоғарыда айтқан интернат. Дәлірек айтсақ, жұрт оны «Мололкиннің интернаты» дейтін. Деуінің де өзіндік себебі бар.
Өйткені осы интернатты талай жыл бойы тамаша ұстаз, сезімтал тәрбиеші, есті азамат Александр Васильевич Мололкин басқарды. Жәнібектің байырғы тұрғыны, майдангер меңгеруші қазақтың салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын жақсы білетін. Қазақ тілінен де қара жаяу емес-ті.
Интернаттың «совхозаралық» деп аталуының себебі, мұнда сол кезде көп ауылда тек сегізжылдық мектептер болғасын, 9-10 класс оқу үшін Тау, Ұзынкөл, Ақоба, Күйгенкөл ауылдарынан бозбалалар мен бойжеткендер келіп, осында орналасты. Кейде көршілес Бисен ауылының Жетібай бөлімшесінен де келіп оқығандар кездесті.
Міне, осындай жан-жақтан келген бозбала мен бойжеткендердің бір-бірімен асықпай танысып, шұрқырасып жатқаны. Әсіресе, қыркүйек пен қазан айының жылы кештері жиілеген шақта, танысушылар мен сырласушылардың бір қыбы қанып қалады. Басқаны қайдам, сол 1969-1971 жылдары қатарынан күз айлары біздің Жәнібекте май тоңғысыз жылы болып тұрды. Әйтеуір, кеш болды-ақ, сол интернаттың төңірегіне жігіт-желең, бозбала жинала қалатын. Кешкі астан соң, олар қатар тұрып, «Коммунизм» ойнауға кіріседі. Неге «Коммунизм» аталғанын кім білген?! Мәселен, қол ұстасып, қатар тұрған бозбала мен бойжеткен ән салады, жұмбақ айтысады. Егер қасындағы көршісі жалықтырса немесе көңіліне ұнамаса, жаңасын іздеуге шығады. Тапқан «көршісін» қасындағы бозбала бергісі келмесе, ән немесе жұмбақ айтуы тиіс. Айта алмаса, «көршісінен» айрылатыны айдан анық. Әдетте бозбала да, бойжеткен де ұнатқан «көршісінен» ажырамауға тырысатыны белгілі. Тіпті бұрыннан бір-біріне көңілі түсіп жүргендер қалайда өз мақсатына жетуге тырысып жатады. Осылай бірін-бірі дәл тапқан жұптардың ойыннан соң, қыздар жатақханасының көше жақ бұрышына оңашалануға жөнелгенін көресің. Ол бұрыштың «сырласу бұрышы» деп неге аталғаны оқырманға енді түсінікті шығар…
Әрине, сол қызықтың бәрі тек кешкі 10-ға дейін. Сонан кейін ойын да, серуен де сап тиылуы тиіс. Өйткені сол шамада көне мотоциклін тырқылдатып, Александр Васильевич те келеді. Қырағы көз, бәрін байқайтын тәрбиеші апайлардың жетіп үлгіріп жатқаны. Жалпы олар ешқайда кетпейді, жатақхананың іші-сыртында жүреді.
Осылай әбден күздің қара суығы түскенше созылмақ. Жерге қар түсіп, бетті аяз қарығасын, ойын-сауық интернаттың қыздар жатағындағы шағын Ленин бөлмесіне ауысады. Әншейінде тәрбиеленушілердің жиналысы өтіп, оқушылар сабаққа даярланатын бөлменің мерекелер күні мүлдем өзгеріп кетеріне не дерсің?! Мұқият жуылған тақтай едендер жылтырап, қабырғаларға ілінген суреттер, әшекейлер көз тартып тұратын. Ал радиоқабылдағыш арқылы берілетін әуендер ше? «Шақырады көктем», «Мұңайма», «Червона рута», «Қара пойыз» (оңғар әншісі Янош Коош айтқан ән). Әуезділігі мен әдемілігі жағынан бірінен бірі өтеді. Жайқалып билесең де, жұлқынып елірсең де, өз еркің. Өйткені сол жылдары твист сәннен шығып, шейк деген пәлеңнің еніп жатқан шағы. Бозбалалар бидің қай-қайсысына еліксе де, бәрінен бұрын қыздардың иығынан ұстап немесе белінен қапсыра құшақтап, жайқалып билеуге қызығатын. Әсіресе өзің ұнатқан бойжеткен болса, қызықтың көкесі сонда. Шашы беліне түскен немесе маңдайын қақ жарып, екі өрген ақ сары, қардай аппақ немесе бидай өңді қыздардың әркімге де хор қызындай көрінгенін айтсаң, бүгінгі бәрін «біліп туған» жастар мырс-мырс күлетін шығар. Күлсе, күле берсін…
Сол жылдары совхозаралық интернаттың тәрбиеленушілерге де, олардың ата-аналарына да қатты ұнаған себебі: мұнда оқушылардың тұрмыс жағдайларына ерекше көңіл бөлінген еді. Төсек апта сайын ауыстырылатын. Өзінде монша істеп тұрды. Асханадағы тамақ мәзіріне келсек, ондағы тағам түрлері кез келген малшы, шопан, механизатордың (балалардың басым көпшілігі ауылдағы сол мамандық иелерінің ұл-қыздары болатын) дастарханынан табылмайтын. Өзі орыс болғандықтан А.Мололкин тәрбиеленушілердің тамағында көкөніс пен жемістің жүйелі түрде болуына айрықша мән берген-ді.
