ЕЛБАСЫ — ШЫРАЙЛЫ ШЫМКЕНТЕ
ЕЛБАСЫ — ШЫРАЙЛЫ ШЫМКЕНТЕ
«ТӘУЕЛСIЗДIК алғалы берi елiмiзде қаншама мәдениет нысандары iске қосылды. Көптеген театрлар, мәдениет мекемелерi ашылды. «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында оңтүстiкте тарихи ескерткiштер жөндеуден өттi. Мәдени мұраларымыз жинақ болып шықты. Өткен жиырма жылда экономикада да оңды өзгерiстер болды. Ол жыл сайын 7 пайыздан өсiп келедi. Биыл тың көтерiлгелi берi болып көрмеген мол астық алдық. Бiр ғана Қостанай мен Солтүстiк Қазақстан облыстарының өзi баяғы Кеңес кезiндегi бүкiл Қазақстанның 1 миллиард пұт астығын берiп отыр. 25 миллион тонна бидай жинау деген бұрын-соңды болып көрмеген.
Өткен апатада Оңтүстік Қазақстан облысына ресми іс-сапармен келген Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Шымкенттегі «Қазақстан Республикасының Тәуелсiздiгiне 20 жыл» саябағының ашылу салтанатында осылай деді.
Жаңа саябақтың кiреберiсіне биiктiгi 15 метр, ал енi 50 метр болатын қақпа (арка) орнатылған. Орталық аллеямен бойлап жүре берсеңiз, ел тәуелсiздiгiнiң шежiресi ақ және қызыл гранитке қашалып жазылған 20 композиция көзiңiзге шалынады. Гүлзарды жағалай әлемнiң түрлi-түстi климат палитрасын көрсететiн 40 түрлi көпжылдық ағаштар мен гүл шоқтары жайқалып тұр. Ал биiктiгi 30 метрден асатын «Алтын шаңырақ» монументi Қазақстан халықтарының бiрлiгiн паш ететiн негiзгi композиция. Елiмiзде тату-тәттi өмiр сүрiп жатқан 137 ұлт пен ұлыс өкiлдерiнiң ынтымағын бейнелейтiн киiз үйдiң уығы алтын күмбездi шаңырақты көтерiп тұр.
Саябақтың ашылуына жиналған халықпен емін-еркін әңгіме жасаған мемлекет басшысы елдің болашағына қатысты бірнеше мәселені ортаға салды. Соның бірі жуырда ғана қабылданған Дін туралы заңға байланысты өзінің пікірін білдірді.
– Дін туралы заңымызды қабылдадық. Бұл заң діни ұйымдардың жұмысына ешқандай шектеу салмайды. Оның мақсаты елімізге келіп жатқан түрлі ағымдарды тіркеу. Біз тек отанымызға кімдердің және қандай ниетпен келіп жатқанын біліп, оларды тіркеп отыруымыз қажет, –деді Елбасы.
Президент Тәуелсiздiк саябағында шынар ағашын отырғызды. Содан кейiн «Алтын шаңырақ» жанына жиналған облыстың қадiрмендi қариялары мен ұлттық мәдени орталықтарының төрағаларымен жүздестi.
Мұнан кейiн иран ұлттық мәдени орталығының төрағасы Н.Капар-Пур, Шымкент қаласындағы № 45 орта мектептiң директоры Р.Пак Елбасыға көпшiлiк атынан шынайы алғысын жеткiзсе, айтыскер ақын Н.Есенқұлов жырдан шашу шашты.
– Биыл ел Тәуелсiздiгiнiң 20 жылдық мерейтойы. Тек облыс орталықтарында ғана емес, аудандар мен қалаларда, ауылдарда осындай игi шаралар өткiзiлуде, – дедi Елбасы. – 20 жыл iшiнде қыруар жұмыстар атқарылды. Ата-бабамыз сан ғасырлар бойы аңсаған тәуелсiздiкке қол жеткiздiк. Мемлекеттiк шекарамыз шегенделдi. Қазақстанның экономикасы осы жылдар iшiнде 14 есе өстi. Ал, күнi кешеге дейiн бiзге үлгi – өнеге болып келген Оңтүстiк Корея, Сингапур, Малайзия елдерiнiң бiрiншi жиырма жылдықтағы экономикасы 3-4 есе ғана артқан.
