Жаңалықтар

СТАЛИНМЕН КЕЗДЕСКЕН ҚАЗАҚ ҚАЙРАТКЕРЛЕРI

ашық дереккөзі

СТАЛИНМЕН КЕЗДЕСКЕН ҚАЗАҚ ҚАЙРАТКЕРЛЕРI

Ақпан төңкерiсiнен кейiнгi кезеңде өз бостандығы үшiн күреске шыққан отарлық езгiдегi халықтарға большевиктер партиясы тек кеңестiк негiздегi автономия беретiндiгiн мәлiмдедi. 1918 жылдың көктемiнде Алашорда мен Кеңес билiгi арасында өзара түсiнушiлiкке кiшкене болса да ұмтылушылық орын алған едi. Оған «Сарыарқа» газетiнде 1918 жылы 25 қаңтарда жарық көрген екi өкiмет арасында жүрген келiссөз мәтiнi куә. 1918 жылдың наурызында Оралдан Мәскеуге Алашорда өкiметiнiң тапсыруымен Халел және Жаһанша Досмұхамедов аттанып, барған бетте Халық комиссарлар Кеңесiнiң Төрағасы В.И.Ленин және Ұлт iстерi бойынша халық комиссары И.В.Сталинмен кездесiп, оларға екiншi жалпы қазақ съезiнiң (Орынбор 1917, желтоқсан) қаулысын табыс етедi. Сталин қаулымен танысқаннан кейiн, 19 наурыз күнi Семейдегi Ә.Бөкейханов және оның орынбасары Х.Ғаббасовты телеграф арқылы келiссөзге шақырады. Ертеңiне, яғни 20 наурыз күнi Сталинмен келiссөздi Халел Ғаббасов жүргiзедi. Әңгiме Алашорда автономясының статусы жөнiнде болады. Газетте Сталиннiң пiкiрi сөзбе-сөз аударма түрiнде берiлген:

«Россиядағы халықтардың құқықтары туралы Халық Комиссарларының шығарған белгiлi ережесi бұл күнге шейiн ұлт мәселесi тақырыбын Совет үкiметiнiң негiзгi қызмет жобасы етiп келедi. Үшiншi Советтер съезi осы ереженi жайғастыруға қаулы қылды. Өзiнiң бiзге тапсырып отырған жалпы қазақ-қырғыз съезiнiң қаулысы түгелiмен жоғарғы жобаға муафиқ келедi. Бiрақ жалғыз-ақ шарт қоямыз: Егер сiздiң съездiң қаулысы өкiлдерiңiздiң Совет өкiметiн тануға қарсы болмаса болғаны. Үшiншi Советтер съезi Советский федерация мизамын жасап һәм бұл мизам Советтер съезiнiң бекiтуiне салынсын деп қаулы етiлдi. Бұған қарағанда ендi сөздi қойып, iске кiрiсу керек, яғни әрбiр тұрмысы, салты басқа халықтар жергiлiктi советтермен қосылып, автономия, федерация алу, тегiнде басы байлы бөлiнiп кету секiлдi ұлт ниеттерiн жарыққа шығаруға съезд шақыратын комиссия құруға тырысуы керек. Бiз ойлаймыз, жалпы қазақ-қырғыздың өкiлдерi тез қамданып, ыңғайлы уақытты өткiзбей, жергiлiктi Советтермен бiрiгiп, әлгiдей комиссияны құрар. Сiзден өтiнемiз, бiздiң осы жобамыздың Алашорданың Кеңесiне салып жауап қайтарсаңыздар екен. Адрес: Мәскеу, Кремль, Халық комиссарларының бастығы Ленинге һәм Халық Комиссары Сталинге. Ұлт жұмысын басқарушы Халық комиссары Сталин». Сталинмен болған келiссөзден соң араға бiр күн салып Алашорда Кеңесi орталықтың ұсынысын талқылап нақты шешiм қабылдады. Большевиктер кеңес өкiметiн толық мойындап, сөзсiз бағынуды талап етсе, олар Алашордаға iшiнара билiк беру (заң шығару, атқарушы билiк және сот жүргiзу), өз әскерi болу (халық милициясы) сияқты талаптарын, қазақтар көп шоғырланған жердiң бәрiн, ата қонысты қазаққа түгел қайтарып, бiр орталыққа бағындыру және әр жерде кеңес комитеттерi тұтқындаған алаш қайраткерлерiн түрмеден босату, оларды қудалауды тоқтату, қаржылай көмек алу сияқты шұғыл шешiмiн табуы қажет мәселелердi өткiр қойды. Соның кейбiрiне қол да жеткiздi. Атап айтқанда, түрмедегi алаш қайраткерлерiн босаттырды, орталық Кеңес үкiметiнен қаржы-қаражат алды, Ұлт iстерiмен айналысатын комиссариат жанынан қазақ бөлiмiн ашқызды. Десе де Кеңес үкiметi екiжүздi саясат ұстанды: қаржылай көмектi көз қылып беруiн бергенiмен Халел мен Жаншаны Саратовта тұтқындап, ол