Жаңалықтар

«АСАРДАҒЫ» АЙҚАЙ-ШУ

ашық дереккөзі

«АСАРДАҒЫ» АЙҚАЙ-ШУ

Оңтүстiктегi оралмандар та­қы­рыбын талқылаған таяудағы дөң­гелек үстел ба­сындағы жи­ы­нның жөнi бө­лектеу болды. Шым­кент қаласы әкiмiнiң орын­­ба­­сары, тұрғын үй жө­нiндегi ко­миссияның тө­рағасы Баха­дыр Нарым­бетов жүр­гiз­ген бұл «температурасы» жоғары жиын орта жол­да тығырыққа тi­рел­ген жобаның жай-жап­са­рын талқылауға арналды. Жоба болғанда да қа­тардағы жо­ба­лар­дың бi­рi емес, Елбасының өзi ерекше назар аударып отыр­ған, көпшiлiктiң маң­дай терi, табан ақы­сы­нан құралатын бюд­жет­тiң қаржысы көл-кө­­сiр бөлiнген «Нұрлы көш» бағ­дар­ламасының пи­лот­тық жобасы. Осы жоба ая­сында ай­нал­дырған екi-үш жылдың iшiн­де сәнi мен салтанаты ке­лiс­кен «Асар» шағын ауданы Шымкент қаласының шы­ра­йын кiргiзе түскен ер­те­гiдей ға­жап, ғаламат қа­лашық болып бой кө­тер­генiмен, әуел бас­та аңғармағандықтан ба, әл­де бақай есеппен әдейi ағат қа­дам­ға барғандықтан ба, әйтеуiр бү­гiнде оңашалау тiгiлген отауға орал­мандарды қоныстандырудың өзi заң талаптарына қарама-қай­шы келiп отыр.

Шымкент қалалық әлеуметтiк бағ­дар­ла­ма­лар және жұмыспен қамтуды үйлестiру бө­лiмi бастығының орынбасары Мақсат Жол­дасбеков «температурасы» жоғары әлгi жиында көкейтестi мәселенi қозғады. «Асар» шағын ауданындағы бiр қабатты тұр­ғын үйлер – 101 шаршы метр, екi қабатты ко­ттедждер – 166 шаршы метр. Ал «Тұрғын үй туралы» Заңға сүй­енсек, әр адамға тие­сiлi тұрғын үй алаңы 15, әрi кеткенде 18 шаршы метр­ден аспауы тиiс. Солай бола тұра пи­лот­тық жобада жазылғандай «Асар­дан» жер телiмiн иеленгендердiң әрбiрi «Нұрлы көш» бағдарламасына қатысу құ­қығын пайдаланса, ерлi-зайыптылар да, әлi отбасын құрып үлгермеген жастар да бойдақтығына қарамастан әрқайсысы жеке-жеке баспана алуы заңға сия ма?» – дейдi ол. Осындай мәселе жергiлiктi атқарушы билiктi тығырыққа тiремесе, оның бұл сауалды күн тәртiбiне қабырғасынан қоймасы белгiлi. Дөңгелек үстелге шақырылған прокурор Қуан­дық Бабанов мұның заңға қайшы бола­ты­­нын қадап айтты.

– Заңсыздыққа жол берсек, ертең кiмдер жау­апты болады? Әлбетте тұрғын үй жө­нiн­дегi комиссия мүшелерi, оның iшiнде ең алдымен комиссия төрағасы, яғни мен жау­ап­кершiлiктен қашып құтыла алмаймын. Сон­дықтан заңсыздықтан арашалайтын жал­ғыз-ақ жол – «Асар» шағын ауданындағы орал­ман­дарға пилоттық жобаға сәйкес баспана берген­де «Тұрғын үй туралы» Заңның құзыры жүр­мейтiнi көрсетiлген құжат қажет. Осылай iс­теу мүмкiн бе? Заң менiң мойныма балта ұстап тұр. Бiр адамға 18 шаршы метрден артық баспана берсем, заңның балтасы басымды шабады. «Нұрлы көш» бағдарламасы заңнан жоғары емес қой, – дейдi Шымкент қаласы әкiмiнiң орынбасары Баһадыр Нарымбетов.

Жиында облыстық iшкi iстер департаментi кө­шi-қон полициясының өкiлi Ермахан Әб­дiраманов та «Асарда» заңға қайшы әре­кет­тердiң көптiгiн көлденең тартты. Оның сөзiне сүйенсек, биыл «Асардан» отау тiгуi тиiс 575 отбасының әзiрге небәрi 138-iнiң тiзiмi өткiзiлген. Осы 138-дiң құжатының өзiнен шикiлiктер шығып жатыр. Бүгiнде «Асардағы» үйлерде адамдар қоныстанып қой­ғандығы да заңсыз екен. Ол үйлер құ­жат жүзiнде әлi пайдалануға берiлмеген. Ер­теңгi күнi әлi заңдастырылмаған үйлерде Құдай бетiн аулақ қылсын, бақытсыз жайттар бола қалса, ол үшiн кiм жауап бередi? Құ­ры­лысшылар ма, әлде тұрғындар ма? Мiне, әлi заңдастырылмаған үйде тұрудың осындай машақаттары жетiп артылады.

