Жаңалықтар

ҰЛТТЫҢ ЖАНЫ – ТIЛ

ашық дереккөзі

ҰЛТТЫҢ ЖАНЫ – ТIЛ

Ағымдағы жылдың 30 тамызында М.Шаханов бастаған ұлт зиялылары «Конституцияға қарсы әрекеттер тоқтатылсын!» деген тақырыппен Қазақ халқына және республикамызды мекендейтiн өзге ұлт өкiлдерiне баспасөз құралдары арқылы арнайы Үндеу жариялаған едi. Үндеудiң көшiрмесi Қазақстан Республикасының Президентi Н.Назарбаевқа, Қазақстан Республикасының премьер-министрi К.Мәсiмовке, Қазақстан Республикасының Парламент Сенатының төрағасы Қ.Мәмиге, Қазақстан Республикасының Парламент Мәжiлiсiнiң төрағасы О.Мұхамеджановқа жiберiлген. Бұл Үндеудiң жариялануына не себеп болды? Өткен айда ҚР Мәдениет министрлiгi дайындаған «Қазақстан Республикасының кейбiр заңнамалық актiлерiне мемлекеттiк тiл саясаты мәселелерi бойынша өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу туралы» Заң жобасы ақпарат құралдарында жарияланды. Сол жобада «Мемлекеттiк органдарға мемлекеттiк тiлде жүгiну мiндеттi» деген норма енгiзiлген болатын. Сол-ақ екен орыс тiлдi басылымдардың бiразы мұны тiл төңкерiсiне балап, «мемлекеттiк төңкерiс» болады деп қоқан-лоққы жасап шыға келдi.

Қазақстандық Православтар одағының Spgk.ks. сай­ты­н­да Ф.Мироглов деген әлдебiреудiң «Орыс аза­маттары, мұн­дай шешiмдерге салқын қараңыздар. Өз­дерiне (заңды) жа­за берсiн. Тiлге қатысты кез кел­ген жарлық пен заңды кү­ле оты­рып оқыңыздар, се­бебi оның барлығы – фантастика ауы­лы­нан туылған дү­ние. Бұрынғыдай негiзгi тiлде, құдiреттi ұлы орыс тi­лiнде сөйлеудi және жазуды жалғастыра берiңдер. Оған тосқауыл қою ешкiмнiң қолынан келмейдi…» де­ген пiкiрi шық­ты. Осыдан соң өзге орыстiлдi ба­сы­лымдар да қолдап, аран­датып шыға келдi. Оларға орыс­тiлдi қандастарымыз да үн қос­ты. Мемлекеттiк тiл­ге, Ата Заңға қарсы шаралар осылай бас­талды. Ал Ата Заңның 93-бабында «Конституцияның 7-бабын жү­зеге асыру мақсатында Үкiмет, жергiлiктi өкiлдi және атқарушы органдар, арнаулы заңға сәйкес, Қа­зақстан Рес­пуб­ликасының барлық азаматтары мем­ле­кеттiк тiлдi еркiн әрi тегiн меңгеруi үшiн қажеттi ұй­ымдастырушылық, материалдық және техникалық жағ­дайдың бәрiн жасауға мiндеттi» деп тайға таң­ба бас­қандай етiп жазылған. Конституцияның 7-бабында «Мем­лекеттiк тiл – қазақ тiлi» деп, ал соның екiншi тар­мағында «…орыс тiлi ресми түрде мемлекеттiк тiлмен тең қолданылады» деп жазылған. Жалпы, Конс­титуцияда мемлекеттiк тiл жөнiнде ар­найы заң қа­былдау керектiгi де бар. Содан берi 22 жыл өт­се де, сол заң қабылданған жоқ. Әлгi арандатушылардың сал­­дарынан министрлiк аталмыш норманы және мем­лекеттiк тiлдi мiндеттеген өзге де баптарды заң жобасынан алып тас­тау­ға мәжбүр болды. Бұл ту­ралы вице-министр Ғ.Телебаев «Ме­га­по­лис» га­зе­тiнiң 2011 жылдың 15 тамыздағы санында бы­лай деп хабарлады: «Мемлекеттiк органдарға тек мем­ле­­кет­тiк тiл­дегi өтiнiшпен жүгiнудi қарастыратын норма заң жобасынан алы­нып тасталынды. Арыз-шағымды тек мемлекеттiк тiлде қа­был­дау мәселесi болмаған және болмайды да. Тiл туралы заң өз қалпынан өз­гер­мейтiнiне кепiлдiк беремiн!».

