Жаңалықтар

ШЕШIЛМЕГЕН ТҮЙТКIЛДЕР ШАШ-ЕТЕКТЕН

ашық дереккөзі

ШЕШIЛМЕГЕН ТҮЙТКIЛДЕР ШАШ-ЕТЕКТЕН

Алматы облысы, Ұзынағаш ауданында «Ақ жол» демократиялық партиясы мен «Түрiкпен» агрофирмасының ұйымдастыруымен «Қазақстанның ауылшаруашылық өнiмiн өндiрушiлерiн қолдау» тақырыбына арналған дөңгелек үстел болып өттi. Басқосуға Алматы облысындағы шағын және орта кәсiпкерлiк өкiлдерi мен iрiлi-ұсақты шаруа қожалықтарының басшылары қатысып, көптен мазалап жүрген түйткiлдi мәселелерiн ортаға салды.

«Ақ жол» партиясы өзiнiң әуелгi жұмысын шағын және орта кәсiпкерлiктiң дамуына қолдау көрсетуден бастаған сыңайлы. Өйткенi бүгiнде кәсiпкерлер елiмiздiң халқын азық-түлiкпен қамтамасыз етiп, сұранысқа сай өнiм дайындауға атсалысып келедi. Ол – бiр. Екiншiден, шағын және орта кәсiпкерлiктiң дамуы жұмыс көзiн де ашып отыр. «Ақ жол» партиясының төрағасы Азат Перуашевтiң айтуынша, партия өзiнiң тұғырнамасын бекiткенде де кәсiпкерлерге қолдау көрсетуге басымдық берген. Сондықтан да кәсiпкерлердi ашық пiкiрталасқа шақырып, олардың мәселелерiн талқылауға үлкен мүмкiндiк туып отыр. Бұл ең алдымен, салық саясаты, инвестициялық жеңiлдiктер, субсидия және Кедендiк одаққа енгеннен кейiнгi кәсiпкерлердiң жағдайы. Қазiргi кезде шағын және орта кәсiпкерлiктiң дамуына тежеуiш болып тұрған да осы жайттар.

Дөңгелек үстелде сөз алған Ауыл шаруашылығы министрiнiң бұрынғы вице-министрi, бүгiнде «Жетiсу ӘКК» АҚ төрағасының орынбасары Арман Евниев мырза да бұл саладағы қордаланып қалған мәселелермен таныс екендiгiн жеткiздi. «Ауыл шаруашылығы – өте күрделi әрi маңызды мәселе. Халқымыздың басым бөлiгi ауылда тұрады. Олар өнiмдi де өздерi өндiрiп отыр. Көптеген кәсiпкерлер, шаруа қожалықтары жерден жақсы өнiм алуда. Ауылшаруашылығының негiзгi көзi – жер. Тауар өндiрушi жерге үлкен көлемде салық төлеп келедi. Менiңше, жер салығын төмендетiп, халыққа жұмыс iстеуге жағдай жасау керек», – дейдi. Сондай-ақ, Евниев мырза мемлекет тарапынан көмек ретiнде берiлетiн субсидия жүйесiнiң өз мақсатында орындалмай жатқандығын да тiлге тиек етiп, жыл сайын 20 млрд. теңге шамасында көзделетiн субсидияның тек нақты жобаларға жұмсалуын қадағалау керектiгiн айтты. «Жетiсу ӘКК» Алматы облысы бойынша арнайы жобалық топ құрып, құрамына сарапшыларды тартуда. Бұл топқа кәсiпкерлер де қатысып, өз пiкiрлерiмен бөлiсе алады. Ал мемлекет «Жол картасы», «Бизнестiң жол картасы – 2020» сияқты бағдарламалар қабылдады. Бұлар бағдарлама емес, нақты жобаны жүзеге асыратын құрал. Бiз сол арқылы тауар өндiрушiлерге нарықта өз орнын табуға көмек беруiмiз керек» деп қорытты өз пiкiрiн Арман Евниев.

Шыны керек, Қазақстан Кедендiк одақтың құрамына кiргелi берi жеңiлдiктермен қатар, кедергiлерге де тап болуда. Атап айтқанда, бiз Ресейге ет импорттаймыз деп едiк, жағдай керiсiнше көрiнiс беруде. Сондай-ақ, қазiр елiмiздiң тауар нарығын Ресейдiң қанты жаулап алған. Қазақстанның қант және қызылша өндiрушiлерi қауымдастығы президентiнiң орынбасары Алдияр Жолдыбековтың айтуына қарағанда, ресейлiк қант өнiмдерiнiң көптеп келуi отандық тауар өндiрушiлердiң жұмысына әжептәуiр салқынын тигiзiп жатқан көрiнедi.

