Тамырды талғажау еткендер
Тамырды талғажау еткендер
Биылғы жылы 90-ға келген «Ақиқат» ұлттық қоғамдық-саяси журналы – қашанда елдiң парыз жүгiн арқалаған басылым. Ол өзi жарық көрген 1921 жылдан берi ақиқаттың ақ жолында парасат биiгiнен сөз қозғап, ой толғап келедi. Алысты барлап ұшар баба бүркiт қалпына келген «Ақиқат» журналы мыңдаған бала бүркiттердi тәрбиелеп, биiктерiне жол ашып бергенi де жадымызда.
Бұл журнал өзiнiң осынау 90 жылдық ғұмырында өрдi де, еңiстi де көрдi, жеңiстi де жемiстi де терiп келедi. Ұлт руханияты мен ұлттық рухтың туын берiк насихаттау жолында елiмiздiң ақпараттық кеңiстiгiндегi басқа үлкендi-кiшiлi басылымдарға үлгi болды. Соның арқасында қалың оқырманның ыстық ықыласына, шапағатына бөленген басылым дәрежесiне көтерiлдi. Олай дейтiнiмiз, Абдолла Асылбеков, Нығмет Нұрмақов, Смағұл Сәдуақасов, Ораз Жандосов, Сәкен Сейфуллин, Тұрар Рысқұлов секiлдi алыптар шоғыры ел мен жердiң тағдырына, қазақ халқының сол уақыттағы түйiндi мәселелерiн шешуге арналған мақалаларын нөмiр сайын жариялап отырды.
«Ақиқаттың» 90 жылдық мерейтойына орай 1921 жылғы алғашқы сандарында қандай құнды дүниелер бар екен деп сарғайған беттерiн парақтағанда ондағы жазылған мақалалардан коммунистiк цензураның бақылауында жүрсе де, Алаш зиялыларының қазақ ұлтының өзектi проблемаларын батыл айта бiлгендiгiне риза боласыз. Ұлттық рухы жалындаған Абдолла, Смағұл сияқты азаматтар ұлт мәселесiне келгенде дәйiм алғы шепте, алдыңғы лекте жүрiптi.
Оның дәлелi ретiнде «Ана тiлi» газетiнiң өткен №39 санында жарияланған «Бұл айтылғандар ертегi емес» атты Смағұл Сәдуақасовтың «Қостанай-Торғай» атты мақаласын айтуға болады. Ендi «Ақиқаттың» алғашқы редакторы, Алаш зиялыларының бiрi Абдолла Асылбековтiң 1921 жылғы Қазақстандағы аштыққа байланысты нақты дәлелдерге сүйене отырып жариялаған материалын оқырманға қайта ұсынып отырмыз. Бұл мақалада сол жылғы аштықтың нақты себептерi ашық айтылады. Қазақ халқының қызылдардан да, ақтардан да қатты жапа шегiп, елдi жайлаған жұттан емес, сол әскерлердiң ылаңынан қырылғанын әшкерелейдi. Сонымен қабат, халық санын көрсететiн статистикалық мағлұмат та өте маңызды орын алған. «Қазақ Республикасындағы төрт облыстағы халықтың екi миллионнан астамы, яғни 59 пайызы аштыққа ұшыраған» дейдi, – Абдолла Асылбеков. Осы дәйекке сүйене отырып, егер төрт облыста 3 миллионнан астам қазақ болса, онда қалған аймақтағы халық санының қанша болатынын оймен шамалауға болады. Бұл жерде әңгiме тек қазақ халқына байланысты айтылған фактiлер деп түсiну керек. Өйткенi осы кездегi аштыққа ұшыраған аймаққа КИРЦИК-тiң өкiлi ретiнде келген Смағұл Сәдуақасов жұт жайлаған елдi мекендердегi орыс пен қазақтың жай-күйiн өзiнiң есебi ретiнде жасаған баяндамасында ашық жазған. Бұл бойынша орыстар аштан қырылмаған. Аштан тек қазақ қырылған, орыстарға тамақ үлестiрiлген. Қазақ құр қалған.
