Жаңалықтар

ӨНЕР ТАРЛАНДАРЫНЫҢ ОРДАСЫ

ашық дереккөзі

ӨНЕР ТАРЛАНДАРЫНЫҢ ОРДАСЫ

Ұрпақ тәрбиесi мен бiлiм беруде өнер мен мәдениет жетекшi роль атқарады. О. Таңсықбаев атындағы Алматы сәндiк – қолданбалы өнер колледжi ұлттық өнер дәстүрiн жалғастырушы, бiлiм ошағы. Тәуелсiздiк жылдары колледж қарқынды дамып, шығармашылық жағынан байып, көптеген жетiстiктерге қол жеткiздi. Оқу орнының мәдени және шығармашылық өмiрi жайлы колледж директоры, «Қазақстанның еңбек сiңiрген мәдениет қайраткерi», профессор Керiмбай Ысаұлы Қыстаубаевпен әңгiме өрбiттiк.

– Кәке, көп жылдардан бері колледжде ұстаз болып келесіз. Оқу орнының тарихы мен шежіресі жадыңызда екенін білеміз.

– Алматы көркемсурет училищесінің жылнамасы 1938 жылдан бастау алады. Қазақ ССРнің Халық комиссарлар кеңесінің № 870 қаулысымен тұңғыш рет дарынды жастарға есігін ашты. Училищенің алғашқы ұстаздары – Н. И. Крутильников, А. И. Бортников, К. Б. Черкасский, В. А. Лебедев, Е. П. Леонтьев оқутәрбие негізін қалады. Ол кездерде оқу орны Суретшілер одағының үш бөлмесінде ғана орналасқан еді, кейін Пушкин көшесіндегі 1 қабатты ғимаратқа қоныс аударды. Кейіндеу колледждің құрылымы өзгеріп, ол актерлік шеберлік кластарымен біріктіріліп, Н. Гоголь атындағы театр және көркемсурет училищесі болып қайта аталынды. 1942 жылы училище өзінің тұңғыш түлектерін шақырады. Олардың алды Мәскеу мен Ленинградтағы жоғары оқу орындарында білімін жалғастырып, өмірге тамаша туындыларын алып келді. Кеңестер Одағының және ҚР халық суретшілері К. Телжанов, С. Мамбеев, ҚР халық суретшілері: А.Ғалымбаева, Г. Исмайлова, Х. Наурызбаев, Е. Мергенов, ҚР еңбек сіңірген өнер қайраткерлері: С. Айтбаев, Ы.Қарсақбаев, А. Хайдаров, А. Ақанаев, Т. Досмағанбетов, Б. Досжанов, А. Дүзелханов, А. Жұбанов, Б. Заурбекова, М. Калимов, К. Муллашев, Е. Сергебаев, Е. Тұяқов, Д. Шоқпаров және өзге де өнер шеберлері училище атын одаққа әйгілі етті.

ҚР Министрлер кабинетінің 1992 жылғы 31 шілдедегі № 639 қаулысы бойынша училище О. Таңсықбаев атындағы Алматы сәндікқолданбалы өнер колледжі болып өзгертілді. 1997 жылдан бастап колледж 11 мамандық бойынша «суретшішебер» мамандарын даярлайды.

– Керімбай Ысаұлы, колледждің оқытушылары өздерінің төл туындыларымен бүкіл елімізге танымал. Оған қоса олар дарынды шәкірттерді дайындап жүрген ұстаздар. Педагог кадрлар туралы әңгімелеп берсеңіз.

– Колледжде жоғарғы санатты, тәжірибелі педагогтік құрам дәріс беруде. Олардың көбісі Мәскеу, СанкПетербург, Киев, Львов, Ташкент қалаларының жоғарғы оқу орындарының түлектері. 27 ҚР Суретшілер Одағының мүшелері, 2 ҚР еңбек сіңірген қайраткерлері, 13 ҚР Білім беру ісінің үздіктері, ҚР Президентінің степендияттары бар және 11 оқытушы Білім және ғылым министрлігінің «Құрмет грамотасымен» марапатталған. Қазір колледжде 50 оқытушы жұмыс істейді. Олар жыл сайын – 450 білім алушыға білім береді. Жыл сайын біздің колледжге еліміздің әр аймағынан 120 ға тарта оқушы түседі. 2009–2010 оқу жылы 15 оқытушы педогогикалық аттестациядан өтіп, 15 оқытушы республикалық Білім басқармасы және ғылыми кадрлардың білім жетілдіру институтында курстан өтті. Колледждің профессорлық – педагогтік құрамының күшімен Республикамыздың көптеген аймақтарында кәсіби бағытбағдар беру жұмыстарын жүргізеді.

Білікті оқытушылар шәкірт тәрбиелеуде бай дәстүрлік жалғастықты ұстанады. Қытай, Қырғыстан, Өзбекстанның жоғарғы оқу орындарымен тығыз шығармашылық байланыс орнаттық.

ҚР Президенті мен Білім және ғылым министрлігінің «Білім беру жүйесінің модернизациясы және дамуы» бағытындағы берілген тапсырмаларын ойдағыдай орындаудамыз.

– Министрлік колледж ұстаздарына қандай қамқорлық көрсетуде?

– Қазақстан өкіметіне, Білім және ғылым министрлігіне көрсеткен қолдауы үшін алғыс білдірген жөн. Оқытушылар үшін осы жылдың шілде айынан бастап бюджеттен жалақыға 30 пайыз үстеме қосылғаны үлкен қуаныш. Ал қыркүйек айынан бастап жоғарғы санатты оқытушылар мен кәсіби білім беру шеберлеріне айлық 100 пайыз қосылып отыр. Оқушылар да назардан тыс қалып отырған жоқ. «Жақсы» деген бағамен оқығандарға 12000, ал «өте жақсы» баға алушыларға 15 мың теңге ай сайын шәкіртақы төленеді. Бұл оқушылар мен ұстаздарға үлкен қолдау екені сөзсіз.