­Өткен айдың 21 қыркүйек күнi Парламент тө­мен­гi па­ла­­­тасының отырысында депутат Жарасбай Сү­лейменов ҚР Үкiметiнiң премьер-министрi Кәрiм Мә­сiмовке сауал жолдады. «Бұдан былай «баршаға тү­сiнiктi болсын» деген сылтаумен бөгде тiлде шүл­дiр­лей жөнелуден арылу керек. Әсiресе, менiң бұл сөз­дерiме анасының әлдиi құлағында қалмағандар, бе­сiгiнде Ана тiлiнiң уызына қанбағандар құлақ асып, қи­қарланбай, түзу жол­ға түссе деймiн. Ардақты ағай­ын, халқымыздың сарқылмас қа­зынасы, ең үлкен игi­лiгi – тарихтың өзiндей, бабалардың кө­зiн­­дей ел бас­таған көсемдердiң тiлi, сөз бастаған шешендердiң тiлi – қазақ тiлiн құрметтейiк, қазақ болайық, үйде де, түзде де қазақша сөйлейiк. Балаларымыз бен не­мерелерiмiздi осыған тәрбиелейiк», – деп билiктiң бар­лық буындарына мемлекеттiк тiл­ге құрмет көр­се­тiп, осы тiлде сөйлеуге шақырды. Депутат Нұр­тай Са­бильянов оған бiрден қолдау көрсете келiп: «Мем­ле­кеттiк тiлге кiм қарсылық көрсетсе, ол Қа­зақ­стан­ның ке­ле­шегiне де қарсы болғаны. Мұнда керi кетiп жатқандар, не­гi­зi­нен өзiмiздiң орыстiлдi қа­зақ­тарымыз. Алайда бiз жағдай осы­лай болды екен деп жүре бермей, қазақ тiлiн мемлекеттiк тiл ретiнде кеңi­нен қолданысқа енгiзуiмiз керек. Мен сiздердi осы мәселенi қолдауға шақырамын. Мемлекеттiк тiл­дi меңгеру – әр депутаттың мiндетi. Егер бiз тiлдi бiл­месек, халыққа қа­лай жауап беремiз?» – дедi. Тек екi депутат қана осылай өз пi­кiрлерiн ашық бiлдiрдi.

Ақпарат құралдарындағы ҚР Мәдениет ми­нис­тр­лi­г­iнiң заңға өз­герiстер ендiру жөнiндегi жобасына ре­сейлiк және жергiлiктi орыс тiлдi басылымдардың қар­сылығын бiлдiрiп, республиканың iшкi iстерiне заң­сыз араласуы және мемлекеттiк тiлге деген аран­да­тулары, сондай-ақ өз iшiмiзде қарама-қай­шы пiкiрлердiң өрiс алып кетуiне байланысты ұлт зия­лыларының жоғарыдағыдай ат­пен Ашық хат жа­рия­лауы­на тура келдi. Соған байланысты 2 қа­занда, Ал­маты қаласында рұқсат етiлген митингi өткiзiлдi. Тө­­менде облыстарда тұратын оқырмандарымыздың сұ­рауымен сол митингiде сөйлеушiлердiң сөздерiнен үзiндiлер жариялап отыр­мыз.

«Тәуелсiздiктi қорғау» және Рес­пуб­ли­ка­лық «Мемлекеттiк тiл» қоғамдық қоз­ға­­лыстарының төрағасы, Қазақстанның ха­лық жа­зушысы Мұхтар Шаханов:

– Бiз, тiл жанашырлары осыдан бiраз уақыт бұрын Үкiметке арнайы Ашық хат жазғанбыз. Сол хат республикада үлкен пiкiрталас туғызды. Халықтың негiзгi бөлiгi бiздi қолдады. Бiрақ сол хатқа қол қойған кейбiр азаматтардың өзi алғашқыда түсiнбей терiс пiкiр бiлдiрдi. Сол хатта бiз мынандай мәселенi келтiрген едiк. Ата Заңда мемлекеттiк тiл қазақ тiлi деп жазылған. Арада бiраз жыл өткен соң заңға орыс тiлi қазақ тiлiмен тең дәрежеде қолданылады деп жазылды. Бұл дұрыс емес. Өйткенi 1989 жылы 22 қыркүйекте қазақ тiлiн мемлекеттiк тiл жасағанымызда, ондай тiркес жоқ болатын. Бұл кейiннен қосылған тiркес. Ал ендi орыс тiлi этносаралық тiл, халықаралық тiл екенiне ешкiмнiң де дауы жоқ. Бiрақ орыстiлдi газеттерде бiздiң кейбiр орыстiлдi туыстарымыз: «Бұлар орыс халқына қарсы шығып жатыр. Орыс тiлiне қарсы шығып жатыр» деп байбалам салды. Бұл – әлеуметтiк әдiлетсiздiк. Бұл – бiзге қарсы жасалған арандату шаралары. Алайда солардың бiразы кейiндеу қайта ойлап, бiздiң бейбiт мақсатымызды, тiлге деген жанашырлығымызды түсiндi. Олар алғашқы «Тiл туралы» Заңда орыс тiлi туралы сөз болмағанын, оның кейiн жолай қосылғанын бiлдi. Мен тiптi парламентте депутат болып жүргенде осы жөнiнде мәселе көтерген едiм. Конституциялық кеңеске арнайы мәлiмдеме жасағанмын. Олар екi күн бойына талқылап, бiздiң шешiмiмiздi дұрыс деп тапқан. Бұл тiркес негiзiнен дұрыс емес, бiрақ бұл осылай тұрса да мемлекеттiк тiл орыс тiлi дегендi бiлдiрмейдi деген шешiмге келген едi. Қазiр жұрт екiге жарылып отыр. Арамыздағы көптеген қазақтар өзiнiң ана тiлiн үйренуге құлықсыздық бiлдiрiп жатыр. Олар: «Заңда орыс тiлi мемлекеттiк тiлмен тең дәрежеде қолданылады деп жазылған» – деуден танбауда. Сонда бiзде мемлекеттiк тiл екеу деушiлер көбейiп бара жатыр. Соған орай бiз өз пiкiрiмiздi бiлдiрдiк. Сол арнайы хатта басқа да қадау-қадау мәселелердi қойдық. Барлық елдерде мемлекеттiк туралы заң бар. Бiздiң билiк басындағылардың бiрен-сараны болмаса, күнi бүгiнге дейiн балаларын, немерелерiн қазақ балабақшасына, не қазақ мектебiне берген емес. Себебi олар елiмiздi «қазақстандық ұлтқа» енгiзудi бұрыннан жоспарлап қойған. 1994 жылы осы «қазақстандық ұлт» шарасын алға тартқан кезде бiз үдере қарсы шықтық. Билiк аяғын тартты. Осыдан үш жыл бұрын Қазақстан халқы ассамблеясы арқылы Ел бiрлiгi доктринасында, бiздi «қазақстандық ұлтқа» енгiзбекшi болғанда, тағы қарсылығымызды бiлдiрдiк. Аштық жарияламақшы да болдық. Қазақстанда бiзбен бiрге төрт миллион адам жататын болған. Сол кезде тiл жанашырлары азаматтық мiнез танытты. «Қазақстандық ұлт» мәселесi Ел бiрлiгi доктринасынан алып тасталынып, Қазақстанның әрбiр азаматы мемлекеттiк тiлдi бiлу керек деген анықтаманы ендiрдiк. Сол құжатқа Республика Президентi қол қойды. Ендi мiне осы мәселе билiк жақтан тағы да қылаң беруде. Қазақстандық ұлт – бұл ұлтты жоюдың ең төте жолы. Бұл өзiнiң негiзiн американдық ұлттан алып отыр. Елiмiзге «қазақстандық ұлт» ендiрiлсе, онда ешкiм де мен қазақпын, мен ұйғырмын, мен кәрiспiн деп айта алмайды. Айтсаңыз жауапқа тартыласыз. Онда бәрi тек қазақстандық болады. Қазақ мектептерiнiң жабылуы әбден мүмкiн. Онда сiздердiң тек түрлерiңiз ғана қалады. Ұлт жойылып кетпесiн десек, бұл мәселеге бәрiмiз бiрдей тойтарыс беруiмiз керек. Қазiр кейбiр билiк басындағылар тiлге қарсы қадамдар жасауда.

Тағы бiр мәселенi айта кетейiн. Бiз жыл сайын мемлекеттiк тiлдi қолдау акциясын өткiзiп келемiз. Өткен жылы барлық жоғарғы оқу орындарына, мектептерге билiк тарапынан тапсырма берiлдi. «Жастарды жатақханасынан шығармаңдар. Жастар үгiтке араласпасын. Мемлекеттiк тiлдi қолдау акциясына бармасын» деген. Соған байланысты осы алаңға екi жүз, екi жүз елудей ғана адам жиналды. Бiз биыл да жоғары оқу орындарына сондай тапсырма болмасын деп қала әкiмшiлiгiне өтiнiш жасаған едiк. Ондағылар уәде берген. Бiрақ сол үрдiс қайта баяғы қалпына түсiп, барлық жоғарғы оқу орындарына тiлдi қорғау митингiсiне барғызбау жөнiнде тапсырма берiлген. Тiптен осы алаңға қарай жүретiн автобустардың да қозғалысын сиреткен. Сонда бiз билiктiң қолынан келмей жатқан шаруаларға араласып жатырмыз ғой. Құдайдан қорықпай ма? Бiз билiктегi бiреудiң орнын алайық деп отырған жоқпыз. Бiз бар болғаны ұлтымыздың тiлiн сақтауға, қорғауға жанымызды салып жатырмыз. Өйткенi мемлекеттiк тiл бiреу. Ал бұл билiктiң мемлекеттiк тiлге деген немқұрайлығынан болып отыр. Былтыр осындай митингiге жазушылардан аз ғана адам қатысты. Ал олардың басқа жиындарға барғанын көрсең, санына жете алмайсың. Егер мемлекеттiк тiлiмiз жойылып кетсе, олардың жазғандары кiмге керек? Тiл жанашыры солар емес пе. Филология ғылымдарының докторы, профессор Тұрсынбек Кәкiшев:

– Ағайындар, туыстар, бауырлар, бiзден басқа елдерде тiл мәселесi жоқ. Өзбек өзбек тiлiнде, қырғыздар қырғыз тiлiнде, әзербайжандар әзербайжан тiлiнде т.б. баяғыдан өмiр сүрiп жатыр. Ал мынау қазақ дейтiн сорлы халық тiлiмiздi саудаға салып, осы тәуелсiздiктен берi әңгiме қылып келемiз. Сәкен Сейфуллин 1923 жылы 9 ақпанда «Қа­зақты қазақ дейiк» деген мақала жазды. Бiр айдан соң «Кеңсе iстерiн қазақ тiлiнде жүргiзейiк» деп тағы үлкен мақала жазды. Ең алдымен өзi басқарып отырған Халық Комиссарлар кеңесiнде жиналыс өткiзiп, қазақ тiлiн мемлекеттiк мекемелерде қолдану туралы сөз қозғағанда не қоштап, не қарсы пiкiр айтқан жан болмаған соң ертеңiне «Еңбекшi қазақ» газетiне тағы мақала жариялады. Жалпы, тiл туралы, оның қоғамдағы қолданысы ту­ралы жариялаған тоғыз мақаласы бар. Сол жылы Қазақ тiлi мемлекеттiк тiл болсын деген декреттi қабылдатқан да Сәкен Сейфуллин. Әлiби Жангелдин, Нығымет Нұрмақов және тағы басқалар үшiншi сессияда мiндеттi түрде солай болсын деген қаулы алды. Содан берi тiлiмiз саудаға түсiп келедi. Менiң «Санадағы жараны-ай» деген кiтабым бар. Әрине, бiзге тыныштық керек, бейбiтшiлiк керек, қантөгiс болмасын. Бiрақ дәйектiлiк те керек. Мысалы Қазақстанда «Тiл туралы» заң қабылдады. Тiл ұлттың жаны екенiн, тiлсiздiң көсегесi көгермейтiнi түсiнiктi. Сонда бiр ғана сөз осы заңымыздың берекесiн қашыратынын сездiк пе, сезбедiк пе? Заңдағы «наряду» дегеннiң орнына «наравне» деп жаздық, соған қол көтердiк. Жобада «…Русский язык как средства межнационального общения, применяется наряду с государственным казахским языком» деп жазылған болатын. Содан кейiн заңға өзгерiс ендiрiлдi. «Наряду» емес «наравне» болсын деп түзеттiрдi. Бiз оны да қабылдадық. Осыны көрiп, бiлiп, естiп отырған ағайындар: «Е,е, орыс тiлi «наряду» емес, «наравне» екен ғой»,– деп арқасын кеңге салды. Басқа ұлт өкiлдерi алғашқыда республикаларда қабылданып жатқан заңдарды көрiп, Қазақстанда қазақ тiлi мемлекеттiк мәр­те­беге ие болуы тиiс қой деп көндiгiп, мой­ынұсынып қалғанда, әлгi түзетуден кейiн орыстiлдi ағайындар қайтадан шалқайды. Мұны жақсы бiлетiн себебiм сол кездегi Калинин ауданында Қазақ тiлi қоғамының бастығы болдым. Содан берi бiз әлi бiр орнымыздан жылжығанымыз жоқ. Қаншама айтып жатырмыз, қаншама жазып жатырмыз. Өзгерген ештеңе жоқ.

Қазақстан Мемлекеттiк сыйлығының иегерi Қабдеш Жұмадiлов:

– Құрметтi, ағайындар! Жалпы, бiз проб­­­леманы қолдан жасап алып, содан соң шеше алмай әуре-сарсаңға түсетiн халықпыз ғой. Сондай елмiз, сондай мемлекетпiз. Заңдарымыздың көбi шалағай, көбi шикi. Осының бәрi содан шығып жатыр. Сол жаңағы «наравне» деген екi тiлдi қатар қолдандыратын сөз Тiл заңына кiрмеуi керек едi ғой. Қазiр сол жалғыз сөз бiр қарын майды шiрiтiп тұр. Соған жалпақшешейлiкпен қарадық па немесе сауатымыз жетпедi ме, әлде құлдық сана ма? Жарайды, сол кезде солай болған шығар. Содан берi жиырма жыл өттi. Ендi сол сөздi алып тастауға болады ғой. Құранның сөзi емес. Алдымен осы тiл мәселесiн шешiп алайық. Дiн туралы, жер туралы т.б. заңдарға да бiз қайта ораламыз әлi. Мәселен дiндi алайық. Демократия деп өңшең секта кезбелерге есiгiмiздi ашып қойып едiк, ендi мiне үлкен қауiптiң астында қала жаздап тұрмыз. Билiктiң өзi ендi соларды қалай тоқтатарын бiлмей сасқалақтап жатқан жайы бар. Осы мәселелердiң қауiптiлiгi жөнiнде кезiнде газеттерде айтылған. Өз басым да бiрнеше мақала жарияладым. Басқалар қанша айтты. Соны тыңдаған кiсi болмады ғой. Бiз бұрын атын естiмеген, өз елдерiне сыймай қаңғырып жүрген дiн кезбелерi, миссионерлер бiзге келiп ақыл айтумен болды. Осыларға кезiнде тосқауыл қоюға болатын едi ғой. Мұндай ұлтқа кесiрiн тигiзетiн демократия кiмге керек? Ендi мiне, солармен билiк болып, халық болып күресуге тура келiп тұр. Алдымен тiл мәселесiн шешiп алайық.

Қазақ ұлты кiм? Қазақ ұлты қазақ мем­ле­кетiнiң иесi. Тiлдiң тағ­ды­рын қайдағы бi­реу­лер шешпеуi керек. Өз тi­лi­нiң тағдырын өзi шешу керек.

Жалпыұлттық социал-демократиялық Азат партиясының тең төрағасы Болат Әбiлов:

– Құрметтi, қауым! Осыдан жиырма жыл бұрын Тәуелсiздiктi алғанда, егемендiктi алғанда, жиырма жылдан соң, жиырма бiрiншi ғасырдың он бiрiншi жылында бiз қазақ тiлiн осылай қорғаймыз деп ойладық па?

Бүкiл әлемде өз бостандығын, тәуелсiздiгiн алып, тiлiн қорғай алмай жүрген бiздей ел бар ма? Кеңес Одағы кезiнде Кавказ, Балтық жағалауы елдерi, Орталық Азия елдерi тiл мәселесiн шешiп алған болатын. Тiл мәселесi бұл елдерде түбегейлi шешiлген. Тiл мәселесi бұл елдерде жоқ. Қайда бар? Тек қана бiзде. Қазақстанда! Қазақ халқы үшiн тiл мәселесi ең бiрiншi маңызды әрi басты мәселе. Шындықты айтайық.

Құрметтi, халайық! Мен қазақ азаматы ретiнде, сондай-ақ бiздiң партия қазақ тiлi, мемлекеттiк тiлi үшiн, елiмiз үшiн, халқымыз үшiн егемендiгiмiз үшiн жанымызды беруге дайынбыз! «Руханият» жасылдар партиясының төрағасы Серiкжан Мәмбеталин:

– Құрметтi, қазақ тiлiнiң жанашырлары. Мен шет елдерде жетi жыл жүрген жанмын. Елге оралған соң «Руханият» партиясын басқаруыма тура келдi. Бiз ұлттық рухани құндылықтарымыз – тiлiмiздi, мәдениетiмiздi, салт-дәстүрiмiздi қайта көтеруге күш салып жүрмiз. Халқымыз бiр жағынан ауылда, бiр жағынан қалада тұратын кедей, оның iшiнде шоқынғандары бар. Тiптi мұсылман бола тұрып, бiрнеше дiн ағымдарының жетегiнде жүргендер қаншама. Бiз бiрiншiден бiр ұлт болған соң, тұтас қазақ болып бiрiгуiмiз керек. Барша қазақтарды бiрiктiретiн бiр-ақ негiз бар. Ол – Қазақ тiлi! Ана тiлiмiз! Сондай-ақ «Руханият» партиясы оралмандар мәселесiн де көтерiп жүр. Елге аңсап оралған солар басқалармен өз қандастарымен өз тiлiнде сөйлесе алмайды. Бұл не деген әдiлетсiздiк? Орыс тiлiн бiлмейтiн олар медицина жәрдемiне қолдары жетпей, жұмыс таба алмай табанынан тозып жүр. Бiз солар үшiн, халқымыз үшiн бүкiл күш-жiгерiмiздi бағыттаймыз. Әлемдегi барша қазақтарды жинай алмасақ, егемендiгiмiзден, тәуелсiздiгiмiзден, табиғи байлығымыздан не пайда? Мен Мұхтар ағамыз бастаған «Мемлекеттiк тiлдi дамыту» хатын оқып шығып, қол қойдым. Мен ендi одан ешқашан бас тартпаймын. Себебi Ана тiлi маған Ата Заңнан да қымбат! Маған бiрнеше адамдар өз пiкiрлерiн айтты. Олар: «Сiздер ұлтаралық келiсiмге нұқсан келтiрiп жатырсыздар»,– дейдi. Мен оларға: «Мемлекеттiк тiлге қар­сылық – ел бiрлiгiне қарсылық», – дедiм.

