Жаңалықтар

«ҚҰДЫҚТЫ ИНЕМЕН» ҚАЛАЙ «ҚАЗЫП» ЖҮРМIЗ?

ашық дереккөзі

«ҚҰДЫҚТЫ ИНЕМЕН» ҚАЛАЙ «ҚАЗЫП» ЖҮРМIЗ?

«Бiлiм туралы» Заңға енгiзiлген өзгерiстер мен толықтыруларды Парламент мақұлдағаны белгiлi. Онда,12 жылдық оқытуға көшудi реттейтiн, сондай-ақ «Бейiмдiк мектептiң» құқықтық мәртебесiн анықтайтын өзгерiстер енгiзiлген. Оқулықтардың, оқу-әдiстемелiк кешендер мен құралдардың сапасына талаптар күшейтiлген, оларды апробациялау мен мониторингтен өткiзу енгiзiлген көрiнедi.

Сонымен қатар орта бiлiм сапасын арттыру мақсатында «бiлiм сапасының вертикалiн» қалыптастыратын өзгерiстер бар және педагогтердiң мәртебесiн көтеру, бiлiктiлiктi арттырудың ваучерлiк-модульдiк қаржыландыру жүйесi заңнамалық тұрғыда қарастырылған. Жоғары оқу орындарын – ұлттық зерттеу университеттерi, ұлттық жоғары оқу орындары, зерттеу университеттерi, университеттер, академиялар және институттар деп жiктеген. Жалпы, осы тәрiздес 200-ден астам өзгерiстер мен толықтырулар халықаралық стандарттарға сәйкес келтiретiн бiлiмнiң құқықтық базасын жетiлдiредi деген үмiтке жетелейдi.

Отырықшы елдердiң консервативтiк қатып қалған ой-өрiсiне қарағанда еркiн далада өскен көшпендi халықтардың ақыл-ойы, санасы кең әрi бейтарап сипатта болып келетiндiгiн бүгiнгi таңда батыстық психолог-ғалымдары да мойындай бастады. Мысалы, кәрi құрлықтың оқырманы әу баста ненi қалай түсiнсе, сонысынан өмiрбақи айырылмай өтуге бар. Мысалы, Қазақстан деген елдiң жерi жазық дала деген ақпаратты миына сiңiрген болса, онда Алатаудың, Көкшетаудың әсем табиғаты тамылжыған ғажайып өлкесiнiң барын айтып ұқтыра алмайсың. Бiраздан соң «стан»-мен аяқталатын елдiң бәрiн Ауғанстан деп ұғып, олар ислам лаңкестерi деп табандап қалады. Ал бiздiң қазақ ақпарат ағыны тоқтап қалса да жетi қырдың астындағын түйсiкпен ұғып, бәрiн бiлiп отырады. Ең алыс ауылдағы қарапайым қара қазақтың өзi күнде энциклопедия ақтарып, Интернет сығалап отырған батыстық оқымыстыдан қалыспайтын сияқты. Кез келген ғаламдық мәселелердi кiммен болса да бiрiгiп талқылауға даяр тұрады. Бұл ендi, исi қазақтың ақпарат табудағы, алған бiлiмi мен танымын қорытудағы айырықша қабiлетiнiң бiр ерекшелiгi болса керек.

Бүгiнгi таңда ежелден ойы сергек, көзi ашық, көкiрегi ояу қазақ жұрты да отырықшы елге айналды. Алайда, бiлiммен қара үзiп алға шығуымыз былай тұрсын, елiмiз жоғары оқу орындары берген дипломдарды әлемнiң көптеген елi мойындамай отыр. Оқу бiтiрген соң дипломы бары да, жоғы да екi қолға бiр күрек табуы мұң болды. Мектеп директорының парамен ұсталғандары аз болғандай, ендi ол тiзiмге бiлiм министрiнiң бұйрығымен тағайындалатын ЖОО ректоры енген соң не шара. Оған мысал ретiнде Батыс облыстарымыздың бiрiнде орынтағына отырғанына бiр ай толмай жатып пара алғаны үшiн құрықталған университет ректорын келтiруге болады. Ал «аракiдiк iшiп-жеп, астыртын қылғытып» қойса да ұсталмай жүргендерi қаншама?! Мұндай жағдайда бiлiм беру саласындағы мемлекеттiк саясат қандай болуға тиiс? Әрине ең алдымен ойға оралатыны, шығыны аз, нәтижесi жемiстi болуы қажет. Өйткенi нарықтың заңы солай. Келесiде, қазiргi қоғам өмiрiнiң мақсаты мен талаптарына жауап беретiн тиiмдi болуы қажет. Сонымен қатар әлем ғылымы мен мәдениетiнiң көшiнен қалмайтын және бiртұтас жүйелi болғаны абзал.

