Жаңалықтар

ИСI ТҮРКIГЕ ТАНЫМАЛ ТҰЛҒАЛАР

ашық дереккөзі

ИСI ТҮРКIГЕ ТАНЫМАЛ ТҰЛҒАЛАР

Жер шарынан бiрнеше жылдың iшiнде 27 түркi тiлi жоғалып кеттi. Қазiргi қалғаны – 27. Ал сол 27 түркi мемлекетiнiң 6-сы ғана егемен болса, 21-i өзге елдердiң қол астында отыр. Алматыдағы ғылыми-тәжiрибелiк конференцияда исi түркiге танымал Ахмет Байтұрсынұлы мен Мехмет Акиф Ерсой шығармашылығы мен түркi халықтарының бiрлiгi сөз болды.

Бiзде қазақ халқының ғана емес, исi түркiнiң үлгi тұтар мақтанышына айналған тұлғалар көп. Солардың бiрi әрi бiрегейi – Ахмет Байтұрсынұлы. ҚР Бiлiм және ғылым министрлiгi мен Қазақстан Шет тiлдер және iскерлiк мансап университетiнiң бастамасымен, Алматыда «Түркi әлемiн зиялы етуде еңбек сiңiргендер: Мехмет Акиф Ерсой, Ахмет Байтұрсынұлы» тақырыбына ғылыми-тәжiрибелiк конференция ұйымдастырылды. Үстiмiздегi жылдың 10-15 қазан аралығында өткiзiлген бұл шараға Қазақстанмен бiрге Түркия, Қырғызстан мен Өзбекстаннан 40-қа жуық шетелдiк ғалымдар қатысты. Бiрнеше күнге созылған шараға Мехмет Акиф Ерсой атындағы қор мен Түркия Үкiметi қаржылық тұрғыда қолдау көрсетiптi. Халықаралық деңгейге сай келген конференцияның атқарушы алқасы құрамында Мұстафа Болат, Мехмет Акиф Ербаш, Арслан Күчүкйылдыз, Синан Тавукчы, ал Ғылыми алқасында профессорлар Невзат Йалчынташ, С.Найри Болай, Уғур Дерман, Мевлит Дудич сияқты басқа да түркi әлемiне танымал тұлғалар бар.

Қазақстан Шет тiлдер және iскерлiк мансап университетiнiң ректоры, профессор, докторы Сабри Хизметли мырза: «Биыл – Қазақстан тәуелсiздiгiнiң 20 жылдығы. Ел үшiн ұлық саналатын мерейтойды ғылыми тұрғыда қалай атап өту керектiгiн ойластыру барысында бiзге Орталық Азия мәдениетi қорының президентi Әли Өзек мырза тарапынан ұсыныс кеп түстi. Ол: «Биыл Түркия әнұранының ресми түрде қабылданғанына 90 жыл толды. Осы мерекенi Қазақстанда атап өтсек» дегенде, мен ойланбастан келiсiм бердiм. Бiрақ әп дегеннен-ақ түрiктердiң әнұран мәтiнiн жазған ұлы ақын Мехмет Акиф Ерсой мен қазақ ұлтына қадiрлi тұлға – Ахмет Байтұрсынұлының шығармашылығын бiр-бiрiмен байланыстыра қарасақ, яғни, ұлты үшiн туған тарландардың тағдыры мен өмiрiнен екi ұлттың өкiлдерi, әсiресе жастары хабардар болса деген ой болды. Әрi ғылыми шарамен қатар Қазақстан мемлекетiнiң тәуелсiздiк мерекесi де тұспа-тұс келгенi қуантады» дейдi. Оның айтуынша, 2011 жылдың 9 қазаны – Ахмет Байтұрсынұлының қаза тапқанына 75 жыл толған күн. Тағдырдың жазмышы сол, биыл түрiктiң қаһарман ұлы Ерсойдың қаза тапқанына да – 75 жыл. Осы себептi, Түркияда 2011 жыл «Мехмет Акиф Ерсой жылы» ретiнде бекiтiлген. Демек, ғылыми конференция қос марқұмды еске алу күнi ретiнде де құнды.

«Қорықпа, сөнбейдi таң шапағына боялған қызыл байрақ. Ол құламайды, құламай түрiкте ең соңғы шаңырақ. Ол – менiң елiмнiң жұлдызы жарқырап жанған көгiмнен, Ол – менiң ұлтымдiкi, тек менiкi болып қалмақ», – деп жырлаған Мехмет Акиф Ерсой (қазақшаға айдарған Әбдiуақап Қара, өңдеген Мұқаш Қожахметұлы) түрiк қоғамындағы әлеуметтiк жауапкершiлiк, кедейшiлiк, жоқшылық пен жалқаулық, бойдағы басқа да жаман әдеттерден арылу, жастарды бiлiмге шақыру, көкiрек көзiнiң ашықтығы, сананың саф тазалығы, иманның күштiлiгi, әдiлдiктiң үстемдiк етуi т.б. шығармашылығына арқау еткен. Мамандығы – мал дәрiгерi, әдебиет оқытушысы, қызметi – депутат, елшi әрi қоғам қайраткерi Мехмет Акиф Ерсой – ұлты үшiн тер төккен ұлдардың бiрi.

Соңғы кездерi исi түркiнiң бiрлiгi жайлы мәселе күн тәртiбiнен түспей келедi. Өкiнiшке қарай, түркi бiрлiгiне кедергi болатын қиындықтар арасында тiл мәселесi бар. Конференцияда баяндама жасаған белгiлi ғалым Мекемтас Мырзахметов күнi бүгiнге дейiн 27 түркi тiлi қолданыста болса, 27-сi жоғалып кеткенiн, тек 6 түркi мемлекетiнiң егемендiкке қол жеткiзiп, қалғаны өзге елдердiң қол астында отырғанын айтты. Ал профессор Хизметли алфавиттiң алуандығы исi түркiнiң бiрлiгiн нығайтуға кедергi дейдi: «ҚР Президентi Н.Назарбаевтың көрегендiгi сол, әрдайым көкейкестi мәселелерге орай көкейге қонымды ұсыныстар бiлдiредi. Мысалы, тiл мәселесiне байланысты түркi әлемiне ортақ тiл қажеттiгiн айтқан едi. Менiңше, көп ұзамай ол жоба да iске асатынына сенiмдiмiн».

Конференцияны ұйымдастыру барысында 120-дан астам баяндамашыдан ұсыныс келiп түскен. Бұл орайда Сабри Хизметли мырза: «Баяндамалардың барлығын арнайы кiтап етiп бастыруды жоспарлап отырмыз. Алдағы уақытта жыл сайын Мұстафа Шоқай, Мағжан Жұмабаев, Абай атамыз, Мұхтар Әуезов секiлдi қазақ зиялылары мен түрiк зиялылары туралы ғылыми шараларды ұйымдастыруды қолға алмақпыз. Жастарды олардың бойына ұлттық құндылықтарды сiңiре отырып тәрбиелеу, ұлттық тарихымызды насихаттау, ұлт үшiн күрескен ойшылдар, ғалымдар, жазушылар, ақындар секiлдi басқа да ұлық тұлғалардан хабардар ету – аса маңызды. Мұндайда ғылыми шара ұйымдастыру – таптырмас құрал екендiгi белгiлi» дейдi.

Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