Мұндай дәйектердi көптеп келтiруге болады. Сондай маңызы зор, құндылығы қапысыз мақаланың бiрi ретiнде Абдолланың «Қазақ Республикасындағы аштықтың ауданы» атты мақаласын ұсынып отырмыз. Бұл мақаладан Абдолланың сол қиын замандағы аштыққа қатысты ақиқаттың алдаспаны бола бiлгендiгiне, тiлiнiң көркемдiгiне қайран қаласыз.
Мақаланы төте жазудан кирилл қарпiне түсiрiп, әзiрлегенМұхит Бекмырзаұлы
Қазақ республикасындағы аштықтың ауданы
Абдолла Асылбек
Қазақ Республикасында аштық болуға екi түрлi себеп бар: бiрiншi, халықтың шаруасы күйзелiп, мал һәм егiншiлiк шаруасының төмендеп керi кетуi. Екiншi, биылғы құрғақшылықтан егiн-шөптiң шықпай қалуы.
Былтыр халықтың көбi жұтқа шалдығып, қазақтың болсын, орыстың болсын шаруасы бұзылды. Жазғытұры халық қолында жұттан қалған малы арықтап, шөп болса таусылып, астық азайып, жүдеп-жадап шықты. Қазақ халқының мал тұқымы аза-йып, жаз күн көретiн, сүтiн iшiп қорек қылатын малдары қысты күнi iш тастады, қырылды. Крестьяндардың астығы қазынаға алынды. Сондықтан халықтың қолында тiршiлiгiн сақтарлық артық астық, сауып iшерлiк сауын қалмады. Бәрiбiр биылғы жазғы құрғақшылық болып, егiн-шөп шықпай қалмағанда да, жұрттың көбi аштыққа ұшыраған болар едi. Бұл шаруашылықтың бұзылған қиындығының, тұрмыстың ауырлығының үстiне биыл жаз жұрттың мал бағатын жайлауларында шөп шықпады. Сөйтiп, қысқы жұттың зардабына құрғақшылық қосылып, халық зор аштықтың апатына ұшырады.
Шаруашылықтың бүлiншiлiгiн түзету үшiн көп уақыт керек. Бүлiнген шаруаны түзету орнына бұрын құлақ естiп, көз көрмеген аштық жығылғанға жұдырық болды.
Қазақ Республикасындағы шаруа түрлерi
Қазақ Республикасының басына келген аштықтың мөлшерiн, ауданын Қазақ Республикасындағы жұрттың бәрi бiрдей егiн шаруасыменен айналыспайтындығының өзi де анық көрсетедi. Сөйтсе де аштықтың қандай екендiгiн, неден шыққандығын анық түсiнiп, мөлшерiн толық бiлiп, оныменен Аштардың саны
Қазақ Республикасының негiзгi шаруасы үш түрге бөлiнедi:
1. Егiншiлiк
2. Мал бағу
3. Жоғарғы екеуiн де iстеу – мал да бағу, егiн де егу.
Республиканың жалпы шаруасының есебi жоғарыда көрсетiлген үш түрмен былайша бөлiнедi. Бұл жоғарыдағы саннан көрiнедi. Көшпелi мал бағумен кәсiп қылатын халықтың саны 211 мың. Бүтiн республиканың осы санының төрттен бiрi азмұнша тарыдан басқа егiн екпейтiндiгiн, жаз көшiп, қыс отыратын бiр жағынан мал, екiншi егiн кәсiбiн қылатын халықтың саны 185 мың.Бүтiн үй санының бес бөлiгiнiң бiр бөлегi. Бар еккен егiнi бiр үйлi жанға бiр десятина һәм бiр десятинаның үш бөлiгiнiң бiрi келедi. Сондықтан ол екеуi де өз егiнiменен өздерiн асырап, сақтай алмайды. Сөйтiп, халықтың жартысы егiн жақсы шыққан күнде де, астықты сатып алуға тура келедi. Бұлар астықты бiрiншi егiнменен кәсiп қылатын крестьяндардан сатып алады, егер де крестьяндардың егiнi жақсы шығып, өздерiнiң iшермендiктерiнен артылып қалатын болса. Революция болғанға шейiн Қазақ Республикасының астығы өзiне жетушi едi. Егiншiлiк кәсiбiн қылатын крестьяндар егiн егуге жарайтын жерлерiнiң бәрiне тегiс егiн шашып, оған астығы өз iшермендiгiнен артылып, көшпелi мал баққан егiн екпейтiн елдердi асырауына жететiн егiннiң бұрынғы дағдылы шығысы жылына 140 миллион пұт астық беретiн. Халықтың iшермендiгiне жүз миллионнан артық кетпейтiн. Қалған қырық миллионды басқа базарларға сатушы едi. Сондықтан жұрт көп аштыққа дәл биылғыдай орасан ұрынбайтын.
