Жаңалықтар

АУЗЫНДА – «ҚҰДАЙ», ОЙЫНДА … НЕ?

ашық дереккөзі

АУЗЫНДА – «ҚҰДАЙ», ОЙЫНДА … НЕ?

Әлеуметтiк зерттеулердiң нәтижесi соңғы кезде елiмiзде жылына 254 дiни бiрлестiк құрылатынын көрсетедi. Олардың жауыннан кейiнгi саңырауқұлақша көбейюiнiң де себебi бар. Осы саланы зерттеп жүргендердiң айтуы бойынша, дiни бiрлестiктер екi мақсатты көздейдi. Оның бiрi – сананы улап, ұлттық негiзден айыру болса, екiншi көздегендерi – ақша. Яғни, Батыс «бiлгiштерiнiң» сөзi бойынша «миллионер болғың келсе, дiни бiрлестiк аш».

Әлеуметтiк зерттеулердiң нәтижесi соңғы кезде елiмiзде жылына 254 дiни бiрлестiк құрылатынын көрсетедi. Олардың жауыннан кейiнгi саңырауқұлақша көбейюiнiң де себебi бар. Осы саланы зерттеп жүргендердiң айтуы бойынша, дiни бiрлестiктер екi мақсатты көздейдi. Оның бiрi – сананы улап, ұлттық негiзден айыру болса, екiншi көздегендерi – ақша. Яғни, Бастыс «бiлгiштерiнiң» сөзi бойынша «миллионер болғың келсе, дiни бiрлестiк аш». Елiмiздiң түкпiр-түкпiрiнен ашылған дiни бiрлестiктер қарапайым халықтың қалтасына қол сала бастаған. Оның дәлелi, үстiмiздегi жылдың сәуiр айында Астана қаласында ашылған дiни бiрлестiктерден зардап шеккен жандарға психологиялық және құқықтық, әлеуметтiк көмек беру орталығына бiр мыңға жуық адам шағым түсiрiп келген. Олардың денi тапқан-таянғандарын түрлi дiни ұйымдарына берiп, алданғандарын айтады. Аңқау халықты алдап жүрген арамза дiндәларлың терiс пиғылы төменде келтiретiн ресми дәйек-деректерге негiз болып отыр. Мәселен, 2008 жылы Алматыдағы Саентология шiркеуiнде жүргiзiлген тiнтiу кезiнде, Қазақстан аумағында қолдануға тыйым салынған, психотроптық дәрi-дәрмектердiң iрi мөлшерi тәркiлендi. Алайда, Ұлттық қауiпсiздiк комитетi қызметкерлерiнiң алаңдатқан нәрсе бұл емес. Қоғамға жат дiни әдебиеттен бөлек, саентологтардың сейфтерiнде осы ұйымға мүше болған 8 мыңнан астам адамға қатысты жасырын сипаттағы ақпараттар сақталған мұрағат табылған. Ал 2008–2009 жылдары дәстүрлi емес дiни бiрлестiктер мен культтық-мистикалық секталардың 50 ге тарта басшылары мен белсендi мүшелерiнiң үстiнен әкiмшiлiк және қылмыстық iстер қозғалып, заңсыз миссионерлiкпен айналысқаны үшiн 13 адам ел аумағынан қуып шығарылған. Мамандардың айтуынша, бұл олардың «келесiлерiне» сабақ болмағандығын айтып, керiсiнше олар елiмiзде еркiн жүрiп, есiрiп кеткендiгiн алға тартады. Елiмiзде бұдан басқа да, қоғамға қауiп төндiрiп жатқан жалған ұйымдар баршылық. Таяуда, Павлодар мен Көкшетау облыстарында, прокуратура қызметкерлерi, экстремистiк мазмұндағы уағыз тарататын «Таблиғи жамаат» пен «Хизб-ут-Тахрир» ұйымдарының заңсыз әрекеттерiн әшкерелеген болатын. Алысқа бармай-ақ, осы таяуда прокуратура қызметкерлерiмен ұсталған «Благодать» шiркеуiнiң пiрәдәры -Ким Сам Сонды алайық. Ол кеденнен 130 мың долларды заңсыз алып өтпек