Әлем тұтасып, рухани дүние жаһанданған мына аласапыран заманда бiздiң жарқын болашағымыз, келешектiң кемел азаматтары ненi бiлiп, оны қалай игеруi керек? Әрбiр мәдениеттi адам адамзат руханиятының мәдени мұраларын, оның негiздерiн мiндеттi түрде танығаны дұрыс. Ал, бұл тұрғыдан келгенде, бiзде де ескiрген әдiстеме мен көзбояушылықтар жеткiлiктi. Қарапайым бола тұра әркiмге түсiнiктi, белгiлi дүниенiң өзiн ауырлатып, шақшадай басыңды шыр айналдырып жiберетiн оқулықтар мен сабақ берудiң көнерген әдiстемесiмен ендiгi жерде алысқа шаба алмасымыз анық. Жеке тұлғаның денi сау, табиғи ойлау жүйесiне әйтеуiр мiндеттi түрде осылай ұқтыруым керек дегендi алға тартып, терiс тәсiлмен «шабуыл жасаудың» психологиялық жағынан зардабы көп көрiнедi. Айталық, ғылыми танымнан, жүйелi бiлiм мен мәдениеттен қорқатын, өз әлеуетiне сенбейтiн немесе барлық нәрсеге догматикамен қарайтын, сыңаржақтыққа бой ұратын әпербақандық жоғарыдағыдай ессiз «шабуылдаудан» туады екен.

Жалпы бiлiм беретiн орта мектептерде адамзат мәдениетiнiң құндылықтары жүйелi түрде оқытылуға тиiс. Әр адам күнделiктi қолданбаса да мiндеттi түрде бiлуге тиiс теориялық ұғымдар болады. Соның бiрi мәдениет – адам баласынан ғұмыр бойы бiр елi қалмайды, оның өмiрiн жөнге салып, анықтап отырады. Мысалға математика ғылымын алайық. Натурал және бүтiн сандарды, рационал мен иррационалды қандай сипатына қарай қалай бөлудi, дифференциал мен интегралдың негiздерiн әркiмнiң бiлгенi жақсы. Бiрақ сол үшiн бәрiмiздiң математик болуымыз мiндеттi емес. Математика – моделдеу әрi абстаркциялық ойлау ғылымы. Сонымен қатар физика, химия және математика пәндерi моделдеудi лайықты айқындағанымен оны геометриялық сызбалармен көрсеткенде ойға қонымды болатыны белгiлi. Олай болса, математикалық моделдеу ойды геометриялық тұрғыдан, графикалық жағынан көре бiлгенде ғана адам баласы оның негiзгi заңдылығын түсiнiп, өмiрде қолдана алады екен.

Физика, химия пәндерiнен орта мектеп оқушыларын ұшы-қиырсыз қаптаған формулаларды жаздырып, есеп шығартып қояды да, дәл қандай заңдылықтың қызмет етiп тұрғанын әр оқушыға түсiнiктi етiп көрсете бермейдi. Iшкi сыры мен себептерiн түсiнбей заңдылықтардың жалпы құрылымдарымен жiтi таныспаған соң ол пәндер тез ұмытылады және оны қайта еске түсiру де мүмкiн емес. Жалпы әрбiр ғылымға қызмет ететiн негiзгi заңдары мен iшкi сипаттарын күрделi реттерiмен жүйелi түсiндiрудi бiз бүгiнде мәдениет ретiнде тануымыз керек секiлдi.

Iргелi базалық ғылыми пәндердiң сыртында жалпы мәдениеттi игеруге, әрине, мiндеттiмiз. Оған: дүниетану, биология, тiлтану, қоғамтану, өнертану, тұрмыстық және технология мәдениетi секiлдi пәндер жатқызылмақ. Тiлтану жағынан келгенде, бiзде ана тiлiмен қатар шет тiлiн оқыту iсi бiршама жолға қойылған, өзгеге үлгi боларлықтай тәжiрибемiз де баршылық. Дегенмен iс жүзiнде сөйлеуге шорқақ, өз ойын жазбаша бiлдiруге осал жастардың кездесiп жататыны саланы жетiлдiру тетiктерiн әлi де қарастыру керек екенiн көрсетедi.