Шаруаның өзгеруi
Қазақ Республикасының шаруасы 1917 жылдан берi жылдан жылға өзгердi. Бұрынғы шаруа күйзелiп, шаруашылық бүлiндi. Жыл сайын шаруа бұрынғысынан керi кеттi. Бұлай шаруаның бүлiнуiне себеп жұт, құрғақшылық болғанмен, әсiресе, өктеген өзгерiстен соңғы әлеумет соғысы.
Шаруаның негiзгi нәрселерiнiң соңғы төрт жыл iшiндегi өзгеруi:
Бұл жоғарыдағы сандарға қарағанда егiн 1917 жылдағыдан тең жартысы кемiген, мал жүздiң 83-i кемiп 17-i ғана қалған. Мiне осындай құлақ естiп, көз көрмеген егiн, мал шаруасының күйзелуi, төмендеуi, жылдан жыл керi кетуi, әрине көп себептерден шыққан. Сол себептiң ең зоры, ең үлкенi әлеумет соғысы. Қазақ Республикасында, әсiресе солтүстiк жағында басмашылықтың басылмауы. Бұл басмашылықты басу, бiтiруге жiберген қызыл әскер болсын, ақтардың бандиттерiнiң салдары болсын жүрiстерi Қазақ Республикасында үзiлмедi. Соғысы да шаруашылық ретiне қарамайды. Артық нәрселердi екi жағы да дұшпандарына түспес үшiн шегiнген кезде тұрған жерiндегi нәрселердi өртеп кеттi һәм өздерiменен бiрге алып кеттi. Мәселен 1920 жылғы Торғайдағы жұт қыс қатты болып, шөп шықпай қалғандықтан болмай, ерсiлi-қарсылы жүрген әскер жұрттың шөбiн аттарына берген. Бар қоңды көлiктерiн лауға мiнген. Қалада карточкамен өлшеулi ас алатын қаладан шыққан солдаттар қырдағы тұрмысты да қаладағыдай бiлiп, елдiң бар соғымының еттерiн «Буржуйсыңдар» деп өздерiнiң ойларына келгенше асып жеген. Сөйтiп, халықтың шөбi таусылып, қолдағы малдары, бар қоңды көлiктерi лауда болып, қырдағы малды бағуға қоңды көлiк болмай, қырдағы малдары қырылған. Сойған соғымдарының еттерiн әскер жеп тауысып, қаладан сатып алуға астық шықпай, қазан жұтына ұшырап, адамдары ашыққан.
Қазақ iшiнде 1920 һәм 1921 жылдары ұдайы жұт болды. Бұл екi жыл елдiң бар малының тұқымын тауысуға жақындатты. 1921 жылы Қазақ Республикасында 2 093 000 десятина жерге егiн егiлген. Бұл жерден егiн орташа шыққанда да 70 миллион пұт астық жиналады. Халықтың iшермендiгi менен тұқымдық астығына ең азы бiр жүз миллион пұт керек. Сондықтан халықтың көбi аштыққа ұрынбаған болар едi. Әрине, аштық болғанда, ең алдыменен аштыққа ұрынатын егiн екпейтiн көшпелi қазақ халқы.