ақшаларын қайта алып қойды. Ал Алашорда басшыларына уәделi жауаптарын не жазбаша, не ауызша бермей, өз ойларын мысықтабандап iске асыра бастады. Халел мен Жанша Досмұхамедовтiң Мәскеуде Кеңес өкiметi басшыларымен кездесулерi және телеграф сымы арқылы Сталинмен жүргiзген келiссөздерiнен анық байқалғаны – Орталық Кеңес өкiметiнiң ынтымақ, ұлттық тұтастық негiзiнде құрылатын қазақ мемлекеттiгiн таптық жiктелуге бейiм кеңестiк тұрпаттағы автономия беруге даяр екендiгi едi. Азамат соғысы бел ортадан ауған шақта Алашорданың керегесi қисайып, уықтары ыдырап тұрды. Оның есесiне Кеңестiк Қазақ автономиясын құруға қолайлы жағдай туды. Ол үшiн көптеген дайындық жұмыстарын жүргiзiп, облыстық, уездiк кеңестердiң басын қосып, басқаратын бүкiлқазақтық бiр комитет – ұйым керек болды. Әлiби Жангелдин осы ойларын негiздеп, 1919 жылы мамырдың басында И.Сталинге арнайы хат жолдады. Ол ұйымның құрылымы, кiм басқаруы тиiс, мүшелерi кiмдер болуы керектiгi жөнiнде де нақты ұсыныс жасады. Осындағы: «Менiң ұсынысым бойынша» дегенiне қарағанда, Қазревком төрағалығына өзi тағайындалатындығына Әлiби Тоғжанұлының күмәнi болмағаны анық аңғарылады. Парасат, бiлiм, iскерлiк, қабiлет, қазақ жұртына танымалдық, халық алдындағы абыройы-бедел бәрiн қоса таразыға тартқанда, сол кездегi Қазревком мүшелiгiне сұрыпталып алынған кандидаттардың ешқайсысына қояр кiнә жоқ. Бақытжан Қаратаев, Ахмет Байтұрсынов, Мұхамедияр Тұңғашин, Сейiтқали Меңдешев, Байқадам Қаралдиннiң қайсысы болса да Қазревком төрағалығына үмiткер азаматтар, лайықты қайраткерлер. …Таңдау революциялық жұмыс тәжiрибесi жеткiлiктi, саяси көзқарасы, ұстанған бағыты жағынан да сенiмдi Әлiби Жангелдинге түскен сияқты. Орталық үкiмет пен партия басшылығы оны Қазревком төрағалығына тағайындауды ұйғарды. Бұл шешiм туралы И.В.Сталин Ә.Жангелдиннiң өзiн оңаша бiр қабылдағанда ашық айтқан. Кезiнде еш жерде жарияланбай, айтылған жерiнде қалып қойған сол бiр шындықтың шетiн С.Пестковский естелiк есебiнде жазып, 1930 жылғы 4 қазанда «Советская степь» газетiнде жарияланған мақаласында: «Қазревком төрағалығына жергiлiктi ұлттың өкiлi – қазақты тағайындау жөнiнде Орталық үкiмет берiк тоқтамға келген едi. Бiрақ қазақ делегаттарының бiз өзара келiсiп жұмыс iстей алмаймыз ғой, сондықтан Қазревком төрағалығына орыс немесе басқа бiр бейтарап ұлттың өкiлiн тағайындаңыздар деп тiлек қоюына байланысты Сталин өзiнiң орынбасары болып жұмыс iстеп жүрген менi ұсынды. Орталық үкiмет те, қазақ делегаттары да бұған қарсы болған жоқ», – деп жазды ол. Әлихан Бөкейхановтың жаппай репрессияға дейiн де большевиктер тарапынан екi-үш мәрте тұтқынданғаны және Мәскеуде «жер аударылған адам» есебiнде өмiр сүргенi мәлiм. 20-жылдардың басында ол Қазақстанда тұтқындалып, конвоймен Мәскеуге жiберiлмекшi болады. Iстiң насырға шабатынын ойлаған қызы Лиза Мәскеуге аттанып, Самарада әкесiмен араласқан кiнәз тұқымы В.А.Кугушевтiң қызын (өз құрбысы) iздеп тауып, ол арқылы Наркомнац И.Сталинге сөзi өтетiн В.Шелгуновқа шығып, Әлекеңнiң орталыққа айдауылсыз келуiне қол жеткiзедi. Ә.