ЕДIГЕНI ЕНДI БӘРIМIЗ IЗДЕЙIК
ЕДIГЕНI ЕНДI БӘРIМIЗ IЗДЕЙIК
Газетiмiздiң биылғы жылғы 15 қыркүйектегi санында жазушы, ақын Жарылқасын Боранбаевтың «Едiгенi ел iздей бастады» атты мақаласы жарияланған едi. Осы мақалаға орай редакциямызға жазушы Кәмел Жүнiстегiден төмендегi хат түскен.
Құрметтi Жарылқасын!
«Едiгенi елi iздей бастады» деген толғаулы мақалаңды оқып шықтым. Көңiлге қонымды материал екен. Едiге Алтын Орданың шаңырағын сақтап қалу үшiн арпалысқан қазақ батыры. Алтын Орданың қазақ мемлекетi, империясы екенiн татар, башқұр, қарақалпақ, ноғай т.б. мойындамайды. Едiге туралы жырлар татар, башқұр елiнде бiздегiден де көлемдi. Едiгенi олар да ұлт батыры санайды. Түбi бiр түркi ғой, әрi олардың бабалары да Алтын Орданың азаматтары болған, соны мақтан еткен.
Едiге батырдың Алтын Орданы сақтау үшiн жан аямаған арпалысы бiздiң тәуелсiздiк үшiн (Абылайдың , Кенесарының, Исатай-Махамбеттiң, «Есеп», «Алаш» партиясының, 1986 жылғы желтоқсандықтардың) күресiнiң бастауында жатыр. Бүгiнгi қазақ осыны бiлiп, мақтан тұтса ғой. Ұрпақ осылай тәрбиеленсе келер буын намысты, ұлт үшiн жанқияр боп өсер едi.
Газетте келтiрген материалдарыңмен мен бұрыннан таныспын. Татар ғалымы Сапарғалиевтiң «Распад Золотой Орды» деген тек қана архивтен алған материалдары қазақ үшiн әлi белгiсiз боп жатыр. Әнес Сарайдың «Ноғайлы» деген кiтабы да талай сырды ашады.
Едiгенi iздеудi он жетi жасымда бастаған едiм. Дер кезiнде жалғастырып кете алмадым. (саяси айып, түрме т.б.). Мiне, биыл Едiге туралы «Ұлы би» атты романды жазып шықтым. Бұл шығарма тәуелсiздiгiмiздiң жиырма жылдығына арналған. Әттең, қол қысқа. «Демеушi табыла ма?» деп отырған жайымыз бар.
Жарылқасын! Саусақтан сорып «колхоз, совхоз» деген шығармалар жазатын кез өттi. Беталысың дұрыс. Елге керегi ел намысын көтерер тарихи шындық. Осы жолдан қаламың таймасын.
Кәмел қажы ЖүнiстегiҚарағанды обл.
Шет ауданы,
Ақсу-Аюлы ауылы