– Шығармашыл мамандар даярлау оңай емес. Білікті шығармашыл маманды дайындау бір күнде жүзеге асырыла қоймайды. Оларсыз қасиетті өнер тоқырап қалады емес пе?! Өйткені шығармашыл мамандарға әлемде күн сайын сұраныс артып келе жатқаны баршаға мәлім.

– Жыл сайын біздің колледжге мемлекеттік гранттар бөлінеді. Біздің үлкен көлемдегі грантқа мұқтаждығымыз жоқ. Сан үшін, пайда үшін ақылы бөлімге шектен тыс оқушы қабылдамаймыз. Біздің топтарда 10–14 оқушыдан аспайды. Өйткені біз сапалы білімге үлкен көңіл бөліп, шығармашыл мамандарды даярлаймыз. Колледждің материалдық базасы жыл сайын жақсарып келеді. Жыл сайын мемлекеттен оқу ғимараты мен жатақхананы ағымдағы жөндеуге байланысты қаражат бөлініп тұрады. Тіптен 2010 жылы 30–40 жыл бойы қайта жөндеуден өтпеген бас оқу корпусына күрделі жөндеу жүргізілді. Біздің тренажерлік зал, спорт алаңын, интерактивті кабинетті, компьютер класын жабдықтауға мүмкіндігіміз болды. «Графикалық дизайн» факультетіне шағын баспа аштық, оның полиграфтық циклі толық қалыптасқан, оқушылар ол жерде өздерінің жұмыстарын, фирмалық стиль, белгілер мен өзге де жұмыстарын, өнімдерді жасай алады. Біз оқушыларды құны 40000 теңге тұратын кәсіби мольберттермен жабдықтадық. «Мүсін» мамандығына материалдарды сатып алу үшін қаржы бөлініп отырады. Бұрын бізде жирықтар (драпировка) болмайтын, бүгінгі күні бізді мата, саз, құралжабдықтармен қамтамасыз етті. Көркем тоқыма бөліміне тігін машинасы, түрлі зерлі бұйымдар, инежіптер алынды. Бітірушілердің дипломдық жұмысына кенеп, багет, бояулар, қағаздар мен т. б. заттарға да қомақы қаржы бөлінуде. Кітапхананың қоры мерзім сайын әлемдік және қазақ әдебиетінің көркем туындыларымен толығып отырады. Шаруашылық есепті дұрыс жүргізудің арқасында өз қаржымызға төрт компьютер класын, асхана мен көркем бейнелеу дүкенін аштық.

– Колледж студенттері туралы айта кетсеңіз…

– Біздің колледжге тек дарынды оқушылар қабылданады. Олардың шығармашылық тақырыптары – туған жер, менің Қазақстаным, менің Отаным. Бізде Қазақстан мен шет елдерге саяхаттар ұйымдастырылып отырады. Өткен жылы оқу озаттары Түркістан, Астана қалаларына саяхатқа шығып, еңбектерін жаңа туындылармен толықтырды. Алдағы жылға Білім және ғылым министрлігі қаражат бөлсе, жаңа оқу жылында Түркия мен Қытайда көрме өткізуді жоспарлаудамыз. Колледжде көрме залы үздіксіз жұмыс істеп тұрады. Мысалы 70,80,90 жылдардағы бітірушілердің жұмыстарынан «Өткен жылдар» көрмесі ашылды.

Біздің оқушылардың жұмыстары үлкен жетістікке ие. Солардың жұмыстарымен республикалық «Ақсай» балалар емдеу орны, балалар үйлері, өзге де ұжымдар безендірілген. Біз Қазақстан жастарының атын шығару мақсатында өтеусіз жұмыс атқарамыз. Біздің колледжде бітірушілер жоғарғы оқу орындарына еш қиындықсыз түседі. Өйткені олардың кәсіби дайындығы өте жоғары.

– Оқушылар қандай жеңістер мен жетістіктерге қол жеткізуде?

– Біздің оқушылар республикалық және халықаралық көрмелердің, шығармашылық жарыстар мен фестивальдердің тұрақты қатысушылары. Олар Өткен жылы Астанадағы XIII Халықаралық «Шабыт» фестиваліне қатысып, табыспен оралды. Шәкірттеріміздің барлық мемлекеттік мәдени маңызды шараларға ат салысуын қолдаймыз. «Азиадада» біздің оқушыларымыздың жұмыстары көрмеге қойылып, Алматы қаласы әкімінің орынбасары С. Сейдумановтың марапаттауына ие болды. Қолға алынған ісшаралардың көлемі өте кең. Биылғы жылдың шілде айында ҚР Тұңғыш Президентінің қоры мен Журналистер Одағының Тәуелсіздіктің мерейтойына арнап ұйымдастырған көрмесіне қатыстық. Сондайақ мамыр айында ҚР орталық мұражайында «Мұражайдағы түн» атты акцияға қолғабыс жасадық. Шәкірттер VII Ұлттық Дельфи ойындарында жақсы жағынан көрсетті. Өткен көктемде «Жаңашылдық пен өнер дамуы» атты ғылыми конференцияға қатынастық. Біздің жақын арадағы жоспарымызда Қазақстанның Тұңғыш Президентінің мұражайында Тәуелсіздіктің жиырма жылдығына арнап жеке көрме өткізіп, оның нәтижесі бойынша коталог шығаруды ойластырудамыз.

Әңгiмелескен

Бақыт ӘБДIКӘРIМ