Жаңалықтар

КӘРI ҚҰРЛЫҚТЫҢ НАЗАРЫ – ҚАЗАҚСТАНДА

ашық дереккөзі

КӘРI ҚҰРЛЫҚТЫҢ НАЗАРЫ – ҚАЗАҚСТАНДА

Қазақстанның экономикалық тұрғыда өсiп-өнуiне кәрi құрлық та мүдделi. Сондықтан да Еуропаның қақ төрiнде өткiзiлген бизнес форумға экономистер, қаржыгерлер, бизнесмендер мен қоғам қайраткерлерi, бұқаралық ақпарат құралдарының өiлдерi Жер шарының түкпiр-түкпiрiнен жиналды.

Бүгiн Ұлыбритания астанасы Лондонда «Қазақстандық бизнес форум-2011» өз жұмысын бастайды. Қазақстандық-Британдық Сауда палатасының ҚР Экономкалық даму және сауда министрлiгiмен бiрiге отырып, ҚР Үкiметiнiң қолдауымен екiншi рет өткiзiлiп отырған бизнес форум инвесторлармен экономикалық ынтымақтастықты арттырып, оның басым бағыттарын айқындауды көздейдi. Шараның басты мiндеттерiнiң бiрi – 2010-2014 жж. арналған ҚР Мемлекеттiк үдемелi индустриалдық-инновациялық бағдарлама мен Қазақстан экономикасын ғылыми және инновациялық жолмен дамытуды қамтамасыз ететiн «Өнiмдiлiк-2020» бағдарламасы шеңберiнде жүзеге асырылған бизнес жобаларға шолу жасау.

ҚР Ұлттық банкiнiң деректерiне сүйенсек, 1993 жыл мен 2011 жылдың наурызы аралығындағы Қазақстан экономикасына тiкелей тартылған инвестициядан түскен қаражат көлемi 131,9 млрд. АҚШ долларына жеткен. Оның iшiнде, 2011 жылдың алғашқы тоқсанындағы тiкелей инвестиция 5 254 млн. долларға теңгерiлiп, 709,1 млн. доллары өңдеу өнеркәсiбiне бағытталыпты. Бүгiнде Қазақстан экономикасына қаражат құюда Нидерландтар, Франция, Қытай, Канада, Жапония алдыңғы қатарда тұр. Шетелдiктердiң бiзге қызығушылық танытуы тегiн емес. Өйткенi Қазақстан Standard&Poor’s (20002), Moody’s және Fitch (2004) секiлдi халықаралық рейтинг агенттiктерi тарапынан ТМД елдерi бойынша алғашқы болып жоғары көрсеткiшке иеленген едi. Бастысы, дамыған 50 елдiң қатарынан көрiнудi мақсат ететiн Қазақстан 2011 жылдан бастап кәсiпкерлiкпен айналысу анағұрлым қолайлы әрi жеңiл саналатын мемлекеттер тiзiмiнен орын алды. Мәселен, Дүниежүзiлiк банк мамандары жүргiзген зерттеу жұмыстарының нәтижесiнде «Doing business 2011» қорытындысында, Қазақстан 80-орыннан 59-орынға көтерiлген. Сонымен қатар «Эрнаст энд Янг» компаниясының инвестициялық тартымдылыққа байланысты жүргiзген әлеуметтiк сауалнамада елiмiз ТМД аумағына салынатын инвестициялар iшiнде алғашқы үштiктен табылды. Лондондық бизнес форумды ұйымдастырушылар отандық инвестициялық ахуалдың жақсара түсуiне оң ықпал ететiнiне сенiмдi.

Екi күнге созылатын бизнес форум барысында инвесторлар қауымы Қазақстанның шикiзат өндiрушi-экспорттаушы бағыттан индустриалдық-инновациялық дамуға көшуiн жан-жақты талқыға салса, «Ғаламдық экономика жағдайындағы Қазақстанның экономикалық келешегi» тақырыбындағы сессияда елдегi экономикалық көрсеткiштердiң өсiмi мен инфляция арасындағы тепе-теңдiктi сақтау, әлемдiк қаржылық және экономикалық дағдарыстың кесiрiнен қиындыққа тап болған дүниежүзiлiк қаржы нарығы мен басқа да қаражат көздерiне жол ашу, борыш көлемi мен салмағын азайту, кедендiк проблемалар сияқты экономикалық тұрғыда аса маңызды мәселелер де сөз болмақ. Ал Халықтық IРО Бағдарламасының мүмкiндiктерi бизнес форум барысында кеңiнен қарастырылып, аталған бағдарламаның қазақстандық ұлттық компаниялардағы корпоративтiк басқару сапасы мен отандық қор нарығының дамуына қаншалықты игi әсер ететiнi сарапқа салынады.

Тағы бiр маңызды жайт, интеграциялық жағдайдағы экономиканың басты қағидалары және оның отандық тауар өндiрушiлер арасындағы бәсекелестiкке ықпалы, елдiң ауыл шаруашылығы саласындағы қарым-қабiлетi, транспорттық және коммуникациялық инфрақұрылымды дамыту секiлдi басқа да мәселелердi жеке-жеке отырыс бойынша қаузау жоспарлануда. Ұйымдастырушылардың айтуынша, бизнес форум Қазақстанның нвестициялық тұрғыда тартымдылығын күшейтiп, әлемдiк бизнес элита өкiлдерiнiң елдi экономикалық дамытуға деген қызығушылықтарын арттыруға сеп болмақ.

Лондондағы Қазақстандық бизнес форум биыл екiншi рет өткiзiлгелi отыр. Халықаралық маңызға ие бұл шара Қазақстанның экономикалық дамуының үдерiстерi мен келешегiн отандық және әлемдiк мамандарды тарта отырып, кең ауқымда талқыға салуды мақсат етедi. Бұл Қазақстан мен Ұлыбританияның бизнес қауымдастығы арасындағы iскерлiк қарым-қатынасты орнатуда және оны дамытуда келiссөздер алаңы мiндетiн атқаратындықтан, форумға қатысушылар ел экономикасының түрлi өндiрiстiк және өнеркәсiптiк саласына байланысты жобаларын ұсынуға мүмкiндiк алады.

Халықаралық деңгейде өтетiн Лондондағы «Қазақстандық бизнес форум – 2011» туралы толығырақ ақпаратты газетiмiздiң келесi санынан оқи аласыздар.

20.10.2011