болған жерiнен ұсталған болатын. Бастапқыда бұл шiркеуге 300 дей адам келсе, қазiр «Грейс-благодать» шiркеуiнiң келушiлер саны 15 мың адамнан асып жығылады екен. Республика аумағында олардың 126 нысаны жұмыс iстесе, Алматы мен Қарағанды облыстарының өзiнен бiр аптада 1 миллион теңгеден астам қаражат түсетiн көрiнедi. Оны кейбiр ресми дерек көздерi растап отыр. Десек те, мұндай ұйымдардың саны азаюдың орнына, керiсiнше көбейiп барады. Аталмыш орталыққа көмек сұрап келген екiншi топ денсаулықтарына айтарлықтай зиян келгендiктерiн бiлдiредi. Ал үшiншiлерi жақындары: туған-туыс, iнi-қарындас, баласы мен бауырларының қоғам өмiрiнен бейтараптанып, ата-салт пен әдет-ғұрыптан айрылғандығын алға тартады екен. «Іштен шыққан шұбар жылан», «баламды тiрiдей жоғалттым», «жалғыз ұлымды немесе жалғыз сiңлiмдi терiс пиғылды ағымның арбауынан қалай құтқарсам болады?» деген сияқты ана мен бауырдың жанайқайы елiмiзде дiни ахуалдың күннен-күнге шиеленiсiп кеткендiгiн көрсетедi. Ол жөнiнде таяуда ғана мәжiлiсмен Асхат Бекенов аймақтық тұрғындардың хаттарын халық қалаулыларының құлағына жеткiзген Парламенттiң жалпы отырысында Ұлттық қауiпсiздiк комитетiнiң төрағасы Нұртай Әбiқаевқа депутаттық сауал жолдады. «Менiң депутаттық сауалыма себеп – бүгiнгi күнi елiмiздегi дiни ахуалдың алаңдатушылығы мен аймақтардан келiп түскен азаматтардың хаттары», – дедi ол. Оның келтiрген мәлiметтерi бойынша, 2007 жылы осындай ахуалдың салдарынан елiмiздегi жастардың 15 пайызы терiс ағымдардың соңынан ере бастаған. Биыл бұл көрсеткiш 60 пайызға жеткен. Егер өңiрлерге бөлiп қарасақ, он мыңнан астам адамның 7,5 мыңы «уаххабилер», оның iшiнде 75 пайызы – 13–25 жас аралығындағы жасөспiрiмдер мен жастар. «Неге 75 пайызы жастар?» деген заңды сұрақтың жауабы айтпаса да белгiлi. Себебi жастар – қоғамның қозғаушы күшi. Жастар – елдiң болашағы. Сондықтан да «олардың» құрбаны неғұрлым жас болса, соғұрлым оларды «еңсеру» жеңiлiрек болады. Демек аузынан ана сүтi кеппеген сенiмiдiрек келетiнi белгiлi. «Отбасы – шағын мемлекет» дейтiн болсақ, терiс пиғылды дiндердiң басты мақсаты да сол, мемлекеттiң құтын қашырып, тас-талқан ету. Тiптi Бiр отбасында бiрнеше дiни ағымның жетегiнде кеткен жандар бiрге отырып тамақ iшуден қалған. Отбасының әр мүшесi әртүрлi ағымның жетегiнде кетсе, олардың ортақ әңгiмелерi болмайтыны айтпаса да белiгiлi. Тiптi кейбiр дiншiл азаматтар қайтыс болған жағдайда, оларды жерлеу рәсiмi де дәстүрден тыс болатынын белгiлi. Сонда ата-бабамнан келе жатқан «жерлеу рәсiмi» қайда қалды? Бөгде дiни ағымдар жүрегiн алып қойған азаматтардың қоғамға қызмет етуi былай тұрсын, сәбилерiн тиiстi медициналық тiркеуден және дәрiгерлiк тексеруден өткiзуден бас тартуда. Мектеп жасындағы ұлдар мен қыздар арасында музыка тыңдау харам, мемлекеттiк Әнұранды тыңдамау, кеудеге