Бөкейханов Мәскеуге жеткен соң Сталиннiң қабылдауында болады. Осы жағдайды Әлекең былай деп жазады: «Әдетте Сталин кабинетiнде келушiге деген жалғыз орындық тұрған. Ол адамдарды бiр-бiрден қабылдаған. Бұл келушiнi састыруға, ықтыруға ыңғайлы едi. Әлихан кiргенде, оны бiрден ықтырып алуды ойлаған Сталин жедел: «Сiздерде коммунистердiң жағдайы қалай?», – деп сұраған. Әлекең сәл-пәл ойланып, төмендегiше жауап қайырған: «Шығыста қай әңгiме болсын, мысалмен сөйленетiнiн сiз бiлесiз ғой. Мен де солай сөйлеймiн. Әрине, Қожанасыр аты сiзге беймәлiм емес. Бiр жолы Қожанасыр жиылған жұртқа барып, қолындағы тағасын көрсетiптi. Аңтарылған жұрт: «Оны неге көрсеттiң?» демей ме. Сонда ол: «Бұл – менiң есегiмнiң бiр тағасы. Ендi арманыма жету үшiн маған үш таға және бiр есек керек» дептi. Мен Қазақстан комуннистерiнiң жайын осылай сипаттар едiм». Әрине, Сталинге бұл жауап ұнаған. Бiрақ ол, Әлиханға «туған жерiңiзге бармайсыз» деп үзiлдi-кесiлдi ескерткен. («Жас Алаш», 2003, 29 мамыр). Сол тұста жаңа өмiрдi құрысқан азаматтардың арасындағы аса iрi тұлғалардың бiрi – Тұрар Рысқұлов. 1920 жылы күзде Т.Рысқұлов Түркатком төрағасы қызметiнен босатылып, Мәскеуге ауыстырылды да, РСФСР Ұлт iстерi жөнiндегi халық комиссарының, яғни И.В.Сталиннiң екiншi орынбасары болып тағайындалды. Осы кезден бастап Т.Рысқұлов пен И.Сталиннiң 17 жылға созылған арбасуы басталды… Т.Рысқұлов бүкiл саналы өмiрiнде мемлекеттiк және партиялық саясаттағы ұлыдержавалық шовинизмнiң көрiнiстерiне батыл күрес жүргiздi. Ол өзiнiң осы мәселелер төңiрегiндегi ойларын РКП(б)-ның ХII съезiндегi сөзiнде, әсiресе 1923 жылғы 9-12 маусымда РКП(б) Орталық Комитетiнде өткен ұлт республикалары жауапты қызметкерлерiнiң IV мәжiлiсiнде ешбiр бүкпесiз айтқан болатын. Бұл мәселеде ол партия мен мемлекеттегi билiктi сол кезде-ақ өз қолына шоғырландыра бастаған И.В.Сталинге қарсы келе беретiн. Екеуiнiң арасындағы алғашқы ашық қақтығыс жоғарыда айтылған ұлт республикалары қызметкерлерiнiң IV мәжiлiсiнде орын алды. Осы мәжiлiсте Сталин Тұрарды «татар ұлтшылы» Сұлтанғалиевпен пiкiрлессiң, өзiң де Сұлтанғалиев сияқты партия жолынан ауытқып жүрсiң деп айыптағанда, ол олардан үзiлдi-кесiлдi бас тартып, «…Сталин жолдастың мәлiмдемесi дұрыс емес. Сталин қателесiп отыр», – деп батылдықпен тура жауап берген. Әрине, Тұрар Рысқұловтың асыл әруағына тағзым етiп, атын ардақтағанда бiздiң ойымызға оның ел үшiн еткен ең ересен, ең iрi, ең қасиеттi еңбегi алдымен оралады. Қасиеттi қазақ даласына айдың-күннiң аманында, қазан ұрмай, қар жаумай-ақ келген нағыз нәубет – алапат ашаршылық тұсында Рысқұлов тұлғасының шын мәнiнде ұлы екенi айқын көрiндi. Ақ дегенi алғыс, қара дегенi қарғыс болып тұрған, қырына алғанның қабырғасын қақыратып, көлденең тұрғанның бәрiн көрде шiрiтiп жатқан Сталиндей тиранға қарсы шабу, қазақ даласындағы қолдан жасалған қырғынды тоқтаттыруды талап ету өлiмге бас тiгiп, ажал аузына өзi барумен бiрдей ерлiк болатын. Кейiннен Рысқұловтың Сталинге жолдаған үш хаты бойынша республикадағы жағдай тексерiлгенi, Голощекин басқа қызметке ауыстырылып, орнына халық «Мырзажан» атап кеткен Л.И.Мирзоян келгенi, сөйтiп айналасы екi жылдың iшiнде тұтас бiр ұлттың тең жартысына жуығын жусатып салған ХХ ғасырдың сұмдық трагедиясы тоқтатылған едi. Ал осы iске қозғау салып берген Тұрар Рысқұлов болатын. Осы ұлы еңбегi үшiн қазақ елi Тұрар Рысқұловтың атын мәңгi-бақи ардақтап өтетiн болады! 1926 жылғы мамыр айында Т.