Жаңалықтар

ТҮРКIСТАН ЛЕГИОНЫНЫҢ АҚИҚАТЫ

ашық дереккөзі

ТҮРКIСТАН ЛЕГИОНЫНЫҢ АҚИҚАТЫ

3. ТҰТҚЫНДЫҚТАН ҚҰТЫЛУ ЖӘНЕ ТҮРКІСТАН ЛЕГИОНЫ

Жүк машинасы сәуір айының шуақты бір күнінде таңертең Варшаваның оңтүстік-шығысында, 30 шақырымдық жерде орналасқан Легионова қалашығына келіп жетті. Көлік осы жерде бір әскери лагердің алдына келіп тоқтады. Лагердің ортасында кірпіштен соғылған мырыш шатырлы екі қабатты штаб ғимараты, ал оның айналасында ағаш барактар орналасқан екен. Бұрындары Польшаның әскери гарнизоны болған бұл жерді негізінде тұтқын лагері деуге келмейді. Мұнда Кеңес армиясынан тұтқынға түскен түркі текті әскерлер жаттықтырылатын. Енді әскери жаттығудан өткен тұтқындардан неміс армиясы құрамында Түркістан легионы құрылып жатқан еді. Легион Дағшы Легионоваға келместен бір ай бұрын құрылған болуы керек. «Сұрапыл жылдар» романында бір тұтқын: «Бір айдай болды. Берлиннен адамдар келген. Араларында немісшені еркін білетіндер бар екен. Бізді алаңға жинап, жалынды сөздер айтты. Түркістанның азаттығы үшін бізді қару алып күресуге шақырды» дейді.

Лагерьге келгеннен кейін бұларға бірден тамақ берілді. Содан кейін моншаға шақырды, жуынып-шайынған тұтқындарға неміс униформалары таратылды. Бірақ бұл киім Пруссия армиясынан қалған ескі униформалар еді, жеңдерінде үш мұнаралы Самарқант мешітінің суреті мен оның айналасында «Алла бізбен бірге» деген жазу кестеленген екен. Ескі униформаларды киген кездегі түрлері әрі күлкілі, әрі аянышты болатын.

1943 жылғы ақпан айында Краков лагеріне әкелініп, Түркістан легионына қосылған Икрам Хан алғашқы күнін естелігінде былай деп суреттейді: «Кеңес армиясы құрамында түсімізге де кірмейтін шоколадтарды жеп, темекілерді тарттық, барактарда жаттық. Таңертең ертемен шомылып алдық. Тазаланып шыққан кезде жаңа неміс униформалары берілді. Сегіз-тоғыз ай бойы майдан шебінде жүргенде дұрыстап жуа да алмаған лас униформаларымызды қоқысқа тастадық. Жуынып шыққанда немістердің қолымызға униформа ұстатып, «мыналарды киіңдер» дегені бізге тосын сый болды. Киіп жатқанда бір-бірімізге қарап, таңырқағанымыздан не айтарымызды білмей қалдық. «Кім едік, енді кім болып жатырмыз?» деген таңданыспен ойланып тұрғанда арамыздан біреуі «Оллахи, ақыр соңында неміс әскері де болдық па? Бұл да тағдырдың жазуы болар» деді. Барлығымыз бұл қы­зық жағдайға «иә, тағдырдың жазуы болар», – деп күліп алдық».

Дағшы бөтен униформаны кигенде алдымен денесінің тоңғанын, сосын сана-сезімін жоғалтқанын, содан кейін денесінің кірленіп бара жатқанын сез­ді. Осыдан бірнеше күн бұрын-ақ өздерін тұтқын еткен, қаншама зұлымдық шеккізген армияның униформасын киюі өзін есінен айырып тастағандай болды.

Бірақ басқа таңдау жолы жоқ еді. Я легионға кіруі керек, я болмаса тұтқын лагерінде өзінің ажал қармағына ілінер күнін күтіп жүруі керек. Зерттеуші Мюлен легион жобасының түркі текті әскерлер үшін тұтқын лагерлерінен құтылудың бір жолы болғандығын айтады. Өйткені легионға кіру деген сөз – жақсы, әрі мол тамақ, киер киім, жатар орын және ауырған кезіңде дәрі мен дәрігер деген сөз. Сондай-ақ жүйелі түрде айлық жалақы алу, анда-санда демалысқа шығу секілді бір тұтқынға ешқашан берілмейтін артықшылықтарға ие болу деген сөз. Осы себепті бір тұтқынның да айтып өткеніндей, тұтқындардың алдында лагерлердің ауыр шарттарында өмірмен қош айтысу немесе жанын сақтау үшін немістерге қызмет ету секілді екі қиын таңдау тұрды.