қол қоймау, мемлекеттiк Туға құрмет көрсетпеу, әскери борышты өтемеу «дұрыс» деген ұғым қалыптастырып, терiс бағыттағы уағыздар жүргiзуде. Сондай-ақ, ресми мәлiметтерге сүйенсек, 12–16 жастағы қыз балалардың жоғалып кетiп, сабақты тастап кетуi мен ата-анасының рұқсатынсыз неке қию фактiлерi де жиiлеп келетiнi көрiнедi. «Дiннiң атын жамылған түрлi ағымдардың таралуы қазiргi кезде мектеп пен жоғары оқу орындарында, еңбекпен түзету мекемелерiнде хизбут тахрир, такфир, сәләфит, жалпы уаххабизм идеологиясымен уланғандар уағыздарын кедергiсiз ашықтан ашық жүргiзiп, қатарларын толықтыруда», – дейдi Асхат Бекенов. Ресми ақпарат көздерi, бүгiнгi күнi екi мыңнан астам дiни секталар ұлт бiрлiгi мен қоғамның қауiпiздiгiне нұқсан келтiрiп отырғандығын айтып, дабыл қағады. Олардың қатарында, Иегова куәгерлерi, баптисттер, Ахмеди жамағаты, Хизб-ут-Тахрир партиясы сынды бiрқатар дiни бiрлестiктер бар. Осы қатардағы дiни секталардың сойылын соғып жүргендердiң денi – өзiмiздiң қазақ бауырларымыз, жастар. Мұны жастардың дiни сауатының төмендiгiнен, фундаментальдi бiлiмiнiң жоқтығынан, терең ойланып, ненiң ақ, ненiң қара екенiн саралай бiлмейтiндiгiнен деуге болады. Сол секталарға кiрiп кеткен жастарға оның сенiп жүргенi – сең, жүрген жолының дұрыс емес екендiгiн дәлелдi түрде жеткiзу керек. «Дiни ахуалды бақылауда ұстау үшiн жергiлiктi атқарушы органдар тарапынан жүргiзiлiп жатқан шаралар өз деңгейiндегi нәтижесiн бере алмауда. Өйткенi, бұл саладағы қызмет заңнамалық тұрғыдан қамтылмаған, яғни дәстүрсiз дiни бiрлестiктердiң кейбiр заңсыз әрекеттерiне құқықтық тосқауыл қою мүмкiндiгi шектеулi», – дейдi депутат Бекенов. «Қамысты бос ұстасаң, қолыңды кеседi». Егер елiмiзге кiм көрiнген кiрiп, бiлгенiн iстеп жүре берер болса, жағдайдың одан бетер ушығары анық. Айрандай ұйып, берекесi жарасып отырған халықтардың өзiн тарыдай шашыратып жiберген де «солар». Оны шетелдерде күн сайын орын алып отырған террористiк, экстремистiк ұйымдардың iс-әрекеттерiнен көруiмiзге болады. Дiни фанатизм адам қиялы жетпейтiн, санаңа тiптi сегiз бүктеп салсаң да сыймайтын терiс iс-әрекеттердi жасауға мәжбүрлейтiнi хақ. Санасы уланған адам өзге түгiл, өзiн жарып жiберуден тайынбайды. Ал Ислам дiнi өз өзiне қол жұмсаған адамды кешiрмейдi. Анасы мен әкесiне қарсы шыққандарға екi дүниеде де орын жоқ екендiгiн әрбiр саналы азамат бiледi. Атан-анасын тастап, айтқанын құлағына iлмей «медреселер» мен құдайға құлшылық ету орнымыз деп атап жүрген төрт қабырғаға айлап, жылдап кетiп қалған достарым жетерлiк. Шырылдап қалды ата-анасы, «Оқыттық, тоқыттық. Адам болып, бiр жағымызға шығысар деп. Кеттi. Қалың қалай демейдi. Ешкiмдi де тыңдамайды» деп зар қақсап, запыран құсып отырған ата-аналарды көрдiм. Менiң бiр бiрге оқыған Гұлнар деген құрбым оқуға түскенде одан озат