Жаңалықтар

ЮЛИЯ ТИМОШЕНКО түрмеге түстi

ашық дереккөзі

ЮЛИЯ ТИМОШЕНКО түрмеге түстi

Юлия Тимошенконың iсi Украинада, Ресей мен Еуропада түрлi бағаға ие болуда. Украина халқы Тимошенко үшiн екiге жарылып, оны жақтаушылар бейбiт шерулер жасап, Киевтегi Крещатик көшесiн жауып тастаған, ал оны қаралаушылар қолына ақ-қара мөр басып алған. Сот барысында Тимошенконы жақтаушылар да, қаралаушылар да сот залына келiп, өз көзқарастарын танытқан едi. Бұл оқиғаға баға берген Ресей премьер-министрi Владимир Путин Тимошенкоға не үшiн 7 жыл бергенiн түсiнбейтiндiгiн айтады. Ресейлiк «Известия» газетiнiң жазуы бойынша, Путин оның ешқандай газ тасымалдау туралы келiсiм шарттарға қол қоймағанын жеткiзген.

– Қолды шаруашылық субьектiлерi – «Газпром» мен Украинаның ұлттық компаниясы қойды ғой. Ресей мен Украина арасындағы газ жөнiндегi келiссөздердiң барлығы екi елдiң заң шеңберiнде және осындай келiсiмдерге сәйкес халықа­ралық нормалар аясында жасалды. Ең маңыздысы – көптеген жылдардан соң тұңғыш рет бiз Украинаға газ жеткiзу жөнi­нен және ЕО елдерiне газды транзиттау тұрғысынан келiсiмге келген едiк, – дейдi, Ресей премьер-министрi.

Сондай-ақ, Ресей газеттерi Тимошен­коның жазасы Украина мен Еуроодақ арасына да сына қаққандығын жазуда. Бүгiн, яғни 20 қазанда Украина президентi Виктор Янукович Брюссельге ресми сапармен келуi тиiс едi. Еуроодақ өкiлi Пиа Хансен бұл ресми сапардың «екi жақтың өзара қарым-қатынасындағы түсiнiспеушiлiктер сейiлгенге дейiн» созылғандығын мәлiм­деген. Дәл осы сапар аясында Янукович еуро­палық әрiптестерiмен Украина мен Еуроодақ арасындағы келiссөздердiң соңғы сәттерiн келiсуi тиiс болатын.

Сот залында Тимошенко: «Еуропалық сарапшылар менi кiнәсiз деп тапты. Менiң iс-әрекетiмде еш қылмыс жоқ. Бұл тек қана саяси шоу», – деп жар салды.

Украиналық саясаткерлер Юлия Тимо­шенконың iсiнде саяси астар барын мойындай отырып, Тимошенконың кiнәлi екендiгiн де бетiне басуда. Саясаттанушы Ирина Хакамада «Юлия Тимошенко билiк пен демократияны билiкке жетудiң баспалдағы ретiнде пайдаланды» десе, Украинаның Бас прокурорының бұрынғы орынбасары Николай Обиход оның осыдан 15 жыл бұрынғы кiсi өлiмiне қатысы барлығын айтқан. 1996 жылы сол кездегi депутат Евгений Шерванның қастандық құрбаны болғаны мәлiм. Осы iстi тергеген Николай Обиход Тимошенко iске тапсырыс берушiлердiң бiрi болуы мүмкiн екенiн айғақтайтын дәлелдердi тапқандығын, бiрақ, Тимошенко қолындағы мүмкiндiгiн пайдаланып, iстi жапқызғандығын айтады.

20.10.2011

Есенгүл Кәпқызы