«Ақжол» демократиялық партиясы төрағасының орынбасары Бөрiхан Нұр­ма­ғанбетов:

– Қадiрлi, Алаш азаматтары! Мемлекеттiк тiл – елiмiздiң, халқымыздың ең басты, ең бi­рiн­шi негiзi болып есептелiнедi. Мемлекеттiк тiл­дi қолдау үшiн не iстеу керек? Мемлекеттiк тiл­дiң қолданысын дамыту жөнiндегi хатқа адам­дар не үшiн қол қойды? Мемлекеттiк үш жылға арналған 19 миллиард теңге сол бағдарламада үкiметтiк мекемелерде iстеген қызметкерлерге тiл бiлу талаптары қойылды. Сол себептен менiң айтарым, бiрiншiден, бiздiң Үкiмет мемлекеттiк тiл мәселесiнде шегiнбесiн. Сонда ғана бiз мақсатымызға жете аламыз. Екiншiден, Ата Заңның 93-бабында жазылғандай Мемлекеттiк тiлге байланысты арнайы заң болуы керек. Ондай заң әлi осы уақытқа дейiн қабылданған жоқ. Бұл бiздiң бас­ты талабымыз! Ал қабылданған мемлекеттiк бағдарламалар жауап бере алмайды. Тек қана заңда жауапкершiлiк бар. Үшiншiден, кез-келген министр, кез-келген әкiм қазақ тiлiн, мемлекеттiк тiлдi бiлетiн адам болуы керек. Соларды тағайындайтындар олардан осы мемлекеттiк тiл жөнiнен қатаң талап етуi керек. Iс қағаздарын мемлекеттiк тiлде қолдану Астана мен Алматыдан, ми­нис­трлiктерден басталсын. Тек осындай нақты қа­дамдар жасалғанда ғана мемлекеттiк тiл өмiрлiк қажеттiлiктер туғызады. Сонда ғана басқа ұлт өкiлдерi де қазақ тiлiн бiлетiн, мемлекеттiк тiлдi сыйлайтын болады.

Жазушы Смағұл Елубай:

– Соңғы кезде орыстiлдi ақпарат құралда­рын­да бiр қауiптi тенденция етек алды. Олар Мұхтар Шаханов бастаған ұлт патриот­та­ры Қазақстанда ұлтаралық дау тудыра бастады дейдi. Содан кейiн бұлар бiздiң бiр­лi­гiмiзге қауып төндiрiп жатыр дейдi. Тағы тұрақтылыққа қауiп төндiре бастады дейдi. Бұл қып-қызыл өтiрiк, ағайын. Яғни бiздерге жала жауып жатыр. Ертең қудалау үшiн осылай ақпарат құралдары арқылы жала жабылуда. Бiздiң ұлттық ауызбiрлiгiмiзге қауiп төндiрiп тұрған жай бар. Анау ағымдағы заң жиырма жыл жұмыс iстедi. Содан берi орыс тiлдi ағайындардың басым көпшiлiгi жиырма ауыз мемлекеттiк тiлдiң сөзiн үйренген жоқ. Неге? Өйткенi сол заңда «наравне» деген сөз бар. Олар сол заңды алады да: «Мiнеки, заңда осылай жазылған. Ары кет» деп соны көрсетiп, көкiрегiңiзден итередi. Орыстiлдi бiздiң ағайындарымыз мемлекеттiк тiлдi үйренбей қойды. Яғни жаңағы заңдағы бiр ауыз сөз бiз­дi екiге бөлдi. Бiз не үшiн айқайлап жүрмiз. Бiз бiр болайық деп жүрмiз. Ұлт патриоттары екi тiлдi бiледi. Содан кем болды ма? Болған жоқ. Бiздiң орыстiлдiлер екi тiлдi бiлсiн деп жүр­мiз. Бiз Қазақстан халқын мемлекеттiк тiл тө­ңiрегiне, яғни бiрлiкке шақырып жүрмiз.