Легиондағы әскерлер ерікті бөлімдер деп аталатын. Өйткені соғыс тұтқындарын зорлықпен өз елінің армиясына қарсы соғыстыру халықаралық келісім-шарттарға қайшы келетін. Бұл туралы Түркістан легионында жоғары басшылық қызмет атқарған танымал тарихшы Баймырза Хаийт былай дейді: «Тұтқындарды өз елдеріне қарсы қаруландыру халықаралық ережелерге сәйкес келмейтін. Осы себепті тұтқындардан «ерікті» екендіктері туралы екі нұсқа қолхат алынатын. Оның бір нұсқасы Женеваға жіберілетін, ал екінші нұсқасы мұрағаттарда сақталатын. Бұл қолхаттарда «Түркістан армиясында ерікті түрде кеңестерге қарсы соғысуға дайынмын. Осы үшін ант етемін» деп жазатынбыз».

Кеңестер Одағы неміс лагерлеріндегі әскерлерінің ауыр жағдайына еш көңіл бөлген жоқ. Сондай-ақ 29.07.1929 ж. күнгі соғыс тұтқындары туралы Женева келісім-шартында белгіленген тұтқындардың ауыр жағдайын жақсартуды талап ету құқын да қолданбады. Өйткені кеңес басшылығы немістерге тұтқынға түскен кеңес әскерлерін сатқындар ретінде қабылдаған болатын.

Легионовадағы алғашқы кештерінде жаңа келген әскерлерге барактар арасында еркін серуендеу қызық көрінді. Өйткені жым-жырт кештерде күзетші әскерлердің бақылауынсыз жүруге бойлары үйренбеген болатын.

Алғашқы апталар тұтқындар неміс­тер­ге үреймен қарауларын қоя алмады. Неміс офицерлері мұнда әкелінгендердің Түр­­кістан армиясының негізгі құраушы күші болатындығын қайта-қайта ескертіп, айт­қаннан кейін ғана бұл үрей жәйлап сейілді.

Осылай екі апта өткеннен кейін Дағ­шылар да әскери жаттығуларға алынды. Әскерлерді жаттығудан бұрын топтарға бөлді. Жаттығулар басталғаннан кейін тіршілік тыныстары өзгерді. Таңертең ертемен тұрып, дәлізде тұрған сержанттың даусын ести сала қаруларын алып, сыртқа жүгіретін. Роталар взводтарға, взводтар топтарға бөлінетін. Атқа мінген бөлім командирінің соңынан лагерден шығып, Легионова көшелерін басып өтіп, қалашықтың сыртына шығатын. Орман маңында, құмдауыттар мен төбелерде үнемі әскер толып жүретін. Взводтардан бөлінген топтар бөлек-бөлек жаттығу жасайтын. Құмдауытта жүгіріп, тікенді төбелерге өрмелеп, орманда қарулы жаттығулар жасайтын. Топтарды түркістандық ефрейторлар, взводтарды неміс сержанттар басқаратын.

Бір қызыл армия майорының, сосын неміс лейтенанттары мен үш төменгі шенді неміс офицерінің басшылығында офицер курстары басталды. Курста немістердің өмір сүру салтын үйрену мәселесі Түркістан армиясының болашақ офицерлері үшін бәрінен де жоғары тұратын. Алғашқы апта осы бағытта білім берілді. Бұл жағдай әсіресе, Дағшы үшін намысқа тиетін нәрсе болып көрінетін. Аз ғана уақыт бұрын азапты қинау мен өлім шашқан барактардан шыққан тұтқындарды немістердің тұрмыс салтына бейімдеуге тырысу ең сорақы қорлау секілді болатын. Умань секілді жан түршігерлік тұтқын лагерінен сау шыққан рухының енді аяққа тапталып, жаншылып жатқанын сезетін. Ал бәрінен бұрын айналасында осы ой-сезімдерін бөлісер бір де бір жан таба алмауы жанына бататын. Ал негізінде айналасындағы барлық әскер осы жағдайды бастан өткерді десек де болады.