Бұдан кейiн Елбасы Шымкент қаласындағы индустриалды аймақта болды. Бұрынғы фосфор зауытының орнында ашылған аймақта биылдың өзiнде 46 жобаның 23-i iске қосылмақ. Соның арқасында көптеген жаңа жұмыс орындары ашылып, жұмыссыз жүрген сан мыңдаған кәсiптiк-техникалық бiлiмi бар мамандар еңбекпен қамтылды. Осы мақсат жолында жергiлiктi әкiмдiк кәсiпкерлерге барынша қолдау бiлдiрiп, түрлi жеңiлдiктер жасады. «Бизнестiң жол картасы-2020» бағдарламасы аясында қыруар қаржы бөлiнiп, инфрақұрылымдық қажеттiлiктер, яғни электр, газ, су, жол және кәрiз жүйелерi қайта қалпына келтiрiлдi. Осылайша, өндiрiс орнын ашуға талпынған кәсiпкерлерге жаңа кәсiпорындарын iске қосуына мүмкiндiк туғызылды. Ендi, мiне, небәрi бiр-екi жылда аталған аймақта индустриялық орталық құрылып, ондағы зауыттар мен кәсiпорындар алғашқы өнiмдерiн iшкi нарыққа шығара бастады.
Елбасы осы аймақтағы «Арт-Құрылыс» ЖШС-нiң темiр-бетон өнiмдерiн шығаратын зауытына ат басын бұрды. Ондағы инвестициялық жобамен танысып, өндiрiс орнын аралап көрдi. Жұмысшылармен тiлдесiп, еңбектерiне табыс тiлеп, естелiкке суретке түстi.
Жылына 200 мың текше метр темiр-бетон өнiмiн шығаруды жоспарлап отырған зауытта қазiрдiң өзiнде 200-ге жуық маман еңбек етуде. Келешекте мұндағы жұмысшылар саны 500-ге артып, темiр-бетон өнiмдерiнiң 100-ге тарта түрi дайындалмақ. Әзiрге бұл кәсiпорын Жамбыл, Қызылорда, Оңтүстiк Қазақстан облыстарын өнiмiнiң 10 түрiмен ғана қамтып отырған жайы бар.
Жалпы аумағы 7 гектарды құрайтын кәсiпорын еуропалық өндiрушiлердiң заманауи қондырғыларымен жабдықталған. Соның арқасында мұнда ғимараттар мен автокөлiк және темiржолдарға, одан бөлек суару, жылу, су, газ құрылыстарына қажеттi өнiмдер дайындалуда.
Кәсiпорын директоры Әнуар Төлендиевтiң айтуынша, зауытқа қажеттi шикiзаттың 90 пайызы өзiмiзден алынса, қалғаны көршi Ресей елiнен тасымалданады екен.
Мұнан кейiн Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев индустриалды аймақтағы «Феррум Втор» жауапкершiлiгi шектеулi серiктестiгiнде болды. Бұл кәсiпорын жылына 3 мың тонна сұйық шыны және 1440 тонна силикат кесегiн шығарады. Заманауи зауыттың құрылысы былтыр қыркүйек айында басталған. Бiрiншi өндiрiстiк желi сәуiр айынан берi жұмыс iстеп тұр. Жобаның жалпы құны 75 миллион теңгеден асады.
Мамандардың айтуына қарағанда, зауыт құрылысы мен қондырғылар сатып алуға кеткен шығын бiр жарым жылдың iшiнде өтеледi. Себебi, өнiмге сұраныс көп. Бүгiнде Қырғызстан мен Түркiменстаннан тапсырыс қабылданып үлгерген. Келешекте зауыттың ауқымын кеңейтiп, сыйымдылығы әртүрлi құтылар мен шыны ыдыстар шығару қолға алынады. Серiктестiк директоры Серғазы Беркiнбаев Президентке кәсiпорынның өнiмi жайлы әңгiмеледi. Оның айтуынша, сұйық шыны құрылыс пен химиялық және металлургиялық өндiрiсте пайдаланылады. Cу өткiзбейдi, әрi берiк. Материалдың осы қасиетi оны құрылыста кеңiнен қолдануға мүмкiндiк бередi. Ал химия өнеркәсiбiнде түрлi қышқылдарға төзiмдi болғаны үшiн қажет. Оның көмегiмен металдарды тот шалдырмауға болады. Сондықтан инновациялық технологиялар негiзiнде жұмыс iстейтiн заманауи кәсiпорындар сұйық шыныға ерекше қызығушылық танытады.
