ӘЛЕМДІ ТАМСАНТҚАН«АҚҚУ»
ӘЛЕМДІ ТАМСАНТҚАН«АҚҚУ»
Ықылас мұражайында өткен бiр концертте Раушан Оразбаеваның қылқобызда ойнаған шеберлiгiнен әсем әсерге бөленген ақын Ғафу Қайырбеков «Қызыл талша – қыз Раушан» арнау өлеңiн шығарады:
Қыз Раушан – қызыл тал,
Өзі сері, өзі сал,
Ықыластың күйлерін
Қар суындай жүлгенің
Жүйткіткенде жүйенің
Бәрі босап, балқыды-ау,
Шабыт шіркін шалқыды-ау!
Ақынның 1993 жылы жарық көрген «Ықыласқа Ықылас» өлеңдер топтамасындағы өзіне арнауды оқып «ағаға бір сәлем берермін» деп жүргенде Италия, Испания, Франция, Англия, Индия, Малайзия, Сауд Арабиясы, Мысыр, Жапония, Иран, Австрия мемлекеттерiне концерттік сапарлары мойын бұрғызбады…
Органолог мамандар қылқобызды бүгінгі жер бетіндегі ысқышты аспаптардың атасы деген тұжырым жасауда. Қылқобыздың тарихы мен музыкасы – қазақтың ұлттық саз өнеріне қатысты VIII-ІХ ғасырларда Сырдария бойында өмір сүрген Қорқыт ата есімімен байланысты айтылады. Бұл екі шекті ысқышты аспаптың одан да ертерек уақытта болғандығы жөніндегі деректердің бірін академик Әлкей Марғұлан келтіреді. Ғалым өз еңбектерінде мүсін тасқа қиып түсірілген қылқобыз түрлерін VI-VIII ғасырларға жатқызады. Десек те отандық дәстүрлі музыкадағы ең көне авторлық күйлер Қорқыт туындылары болып саналады.
Өткен ғасырдың басында «бақсының, ескіліктің аспабы» деп қудаланған қылқобыз отызыншы жылдардағы ұлт аспаптар оркестрінің құрылуына орай жетілдірілді. Жаңартылып, дыбыс мүмкіншілігі кеңейтілу мақсатында жылқы қылынан жасалған ішектері сыммен алмастырылып, үш, кейін төрт шекке дейін көбейді. Дамытылған аспап репертуарына күйлермен бірге батыс еуропа классикалық музыкасы да кеңінен лайықталды. Осы кезден бастап қылқобыз өзінің негізінде жасалған прима-қобызбен қатар өмір сүрді. Бұл өнер сонау Қорқыттан бастау алып, Ықылас Дүкенұлының аталары арқылы сабақтасып, Ықыластың мектебінен Әбікей, Түсіпбектерге, олардан Дәулет Мықтыбаев (1904-1976), Жаппас Қаламбаев (1909-1970) секілді біртуар өнер тұлғаларына жалғасты. Қазіргі уақытта ұлттық аспабымыз арнайы жоғары оқу орнының мамандары профессор Б.Қосбасаров, Ә.Жұмабекұлы секілді елімізге танымал ұстаздардың мектебіне ұласты. Сырттай қарағанда қылқобызшылар мектебінің насихаттаушылары біраз болып көрінгенмен, олардың саны республикалық деңгейде таралу үшін әлі де аз.
Дамуы кенжелеп жүрген осы аспаптың қоңыр үнімен туған елінде, әлемнің түкпір-түкпіріндегі тыңдармандарын баурап жүрген насихаттаушылардың бірі – Раушан Оразбаева. Ол бірнеше республикалық, халықаралық конкурстардың лауреаты, шебер музыкант, дәстүрлі өнеріміздің жарқын өкілі.