Рысқұлов РСФСР халық Комиссарлар Советi төрағасының орынбасары болып тағайындалып, осы жауапты қызметтi табаны күректей 11 жыл (1937 жылғы 15 мамырға дейiн) абыроймен атқарды. Турашылдық, ойшылдық, ұлтжандылық қасиеттерi «халық жауы» деген атаққа iлiктiрiп, қылшылдаған қырық бiр жасқа келгенде Сталиннiң қаһарына iлiгiп, қызыл қырғынның құрбаны болып кете барды. Қазақ халқының 20-30 жылдардағы әлеуметтiк тарихында аты ерекше құрметпен аталатын бiр шоғыр азаматтарымыз бар болса, солардың бел ортасында Сұлтанбек Қожановтың есiмi де жүруi әбден заңдылық. Жаңа Кеңестiк құрылым кезеңiнде қазақ елiнiң оңаша отау тiгiп, етек-жеңiн жинап, өз астанасын негiздеп алғаны тарихи шындық болса, бұл iсте де Сұлтанбек сiңiрген еңбек ұшан-теңiз. Қазақтың ұл-қыздары бiлiмге, бiлуге бой ұрып, оқу орындарын көптеп ашуға түбегейлi бетбұрыс жасай алған 20-30 жылдар дер болсақ, мұнда да Сұлтанбек жарқырай көрiнген iрi тұлға. С.Қожанов өмiрiнде маңызды орын алған уақиға 1921 жылдың 3-желтоқсанында Бүкiлресейлiк Кеңестердiң IХ-съезiне шешушi дауыспен делегат болып қатысуы едi. Себебi сол съезде Сұлтекең жалынды сөз сөйлеп, орынды тың ойлар ұсынады және айтқандары В.И.Ленинге қатты ұнайды. Үзiлiс кезiнде Сұлтекеңдi Ленин кабинетiне шақырып алып, «жарайсың қызу қанды қырғыз» дейдi. Сонда С.Қожанов: «бiз қырғыз-қайсақ емеспiз, олай деу бiздi кемiткендiк болады, бiздер қазақпыз. Нағыз қызу қанды қазақтар әлi далада жүр, олар Сiзге жеткен жоқ. Олар әлi сiзге келедi», – дейдi. Осы жолы Ленин С.Қожановқа «Елге оралған соң халық-ағарту мәселесiмен терең айналысыңыз», – деп кеңес бередi. 1923 жылғы маусым айының 9-12 күндерi Ресей Коммунистiк партиясының Орталық Комитетi тарихқа Төртiншi кеңес деген атпен кiрген әйгiлi ұлт маслихатын өткiздi. Оған ұлттық республикалар мен облыстарда iстейтiн жауапты қызметкерлер қатысқан болатын. Бұл сол жылғы 17-25 сәуiрде болған партияның 12-съезiнен кейiн iле-шала ұйымдастырылған үлкен жиын едi. Мәжiлiстi дайындау бас хатшы И.В.Сталиннiң нұсқауымен және оның өзiнiң тiкелей басшылық жасап, қатысуымен жүзеге асырылды. С.Қожановтың өткiр сөзi мәжiлiстi ұйымдастырушылар назарынан тыс қалмады. Ол орнына келiп отырып, серiктерi Т.Рысқұлов, Қыдырәлиев, Халиков, Икрамовтарды зейiн қоя тыңдаған. Бiраздан кейiн, әлдебiр кезектегi шешен сөйлеп жатқан кезде, төралқа үстелiнен айналып шыққан қызметшi қыздың бермен беттегенiн, одан қабырғаны жағалай жүрiп өзiне қарай келе жатқанын көрдi. Таңырқай қарағаны сол, қолына бүктелуi қағаз ұстатты. Еңкейiп: «Сiзге Сталин жолдастан», – деп сыбыр еттi. Алып, бүктеуiн жайды. «Қожанов жолдас! – деп жазыпты ол. – Сiз бүгiн жақсы сөйледiңiз! Егер Сiз өз орныңызда да тап осылай жақсы жұмыс iстеп жүрген болсаңыз (ал мен бұған әзiрге соншалықты сенiмдi емеспiн), онда мен сiздiң дос-жолдасыңыз болуға әзiрмiн. Иосиф Сталин». Жазбаны оқып болып жүзiн көтерiп едi, төралқа үстелiнен Сталиннiң өзiне қадала қарап отырғанын көрдi. Жанарлары ұшырасып қалды. Ол жiберген хатын мақұлдағандай, бiлiнер-бiлiнбес бас изедi. Кейiн олар кездеседi. Өзiмен «дос-жолдас болуға әзiр» Бас хатшы И.В.Сталиннiң пiкiрлерiне Қожановтың ылғи бас шұлғи бермейтiнi белгiлi болады. Қазақ коммунистерi жыр қылып айтып кеткен сөздерге қарағанда ол қаһарлы Сталиннiң өзiмен тайталаса кететiн өжет едi. Алайда ондай өзiндiк пiкiрi барлардың бәрiне көп ұзамай тоталитаризм ауыздығы салынғаны және оның салдары қандай болғаны бүгiнде баршаға аян… Бiрақ оған әлi бiраз бар. Әзiрге, Төртiншi кеңес үстiнде «дос-жолдастықтың» алғашқы шарты айтылып, кейiн кең өрiс алатын «күнәһарлығы үшiн өкiнiп-опынуды» мойындату бағытындағы алғашқы қадамы жасалды. («Жұлдыз», 2008, №1, 199-бет). Сұлтекеңнiң тағы бiр батылдығын көрнектi Алаш қайраткерi Таутан Арыстанбеков ақсақал былай айтатын: «Бiр жолы Сталиндiк жаңа Конституцияның жобасын талқылауға Мәскеуде үлкен жиналыс өттi. Ол кезде жиналыстарда Сәкен Сейфуллин бастаған бiздер өзiмiздi солшылдар деп сол жақтан отыратынбыз, ал Т.