Неміс офицерлері жиналыстарда күн­делікті тұрмысқа байланысты әдептілік ережелеріне жиі тоқталатын. Сабақтарда қоғамдық өмірде қалай жүріп-тұру, дастархан басында пышақ-шанышқыны қалай қолдану, әйел адамдармен сәлемдесу және сонымен қатар адамдар арасындағы қарым-қатынастардың түрлі деңгейлері жан-жақты түсіндірілетін. Кешқұрым әскерлерге граммофон тыңдатып, аптасына бір рет киноға апаратын.

Барлық жиналыста еврейлер соғыстың кінәлісі ретінде көрсетілетін. Түркістанның келешекте Азияның үлкен, қуатты мемле­кетіне айналатындығы, немістермен түркі-татар әлемі және жапондықтар одақтасар бол­са, бәрінің бірге әлемге билік жүргізе ала­тындығы айтылатын. Дағшы өзі үшін күл­кілі көрінген осы сөздерге сол кезде неміс офицерлерінің шынымен сенгендігін жазады.

Жарайды, немістер әлемге билік құрды делік, сонда Түркістан легионының алар орны қандай дәрежеде болады? Бұл сауалға «Жұртын жоғалтқан жан» романында жауап берген Дағшының ойынша, неміс униформасын киген, немістердің әдет-ғұрыптарына бой үйреткен легионерлердің де өмірлері қаласын-қаламасын немістерге қарай бейімделіп, Түркістан идеалы біртіндеп орындалмас қиялға айналар еді.

Дағшылар неміс офицерлері берген соғыс тактикасы мен стратегиясына байланысты дәрістерден кейін неміс ефрейторларының қадағалауында курсты жалғастырды.

Ефрейторлар ауыр жаттығу бағдар­ламасы бойынша жұмыс жүргізетін. Түнде үш-төрт рет, тіпті бес рет дабыл қағылатын. Әскерлерді қараңғыда шаң-топырағы шыққан алаңдарда төрт тағандатып жүргізетін. Кей күндері лагерден сыртқа шығарып, 30–40 шақырым жаяу жүргізетін. Офицерлер курсы бағдарламасында бейбіт халыққа қалай үрей туғызу керектігі де үйретілді. Екі-үш күндік жорықтарға шығарылған әскерлерге поляк деревняларына шабуыл жасатып, тінту жүргіздіретін. Неміс ефрейторлары қолдарына тапаншаларын алып, алдымен үйлердің есіктерін аяқтарымен теуіп немесе иықтарымен, қару дүмімен итеріп кіріп баратын. Қару іздейміз, қашқын немесе партизан іздейміз деген желеумен бар жерді тінтіп, үй ішінің астаң-кестеңін шығаратын. Сондай-ақ деревня тұрғындарының малдарын атып, икондарын қабырғадан лақтырып тастайтын. Тіпті, неміс сержанттары түркістандық әскерлерді аңыраған аналарының көз алдында поляк қыздарымен көңіл көтеруге мәжбүрлейтін. Дағшы «Жұртын жоғалтқан жан» романында осындай адамгершілікке жат қылықтар үшін қатты өкінетінін Садық Тұранның аузынан тілге тиек етіп, «мәңгілік асыл мұратымыз – аяулы Түркістанымызға жету жолында өте жаман істерге де бардық қой» деп жазады.

Тамыз айының бас кездерінде алты апталық офицерлер курсы аяқталды. Офицерлер курсының соңғы аптасында Бас қолбасшылықтан келген салмақты, сұсты офицерлер емтихан қабылдап, курсанттардың әр әрекетін жіті бақылады. Олар курсанттардың жүріс-тұрыстарын, әңгімелесу мәнерлерін, тіпті тамақ жеу­леріне дейін қарап шықты. Дағшы неміс офицерлердің түркістандықтарды мәдениетсіз секілді көрген бұл қылықтарын тосырқады.

Әбдiуақап ҚАРА,

тарих ғылымдарының докторы, профессор.

Стамбул