Мұны білетініміз–интернат тәрбиеленушілерінің арасында сол кезде дос-жолдастарымыз көп болғандықтан, жиі баратынбыз. Кейде бір қызықты кинодан шыққасын, соны қызу талқылап, достармен шәй ішетініміз бар. Интернаттың бас аспазы, бұрынғы майдангер, марқұм Қалампыр апай ізгі де жұмсақ адам еді. Қашанда тамақ ішкісі келетіндердің қолын қағып көрген жоқ. Баланың аты бала емес пе?! Жәшік-жәшігімен тұрған халуа, сары май, печенье-пряниктердің несін аясын?! Бүгін таусылса, ертең қоймадан екіншісін әкеледі дегендей…
Есімде қалғаны–интернат тәрбиеленушілерінің жаңа жылдық «үстелді» асыға күтетіні. Ол үстел жылма жыл желтоқсанның 28-і немесе 29-ы күні болатын еді. Мололкин Жәнібектен онша қашық емес Волгоград қаласына арнайы көлік жіберіп, алдыртқан сол кезде таңсық дәм түрлері осы күні үстелге қойылады. Атап айтсақ, ол екі мандарин не апельсин, алма, зефир және басқалары. Қазір екі дүкеннің бірінде тұратын бұл жемістер мен тәттілер сол жылдары ауыл балалары үшін тұп-тура жұмақтың асындай көрінетін…
Ал келесі күні… интернаттан бір тәрбиеленушіні де таба алмайсыз. Ауылдан арнайы келген көлікпен немесе өзге де ретін тауып, бәрі үйлеріне кетеді. Тіпті кете алмаған санаулы балалардың да жаңа жылға дейін әйтеуір қарасын таппайтының анық.
Бұл дүниеде мәңгілік не бар, өзі?! Арада жылдар жылжып өтіп жатты. Бұрынғыдай емес, совхозаралық интернаттың да құты қашып, берекеті кете бастады. Өйткені совхоздарда халықтың саны өсіп, орта мектептер ашылды. Сөйтіп тәрбиеленушілер саны азайды. Көп жыл пайдаланғасын шығар, көліктері тозып, моншасы істен шықты. Александр Васильевич те бір істі оқсатса, екіншісіне шамасы келмей, дәрменсіздігін сезіп жүрді. Елдегі халықтың тұрмыс деңгейі, талғамы өсіп, жаңа жылдық үстел де жайына қалды. Кеңестік тарихшылар «алтын онжылдық» деп атаған 60-жылдардың балаларын қызықтырған дүние кейінгі ұрпаққа мәнсіз көрінген сияқты.
Мололкиннің өмірінің соңы да қайғылы аяқталды. 1984 жылы Жәнібекте қыс қатты, аязды болды. Сонда рұқсатсыз кеткен, бір тәрбиеленуші шешеннің баласы далада үсіп өліп, интернат меңгерушісіне партиялық қатаң сөгіс берілді. Өмір бойы жұмысынан сөгіс түгілі, ескерту де алып көрмеген соғыс ардагеріне ол қатты батып кетіп, Мололкин 1985 жылдың көктемінде көз жұмды. Осы тамаша адамның жаназасында болғанда, оның сүйегін жерлеуге алып бара жатқанда, тек марқұмды емес, біздің де балалық және бозбалалық алтын шағымызды әкеткендей көрінген еді. Ақыры интернаттың өзі 80 жылдардың аяғында жабылып тынды. Сонау жылдары талай балаң сезім мен алғашқы кіршіксіз махаббаттың мекені болған жердің бүгінде тек құландысы жатыр…
Серiк ЫҚСАНҒАЛИОрал қаласы