Рысқұлов, С.Қожановтар тобын оңшылдар дейтiнбiз де, олар оң қанаттан отырушы едi. Осы жиналыста И.Сталин төрағалық еттi. Т.Рысқұлов төралқада Сталиннiң оң жағында екiншi қатарда отырған. С.Қожанов тiлiн төсеп сөйлейтiн және басына тақия киiп жүретiн едi, залда отырған. Бiр кезде И.Сталин «Сөз шығыстың Шыңғыс ханы Ходжановқа берiледi» дедi. Сол кезде Сұлтекең орнынан тұрды да мiнбеге бара жатып: «Шығыстың Шыңғыс ханы Волгаға дейiн жеттi, Кавказдың Шыңғыс ханы Москвада отыр»,– деп Сталин жаққа қолын созды. Осы кезде Т.Рысқұлов көзiн жұмып, басын шайқады». («Қазақ әдебиетi», 2004, 29-қазан). Әрине, мұндай тiрлiктердiң барлығы да «қырағы» қауiпсiздiк комитетiнiң көзiне түспей, лауазымы жоғары кiсiлердiң құлағына шалынбай қалған жоқ. Бұлар сатылғыш партия қызметкерлерi мен көңiл соқыр күндестерiне Сұлтекеңнiң көзiн жою үшiн нағыз керектi материалдар едi. 20-шы жылдардың ақырына қарай партияның тазалау шаралары жүргiзiлдi. Осы тұста Сәкен Сейфуллинiң «достары» тағы бiр қимылдап, тұс-тұстан шабуылдап қалды. Жөнi келсе, оны партиядан қудырып, өш алмаққа, сөйтiп көңiлдерiн хош қылмаққа тырысты. «Еңбекшi қазақ» газетiнiң 1929 жылғы 3 тамыздағы нөмiрлерiнде Х.Жүсiпбековтiң «Сәкен мен Сәкеншiлдiк» атты мақаласы жарияланды.Онда ақынға жiкшiл, солшыл, қателерiн мойындамайды, ұсақ байшылдық дертке шалдыққан деген кiнәлар тағылды. Өлкелiк бақылау комиссиясы Сәкеннiң өзiне қойылған кiнәлар жөнiнде түсiнiк берудi талап еттi. Ол «Менiң қателерiм туралы» деп көлемдi түсiнiк-хат жазды. Оны да «Еңбекшi қазақ» газетi (1929, 2 қыркүйек) жариялады. Редакция басқармасы Сәкеннiң бұл түсiнiгi жөнiнде мынадай ескертпе жасады: «Бұл хатында Сәкен жолдас жiкшiлдiк қателерiн мойнына алуға тырысқан. Алайда, көп қателерiн айтпаған. Бар қателерiн мойнына алудың орнына, қателерiн ақтауға тырысқан. Немесе бәрiн де жалпы жағдайдан болды деген». Түсiнiк-хатында Сәкен шынында да өзiнiң қуғын көрiп, сыртқа тебiлiп, саяси-әлеуметтiк, қоғамдық қызметтерден шеттетiлiп жүргенiн көбiрек баяндап, өкпе-наз айтып, шағыныңқырап кеткен едi. Мысалы, ол 1925 жылы Кеңестердiң 5 съезiнде Совнарком төрағалығынан кеткеннен кейiн Мәскеуге ХIV съезге барғанын айта келiп, мынаны жазды: «Съезден соң Қазақстандағы жағдайлардан, өз жайымнан Сталин, Куйбышев, Молотов жолдастарға арыз бердiм. Сталин жолдаспен ауызба-ауыз сөйлестiм… барлық мән-жайды айттым. Үлкен орыннан түсiрiлгендердiң оқуға сұранатын әдетi бар ғой. Сол ретпен мен де комакадемияға оқуға кiргiзiңiз дедiм. Мен осы сөздердi айтқан соң Сталин жолдас: «Комакадемияға орналастыру оп-оңай. Бiрақ Қазақстан халi дәл өзiң айтқандай болса, Сiздердiң Қазақстаннан қашуларыңыз керек емес. Қайта қатты белсенiп жұмыс iстеулерiң керек. Менiң мәслихатым осы» дедi. Әрине Сталиннiң тiлiн алдым, берген ақылы менi әжептәуiр көтерiп, әлдендiрiп тастады. Не жұмысқа жегiлсем де iстен бас тартпауға бел байлап Қазақстанға келдiм». («Жалын», 1994, №7-8, 94-бет). Кеңес өкiметiн белiне маузер байлап, қан кеше жүрiп құрған қызыл сұңқарлардың бiрi – С.