Аштық һәм Қазақ Республикасының бiр жылдық астық расхотыКең Қазақ Республикасында жазғытұры ойлағандай астық шығымы болмай, салынған егiн қалыбыменен Қазақ Республикасының Орынбор, Орал, Қостанай, Ақтөбе, Бөкей губерналарында шықпай қалды. Бұл губерналардың бар халқының саны 2 220 000 жан. Егiнжай ауданы 1 130 000 десятина. Бұдан 700 000 десятина егiннен бiр дән шықпай құрып кеттi. Қалған 430 000 десятинадан барлығы десятинасынан 6 пұттан екi жарым миллион пұт астық алынды.
Қазақ Республикасының санақ басқармасы жер һәм астық комиссариатының 1921 жылғы жасаған астық расхоты:
Жоғарғы есепке қарағанда Ақмола, әсiресе Семей губерналарында егiн жақсы шықса да, Қазақ Республикасының жылдық расхотын өтеуге он бiр миллион пұтқа жақын астық керек екендiгiн көрсетедi. Бұл он бiр миллион пұт аш губерналарда аштарға берiлетiн мөлшерлермен көшпелi елдiң жан басына үш пұт, қыс отырып, жаз көшетiн елдердiң жан басына төрт пұттан есептелген һәм келесi жаз шашатын егiнге керектi тұқым 1921 жылғы егiнжай ауданынан азырақ үлкейтiлiп, 2 530 000 десятинаға есептелген. Бiрақ келесi жылғы керектi тұқым 13 600 000 пұт. Мұның 12 900 000 пұты жазғы тұқым шашуға, қалғаны күздiгүнi шашылған қара бидайға.Астықтың жетпей, әсiресе, көп керек болып жатқан жағы аш губерналарда. Бұл аш губерналардың астық расхоты һәм жетпей жатқаны төмендегiше:
Аш губерналардың жалғыз келесi жазғы салатын егiнге керектi тұқымының өзiне 5 630 000 пұт астық керек (1 200 000 десятина). Биылғы шыққан егiннен алған барлық астығы ендiгi жазғы тұқымына да жетпейдi. Бiз бұл жоғарыда көрсетiлген сандарменен аштықтың ауданын көрсетiп отырмыз. Әйтпесе өзi аштан қырылып жатқан адамдар ендiгi жылғы тұқымына биылғы астығын қалдырар ма. Оның өзiн осы биыл жеп тауысып та қойды.
Кiмдi аш деп есептеуге болады
Аштардың санын алу өте қиын болды. Кiмдi аш, кiмдi аш емес, өз тамағын өзi асырай алады деп есептеу үшiн қандай белгiлi негiзге қойылып, қандай шаруасы бар үйлер аштарға қосылу керек? Қазақ Республикасының санақ басқармасы 1920 һәм 1921 жылғы алынған сан бойынша былайша есептеген.
Шаруа ретiменен бөлектеу (группировка)1920 жылдың санағы бойынша аш губерналардың шаруасы екi түрлi белгiменен бөлiктенген: Егiнжай ауданы һәм мал санына қарап. Бұдан соң жер һәм шаруа түрiне қарап районға бөлiнген. Районға бөлiнгенде шаруаның өзi үш түрге айрылды:
Егiн кәсiбiн қылатын район
Егiн һәм мал бағу кәсiбiн қылатын район,Көшпелi жалғыз-ақ мал бағатын район.Отырықшы егiн кәсiбiн қылатын һәм егiн мен мал бағу кәсiбiн қылатын екi район да негiзгi шаруаға егiн, көшпелiде мал есепке алынды һәм әрбiр шаруа бөлiмiнiң жан, мал, һәм егiн десятинасының орын саны есептелiп шығарылды. Әрбiр түрiнiң (районының) есебiн есептеп ұзын санын 1920 жылдың 1-шi алынған санақ пен 1921 жылдағы алынған санақты салыстырып, қаралып түзетiлдi. Сөйтiп, әрбiр үйдiң мал, егiн шаруасына қарап, мал саны, егiн саны бiрдейлердi бiрге жинады. Мәселен 1921 жылы аш губерналарда екi қарасы жеке бiр десятина егiн салғандардың саны қанша екен, содан соң 1921 жылы мұның қаншасы кемiген. 