Жаңалықтар

ОҚ АТПАЙ ОТАРЛАУДЫҢ ТӘСIЛДЕРI

ашық дереккөзі

ОҚ АТПАЙ ОТАРЛАУДЫҢ ТӘСIЛДЕРI

Зерттеушiлердiң мәлiметiне қарағанда, әлемдiк геосаяси мүдденi көздеген iрi державалар белгiлi бiр елдi өз отарына айналдырудың 483 технологиялық әдiстемесiн жасағаны ғылыми түрде анықталған көрiнедi. Ал оның сыртында әлi ашылмаған, құпия күйiнде сақталып жатқандарының қанша екенi бiр Құдайға ғана аян шығар. Олай болса, шет елдiк геосаясатқа таңылған гео-стратегия, гео-отарлық, «шектеусiз соғыс» пен түпсiз ықпалды технология атаулының бәрi жабылып келiп шикiзаты мен табиғи байлығы мол бола тұра даму деңгейi төмен елдердi шайнамай жұта ма деген қауiптiң бұлты қоюлана түспек. Ендеше ұлттық қауiпсiздiк, құқықтық база, кез-келген пәленiң алдын алу, бола қалғанда жедел қимылдау секiлдi iс-шаралар қашан да күн тәртiбiнен түспесе керек.

Әлем елдерiнiң жүйелi дамуын, олардың жасаған даму бағдарламаларының әдiстемесiн, бағыт-бағдарын зерттеген ғалымдардың жазуларына қарағанда, көптеген елдер стратегияларын 2050 жылға дейiн, кейбiрi тiптi 2100 жылға дейiн белгiлегендерiн кездестiруге болады. Жалпы жоғары дамыған өркениеттi елдердiң стратегиялық даму саясатына зер салып қарасаңыз, екi мәселенiң басы ашықтығына көз жеткiзуге болады екен. Бiрiншiсi, даму стратегияларын 50–100 жылмен айқындаса, екiншiсi, ұзақ жылдарға арналған тұрақтылықты, ұлттық қауiпсiздiктi қамтамасыз ететiн бағдарлама белгiлеп, iргесiн нығайтады екен.

Жалпы қоғамдық дамуды ешбiр қателiкке ұрынбай мiнсiз атқару дегеннiң болмайтынын, оның утопия екенiн мойындау әлем елдерiнiң бәрiнде бар үрдiс. Адам баласы өз тарихында қателесе жүрiп, жетестiкке жетiп дамыған. Сол қателiктердi iшiнара түзелетiн және түзелмейтiн деген екi топқа бөле отырып, түрлi елдер өздерiнiң тұрақты дамуы мен ұлттық саясатын белгiлемек. Сол саясаттың қаншалықты негiздiлiгi елдiң алдағы тағдырын шешетiндiгi аксиома. Олай болса, қазiргi таңда ұлттық қауiпсiздiкке қатер төндiретiн факторлардың өзi технологиялық даму, әлемдiк геосаяси құрылымдар, геостратегиялық мүддеден туындайтын жаңа қадамдар, түрлi тәсiлдер мен тактикалық қадамдар екенi айқын көрiнiп тұр. Оның нақты мысалы ретiнде жоғарыда мылтықсыз майданға айналған «шектеусiз соғыс» деген аталымды келтiрдiк. Оның өзi шын мәнiнде ассиметрикалық соғыстың басты құралына айналып отыр. Симметрикалық соғыс дегенiмiз – тең деңгейдегi әскери күш пен қару жарақ әлеуетi ұқсас елдердiң өзара жанжалдасуы болса, ассиметрикалық дегенi бiрiнiң әскери күш қуаты тым басым, екiншiсiнiң одан әлдеқайда әлсiз бола тұра өзара жауласуын айтады.