Сейфуллиннiң тек төңкерiс күндерiнде емес, кейiнгi кездерде де талай «тар жол, тайғақ кешулерге» тап болған. Ащы тiлдi, қатал үкiмдi сындарға ұшыраған. Тiптi 20-жылдардың ақырында жiкшiлдiктiң, өзара өштестiктiң құрбаны болып, Ж.Аймауытовтың соңынан айдауға жiберiле жаздаған. Бiрақ тағдыр оны бiр ретке сақтаған. Сәбит Мұқанов: И.В.Сталиннiң қабылдауы Маяковскийдiң кешiнен көп ұзамай кешiкпей, ертемен делегаттар үйiндегi бөлменiң телефоны шылдырлады. Тыңдасам ЦК-дан екен. Әнеугi жолыққан әйел. Ол маған «ертең күндiзгi сағат 12-де келiңiз, жолдас Сталин сiздi қабылдайды», – дедi. Содан кейiн ол кiсiмен кездескенге дейiн менiң жүрегiм дүрсiлдеуде болды. …Айтылуға тиiстi деген сөздердi мен қағазға тiзбектеп алдым. Ертеңiне мезгiлiмен барсам, таныс әйелiм күтiп отыр екен. Оның бөлмесi – Сталин кабинетiнен оғаш екен. Ол менi, әуелi жәрдемшiсiне жолығасыз, «осы бөлме» деп кiшiрек бiр бөлмеге кiргiздi де, конторка аталатын биiк столдың қасында отырған қара бұйра шашты жiгiтке таныстырды. Жәрдемшi маған: «Кiрiңiз», – дедi. Мен кiре бергенде, кабинеттiң төрiндегi тiкшiлдеу шағын столдың аржағында отырған, қара бұйра шашты, қалың мұртты адам маған қабағын түйе қарап алды да, орнынан көтерiлiп, салмақты адыммен берi қарай аяңдады. Iшiмнен «Сталин, әрине, осы!» деп жорыдым. Менiң атымды жазған запискамнан жаттап алған болу керек, ол бөлме ортасында түйiсе келе, қолын созды да: Сәлем, жолдас Мұқанов! – дедi. Сәлем, жолдас Сталин! Тiкше столдың бержағында талдан тоқылған екi орындық бар екен. Сталин маған соларды нұсқап: – Отырыңыз! – дедi. Ол стол үстiндегi әлдене қағазға көзiн жүгiрте бастады. Шамасы менiң ЦК атына жолдаған хатым. …Аздан кейiн қағазды оқып болған сияқтанды да, қарындашын алған орнына қойып, қалың қабағын көтере маған қарады. Көзi үлкен, қарашығы көмiрдей, кiрпiктерi ұзын екен. – Әлiби Жангелдиндi бiлесiң бе? – деп сұрады менен. Мен үстiрт бiлетiнiмдi айттым. – Қазақтың ханы болуды ойлай ма, ол? – дедi жымиып. – Ойламайтын болуы керек, – дедiм мен. – Ойлайды, – дедi Сталин жымия түсiп, – дұрысына келгенде Қазақ Республикасының өкiметiн сол басқару керек едi. Өйтуге азаматтық және коммунистiк тазалығы жеткенмен, бiлiмi, басқарушылық бiлгiрлiгi жетiңкiремейдi. Бiрақ ол адал революционер, шын большевик, батыр жауынгер!.. Бiз де ол кiсiнi солай түсiнемiз және қадiрлеймiз, – дедiм мен. Сталин бiлек сағатына қарады да: – Бiраз уақыт болып қалған екен, ендi мақсатты сөзiмiзге көшейiк, ЦК-ның атына жазған хатыңды оқып шықтым, ақындыққа талаптануың дұрыс. Бiрақ барлық талап iске аса бермейдi. Сондықтан өлеңдер жинағыңды бастыру, бастырмау мәселесiнен бұрын, оны сыннан өткiзуiмiз керек. …Сталин жәрдемшiсiн шақырып алды да: – Мына материалды Тоғжановқа менiң атымнан тапсыр, объективтi рецензия берсiн! – дедi, содан кейiн маған: – Сенi тағы да қабылдауға уақытым бола бермес, Тоғжановтың жауабын кеңседен аларсың, – дедi. Бiрер күннен кейiн менi ЦК-ға шақырды. Тоғжановтың рецензиясы даяр екен. Оқып шықсам әдiл жазылған… (С.Мұқанов. 11-том, «Өмiр мектебi». Алматы, 1977, 87-95 беттер). ***

Жасы жетпiстерге жетiп қалған бiздiң замандастарымыз үшiн Жұмабай Шаяхметовтiң аты аңызға айналғаны даусыз едi. Бала кезiмiзде «Батыл екен, iскер азамат екен, халықтың қамын ойлаған… Мәскеуде болған жиындарда Сталиннiң өзiмен қатар отырады екен, тiптi онымен еркiн сөйлеседi екен…» т.б. жағымды әңгiмелердi жиi еститiнбiз. Бұл сөздердi айтушылар мақтаныш сезiммен жеткiзетiн. Анық-қанығын саралап жатуға бiздiң ой-өрiсiмiз, өремiз жетпейтiн, бiрақ әлгi әңгiмелерге иланатынбыз. Солардың iшiнде мына бiр күлкiлiсi есiмде қалыпты…