1920 жылы бiр қаралы бiр мың жан болса, 1921 жылы бiр қаралы он жан болған. Мiне осылай ылғи қара саны егiн десятинасы бiрдейлердi бiрге жинап егiнi, малы бар қанша үй, олардың бұл егiн малы неше ай өздерiн асырап, сақтап, шыдауға жарайды. Һәм мүлде жоқ құр қара мен сақа басы қалғандардың санын есептеп бiлген.Егiн салатындар салған егiн десятинасына һәм алған астығына қарап былай бөлiнген: Астығы жоқ бiр десятина үшке шейiн 3-тен 5-ке шейiн, 5-тен 8-ге8-ден 9 һәм жоғары. Мал бағатын районда әр үй шаруасының мал саны былайша бөлiнiп бес бөлiкке бөлiнген:1. Бiр қарадан 3-ке шейiн2. 4-8;3. 9-15; 4. 16-25; 5. 26-һәм бұдан көп. Биылғы салынған егiннiң десятинасына алынған астық бүтiн есептелгенде әр бөлiмге егiн шығысы бiрдей деп ойланған. Бұл есептен мал саны жеке екi десятинасының саны кем болмаса артық есептелдi деуге болмайды. Себебi қазақ шаруасы жылдан жыл кемiп, азайып бiтуге жақындап келе жатқанын басында жазып өттiк һәм әркiмге де айдай ашық белгiлi. Жоғарыдағы шаруа ретiменен бөлiнгенде Сырдың егiн һәм малы 5-шi һәм 6-шы бөлiкке тура келетiндердi, яғни 8 десятина егiн еккен 25 қарасы барлар биылғы алған астығына қарамай, аштар санына қосылмай шығарылып қалынды. Қалған бөлiктердiң биылғы алған астығы һәм малы неше күн күнкөруге жететiнiн есептеп, қолындағы астығы таусылғанынан аштар қатарының есебiне кiргiзiлетiн қылынды. Аштарға керек астық. Өздерiнде бардан басқа
Осылай есептегенде аштардың саны мынадай:
Осы күнi декабрь менен январьда аштардың саны 2 039 900 жан. Бұл аш губерналардағы барлық жанның жүзден 59-ы (59%).
Аш губерналардың соңғы хабарларына қарағанда күннен күнге өсiп, көбейiп барады. Нан таусылды. Жұрт шөп жеп, ағаштың тамырын, өлексе жиюшы едi. Оның өздерiнiң аздығы һәм аузына түскендi жеп тамақ қылып аштан, аурудан өлгеннiң көбейгендiгiн бiлдiредi.Аш губерналардың қолдарындағы бар астықтан тамақтық нәрседен басқа жiберген өкiмет халықтың бiр үйiне тиiстi астықтың саны аштарға беретiн өлшеумен айына 16 қадақтан. Аш губерналардың барлық iшермендiкке керек астығы 6 575 000 пұт. Бұған келесi жазғы тұқым астықты қосқанда 1 320 000 пұт болады. Бұл халыққа ең аз өлшеумен бергендегi керектiсi. Мұны патшалық беруге мiндеттi. Егер де астық табылмаса, халықтың бәрi аштан өлiп, құрып таусылмақ. Қазақ Республикасындағы жергiлiктi халық қазақ халқы мәдениет жүзiнде әбден кейiн қалған көшпелi жұрт. Далада астық апаратын шо-йын жол, ауруларын қарайтын аурухана, бастарын қосып, бiр жерден асырауға жерi шалғай бытыранды. Аштықтан сау жаққа көшiруге жылы киiмi жоқ. Ауырып, аштан қырылып жатыр. Соның үшiн қалғанын аман сақтап, алып қалу үшiн жылдамырақ жәрдем iсiне қатынаспаса, қазақ халқынан тарихта бар едi, жоқ болды деген сөз ғана қалмақ.
«Қызыл Қазақстан».
№ 4, 1922, 7 январь
06.10.2011