ДАРАБОЗ
ДАРАБОЗ
Мұхтар Әуезов театрында даму болса, қазақ өнерiнде өрлеу болады. Мұхаңның атымен аталатын өнер ордасында жаңалық болса, бүкiл қазақ театрында жаңалық болады. Байқайсыз ба, Әуезов театрының ғимараты да өнер айдынында жүзiп бара жатқан ақ кемеге ұқсайды ғой. Капитан дұрыс басқармаса, кеме бағытынан адасады. Айсбергке соғылуы мүмкiн…
Әуезов театрын талай режиссерлар басқарды. Әрқайсысының өз ерекшелігі бар еді. Олар талантсыз да емес еді, олар мінезсіз де емес еді. Олардың кезінде театр дамыды, құлдырады… Тіпті бір кезде Әуезов театрының мәселесі мемлекеттік деңгейде қаралған еді. Топ-топқа бөлініп, айтысу-тартысу. Жаға жыртысу. Көрерменге сахна сыртындағы «спектакль» емес, көркемдік деңгейі жоғары спектакль қажет.
Сол бір уақытта қазақтың бас театрының басшылық қызметіне «театрдың қалпына» сиятын және сыймайтын Есмұхан Обаев келді. Сиятын дейтініміз – ол аға буынмен де, орта және жас буынмен де тіл табыса алатын танымал тұлға. Сыймайтыны – ол да табиғатынан талантты жаратылған жан. Қисық, қыңыр мінезі де жоқ емес. «Режиссерларды менсіне бермейтін» (Маман Байсеркенов) Қасым Жәкібаев айтушы еді: «Есмұхан атасының қолында тәрбиеленген бала. Тектінің тұяғы. Есмұхан Обаев – табиғатынан, болмысынан режиссер. Білесің бе, оның режиссурасының ерекшелігі неде? Есмұханның болмысында жасандылық жоқ, болса да жасыра алмайды. Ол өзінің табиғи болмысымен өмір сүреді. Шыншыл. Сол мінезінен таяқ та жеді. Нағыз шығармашылық адамының туындысынан оның мінезі, болмысы көрінеді. Есмұхан сахналаған спектакльдер тартысты және шынайы. Сол шынайылығымен құнды. Оны адами тазалығы үшін, биік адамгершілік қасиеті үшін жақсы көремiн».
Соған ұқсас бір әңгімені белгілі драматург ағамыз былайша өрбітіп еді: «Кім не десе, о десін, дәл қазір Әуезов театрын басқаруға Есмұхан Обаевтан лайықты басқа адамды көріп отырғаным жоқ. Театрды басқару үшін талант аз, ұйымдастырушылық қабілет керек. Обаевта талант та бар, мінез де бар. Ішкі мәдениеті қалыптасқан тұлға. Байқағаным, ол актерларын темір тәртіппен емес, шығармашылық еркіндік бере отырып басқарады. Себебі, ол Өнердің өз адамы. Актерларды қорқытып, үркітіп басқару ақымақ режиссерға тән. Есмұхан актерлармен, жалпы адамдардың психологиясымен қалай жұмыс істеуді біледі».
Біздіңше, Есмұхан Обаев – тарихи пьесаларды қоюдың шебері. Басқа-басқа, таяуда тұсауы кесілген Дулат Исабековтың «Жау жүрегі» көрерменнің ыстық ықыласын тудырды. «Режиссерларға көңілім толмайды» дейтін драматург те режиссерге дән риза. Спектакль көрерменді күлдіре отырып, мұңайтады, ойлантады… Ұйықтап кеткен ұлттық рухыңды оятады. Ол сахналаған спектакльдер ешқашан көрерменді бейжай қалдырған емес. Театр мамандары арасында да, көрермендер ортасында да қызу пікірталас тудырып жатады. «Айман-Шолпан», «Өзіме де сол керек», «Махамбеттің жебесі», «Шұға», «Сыған серенадасы» т.б. спектакльдерде Есмұхан Обаевтың өзіне ғана тән қолтаңбасы бар. Нағыз талантты режиссер ешкімді қайталамаса керек.