Бiрде Жұмабай Шаяхметов шақыртуымен Мәскеуге, Кремльге барады. Әрине, Сталинге. Барса қабылдау бөлмесi лық толы екен. Бәрi де шақыртумен келгендер. Көптiң iшiнде Никита Сергеевич Хрущев те бар екен. Сонда Жұмекең: «Басыңның таздығынан ұялып отырсың ба?» – деп Хрущевтiң тақырбасын бiр сипап iшке кiрiп кеткен екен… Шаяхметовтi Сталиннiң өзi «Шығыс қыраны» деп атаған. Бiрде Н.Булганин Шаяхметовтi одақтық министрлiкке қою жөнiнде ұсыныс айтқанда Сталин: «Оны алмастыратын лайықты адам табылмайынша, Қазақстанды Шаяхметовсiз қалдыра алмаймын», – деп жауап берiптi. 1946 жылдың көктемiнде Жұмабай Шаяхметов Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетiнiң бiрiншi хатшысы болып сайланды. Бұл – қазақ азаматының республика басшылығына тұңғыш рет келуi едi. Қазақтан шыққан қайраткердiң ұйымдастырушылық қабiлетi мұнда да жоғары бағаланып, 1950 жылы КСРО Жоғарғы Кеңесi Ұлттар Кеңесiнiң төрағасы болып сайланды. Сол жылдың өзiнде Жұмабай Шаяхметовтiң төрағалығымен өткен Одақ Кеңесi мен Ұлттар Кеңесiнiң бiрлескен отырысында «Бейбiтшiлiктi қорғау туралы» Заң қабылданды. Сөйтiп, дауыс берiлiп болған соң, бұл аса маңызды құжатты Жұмабай Шаяхметов қол қойып бекiттi. Ол Қазақстан КП Орталық Комитетiнiң бiрiншi хатшысы қызметiн 1954 жылдың ақпанына дейiн атқарды. Қазақстан тыңын көтеру жөнiнде Хрущевпен көзқарасы келiспеуiнiң салдары оның республика басшысы қызметiне нүкте қойды. Елбасы Н.Ә.Назарбаев 1999 жылы теледидардан сөйлеген сөзiнде былай деген едi. «Бiздiң Қазақстан партия ұйымының басшылары интернационалистер болған едi, олардың iшiнде орыс, украин, армян, еврей және ұйғыр болды. Қазақстанда бiрiншi рет Ж.Шаяхметов, содан соң екiншi Д.А.Қонаев, үшiншi мен сайландым…» – дедi. Жұмабай Шаяхметовтiң көмекшiсi соғыс және еңбек ардагерi, ғалым Нұрмахан Абдрахманның естелiгiнен: «Көмекшiнiң жұмысы белгiлi. Жұмекең қайда болса, мен сондамын. Осылайша аудан мен қалаға, Мәскеуге ол кiсiмен бiрге барып, бiрге жүрдiм. Елдiң оған деген сый-құрметiн де байқап, өзiнiң әңгiмелерiн де тыңдадым. 1954 жылғы жаз мезгiлi болатын. Жұмекең СОКП Орталық Комитетiнiң пленумына оның мүшесi ретiнде қатынасуға шақырылды. Ташкент арқылы ұшаққа отырып, жиынның басталуынан бiр күн бұрын Мәскеуге жеттiк. Қонақүйге орналасқан соң, сол күнi кешке Үлкен циркте болып қайттық. Жұмекең көңiлдi отырып, өзiнiң өмiрi, атап айтқанда, алғашқы махаббаты – жан жары Майнұр апайға үйленуi туралы қызық хикая айтты. Ол әлбетте, өз алдына үлкен бiр тақырып. Әңгiмесiн аяқтағаннан соң мен рұқсат сұрап, төмендегiдей сұрақты қойдым. Ол: «Халық арасында сiз туралы үлкен әңгiме бар. ХIХ партия съезi өтiп жатқанда жаныңызға И.В.Сталиннiң екi рет келiп, өзiңiзбен сөйлескенiн ел көп айтады. Сондағы ол кiсiнiң әңгiмесi не туралы едi?», –деген сауал болатын. – Иә, – дедi Жұмекең. – ХIХ съездiң өтiп жатқан кезi едi. СОКП Орталық Комитетiнiң екiншi хатшысы Г.М.Маленковтың баяндамасынан кейiн жарыссөз басталып кеттi. Мен алтыншы болып мiнбеге көтерiлдiм. Сөзiмдi аяқтағаныма 2-3 минут болған. Қасыма И.В.