Жаңалықтар

САЯСАТ ПЕН ӨНЕР СЫЙЫСПАЙДЫ

ашық дереккөзі

САЯСАТ ПЕН ӨНЕР СЫЙЫСПАЙДЫ

Жақында Румыния, Ресей, Франция, Исландия, Иран, Филиппин, Өзбекстан, Қырғызстан және қа­­зақ­­стандық режис­сер­лердiң фильм­дерi қатысқан кезектi «Еуразия» кинофестивалi болып өттi. Оған Еуро­па мен Азияның 12 үздiк деп сұрып­талған туындылары ұсынылды.

М.Жолдасбеков атындағы Студенттер сарайында салтанатты түрде ашылған бұл өнер жиынының ашылуы мен қорытындысында екi бiрдей қазақ фильмi көрсетiлуi көңiлге қуаныш ұялатты. Өйткенi бұл дегенiмiз – «Қазақфильм» киностудиясының қорына тағы да екi туынды қосылды деген сөз. Бiрақ бұл екеуi де өзге мемлекеттермен бiрiгiп түсiрiлген екен. Дегенмен шетелдiктердiң бiздiң төл туындыларымызға, ондағы әрбiр актерге деген көзқарастары бiз ойлағаннан да зор пiкiрлерiн естiгенде iштей қуанып-ақ қалдық. Әсiресе ресейлiк атақты режиссер Егор Кончаловский қазақ актерi Берiк Айтжановтың талантын ерекше атап өттi.

Фестивальда «Қарқынды дамып келе жатқан қазақ киносы» атты арнайы бағдарлама өттi. Бұл бағ­дарламада қазақ өнерiнде бұрын-соңды болмаған жанр «Қазақфильмнiң» тарихындағы алғаш рет «комикс» жанр­­ында түсiрiлген «Супер Баха» атты туынды көрсетiлдi. Қазақтың дарынды, талантты ұлдарының бiрi Абдолла Қарсақбаевтан берi балалар фильмi де ұмытылыңқырап қалған-ды. Осы аталмыш жанрмен түсiрiлген Ерлан Нұрмағанбетовтiң «Аңшы бала» атты фильмi сол «Менiң атым Қожа», «Алты жасар Алпамыс», «Жүйрiк болсаң озып көр» секiлдi фильмдердiң кейiпкерлерiне елiктеген тәрбиелiк мәнi бар туынды ретiнде қабылданды.

Еуразия фестивалi аясында қоғам­ның дертiне айналған тағы бiр мәселенi «Шуақты күндер» атты фильмiмен көрсеткiсi келгенiмен, қаражаттың аздығы, әлде режиссердiң тәжiрибесi аздығы ма, фильмге көпшiлiк көңiлi толмады. Оның тым ұзақ, шұбалаң­қылығы да көрермендердi жалықтырып алды. Ал көтерiп отырған жүгi, идеясы – бүгiнгi тағдырлары қиын жас­тар мәселесi.

«Қазақфильм» киностудиясының қорындағы тағы бiр фильм «Қазақфильм ұсынады» байқауы аясында ұсынылған бүгiнде кино өнерiнде танымал режиссер Ақан Сатаевтың «Ликвидаторы» болды. Философиялық ойға құрылған тiлi жатық бұл туындыны көрермен көзайымы десе де болғандай. Ал, керiсiнше Еркiн Рақышевтiң «Үмi­тiңдi үзбе» атты фильмiнде көзге ұрып тұрар кемшiлiктердiң басым болғанын айта кету керек. Фильмнiң драматургиясы өте әлсiз болса, ондағы актер таңдауда да кемшiн тұстары жетерлiк. Жасандылық басым. Осы байқау аясында ұсынылған режиссер Сланбек Тәуекелдiң «Жерұйық» атты туындысы көрермендi елең еткiздi. Өте көркем түсiрiлген бұл туындыда ата-бабаларымыздың ашаршылықтың соңғы жылдарындағы тiршiлiк-тынысы, сырттан келген халықтармен қарым-қатынасы сенiмдi баяндалған. Дегенмен көңiлге титтей де болса сызат түсiргенi, қазақ ауылының әкiмi мен кәрiс досының баласына бүгiнгi таңдағы екi мемле­кеттiң президенттерiнiң кездесуiн араластырудың не қажетi болғаны түсiнiксiз жағдай екен. Жалпы, өнерде танымал болып қалған ағаларымызға өнер мен саясаттың басы бiр қазанға сыймайтынын айтып жатудың өзi артық пiкiр дер едiм.

Ал Қазақстан мен Жапония бiрлесiп түсiрген фестивальдiң жеңiм­пазы – «Көктемнiң алғашқы жаңбыры» атты туынды болды. Философияға, мифологияға толы салт-дәстүрден алшақтамай, халыққа рухани саладағы құнды дүние деуге әбден лайықты шығарма. Басты рөлде режиссер Ерлан Нұрмахановтың өзi түсiптi. Бар-жоғы 18 күнде түсiрiлген бұл фильм үшiн Ерлан Нұрмахановқа әлемдiк деңгейдегi режиссер, Еуразия кинофестивалiнiң төрағасы Ким Ки Дук мырзаның өзi бас жүлденi тапсырса, «өзiңiздi сол оқиғаның ортасында жүргендей сезiнесiз» деп көрермендер де риза болысты. Сол көп көрерменнiң бiрi ретiнде, әрi осы өнер саласын таңдап, болашақта қазақ өнерi мен мәдениетiнiң бiр пұшпағын илесек деген бiз сияқты жастардың бұл өнер байқауынан түйгенiмiз бен көргенiмiздi бөлiсу едi. Жастардың, жалпы көрермендердiң пiкiрiнше, биылғы Еуразия кинофестивалi өте жоғары деңгейде өткенiн мойындауымыз керек.

Мақсат Жасұзақов,

Т.Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық

Өнер академиясының студентi академиясының студентi

06.10.2011