Оның өнер жолындағы ұстазы ҚР Білім беру ісінің үздігі, жаңашыл-педагог Әбдіманап Жұмабекұлы республикамыздың бүгінгі дәстүрлі өнерінде өзіндік орны бар Алмат Сайжанов, Әлқуат Қазақбаев, Жанар Жетпісова, Ақнар Шәріпова және т.б. секілді талантты музыканттарды тәрбиеледі. Бұл – ар жағы Ықыластан сабақтасқан өнерді ХХІ ғасырда насихаттаушылардың жаңа легі. Біртуар дарындар Дәулет пен Жаппастан тәлім алған Ә.Жұмабекұлы өз оқушыларына жоғары талап қоя отырып тәбиелейтін қылқобызшы-педагог. Екінің бірі ойнай бермейтін аспаптың жауапкершілігін терең сезініп, алдына келген шәкірттерді жоғары деңгейлі кәсібилікке үйрететін ұстаз: «Раушан ойлы бала. Сабырлылығы мен табандылығы, жауапкершілігінің жоғарылығы оны басқалардан өзгешелеп тұратын. Мектепте оқып жүргенде-ақ болашағынан үміт күтетінмін. Әкесі Жұмабек қобызға оқытуға менің класыма әкелгенде бұрынғылардың жолымен «Әбеке, еті сіздікі, сүйегі менікі», – деген болатын. Бұдан кейінгі уақытта ата-анасының менің оқушыларыма қоятын қатаң талаптарымды қолдауы, оның кәсіби өсуіне көп көмектесті», – дейді.
3-сынып оқушысына бұл күрделі аспапты меңгеріп кету оңайға түспеді. Ұстазының көңілі толмай, ескерту жасаған кезінде киім ілінетін бөлмеге барып, киімдердің арасына тығылып жылап алатын сәттерін музыкант қазір күліп еске алады.
…Раушанға халық музыкасы ана сүтімен дарыды. Бесіктегі сәбиді әкесі Жұмабек те өз репертуарындағы Сырдың сұлу жыр-мақамдарымен, Сүгір, Әлшекей, Төлегеннің күйлерімен тербетті. Ол қызын А.Жұбанов атындағы республикалық дарынды балалар мектеп-интернатына әкелгенде ата жолын қуып домбырашы болуды қалағанмен оқытушылар кеңесі бойынша қылқобыз класына береді. Кішкентай Раушан бар ынтасымен қобызды игеруге ден қойып, оның қоңыр үнімен тілдесуге бойындағы күш жігерін жұмсады. Қазіргі уақытта күллі қазаққа танымал кәсіби шебер репертуарында халықтық шығармалар, Қорқыттың «Қорқыт», «Елім-ай», «Башпай», «Сарын» т.б. күйлері, Ықыластың «Айрауықтың ащы күйі», «Қазан», «Ықылас», «Жезкиік», «Аққу», «Тоғыз толғау» секілді күйлері, Көзбеннің «Сарыны» және т.б. туындылары бар. Қорқыт күйлерінің топтамасын ол қызы Тоғжанмен бірігіп Австрияға үшінші сапарында Кремс қаласында орындады. Қорқыт ата күйлерінің арасындағы «Башпай» туындысын музыкант алғаш естігеннен ерекше сезіммен қабылдап, өзіндік интерпретациясымен ойнайды. Осы шығарманы бірнеше қобыздың басын біріктіріп ансамбльде үндестіруді жоспарлап жүрген Раушанның ойынша бұндай табиғи көпдыбыстылық аспаптың жаңа мүмкіндігін көрсетіп, тың ізденістерге жол ашады.
Шет жерлерде қалыптан тыс, күтпеген қызықты кездесулер болып жатады. Олардың бірінде қобызын қоршай орналасқан қалың тыңдарманның ортасында отырып ойнаса, Франция, Испанияға сапарында (2002) қазақ музыканттарына арналып жасалған сахнада жерде отырып ойнауға тура келеді. «Шын жүйрік күй талғамайды» дегендей, Раушан қылқобызда бұрын-соңды жерде отырып ойнап көрмесе де, көнедегі дәстүр бойынша алғаш рет орындайды. Және де аспаптың дыбысталуы еш өзгеріссіз, ойлағанындай шығады. Кәсіби музыкант өз көрермендері туралы: «Елдегі тыңдарман сенен ылғи жаңалық күтеді. Тың қырыңнан танығысы келеді де тұрады, бір сәтке де бейжай қалдырмайды. Ал, еуропалықтар ойнағаныңызды қадірлеп, бағалап отыратындығымен өзгеше. Олар музыкатерапияға (музыкамен емдеу) сенеді, кейде концерттеріме мүгедек жандарды арнайы әкеледі. Қылқобыздың қоңыр дауысын естігенде олардың «уһ» деп іштегі шерін шығарып күрсінгендерін байқап отырамын. Бұл аспаптың тылсым күшке ие қасиетінен деп білемін», – деген пікірімен бөлісті.
