Жаңалықтар

ҚАЗАҚСТАНДА АЗАМАТТЫҚАЛУ ҚИЫНДАДЫ

ашық дереккөзі

ҚАЗАҚСТАНДА АЗАМАТТЫҚАЛУ ҚИЫНДАДЫ

1991 жылы Моңғолиядан басталған қазақ көшiнiң ең түйткiлдi мәселесi азаматтық алу мәселесi болғаны белгiлi. Сол жылдары Моңғолиядан оралған қазақтар азаматтығын 10 жыл бойына ала алмай жүрдi. Өйткенi олардың Қазақстан Республикасының азаматтығын қабылдауы үшiн, келген мемлекетiнiң азаматтығынан шығуы қажет болды. Өзбекстан мен Түркiменстан оларды азаматтықтан шығару үшiн әрбiр адамнан 100, 120 доллар көлемiнде қаржы талап еттi.

Бұл қалтасы таяз қазақ баласына ауыр тиерін түйсінген Қазақстан Үкіметі 2002 жылы «Азаматтық туралы» жаңа заң қабылдап, онда «Қазақстан Республикасының азаматтығын қабылдаған әрбір шетелдік қазақ келген елінің азаматтығынан автоматты түрде шығарылады» деген бап енгізді. Осыдан кейін азаматтық мәселесі шешілген сыңайлы болып еді.

ҚАУҚАРСЫЗ ҚАУЛЫЛАР МЕН ҚИНАЛҒАН ҚАНДАСТАР

Биыл 16 тамызда қабылданған «Қазақстан Республикасының азаматтығы туралы» жаңа Заңда «Қазақстан Республикасының азаматтығынан үміткер әрбір адам келген елінің азаматтығынан шыққандығы туралы анықтама әкелуі тиіс» деген бап қайтадан еніп кеткен екен.

Оның үстіне бұрын студенттік визамен азаматтық алуға мүмкіндік болған болса, қазір оған да рұхсат жоқ. Сондай-ақ, бұрын туристік визамен келіп, визасының уақыты бітсе, оны создырып алудың мүмкіндігі болған болса, қазір оған да тыйым салынған. Бұл – дегеніңіз көші-қонды ауыздықтау деген сөз.

Жалпы, қазақ көшінің тоқырауына не себеп? Бұған дейін қазақ көшінің қарқынын арттыру мақсатында өмірге келген Қаулылардың барлығының күшін жойғаны ненің белгісі? Сондай-ақ, Қазақстандағы орыстілді саясаттанушылар тарапынан оралмандарға қарсы пікірлер легі неге көбейіп кетті? Бұған жауап табу қиын. Айталық, осыдан бірнеше ай бұрын Бақытжамал Бектұрғанова басқаратын Саяси шешімдер институты оралмандарды «әлеуметтік аутсайдерлер» қатарына қосты. Көп ұзамай Данияр Әшімбаев «Время» газетінде Жаңаөзендегі мұнайшылар ереуілін ұйымдастырушы оралмандар деп, жерден жеті қоян тапқандай өрекпіді. «Азаттық» радиосы соңғы кездегі оралмандарға қарсы пікірлерді «оралманофобия» деп атаған екен.

Шеттегі қазақ көшінің тоқырауына себепші болып отырған басты мәселелердің бірі – олардың келу жолын оңайлатқанның орнына қиындатып жібергеніміз. Айталық, сонау С. Терещенконың заманында №791 Қаулы деген болды. Ол Қаулы бойынша Сыртқы істер министрлігі «қазақ» куәлігін берген әрбір азамат Қазақстан азаматымен бірдей дәрежеде құқықтарға ие болып келген. Ол Қаулы осыдан 5 жылдың алдында күшін жойды. Сосын біраз тартыспен №525 Қаулы қабылдауға мүмкіндік алдық. Дегенмен, оның күші №791 Қаулыдай бола алмайды. Өйткені ол Қаулы тек оралман куәлігін алған адамдар үшін ғана тиесілі. №525 Қаулы бойынша Қазақстан азаматтығын алмаған, бірақ құжаттарын азаматтыққа өткізіп қойған қазақтар үшін зейнетақы рәсімдеп, СТН (РНН) және жеке әлеуметтік код (СИК) алып, жұмысқа орналасуға мүмкіндік туды.

2007 жылдан бастап Қытайдағы қазақтарға беріліп келген Көші-қон шақыртуы Сыртқы істер министрлігі тарапынан тоқтатылды. Бұған дейін осы шақыртудың негізінде жүздеген мың қазақ Қытайдан оралудың мүмкіндігіне ие болса, қазір көші-қон саябырсыды. Үрімжі қаласындағы Қазақстанның паспорттық-визалық бөлімінің төрағасы Қайыржан Сәрсебаев көші-қон визасын алушылардың жыл сайын азайып отырғандығын айта отырып, биыл 7 отбасы ғана көші-қон визасымен көшкендігін жеткізді.