Облыстық мәслихаттың бiр емес бiрнеше сес­сиясында, тұрақты комис­сия­лардың оты­рыстарында «Асардағы» оралмандарға не себептi айрықша ар­тық­шылықтардың қа­рас­тырылғанына қатысты дау­­дың түң­лiгi қайта-қайта түрiлiп жүр. Мә­се­лен облыстық мәслихаттың хатшысы Әбiлқасым Досболов «Асар­дың» тұр­ғындарына айрықша артық­шы­лық­тар­дың қарастырылуы облыстағы әр та­рап­қа қоныстанған басқа оралмандармен қатар осы өңiрде туып-өскен кейбiр жер­гi­лiктi тұрғындардың да наразылығын ту­д­ырып отырғандығын тiлге тиек еттi. Неге? Облыс аумағындағы талай мектепте бала санының көптiгiнен қысылып-қым­тырылып оқып жатқанда, «Асарда» биылғы 1 қыркүйекте ашылған 1200 орындық мектептiң жанынан биыл тағы бiр дәл осындай бiлiм ұясының құрылысы жүргiзiлуде. Бұдан бөлек, ба­ла­бақшалар бiрiнен соң бiрi салынуда. Күнi ертең бұл бiлiм ошақтарында бала жетiспеушiлiгi байқалуы ық­ти­мал. Ал «Асардағы» инженерлiк-ком­му­ни­ к­ациялық инфрақұрылымды жүзеге асы­ру­ға бюджеттен 9 миллиард 893 миллион 184 мың теңге, ал тек кәрiз жүйесiнiң өзi­не, яғни канализациясына миллиард тең­геге жуық қаржы қаралған. Алыс ауылдар­ды былай қойғанда облыс орталығы – Шымкент қаласының төңiрегiнде ұзақ жыл­дардан берi не көгiлдiр отынға, не жа­рық­қа, тiптi iшетiн ауыз суға да жарымай жүр­ген шағын аудандар көп. Осы секiлдi бi­реуге көл, бiреуге шөл тiрлiк көпшiлiктiң зығырданын қалайша қайнатпасын?