Гуманитарлық пәндердiң мазмұнын тарихтан бастап, құқық негiздерiмен сабақтастырып, өмiрмен жiтi байланыстыру қажет екенi анық. Бүгiнде ХIII-XIV ғасырлар тарихы көшпендiлермен тығыз байланысты екендiгi ескерiлмейдi. Керiсiнше, отарлаушылар жасаған жасанды тарихқа сүйенiп өзiмiздiң асқан жабайы әрi маймылдан тараған қаңғыбас тайпалар деп түсiндiре салудан таймаймыз. Сол секiлдi философияны дiни қағидалармен сабақтастырып түсiндiрудi өмiрдiң өзi талап ете бастады. Оның өзiнде сауда-cаттық, қаржы-несие мәселелерi секiлдi кейбiр экономикалық аспектiлер де белгiлi мөлшерде қарастырылып жатса нұр үстiне нұр.

Әдебиет пәнi орта мектептерде бiршама тәуiр оқытылуы мүмкiн. Ал, музыка, бейнелеу өнерi секiлдi пәндердiң жағдайы мүлде сын көтермейдi. Негiзi аталмыш екi пәндi әдебиетпен бiрге топтастырып оқытудың бiртұтас жүйесiн құруға болатын секiлдi. Оны өнертану деген жалпы атаумен жоғары деңгейге көтерiп, өнер саласының түрлi ағымдарын, адамзат тарихындағы асыл мәдени мұраларды таныстырып, түсiндiрсе жас буынның рухани мәдениетiнiң деңгейi артқан болар едi. Қазiр көп жағдайда бұл пәндер негiзiнен бастауыш мектепте ғана тақпақ жаттатып, хормен ән айтқызудан аса алмай жүр. Оның өзiнде арнайы дайындалған мамандар болса ғана. Орта мектепте өнер тарихы мен рухани құндылықтар жайында тiптi әңгiме қозғалмайтын да шығар. Ал театр, балет, кино, телевизия өнерi жайында ешкiм ауыз ашпайтыны айдан анық. Мұндай салғырттықты өзгертетiн уақыт келдi.

Күнделiктi тiршiлiкте өмiрлiк қажеттiлiкке айналған тұрмыстық мәдениет мәселелерi де ескерусiз қалмауы керек секiлдi. Оның өзiнiң iшкi заңдары мен қағидалары бар. Сәулет өнерiнен, дизайннан хабардар болумен қатар антропометрика, эргономика, белгiлi заттың өңiн, түр-түсiн үйлестiре бiлудiң алғашқы мағлұматтары әрбiр мәдениеттi де өркениеттi адамда болуға тиiс. Тұрмыстық және экологиялық тазалықтарының негiзiн тану да бүгiнгi өмiр талабы. Жасайтын өнiмiмiз, көрсететiн қызметiмiз тұрмыстық мәдениеттiң барлық талабын қанағаттандыруы мiндеттi. Өмiр мен еңбектi үйлестiре бiлудiң өзi айналып келгенде тұрмыстық мәдениетпен тiкелей байланыспақ. «Баланы жастан» демекшi, мұның бәрiнiң негiзi мектепте қаланатыны мәлiм.

Адами қоғам дамуының ең негiзгi факторы техника мен технологияның өркенi. Олай болса, технология мәдениетi де жеке пән ретiнде оқытылып, оған арнайы мамандар сапалы бiлiм беруге тиiс. Технология дегенiмiз өзiндiк тарихи даму жолы бар, iшiнара көптеген ұстанымдардан тұратын, салалап жүйелеуге болатын ғылым. Адам баласы тұтынып келе жатқан материалдық байлықты жасау принциптерi санаулы ғана көрiнiстерге негiзделедi. Айталық, ерiтiп құю, таңбалау, басып шығару, бөлшектеу, жапсыру т.с.с. Металл, балшық, пластмасс дейсiз бе, бәрi бiр. Қазiргi заманда қарқынды дамып, ауыздан түспейтiн болған нано, микро технологияның да принципi негiзiнен ұқсас. Соның негiзгi мазмұны мен заңдылықтарын жеткiншектерге түсiндiрсек, оның жемiсi де болар едi. Шетел технологиясын соқырлықпен көшiрумен қашанғы күнелтемiз.