Раушан Жұмабекқызы Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының қобыз класының алғаш аспиранты. Оқу жылдарында ұстазы қазақ музыкасымен бірге орыс, шет ел классикалық музыкасын, қазіргі заманды қазақ композиторларының туындыларын да ойнатып, шығармашылық танымын кеңіте түседі. Жаңашыл ұстаз алдымен Қорқыттан жеткен көне сарындар мен күйлерді үйретіп барып батыстың көрші елдердің музыкасына бет бұра бастайды. Бұл бетбұрыс, музыка әлеміндегі бұрын-соңды аспапта ойналмаған дүниелерді қылқобызда ойнату – шәкірттерінің дүниетанымын тереңдетіп, олардың шығармашылық шабытына түрткі болды. Яғни, әрқайсысының өзбетінше ізденісін күшейтіп, орындаушылықтағы тың бастамаларына жетеледі.
Домбыра күйлерімен салыстырғанда қылқобызда ойналатын санаулы туындылармен шектелу, аспап дамуының тұйықталып, әрі қарай кең өріс алып дамуына кедергі келтіретін орындаушылықтың бүгінгі маңызды мәселелерінің бірі. Бұндай кезде нағыз музыканттардың дарын-қуатымен, жаңа идеясымен жаңа бағыттарға жол ашылып отырады. Осындай тың бастаманың бірі Раушан Оразбаеваның аспирантураны аяқтау кезіндегі берген концертінде болды. Музыканттың репертуары мен ойнау техникасы орындаушылыққа қатысты көптеген күрделі сұрақтарға жауап іспеттес еді. Қылқобызшы ең алдымен, өнердегі өзіне дейін болған дәстүрді батыл жалғастыра білді. Өнер тарихынан белгілі болғандай, әйгілі Сүгір күйші арқылы жеткен Ықылас күйлерін домбыра мен қобызда бірдей ойнайтын шәкірті Жаппас қобызға түсірген (А.Жұбанов, «Ғасырлар пернесі»). Осы дәстүр ізімен Раушан домбырада орындалатын Тәттімбеттің «Бес төре», Сүгірдің «Тоғыз тарау», «Майда қоңыр» күйлерін, «Жолаушының қоңыры» циклынан «Жігіттің тартуын», Жаппастың «Жұман» күйлерін қылқобызға лайықтап түсірді.
Бұған дейін өнерпазды әріптестерінің «сонау ғасырлар қойнауынан жеткен қобыздың санаулы күйлерін түгел үйрендің, енді не ойнайсың?» деген сұрағы мазалағанда ұстазы «жо-о-оқ, әлі атқарылар жұмыс көп» деген еді. Яғни, Ә.Жұмабекұлының: «Бізге баяғы сарындармен тоқтап қалуға болмайды. Қобыз репертуарын кеңейту қажет. Қобызға домбыра күйлерін лайықтағанда әбден таңдалады, іріктеледі. Барлық күйлер келісе бермейді, кейбірі ғана құлпырып кетеді. Мысалы, Тәттімбеттің «Сарыжайлауы», «Көкейкестісі», Н.Тілендиевтің «Аққуы», т.б. күйлерді атар едім», – деген пікіріне сәйкес шәкірті бұл бағытта ізденгенде ұзақ ойланып, бірнеше шығарманың арасынан бірен-саранын ғана іріктейді, табиғатына қарай «сұранып тұрған» күйлерді шамасына жеткізіп, пісіріп барып, халыққа ұсынуға тырысады.