– Қазақтардың 30 пайызы туристік визаны пайдаланып, Қазақстанда мүлдем қалып қояды. Ал көші-қон визасын алу үшін, оның Қазақстанда бітіретін шаруаларының шырғалаңы көп көрінеді. Сондықтан оны алуға ниеттілер жыл сайын азайып барады, – дейді ол.

Былтырдан бастап, Қытайдан Қазақстанға келетін қазақтардың виза уақыты 3 айға дейін шектелді. Себебін ешкім айтып түсіндіре алмайды. Қазақстанда болу уақытын 6 ай немесе 1 жылға дейін созуды өтінгелі біраз жыл болды. Бірақ, одан шыққан нәтиже байқалмайды. Енді қазақтардың азаматтық алу процедурасы қайтадан қиындап кетті.

АЗАМАТТЫҚ АЛА АЛМАЙ ЖҮРМІН

Жақында Алматы қаласында «Жанашыр» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен «Шетелдік қазақ жастары: Қазақстанда білім алуы мен орнығуы» атты дөңгелек үстел мәжілісі болып өтті. Осы жиынға қатысқан Мырзабек Нәсіпханұлы біраз жылдан бері азаматтық ала алмай жүргенін айтып шағынды.

– Мен Қытайдан келген едім, 2010 жылы Т. Жүргенов атындағы Өнер академиясын бітірдім. Академияда оқып жүргенде, 2 курстан бастап, Қазақстан Республикасының азаматы болуға талпынып көрдім. Бірақ, соңғы шыққан заңнамаларға орай, студенттік визамен Қазақстан азаматтығын алуға болмайды екен. Сөйтіп үш жыл бойы азамат атана алмадым. Оқу орнын бітіргеннен кейін, паспортыма шығу визасын басып беріп, Қытайға шығарып жіберді. Шығу визасын алып, Қытайға барып, қайтадан осында оралдым. Ондағыларға жай-күйімді айтып ем, виза басып берді. Енді азаматтыққа құжаттарымды дайындап, өткізейін десем, жақында тамыз айының 16-сында қабылданған жаңа заң бойынша, мен Қытайға барып ол елдің азаматтығынан бас тартып, азаматтықтан шықты деген анықтама алып келуім қажет екен.

– Ол жақта ондай анықтама берілмейді дейді ғой.

– Ол жағын білмедім, беріле ме, жоқ па? Бірақ, қайта барсам ол жақтан кері орала алам ба, оралдым деген күннің өзінде ол үшін әжептәуір қаржы керек. Осында әйелім бар, бұның бәріне басым қатып бітті. Визамның аяқталуына он күн ғана уақыт қалды.

«АЗАМАТТЫҚ ТУРАЛЫ» ЗАҢ ҚОҒАМ ТАЛҚЫСЫНА САЛЫНБАЙ, ҚАБЫЛДАНЫП КЕТТІ

Жиынға қатысқан Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы төралқа төрағасының орынбасары, жазушы Сұлтанәлі Балғабаев «Азаматтық туралы» Заңның қоғам талқысына салынбай қабылданып кеткенін айтады.

– Биыл 22 шілдеде «Халықтың көші-қоны туралы» заңға өзгертулер мен толықтырулар енгізілді. Ол заңның жұмыс тобының мүшесі болған едім. Шулап жүріп, оны біршама жетілдіруге тырыстық. Сол екі ортада осы заңмен үндес «Азаматтық туралы» заңға өзгертулер енгізіліп, қабылданып кетіпті. Ол көпшіліктің талқысына түспеген. Енді ондағы «Келген елінің азаматтығынан шыққаны туралы анықтама әкелуге тиіс» деген бапты өзгерту қажет боп тұр. Бұл азаматтық алуды қиындатып жібереді, – дейді ол.

Ал «студенттік визамен неге азаматтық алуға тыйым салынған?» деген сауалымызға жиынға арнайы келген Алматы қалалық Ішкі істер департаменті Көші-қон полициясы басқармасының Оралман мәртебесін беру бөлімінің аға инспекторы Әсет Жүнісбеков былай деп жауап қатты:

– Былтырдан бері виза беру ісі ішкі істер органдарынан сыртқы істерге берілді. Бұрын ішкі істер органдары туристік жолмен болсын, оқу визасымен болсын келген қазақтардың визасын ұзартып бере алатын. Кісі визасын ұзарту жайлы өтініш білдіріп, оқып жатқан оқу орнынан кепілдік берілсе, визасын ұзартып жүре беретін. Қазір оның процедурасы қиындап кетті.

20.10.2011

Есенгүл Кәпқызы