Республика облыстарынан келген 85 жастағы семейлiк Дәметкен Нұрғалиева аналар атынан сөйлеп, Конституциядағы 7-баптың екiншi тармағын алып тастауды ұсынды. Сондай-ақ керекулiк Руза Бейсенбайтегi, астаналық Жұмамұрат Шәмшi, Желтоқсан көтерiлiсiне қатысушылар Құрманғазы Айтмырза мен Бейсенғазы Сәдуұлы жалтақ билiкке кiнә арта отырып, мемлекеттiк тiлдi қолдау жөнiндегi осы акцияны өз облыстарында қолдаушылар санының жыл сайын артып келе жатқанынан хабардар еттi.

Қазақ тiлiнiң жанашыры Асылы Османова:

– Қазақтың жан айқайы – Ана тiлi. Мем­­ле­кеттiк тiлге осы уақытқа дейiн мән берiлмегенiне шыдап келiп, ендi мiне бүгiн шын мәнiнде оянғандай болып отыр. Оны мен сiздердiң бүгiнгi жиынға келген осынша адамдарыңыздан, сөйлеушiлердiң сөздерiнен көрдiм. Мәдениет министрлiгiнiң жауапты хатшысы Жанат Дулатқызының 2013 жылдан бастап, бүкiл мемлекет қызметкерлерi мемлекеттiк тiлде сөйлейтiндерiне мәлiмдеме жасағанына неге орыстiлдiлер қарсы өре түрегелдi? Егер мемлекеттiк тiл өз тұғырында тұрып, қолданыста болғанда мұндай жиын болмас та едi. Мен кеше болған конференцияда Бунаковқа: «Сен шын мәнiнде осы елдiң азаматы болсаң, неге өзгенiң мүддесiн қорғайсың? Қазақ тiлi өз елiнде мемлекеттiк тiл болмаса, сонда қай елде мемлекеттiк тiл болуы керек? Қазақ халқы – мемлекет құрушы ұлт. Осыны неге түсiнбейсiз?» – дедiм. Бiздi жетпiс жыл бойына желкемiзден алып, жерге қаратып келдi. Тәуелсiздiктiң жиырма жыл бойына өз беттерiне қаратып, ыңғайларында ұстап келдi. «Кiсi бетiн аяғанның өз бетi шиқандай болады» деген халық нақылы бар. Қазағыма айтарым, өзгенi төрiмiзге шығардық, рас одан кем болған жоқпыз. Ендi төбемiзге шығармайық!

Белгiлi жазушы Дулат Исабеков:

– Кеңестiк дәуiрден қалған республикаларда бiз ғана осындай тiл жөнiнде жиналыс өткiзiп жатырмыз. Осының өзi адамның ар-ұяты мен намысын таптағанмен бiрдей. Көршi өзбек билiгi тек қана ұлт үшiн жұмыс iстеп жатыр. Олар халқының санын көбейттi. Менiң арманым қазақ халқының саны тезiрек отыз милионға жетсе екен. Сонда ғана дауысы әлемге естiлер едi. Солтүстiк облыстарда осы күнге дейiн қазақтар бiр-бiрiне қазақша неге сөйлейсiң деп ескерту жасайды. Бұл нет­кен өзгермейтiн сана десеңiзшi. Құлдық сана санамызға тым сiңiп кеткендiктен бе? Осы жерде тұрғандардың өзi балаларымен орысша сөйлейдi. Немесе керiсiнше. Өткен жолы көшеде мынандай бiр жайды кездестiрдiм. Көшеде немересi қазақша сөйлесе атасы оған орысша жауап берiп жатыр. Бұрылып тұрып ұрысуға тура келдi. Бұл не деген сұмдық! Үйде, отбасында өз тiлiмiзде сөйлемей бала қазақша сөйлемейдi. Осының бәрi ұлтымыздың санының аздығынан. Ұлтты бiр жақтан топырлатып айдап келе салатын қой емес. Шет елдегi қазақтардың оралуы да тежелiп қалды. Бiз оралмандар есебiнен көбеймесек, тууымыз азайып кеттi. Бiр гендерлiк саясат деген шықты. Қазаққа зиянды саясаттың бәрi осы бiздiң Қазақстанда жүредi. Баланы тууды шектеу санымыздың көбеюiне кедергi болып келедi. Бiле бiлгенге бiз осы акция арқылы билiкке көмек берiп жатырмыз деп ойлаймын. Бүгiнгi митингiге жиналған қауым қазақ ұлты екенiмiздi, жан қиналғанда бiрiге алатынымызды көрсеттi.