Аспирантура концертінде көрсетіліп, кейін өз жалғастығын тапқан бағыттың тағы бірі – қылқобыз ысқышының ойналу тәсілі еді. Өзінің техникалық мүмкіншілігі мен ойнау шеберлігін шыңдаған музыкант композитор Г.Гольтерманның «Каприччиосын» таңдады. Виолончель мен фортепианоға арналған шығарма алғаш рет қылқобыз бен фортепиано сүйемелінде естілді. Диапазоны өте ауқымды, техникалық талабы тұрғысынан қобызда ойнау мүмкін емес деген туындының бойында кең интервалдарға секірістер де кездеседі. Бірақ жас музыкант табиғат берген дарынына, өз орындаушылық қабілетіне сенгендіктен осы туынды арқылы аспап мүмкіндіктерін аша білді. Яғни, «Каприччионы» қазақы ысқышпен ойнауға болатынын өз ойыны арқылы дәлелдеді. Бұған дейін осы туынды классикалық ысқышпен (формасы тік скрипка ысқышымен) орындалса, ендігі буын музыкант-қылқобызшылар қазақы қылқобыз ысқышымен, және басқа да шығармаларды ойнағанда Раушанның көрсеткен жаңаша ұстау мәнерімен орындайтын болды. Осы кеште музыкант Жаппастың «Сарымойын» (немесе «Марш» деп аталады) күйін отыз жылдан соң тыңдарманымен қайта қауыштырып, Шәркеннің күйі «Шәркен» деген туындыны да сахнада жаңғыртады. Кейіннен Сүгірдің «Ілме» және т.б. күйлері қылқобызға лайықтайды.
2004 жылы қылқобызшының «Аққу» атты күй-альбомы (CD «Akku») Италияның Торино қаласында жарық көрді. Бұл дискіде Қорқыттың «Қоңыры», Ықыластың «Қазан», «Айрауықтың ащы күйі», «Ықылас», «Жез киік», «Аққу», Жаппастың «Сарымойыны», Көзбеннің, Шәркеннің, халық туындылары мен бүгінгі отандық композиторлар шығармаларынан 15 күй жазылды. Осы жылдары «Аққу» альбомы арқылы қазақ қылқобызындағы «Айрауықтың ащы күйі», «Абыздың толғауы», «Қазан», «Жезкиік», «Бес төре», «Тоғыз тарау» күйлері әлемдегі беделді BBC, АҚШ-тың WXYC радиоарналарынан беріліп, апталық көрсеткіштерінде алдыңғы орындарға шығып жүрді. Интернет беттеріндегі ақпараттарға назар аударсақ, бұл альбомдағы қылқобыз күйлері шеттегі радио арнадан әлі де беріліп, тыңдарманның сұранысына ие болып отыр. Бұл кез келген музыканттардың қолы жете бермейтін айтарлықтай жетістік. Дегенмен музыкант өз әріптестерін осы альбомның жарық көріп, таралу оқиғасының көлеңкелі жағымен хабардар еткісі келеді. Өзi жіберген қателігін басқалар қайталамаса екен дейді.
Р.Оразбаева бірнеше рет талпыныс жасағанмен, студиямен байланыстырушы тұлға арасындағы келісім-шарттың бұлыңғырлығынан өз құқығын талап ете алмай отыр. Себебі, сөз жүзіндегі уәдеге сеніп қалған қобызшы қарсы жақтың өздеріне ыңғайлы жасалған құжаттарына қолын қойып, «рұқсатын» береді. Тіл білмеуі кедергі болып, ол құжаттардың не туралы екенін түсіне алмайды. Уақыт өте күй-альбомының таралып жатқанын интернет бетінен көреді. Раушан итальяндыққа хат жазып, сатылымға түсірмеуін айтып, қайта келісім-шарт талап еткенмен, жауап келмейді.