Мұхтар Әуезов театрын бейресми «Обаевтың театры» дейміз. Біз ғана емес, режиссерлар мен актерлар да солай дейді. Бұл ұғым әсте де Е.Обаевтың театрды «жекешелендіріп» алуынан тумаса керек. Бұл сөздің астарында көркемдік жетекші мен театрдың қарым-қатынасы тұр. Бұл сөздің астарында Есмұхан Обаевтың театрға сіңірген еңбегі тұр. Есмұхан Обаев басқарған Әуезов театры – жанды театр. Үнемі қозғалыстағы, дамудағы театр.
Марқұм Фарида Шәріпова: «Бастығына жағымпазданып жатыр деп ойлама. Есмұхан Обаев – Әуезов театрының бағына келген жан. Ертелі-кеш әртүрлі мәселемен алдына үлкен де, кіші де кіріп жатады. Бұл әртіс деген халықпен жұмыс істеу әсте оңай емес қой. Біреуге рөл керек, енді біреу эпизодтық рөл ойнағысы келмейді, таланты жете ме, жетпей ме, бәрібір. Ойнау керек. Енді біреу театрдың жұлдызы еді, оны әне бір режиссер көзіне ілмей қойды. Есмұханның алдына кірген солардың бәрі күліп шығып жатады. Жылап, көзін орамалмен сүртіп шыққан бірін көрмейсіз. Әлгілерге «Мәселең не болды? Шешілді ме?» деп сұрасаң, «Ес-ағам шешем дедi», – деп жымияды. Солардың кейбірі арада біраз уақыт өткеннен кейін «Қызықпыз ғой. Ұсақ-түйек мәселемен де Ес-ағаның алдына бара береміз. Басқа бастық болсыншы, кабинетінен ұрсып, қуып шығар еді. Ол кісі бізді сабыр сақтап тыңдайды. Сосын «Шешілмейтін мәселе жоқ, шешеміз» дейді. Уәдесінде тұрып, шешіп береді», – деп қуанады. Есмұхан өзі спектакль қойса, аға буынды рөлге тартып, қатыстырады. Басқа режиссерларға: «Шалдың рөлін жастарға бере бермей, нағыз шалдарға беріңдер. Кемпірлерді де ұмытпаңдар»,– деп қалжыңдап қояды. Және құлаққағыс жасап қоймай, біздің буынның рөл алуын қадағалайды», – деп еді.
Ал Әуезовтің актерлары (әрине, бәрі емес, бірақ басым көпшілігі) Есмұхан Обаевтың басынан «құс ұшырмайды». Сенбейсіз бе? Сенбесеңіз, республикалық газет-журналдардың тігінділерін қараңыз. Солардың бәрі Есмұхан Обаевты рөл берсін, болмаса, пәтер әперсін деп мақтайды дейсіз бе? Олардың көпшілігі Е.Обаев театрға келмей тұрып, танымал болғандар, бастарында пәтерлері бар. Семей театрының актерлары да өздерімен баяғыда қоштасқан Есмұхан Обаевты «біздің театрды биік деңгейге көтерген режиссер» деп бір-бірімен жарыса айтып, оның биік адамгершілік қасиетіне ризашылықтарын білдіріп жатады.
Жас актриса Күнсұлу Тұрғынбекқызы бір сұхбатында орыс кемпір пәтерден шығарып жібергенін, сөмкесін көтеріп театрға келгенін, сонда жиын үстінде «Алатын ақшамыз анау, пәтерден пәтерге көшіп жүргеніміз мынау, сіздер бізден не талап етесіздер?» деп ызаланып жылап жібергенін айтады. Сонда Мәдениет министрлігінен келген Есмұхан Обаев телефонын беріп, «Маған хабарлас, жатақханаға орналасуыңа көмектесем» дейді. Уәдесінде тұрған режиссер жас актрисаға Ұйғыр театрының жатақханасынан бір бөлме алып береді. Жастарға жылы сөз аз, нақты көмек керек.
Біздің кейіпкеріміздің жүрегі мейірім мен жылылыққа толы. Ол жаны тазалық пен сұлулыққа құштар өнер иесі. Ол – ішкі мәдениеті қалыптасқан, ойлау жүйесі ерекше тұлға.
Ол қазір Т.Жүргенов атындағы Өнер академиясында лекция оқиды. Есмұхан Обаевтың түпкілікті режиссурасы зерттеуді қажет етеді.
Аягүл МАНТАЕВА