«Жас қазақ үнi» газетiнiң бас редакторы Қазыбек Иса:

Мемлекеттiк тiл мәселесi жөнiндегi ашық хатымыз жарыққа шыққалы берi кiмнiң кiм екенi анықталып жатыр. Жалтақ, жасық билiктегi Ертiсбаевтан бастап, мемлекеттiк тiлдiң миллардтарын жеп отырғандар, тiлге қарсы шыққандары аздай оппозицияда Әблязов секiлдiлер және қазақ тiлiне қарсы шыққан Хасендер бас көтердi. Сiздер олардың сөздерiне ермеңiздер. Конституциядағы 7-баптың екiншi тармағын, орыс тiлiнiң рөлi туралы жазылғанын алып тастамай мемлекеттiк тiлдi дамыту деген далбаса. Осы далбасаға бiздi жиырма жыл бойына сендiрiп келдi. Бiз шыдадық. Алайда шыдамның да шегi бар. Ертiсбаев Елбасына есеп бергенде өзiнiң мемлекеттiк тiлге, ана тiлiн түпнұсқасында түсiнуге өресi жетпейтiнiн көрсеттi. Ол былай деп жазды. «Ашық хатты жазғандар әуелi Парламентке жазу керек», – дейдi. Ал бiз кiмге жаздық. Парламентке Мәмидiң атына, Мұхамеджановтың атына да мемлекеттiк тiлде жазғанбыз. Оны өзi оқығанмен түсiнуге өресi жетпеген. Яғни ол Елбасы ның кеңесшiсi деген қызметiн адал ақтамай отыр. Бiреуден естiген сөзiн Елбасына жеткiзедi. Осы жиынға келген – тiл жанашырлары Бибiгүл емес, Қыдырәлi Болманов емес. Сексеннен асқан Бибiгүл жақсы қартаю керек едi. Өкiнiшке орай, солай қартая алмады. Мен Қыдырәлiнiң қазақ қуыршағын жасағанын қолдаймын, бiрақ билiктiң қуыршағы болғанын қолдамаймын. Бiзде мемлекеттiк тiлдi бiлмейтiндер қалай министр болады? Менiң соған таңым бар. Кеше мәжiлiс депутаттарының iшiнен екi-ақ депутат қана мемлекеттiк тiлдi қолдап шықты.Олар – Жарасбай Сүлейменов пен Нұртай Сабильянов. Қалған депутаттың бәрi қарсы. 2004 жылы да мемлекеттiк тiлге депутаттардың 99 пайызы қарсы болған. Билiкке, Парламент депутаттығына мемлекеттiк тiлдi толық түсiнетiн, мемлекеттiк тiлде жатық әрi түсiнiктi сөйлей алатын адамдар ғана келуi керек. Бiздi осындай митингiге шығаруға мәжбүрлейтiндер кiмдер? Жаңағы екi сөздi айтатындар. Бiздiң қазақтық намысымыз бар. Бiздiң ендi шыдамымыз таусылды. Қазақ тiлiнiң намысы – Тәуелсiз елiмiздiң намысы!

Митингiде жалпы саны оннан астам адамдай сөйледi. Олар Конституцияның 7-бабын толық алып тастауды және Тiл туралы арнайы заң қабылдауды алға тартты. Тiл үйренгiсi келмейтiндердiң сылтауы ешбiр сын көтермейтiнiн жеткiздi. Орыс тiлi этносаралық тiл ретiне, ұлтаралық тiл ретiнде қала беретiнiн айта келiп, дегенмен тiл жанашырларының iзгiлiктi ойын кейбiреулер орыстiлдi басылымдар мен ғаламтор сайттары арқылы көпе-көрнеу бұр­малап, жала жауып жатқандарына тоқ­талды. Олар тiл жанашырларын әсiре ұлтшыл етiп көрсетiп, республикамыздағы өзге ұлт өкiлдерiн қарсы айдап салуға тырысуда. Кейiнгi жылдары кейбiр министрлiктер мен кәсiпорындарда, өзге де мемлекеттiк мекемелерде, қоғамдық орындарда мемлекеттiк тiл мәртебесiн кемсiтiп, оның қолдану аясын қасақана тарылту фактiлерi айқын көрiнiп келе жатқанын да ашып айтты. Мәселен медициналық оқу орындарында биыл орыс сыныбын бiтiрген түлектер арасында 90 балл жинаған талапкер мемлекеттiк грантқа түсiп, ал 97 балл жинаған қазақ сыныбын бiтiрген оқушы грантқа iлiге алмай қалды. Сол себептi қазiр кейбiр ата-аналар өздерiнiң ұл-қыздарын орыс мектептерiне ауыстырып жатыр. Жалпы, тiл төңiрегiнде бiз көтерiп отырған мәселелер тiкелей мемлекеттiк билiктiң атқарар шаруасы десек, оның қордаланып қалған мәселелерiне де тiкелей билiк жауапты. Бiз бүгiнгi мемлекеттiк тiлдi қолдау акциясына қатысушылар атынан жоғарғы билiкке қаншама жылдардан берi қойып келе жатқан талаптарымызды тағы да қоюға мәжбүрмiз.

06.10.2011

Көлбай Адырбекұлы