Жалпы бiлiм беру саласында теориялық бағытта жоғарыдағы мәдени мәселелердi игерумен шектелмей оның практикумының да орны ерекше болмақ. Себебi, әр адам алған бiлiмiн iс жүзiнде қолма қол атқарғанда ғана оның iскерлiк сапасының тиiмдiлiгi арта түсетiнi белгiлi. Әр бала өз қабiлетi мен дарын бейiмiне қарай таңдау жасап, саз аспаптарында ойнап, қолөнер туындыларын жасауы мүмкiн. Сонымен қатар жоғары сынып оқушылары үшiн нақты жобалармен айналысуына мүмкiндiк жасалғаны абзал. Мысалы, жылқы фермасын салу, оның құрылыс жобасының есебiн жасатуға болады. Биологиялық, зоотехникалық жағдайын зерттеу, жұмыс орындарының ұйымдастырылуын реттеу, эстетикалық, тазалық талаптарын қанағаттандыру үшiн қандай үкiметтiк орындардан нендей рұқсат алу, қаржы көздерiн табудың жолдарын iздестiру секiлдi нақты iс-әрекеттер үйретiлсе баланың өмiрге дұрыс жолдама алуына көмектескен болар едiк. Жалпы практикумдық жобалар арман-қиялға негiзделген алға жетелейтiн сипатта көрiнiс тапса құба-құп. Практикум жұмыстарының жобасын барлық пәндердiң мамандары талқылап, баға берiп, ақыл-кеңес қосып отырса, нақты құндылыққа негiзделген болар едi. Мұның бәрi баланың болашақ мамандығы мен кәсiбiн дұрыс таңдауына, жоғары оқу орындарына түсулерiне зор қолғабыс жасағандық болар едi.

Жоғары бiлiм демекшi, бұл жүйенi қазiргi таңда теориялық бағытқа негiзделген зерттеу университетi етiп ұйымдастырылып жатқаны замана талабынан туындап отырған қажеттiлiк. Ендi жеделдетiп практикалық бағыттағы инженер, техник, технологтар дайындайтын институттарға бөлiп жiктемесе мемлекет қаражаты мен қаржысы шын мәнiнде желге ұшпақшы. Көптеген мамандықтарды бұрынғыдай құрғақ уағыздан құрылған догма дәрiстермен төпелеудiң қажеттiлiгi ЖОО бағдарламаларының деңгейi бiрiздiлiкке негiзделгенiмен iшiнара бiрер бөлiгiнiң ғылыми-зерттеуге басымдық бергенi, тереңдетiлген көпжылдық оқуға, ендi бiр тобының практикаға басымдық берген қысқа мерзiмдiк бiлiм беруге көшуi заңды құбылыс.

Қалай болғанда да, ең негiзгi ғылыми заңдар мен заңдылықтарды, басты ережелердi бiлiмге талаптанған әрбiр жастың бiлуiн мiндеттеуге тиiспiз. Себебi, заңдар мен заңдылықтарды толық бiлiп, игерген адам ғана нақты әрi шынайы ойлай алады. Қазiр ақпарат көп. Алайда, оны түсiнiп, өзiне қажетiн iлiп әкетiп кәдеге жарата бiлетiн қабiлеттiлiктi игеру бәрiнен маңызды болып отыр. Бiлiмi мен бiлiктiлiгiн арттырған, оны қолданысқа, айналымға енгiзе бiлген адам әрдайым өзгеден оқ бойы алға оза бередi.

Қазақ баласы туадан зерек. Ендi, прагматикаға шынайы бейiмделген компактiлi бiлiмге шындап ден қойса, табиғи байлықтан жүздеген есе артық құндылығымыз сол ғана болмақ. Оған үкiметтiк бюджеттен қосымша қаржы жұмсаудың да қажетi шамалы. Тек қана барлық деңгейдегi бiлiм ошақтарында шын бiлiктiлiктi қолдайтын орта қалыптасса, сыбайластық пен жемқорлықтан құтылса, қазақ бiлiмi өзiн ғана емес, әлемдi жарылқауға да қабiлеттi болар едi.

Қуандық ШАМАХАЙҰЛЫ,

халықаралық журналист

Астана