Жаңалықтар

ҚАЗАҚҚА ХАЛАЛ ИНДУСТРИЯ КЕРЕК ПЕ?

ашық дереккөзі

ҚАЗАҚҚА ХАЛАЛ ИНДУСТРИЯ КЕРЕК ПЕ?

Ел болып, етегiмiздi жинаған сәттен бастап, рухани құндылықтарымыз – дәстүрiмiз бен салтымызды құшақ жая қарсы алып жатырмыз. Халықаралық тәжiрибе көрсеткендей, көптеген мемлекеттерде халал индустрияның ауқымды торабы қалыптасып келедi. Оған тек тамақ өндiрiсi ғана емес, сонымен бiрге жеңiл өнеркәсiп, парфюмерия және дәрi-дәрмек өнеркәсiбi қамтылып жатыр. Сонымен қатар, оны белгiлi деңгейге көтеру үшiн банк, бiлiм беру, мәдениет және денсаулық сақтау салалары пайдалануда.

Жақында ғана «Барахолкадағы» халал-кафелердің бет-пердесіз келбетіне көз жеткізіп, жағамызды ұстаған күйі қалғанымыз есімізде. Базар маңын жаулап алған заңсыз асханалармен күрес те нәтиже бермей отыр. Халал монша, халал базар, халал асхана, халал су, халал бал, бұл аз десеңіз, халал асаба да шығыпты. Бұл мәселе қазірде ғаламтор беттерінде ең көп талқыланып жатқан өзекті тақырыптардың бірі. Әрине, қолдағанынан қолдамағаны өте көп. Егер пікіршілерді халықтың нақ айтары десек, бізге жалпы халал индустрия керек пе деген сұрақ туындайды.

ҚР Индустрия және жаңа технологиялар министрлігінің Техникалық реттеу және метрология комитеті кәсіпкерлерге «Халал» стандартты 500 сертификат бергені белгілі. Осындай сертификатқа ие болғандардың арасында асаба қызметінің халал түрін ұсынып отырғандар да бар. Қазақстандық халал индустрия қауымдастығының президенті Марат Сәрсенбаевтың айтуынша, өзгеше тұрпаттағы сертификатты ең бірінші болып, Астана қаласында түрлі концерттік шаралар ұйымдастыру қызметін ұсынатын продюсерлік орталық алған. Халал индустрия қауымдастығы оны продюсерлік орталықтың тамақ өнеркәсібі үшін беріп отыр. Бірақ сертификатқа ие болған кәсіпкер оны өзінің басқа қызметтері үшін пайдалана алады. Оның асаба қызметтеріне де халал стандартын теліп отырғаны сондықтан. Сөйтіп, бұған дейін «халал монша», «халал дүкен» дегендер шықса, енді «халал асаба» пайда болды. «Халал асаба» тойда дәстүрге айналған ұзын-сонар сөз беру, жөнді-жөнсіз әзіл-қалжың айту, ойындар ойнату рәсімдерінің орнына қонақтарға діни тәрбие беріп, түрлі хадистер айтатын көрінеді. Олар, тіпті, тойда ән айтып, би билеуді де шектемекші. Мұсылмандықты берік ұстанатындар ортасында мұндай асабаларға деген сұраныс артып отыр.

Ал бірер жыл бұрын Астанада халал су сатыла бастады деген қауесет тараған болатын. Кәдімгі қара суды арнайы қондырғыдан өткізу барысында құранның кейбір аяттары оқылады екен. Міне қызық! Соңғы кезде жиі айтылып жүрсе де, үдеп бара жатқан осындай үрдіс алаңдатпай қоймайды.

«Халал» атауын оңай олжа еншілеу үшін пайдаланушылар көбейіп келеді. «Халал» ұғымымен халықты алдаудың артында не тұр?! Адалдық пен тазалық үшін қолданылуы керек қастерлі ұғым не себептен арзандап, қадірін жоғалтып барады?

Құранда: «Сендерге: өлексе, аққан қан, доңыз еті және Аллаһтан басқаның атымен бауыздалған мал харам қылынды» делінген. («Майда» сүресі, 3-аят). Ғаламның 122 мемлекетінде өмір сүретін 1,5 миллиард мұсылман тұтынатын халал мен біздің мүлдем жаңа «тұрпаттағы» халал өндірісіміздің бәсіресі қандай? Шын мәнісінде халал деген танымның өзі тағамға ғана қолданады деуден аулақпыз. Солай бола тұра, халалиндустрияның қалың тұтынушының қай жыртығын жамап отырғандығы жайында сөз қозғайық. Әсіресе ораза уақытында кейбір кәсіпкерлер «Халал», «Мусульманская», «Казахская», «Татарская», «Наурыз» және тағы басқа да белгілерді қойып, өздерінше «халал» өнімдер шығарып, халықты алдап, ақша табудың көзіне айналдырып жатқан жайы айтылып қалады. Мұны жоққа шығарудың өзі «жарасын жасырған өледіге» келе ме қалай? Бұдан кейін Әлемдік «Total Global» халал индустриялы елу елінің қатарына енеміз деп құлшынып отырған Қазақстан Халал Комитеті атқарып отырған істерге байыппен қарау керек секілді. Сауда және индустрия министрлiгi Халал стандарты техникалық комитетiнiң төрағасы Марат Сәрсенбаев «Халал – алдымен Алла тағаланың берген рұқсаты!» деп, қалқалап айтып жатқан сәтте ақшаның дуасына масайраған кейбір ағайын «халал» деген атауды желбіретіп, заңсыз сауда жасап, пайданың көзін тапқан сыңайлы.

Республикалық дәрежеде халал өндірісін реттейтін мемлекеттік стандарттың жоқтығынан аталмыш саланың әлі де әлсіз екенін ұғамыз. Қандай да бір өнім өндіруші тұтынушыларды өзіне тарту үшін халал сауда белгісін пайдалануды әдетке айналдырды десек артық айтқандық болмас. Бір сөзбен айтқанда халал көрінгеннің ермегіне, көлденең көк аттының табыс көзіне айналуда.

Еліміздегі «Халал» өндірісінің басы-қасында жүрген өндірушілер мен оны тұтынушылар, бірқатар қоғамдық ұйымдардың Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Кәрім Қажымханұлы Мәсімовке жолдаған дау-дамайлы ашық хатын да көзіміз көрді. Нақты айтсақ, онда: «…комитет тарапынан халал өндірісімен шұғылданатын кәсіпорындардың жалпы тізімі жасалып, алғашқы кезде сертификат алғандары мүмкіндігінше қадағалауға алынды. Ал, келе-келе бақылау мен қадағалау тоқтады. Содан бері бұл салаға «әй» дер әже, «қой» дер қожа жоқ. Аталмыш комитет тек сертификат бергеніне, онысы үшін кәсіпорын табысынан белгілі пайыз алғанына мәз. Кәсіпорын болса, өнімін өз қалауынша «халал» деген атпен шығарып жатқанына көңілі тоқ. Ал мұның обалы кімге? Осылай жалғаса берсе не болмақ? Онда, «халал индустриясы» деген тек аты ғана қалмай ма?! Мұнан артық көз бояу бола ма?!» делінген.

Шыңғыс НҰРҒАЗЫ

Алматы қаласы

20.10.2011