студент жоқ едi. Кейiннен дипломын әрең алды. Медресеге барып жүрiп, бастапқыда қырық күнге, кейiннен төрт айға бiрақ кетiп, бiз оны жоғалтып алдық. Өзi Ақтөбенiң қызы едi. Әке-шешесi қыздарын iздеп, күнде звондайды. Алғашқыда бiзге оның ата-анасына айтауымызды өтiндi. Бiздiкi де балалық па, әлде шалалық па, жарты жыл жасырыппыз. Ақыры, Үй iшi бiлiп, туған әпкесi Алматыға келiп қолынан жетектеп алып кеткенi сол едi, үйiне бiр күн қонбай, ұшаққа отырып, қашып келiптi. Кейiннен естiгенiмiздей, өзi сол медреседен бiр жiгiтке тұрмысқа шығып, балалы болды. Әлi сол жақта жүр. Егер, сол құрбым қәзiр қоғамға қызмет етсе, үлкен маман болар едi. Тағы бiр жолдас қызымның күйеуi осылайша медреседен бiлiм алып жүрiп, кейiннен ол Пәкiстан, Ирак жерiне оқуға кетiп, сол жақтан адам танымастай өзгерiп келген. Ата-анасын, туған баласын тастап айлап, жылдап кетiп қалады екен. Тiптi үлкен түгiл, ата-анасының айтқандарын құлаққа тiлмейтiн көрiнедi. Тiлiн алмайды ешкiмнiң. Тек өз дегенiмен жүредi. Тағы бiр құрбым аяқ асты намаз оқып, намазхан жiгiтке тұрмысқа шығып кеткен. Жақында қыз босаныпты, әрi ажырасып кетiптi деп естiгенмiн. Сөйтсем, оның күйеуi сәләфит ағымының жетегiнде кеткен дiндар екен. Күнде қызы екеуiн қосып сабай бергеннен кейiн ажырасып тыныпты. «Менiң айтқаныммен жүрiп, айдағаныма көнбесең, өз қолыммен бауыздаймын!» деп қорқытыпты. Қорқытатындайы бар екен. Мұның алдында ол бiрiншi әйелi, бiреудiң өрiмдей жас қызын өлтiрген екен. Ол үшiн де жазасын мерзiмiнен ерте өтеп шығып, менiң құрбымның басын айналдырса керек. Жаңағы дiншiл күйеулердiң әйелдерiн сабап жатқан кезiнде ата-анасы, не бауыры араша түссе, оларды қосып сабайтын әдеттерi бар екен. Анаңды анаңдай, әкеңдi әкедей сыйламасаң, оның несi дiн? Несi Ислам? Барып тұрған азғындық, адасқандық. Бiр қызығы сол достарымның бәрi де оқуда озат, алғыр, айдарынан жел есiп, «жанып» тұрған тұрған жастар. Егер солар өз мамандықтары бойынша қоғамға қызмет етсе, елiмiзге орасан зор пайда әкелер едi. Өкiнiшке қарай, оларды секталар жұтып қойды. Құдайға құлшылық етуден асқан iс жоқ екендiгiн бiлемiн. Олар да бәлкiм солай ойлайтын шығар. Бiрақ ертең сол төрт қабырғаның ар жағында таң ертеңнен кешке дейiн не iстеп жатқандары белгiсiз жастырымыз, қолдарына қару алып, бiздердi ат десе, атпастарына кiм кепiлдiк бередi? Сол дiни ұйымдардың есiгiн тоздырып, қоғамнан өздерiн шеттетiп тастаған жастар, Ирак, Пәкiстан, Арабтардың елiмiзде жүрген жансыздары болып жүрсе қайтемiз? Жүрегi мен жанын сатып алған сарбаз өз елiне қару болып атылса, содан асқан қасiрет бар ма? Оқыды деп мәз болдық шетелдерде… Кiм бiледi? Кешегi «Дiни сенiм және дiни бiрлестiктер» жөнiндегi Заң жобасы елiмiздегi дiни ахуалдың түйiткiлiн шешуге аз да болса септiгiн тигiзер деген үмiтiмiздi үзбейiк… Маржан Кеңесбай 13.10.2011