«Асардан» баспана алу үшiн олар шет елге көшiп кетiп, қайтадан оралман болып оралуы тиiс пе?», – деп мәс­ли­хат хатшысы Досболовтың мәселенi тө­те­сiнен қозғауы бекер деймiсiз. Ал өз ойын қашан да ашық айтуға дағдыланған халық қалаулысы Рәшкүл Оспаналиева «Асарға» адамдар нелiктен алалау ар­қылы iрiктелiнiп қоныстанатынына қын­жылады. Сондай-ақ, әлi көшiп келмеген оралмандарға да жер телiмдерiнiң қа­лай берiлiп кеткендiгiне аң-таң. «Басқа орал­мандарды да бөлектемей, алаламай сол «Асардан» отау тiгуiн ойластырсақ қай­тедi?», – дейдi депутат Рәшкүл Жәлелқызы. Облыстық мәслихаттың тағы бiр де­путаты Қанатбек Досалиев «Нұрлы көш» бағ­дарламасы бойынша облыстың өзге де өңi­рлерiне, яғни Қазығұрт, Ордабасы, Отырар, Төлеби, Түлкiбас, Сарыағаш аудандары мен Арыс қаласы аумағына оралмандарды жаппай орналастыру жоспарланғанымен, бюджеттен әлi күнге дейiн бiр тиын да бөлiнбегендiгiн мiнберде тұрып мәлiмдедi. Мұны былық-шылыққа жатқызбағанда не деймiз? «Алтын балық» туралы ертегi елдiң бәрiне белгiлi. Аңсап оралған атажұртына аяқ бас­қалы талай жыл өтсе де баспана алу былай тұрсын, жер телiмiн алудан күдерiн үзген оралмандардың алыстан менмұндалайтын «Асар» шағын ауданын көрген сайын «Алтын балық» ерiксiз естерiне түсетiнiн өз ауыздарынан талай естiдiк. Олардың арасында қызығып қарағаннан гөрi қызғаныштан iштерi оттай жанып жүргендерi, оралмандарды көпе-көрнеу алалаушылыққа «өкпесi қара қазандай» болғандары аз емес. Өйткенi еңселi қос қабатты баспанаға қоныстану, оған қоса әрқайсысының есiгiнiң алдында көлемi 300 шаршы метрдi құрайтын, әрқайсысына бюджеттен 1 миллион 400 мың теңге жұмсау арқылы салынып қойылған дайын жылыжай­дан өнiм жинау, табыс табу әркiм-ақ армандайтын «Алтын балық». Алайда бүгiнде Өзбекстанның белгiлi бiр өңiрiнен ғана қоныс ау­дарушыларға қолайлы жағдай туғызылып қой­ған, дәлiрегi, тек алдын ала жасақталған тi­зiмге кiргендерге «Асардан» зәулiм бас­па­на иелену бақыты бұйыратындықтан өзге шет мемлекеттерден ат басын бұрған қан­дас­тарымыз қанша қызығып қараса да, қан­ша қызғанып қараса да, бәрiбiр «өгей баланың» күйiн кешуден әрi жол жоқ. Неге десеңiз, «Асар» шағын ауданын өмiрге әкелген пилоттық жобаға кiмдер қатысатыны мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Нұрлы көш» бағдарламасының «кiндiгiн кескенге» дейiн күнi бұрын шешiлген мәселе сияқты. Ал елiмiздiң өзге бiрқатар өңiрлерiнде дәл осындай пилоттық жоба қолға алынғанымен ешқайсысында ешбiр шектеу қаралмаған. Ол жақтарда соңғы үш жылда республика аумағына қоныс аударған орал­мандардың кез келгенi сол пилоттық жобаға қатысуға құқылы. Бiр мемлекет, бiр бағдарлама, заң да бiреу, бiрақ әлдекiмдердiң «ай­рықша ақылдылығының», «керемет iс­керлiгiнiң» арқасында оңтүстiкте оралмандарды бөле-жара қараған, алалаған көзқарас қалыптастыру қажет пе едi? Тарқатып түсiндiрсек, «пилоттық жобаға Шымкент қаласының «Асар» шағын ауданында меншiк немесе жер пайдалану құқығындағы жер учаскелерi бар көшiп келушiлер» ғана қатыса алатыны Үкiметтiң 2009 жылғы 8 мамырдағы №674 Қаулысымен бекiтiлген «Нұрлы көш» бағдарламасында «тайға таңба басқандай» көрсетiлген. Ал пилоттық жобаға қатысатындар осыдан бақандай бес жыл бұрын анықталып қойған. Оларға жер телiмдерiн тарату сол кезде жүзеге асырылған. Ендеше Елбасы мақұлдап, Үкiмет бағдарламаны қаулымен бекiткенге дейiн-ақ «Асардан» кiмдер баспаналы болатыны алдын ала кесiп-пiшiлiп қойылған, сценарийi қалай өрбитiнi белгiленiп үлгерген. «Асар» шағын ауданындағы заңға қайшы әрекеттер жайлы әңгiмелердiң тиегi ағытылғанда кейбiреулердiң «бұл Елбасының саясатына, Үкiметтiң қаулысына қарсылық бiлдiру ме?» деп шыр-пырлары шығуы осының айғағы. Елбасының саясаты, Үкiметтiң қаулысы қолданыстағы Заңды белiнен бiр-ақ сызу, былыққа белшеден бату ма екен? Пилоттық жоба Президент саясатын бұрмалау үшiн, заңға қайшы әрекеттер жасау үшiн құрылмаған болар. Мұны «Асарға» айрықша артықшылықтар жасауға ерекше еңбек сiңiрiп, аспаннан ақша жауғандай күй кештiрiп келе жатқан «Корпорация Ақ Орда» ЖШС директорлар кеңесiнiң төрағасы Ибадулла Қалыбековтiң түсiнбейтiнi, бәлкiм бәрiн бiле тұра түсiнгiсi келмейтiнi қалай?

Айтпақшы, «Түркiстан» газетiнде «Асарға» аспаннан «ақша жауса», Жалынға жаны ашитын ешкiм жоқ» деген мақала жарияланғалы көп бола қойған жоқ. Таңданарлығы сол, бұдан да бөлек бiрқатар басылымдарда «Асардың» сынға iлiгуiне байланысты ат-тонын бауырына алып тулап, аласұрған, газеттердiң бiрiнде ақылын ашуға жеңдiрiп, қызуқандылықпен артық-ауыс пiкiр бiлдiрiп те жiберген Ибадулла Қалыбековтiң Жалын ауылындағы оралмандардың тағдыры туралы мүлде жақ ашпағаны түсiнiксiз. Ол оралмандардың бәрiне бiрдей тең қараса, бiр-бiрiнен алаламаса неге бүйттi екен?..

Бақытжан Әбдiрашұлы

Оңтүстiк Қазақстан облысы

06.10.2011