Сталин келiп отырды да, маған қарап: «Жұмабай Шаяхметович, Қазақстан – одақтың мал шаруашылық базасы ғой. Ол жайында аз айттыңыз. Ертең сiзге тағы да сөз берейiк, онда тек осы мал шаруашылығының жағдайы туралы, оны келешекте дамытуды қамтысаңыз», – деп ұсыныс жасады. Кешке жақын республиканың барлық облыстық партия комитетi хатшыларымен бiрге қонақ үйге келiп, сөздiң мәтiнiн жаздық. Жұмысымыз түнгi сағат 4-ке дейiн созылды, жазып та, машинкаға бастырып та үлгердiк. Ертеңiне съезде үшiншi болып сөз сөйлеп, орныма отыра бергенiмде, Сталин екiншi рет қасыма тағы келiп: «Съезд жұмысы тәмәмдалған соң Маленков екеуiңiз маған кiрерсiздер», – дедi де орнына кеттi. Ертесiнде Маленковтың бастауымен Сталиннiң бөлмесiне қарай беттедiк. Жолда ол: «Иосиф Виссарионович көп сөздi жақтырмайды. Сұрағына қысқа жауап беруге тырысыңыз», – деп ескерттi. Шынында да қабылдауында көп болғанымыз жоқ. Сталин бiрден сұрақ қоюдан бастады: – Қазақстан – одақта мал шаруашылықты аймақ болып саналды. Соның iшiнде қой шаруашылығы бiрiншi орын алады. Айтыңызшы, қанша қора, қанша құдықтарыңыз бар? Мен, екiншi хатшының ескертуi бойынша, қысқа жауап бердiм. – Иосиф Виссарионович, бүгiнгi күнi Қазақстанда салынған 13 мың қора, қазылып жұмыс iстеп тұрған 25 мың құдық бар, – деп артқы сандарын тастап айттым. Шынында 13217 қора, 25103 құдық болған-ды. – Жолдас Шаяхметов, сiздiң келтiрген деректерiңiз американдық дәлдiк болды ғой, – дедi.Мен үндегенiм жоқ. Бұдан кейiн И.В.Сталин нұсқау бердi. Ол КСРО Министрлер Кеңесi мен СОКП Орталық Комитетiнiң «Қазақстанда қой шаруашылығын өркендету туралы» қаулысының жобасын жасауға 3 күн уақыт бердi. Қаулыны дайындау өте қауырт жұмыс болды. Оны Г.М.Маленковтың өзi басынан аяғына дейiн басқарды. Сөйтiп, ол дер кезiнде өмiрге келдi. Нәтижесi де жаман болған жоқ. Республиканың қой шаруашылығын өркендету iсiне арналып бюджеттен қаржы бөлiндi, жаңа техникалар келдi, құрылыс-материалдары, дәрi-дәрмектер жiберiлiп жатты. Бiр-екi жылдан соң елдегi қой шаруашылығында өзгерiстер байқалды: мал басы артты, мемлекетке өткiзген – ет, сүт, жүн, терi өстi», – деп Жұмекең әңгiмесiн доғарды. («Егемен Қазақстан», 2003, 26 ақпан). Кезектi бiр жұмыс бабындағы кездесуiнде Жұмабай Шаяхметов И.В.Сталинге «алыс аудандардағы қазақ қыздарына бiлiм беру, оқуға тарту үшiн ерекше жағдай жасау керек», – деп мәселе көтердi. Сталин: «Сонда не iстеу керек?» – деп сұрайды. Жұмекең қазақ қыздары үшiн арнайы мемлекет тарапынан тегiн оқитын оқу орнын ашу керек деп өз ойын ашық бiлдiредi. Сталин бұл ұсынысты қолдайды. Сөйтiп 1944 жылы қыркүйекте бүгiнгi күнi қазақ қыздарының Ақ Ордасы болып отырған Қазақ мемлекеттiк қыздар педагогикалық университетi және оның жанынан мұғалiмдiк педагогикалық училище ашылады. 2002 жылдың 4 қыркүйегi күнi Жұмабай Шаяхметовтiң Алматыдағы тұрған үйiне материалдық тақта орнатылды. Сөйтiп, халқымыздың кеңес дәуiрiндегi аса көрнектi партия және мемлекет қайраткерi болған таңдаулы ұлына араға жарты ғасырға жуық уақыт салып барып, туғанына 100 жыл толған кезде тұңғыш рет құрмет көрсетiлдi. Келесi күнi республиканың Ғылым академиясында ғылыми-практикалық конференция өткiзiлiп, Жұмабай Шаяхметовтiң өмiрi мен қызметiне талдау жасалды. Жұмабай Шаяхметовтi мәңгi есте сақтау жөнiнде оның есiмiн көшелер мен жоғары оқу орындарына, мектептер мен қалаларға берiп, тiптi алдағы уақытта ескерткiшiн тұрғызу жөнiнде ұсыныстар айтылды. Ең өкiнiштiсi, биiк мiнберден айтылғандардың бәрi қызыл сөздiң жарысы күйiнде қалды. Одан берi тоғыз жылдан асып бара жатқанына қарамастан, қолға алынған ештеңе байқалмайды. Тiлеу КӨЛБАЕВ, тарих ғылымдарының докторы, профессор. 20.10.2011