– Сликат кесегi – дәнекерлеушi электродтар өндiрiсiне таптырмас шикiзат. Силикат та химиялық құрамына және шынының модулiне қарай жiктеледi. Тауарымыздың бағасы басқа өндiрушiлердiң өнiмiнен арзанырақ, – дедi С.Беркiнбаев.
Серiктестiк металл өңдеумен де айналысады. Кәсiпорын ескi темiрдi қабылдап алып, өңдеп, жылына 6,5 мың тонна металл прокатын шығаруды жолға қойған. Бүгiнде жұмыр арматура мен төрт бұрышты темiр шыбықтың түрлi пiшiмдерi шығарылуда. Сонымен қатар, серiктестiктiң диаметрi 6,5 – 8 мм аралығындағы темiр сымдары да сұранысқа ие. Бұған дейiн құрылысқа шетелдiң шегесiн пайдаланып келсек, ендi отандық өнiмдi қолдануға жол ашылмақ.
Мемлекет басшысы серiктестiктiң болашақ жоспарларымен де танысты. Кәсiпкерлер «Шымкент металлургия комбинаты» атты жоба әзiрлеген. Ондағы мақсат – жер қойнауынан темiр кенiн алып, одан дайын өнiм шығару. Комбинаттың құрамында пайдалы қазбаны тiкелей қалпына келтiретiн және одан темiр, болат өнiмдерiн жасайтын екi зауыт, бiр фабрика болады. Барлығы 1 500 адам жұмыспен қамтылмақ. Елбасы жобаны тезiрек қаржыландырып, iске қосу қажеттiлiгiн айтты. Жұмысшылардың жағдайын сұрап, индустриалды аймақта осы iспеттi нарыққа тез бейiмделетiн, әрi қоршаған ортаға зиянсыз шағын және орта кәсiпорындарды көбейту керектiгiне тоқталды.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев индустриалды аймақтағы мамандар даярлау орталығына аялдады. Үстiмiздегi жылдың 1 қыркүйегiнде ашылған орталықта 150-ге жуық адам кәсiптiк және техникалық мамандық бойынша жаңашыл тәсiлмен бiлiм алып жатыр. Резеңке-техникалық және полимерлiк өндiрiс, түстi металды балқытушы, тағы басқа да тапшы мамандықтар бойынша бiлiм алған түлектердiң алғашқы легi аймақтағы өндiрiс орындарына жұмысқа орналасып та үлгерiптi.
Елбасы мұнан соң Шымкент қаласындағы халықаралық талаптарға сай салынған жеңiл атлетика спорт кешенiнiң ашылуына қатысты. Қажымұқан атындағы орталық стадион маңынан бой көтерген маңызды нысан Қазақстан ғана емес, Орта Азиядағы ең сапалы әрi көрiктi жеңiл атлетикалық кешен болып табылады. Ол облыс бюджетiнiң қаржысына салынған. Сметалық құны 604088 мың теңге. «Шымкент Күрделi Құрылыс» ЖШС-нiң жобалауымен құрылыс жұмыстарын жүргiзген бас мердiгер «Контекс» ЖШС-i бiр жылдан астам уақыт iшiнде осындай сәулеттi ғимаратты пайдалануға берiп отыр. Мұнда ұзақ және қысқа қашықтыққа жүгiру, биiктiкке секiру, ұзындыққа секiру, ядро лақтыру және кедергiлер арқылы жүгiру сынды спорт түрлерiмен айналысуға барлық жағдай жасалған.
Кешендi аралап, танысып шыққан Елбасы облысымыздың ең таңдаулы спортшыларымен жүздесiп, оларға «Жаңа спорт кешенi жаңа жетiстiктерге жетелесiн. Келер жылы өтетiн Лондон олимпиадасында Қазақстанның атын әлемге танытыңдар» деген лебiзiн бiлдiрiп, естелiк суретке түстi.
Жағымды жаңалықтан қанаттанған спортшылар қауымы да халықаралық жарыстарда ел намысын қорғауда аянып қалмайтындарын айтып, спортқа жанашырлық танытып жүрген Елбасыға алғыстарын жеткiздi.
Дайындаған Бақыт ЕРНАЗАР20.10.2011