Ал «Даму» қорының атқарушы директоры Қанат Сұлтанғазиев: «Даму» қоры «ҚазАгро» арқылы ауылшаруашылығына қатысты жобаларды қолдауға әзiр. Олар негiзiнен үш бағытта жұмыс iстейдi», – дейдi. «Бiрiншiсi, 2008 жылы мемлекеттiң дағдарысқа қарсы бекiткен бағдарламасы аясында ауылшаруашылығы өнiмдерiн өндiрушi 100-ден аса компания тиiмдi шарттармен несиеге қол жеткiзуге мүмкiндiк алды. Екiншi бағыт, «Бизнестiң жол картасы – 2020» бағдарламасы арқылы 500-дей компания, оның iшiнде ауылшаруашылығы өнiмiн өндiретiн 8 компанияға айтарлықтай көмек көрсетiлдi. Яғни, банктен алынған несиелердiң пайыздық мөлшерлемесiн төмендетуге күш салдық. Алматы облысы бойынша 318 млн. теңгеге лайықталған 8 жоба жүзеге асуда. Үшiншiсi, бiздiң қаладағы кәсiпкерлердi ғана емес, ауылдағы шағын және орта кәсiпкерлiк өкiлдерiн қолдайтын арнайы оқу-ағарту бағдарламасы арқылы олардың кәсiби бiлiктiлiгiн көтеруге ден қоямыз. Шетелдiң даму институттарынан мамандар шақырып, жергiлiктi жұмысшыларға жаңа технологияның тiлiн үйрету үшiн арнайы бағдарлама түзiлдi. «Жол картасы» бағдарламасы аясында Қазақстан бойынша кепiл беру жүйесiн құру ойымызда бар. Қарыз 10 жылға 3 млрд. теңгеге дейiн берiледi. Егер жобаңыз экономика жағынан тиiмдi болып, банкке ұсыныс жасасаңыз, бiз сол қарыздың 50 пайызына дейiн кепiлдiк бере аламыз».

Сол сияқты кәсiпкерлер жұмыс iстегенiне көп бола қоймаған «Салық кодексiне» өзгерiстер мен толықтырулар енгiзудi ұсынды. Әсiресе, мұндай жеңiлдiк нан-тоқаш өнiмдерiне ауадай қажет көрiнедi. «SFK-INSHURANS» Қазақстан фермерлер одағы тұтыну кооперативiнiң төрағасы Нелли Салиханованың айтуынша, балалар тағамына назар аудару керек. «Бала 6 айынан бастап тоқаш өнiмдерiн жеуi керек. Ал бұл олардың тiсiнiң жақсы өсуiне әсер етедi. Бiрақ «Салық кодексiнде» нан-тоқаш өнiмдерi ескерiлмеген».

Осы кезде жекеменшiк шаруақожалығының иесi Құрмашев Сайын ақсақал: «Евниев мырза жаңағы өзi айтқан ұсыныстарын Ауыл шаруашылығы министрiнiң орынбасары болып отырған кезде атқаруы керек едi» деп ойындағысын ашып салды. «Бiрiншiден, «Жер туралы» Заң, «Жер туралы кодекс» қазiргi жағдайға сәйкес келмейдi. Көп шаруа қожалықтары жердi куәлiк арқылы пайдаланып келедi. Бiрақ та сол жерден осыдан он, он бес жыл бұрын шетелге кетiп қалған адамдар күнi бүгiнге дейiн иесi болып отыр. Ал бiз, шаруа қожалықтары сол жердiң салығын төлеп жатсақ та, оны өз атымызға аудара алмаймыз. Оған заң да жоқ. Тiптi, ертеңгi күнi ақшасы көп азамат оны сатып алуы да мүмкiн. Сонда бiз далада қаламыз. Екiншiден, соңғы кезде ауыл шаруашылығына несие де, субсидия да берiлiп келедi. Ал неге бұл субсидия тек шетелден келген мал тұқымына ғана берiледi? Сонда өзiмiздiң бұрыннан келе жатқан iрi қара малымыз ештеңеге жарамай ма? Бiз неге өз тұқымымызды да сақтап қалмаймыз? Үшiншiден, елiмiздiң кейбiр өңiрiнiң кәсiпкерлерi жаңа техникамен жұмыс iстейдi. Ал Оңтүстiк Қазақстан, Жамбыл, Алматы облыстарының шаруалары баяғы Кеңес одағының тракторын әлi пайдаланып жүр. Оның өзiне 20 жылдан асып кеттi. Бар техника алпауыттардың қолында», – дейдi.

Дөңгелек үстел барысында ауыл шаруашылығы мен мал шаруашылығы жайлы түрлi мәселелер айтылды. Бәрi де өзектi. «ФудМастер» ЖШС бас директоры Аида Сапарғазинова ханым бүгiнде сүт қорының азайып кеткендiгiн алға тартты. Тiптi соның салдарынан құрғақ сүттi кәдiмгi сүтке айналдыратын жағдайлар да орын алған. Сондықтан да елдi мекендерде сүт қабылдау пункттерiн ашу керектiгi кезек күттiрмейтiн мәселе. Себебi сүттiң 90 пайызы ауылдағы ұсақ және жекеменшiк фермерлерден алынады екен. Сол сияқты Қазақстан ет өндiрушi ел ретiнде белгiлi. Бiрақ та бiздiң былғары шетелге арзан бағамен кетiп жатыр. Оны қайтадан өзiмiзге қымбатқа сатады. Өйткенi былғары өңдеу жұмысы бәсең. Ол үшiн тағы да салықтық жеңiлдiктер қарастырылған жөн.

Шағын және орта кәсiпкерлiк өкiлдерi жұмысын ауылшаруашылығы мәселелерiнен бастаған «Ақ жол» партиясына көп сенiм артып отыр. Әсiресе жердiң салығы мен тозығы жеткен техникадан әбден зәрезап болған қарапайым шаруалар «бiздiң жанайқайымызды шешсеңiздер екен» деген үмiтiн қайталаумен болды. Басқосуда айтылған күрделi мәселелер бiрауыздан мақұлданып, «Ақ жол» партиясы атынан Парламентке үндеу жолданады.

20.10.2011

Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