«Бастапқы уақытта студияда жазып алып, сынақ жасайық, сонан соң келісім-шарт жасалады деп еді. Мен сеніп, ұсынылған құжаттарға қол қоя бердім. Бірақ маған ешқандай құжат берілген жоқ. Енді авторлық құқығымды талап етіп, хат жазсам жауап келмейді. Менің э-поштама шет мемлекеттердің тыңдармандарынан хаттар түсіп жатады. Олардың басым бөлігі итальяндықтар болып отыр. «Сіздің альбомыңызды сатып алдық, бізге қатты ұнады» деген лебіздеріне қарағанда күй-альбомым әлі де сатылу үстінде. Кейін Мәскеуге сапарымда орталық дүкен сөресінен өз альбомымды көрдім. Отандас музыканттар бұндай жобалар жасауда сақ болса екен деп бөлісіп отырмын», – деп ағынан жарылды.
Музыкант шығармашылығындағы «Аққу» күйлерінің орны ерекше. 2004 жылы жарық көрген «Аққу» атты күй-альбомы әлемге тараса, келесі бір «Аққу» күйі оны жаңа творчестволық белеске көтерді…
Академик Ә.Марғұлан зерттеулерінде «Ескі дәуірдегі қазақ қобызының формасы аққудың бейнесіне ұқсайды, мойны ұзын, құйрығы сопақ, ұзынша келген, аққудың құйрығы сияқтанып тұрады. Сырт жағынан қарағанда аққудан ешбір өзгешелігі жоқ. Сол сияқты бір-екі қобызды Болат Сарыбаев Алтай қазақтарының ішінен тапқан. Қобызды аққудың түріне келтіріп жасаудың зор тарихи мәні бар», – дейді. Аққу–қазақтардың ерекше қастерлейтін киелі құсы, оны еш уақытта атпаған, ең сұлу құс аққудың дауысы жаратылыстағы құлаққа әдемі естілетін үннің бірі саналады. Ұлттық музыка мәдениетінде осы аққу бейнесін сомдаған біраз аспаптық күйлер бар.
«Аққу» атты күйдің бірін композитор Нұрғиса Тілендиев домбыраға арнап шығарды. Бұл тамаша шығарма белгілі күйші шеберлер репертуарында бүгінге дейін берік орын алған. Қылқобыздағы аққу бейнесі аспаптың табиғи дыбыстарды беру мүмкіншілігін мейлінше қолданылып киелі құстың сұңқылын, қанатының сусылын, су бетінде жүзген әсем бейнесін көз алдыңызға әкеліп, музыкалық дыбыстармен дәл бейнелейді. «Аққудың» қылқобыз нұсқасы да қалың тыңдарманның қошеметіне бөленіп, концерттерде жиі ойналып жүр. Алғаш рет Раушан бұл күйді 2006 жылы «Күй-керуен» атты республикалық концерт-шеруде Көктөбеде ойнаған еді.
Домбырадағы қағыстар, техникалық штрихтар қобызда ысқышпен дәлме-дәл беріліп, қиындығы мол күрделі әдіспен лайықталды. «Бұрын «Аққуды» студенттерге ұстазым домбырамен біріктіріп ойнатып жүрді. Домбыра аспабының табиғатына жазылған «Аққу» күйін қылқобызда қағыс тәсіліне дейін (қағысын ысқыш штрихтарына сәйкестендіріп) бұзбай орындадым. Домбыраның дыбысында дау жоқ, бірақ қобыз аққудың дауысын, қанатының сусылы мен көлдегі таранып жүзгенін табиғатына жақындата түседі деп ойлаймын. Бұл күйге соңында өз жанымнан бір көріністі бейнелейтін ойнау тәсілін қостым. Ол – күн сәулесімен шағылысып, жарқырап жататын көл бетінің көз тоймайтын сұлу көрінісі. Табиғаттың бұндай сұлу суретін глиссандо арқылы әсемдеп, әрледім», – дейді музыкант.
Осы сәттен бастап Н.Тілендиевтің «Аққуы» Раушанның репертуарындағы тұрақты да негізгі сахналық күйге айналды.
Бақыт ТҰРМАҒАМБЕТОВА,өнертану кандидаты