Unrestricted warfare – шектеусiз соғыс құралы деп аталатын ұғым әлемде 1999 жылы пайда болған. Ұғымның негiзi Қытай халықтық азат ету армиясының екi полковнигi Хиау Лиаң мен Уаң Xиңсуйдың жарыққа шығарған кiтабынан туындаған екен. Кiтаптың мазмұны Қытай мен АҚШ арасында соғыс бола қалса, қандай тактикалық тәсiлдер қолданылады дегендi әскери стратегиялық жағынан талдаған көрiнедi. Американың барлау қызметiнiң атын ағылшыншаға аударуы зерттеушiлердiң жан-жақты талдауларына мүмкiндiк берген.

Мылтықсыз майданның негiзгi нысаны ретiнде мыналар қарастырылған:

1. Заңдық, құқықтық соғыс;

2. Экономикалық соғыс;

3. Жүйелiк;

4. Терроризм.

Мұндай соғыстың қимылдары тiкелей атыс-шабыс шайқасынан гөрi шығыны аздау болғанымен зардабы мен қатерi тiптi ауыр тиедi дегендi айтқан екен. қытайдың әлгi екi полковнигi. Оған қоса тағы экологиялық, химиялық, микробиологиялық, генетикалық, нанотехнологиялық, психотрондық, ақпараттық, технологиялық, демографиялық секiлдi қатерлi тәсiлдердiң пайда болғанын ескерсек, ассиметрикалық соғыстың қаншалықты кең арналы екендiгiн бажайлай беруге болады. Олардың iшiнен алдымен бастапқы екеуiне тоқталайық.

Заңдық, құқЫқтық соғыс құралының сипаты

Өз ұлтына және оның болашағына қауiп төндiруi ықтимал елдi мейлiнше технологиялық, әскери күш-қуаты жағынан дамуына жол бермеу саясатын халықаралық аренада ұстанып, жүзеге асыру – аталмыш фактордың негiзгi миссиясы. Осы саясатының арқасында олар әскери технологиялық дамуы жағынан өзге елдерден озып шығып, артықшылыққа жетуге тырысады. Ондай озбыр елдер үшiн табиғи байлығы мол дамушы елдер басты нысанаға айналады. Оған нақты мысал ретiнде Ирак елiн алуға болады. 2003 жылы АҚШ шабуыл жасаудың алдында БҰҰ мен бiрқатар елдердiң қолдауының нәтижесiнде Иракқа қарсы қаржы-экономикалық эмбарго қолданды. Ирак елi сол кездiң өзiнде жыл сайын 300 мың сәбиi шетiнейтiн, экономикасы күйреген, тұрмыстық деңгейлерi күрт төмендеген, сыртқы жауға төтеп бере алмайтын әлсiз күйде болатын. Қарсы жағын әбден титықтатып барып, жаулап алудың сұмдық тактикасын олар осылайша жүзеге асырды.

Аталған соғыстың геостратегиялық мақсаты болғанын да ерекше атап айтуға тиiспiз. 1998 жылы Венесуэла билiгi Уго Чавеске көшкен соң мұнай саясатында iрi өзгерiстiң орын алғаны да зерттеушiлердi қызықтырып отыр. Венесуэла мұнай ресурсы жағынан әлемде жетiншi орында. Ал, логистикалық тұрғыдан келгенде, АҚШ-қа ең жақын орналасқан кiшкентай ел. АҚШ-қа мұнай жөнелтетiн басты үш елдiң бiрi болды. Венесуэладан келетiн мұнай тасқыны саябырси бастағанда АҚШ өзге қайнар бұлақтарды iздестiре бастады. «Іздегенге сұраған» демекшi, мұнай ресурсы жағынан әлемде төртiншi орында тұрған, бiрақ, күш-қуаты әлсiз Иракты олар қолайлы көрген. Иракта адамзатты қырып, жойып жiберетiн қару бар дегендi негiзге алып, соғысты ашып жiбердi. Бiрақ онысының еш қисынсыз жалған сылтау екендiгi кейiн дәлелдендi ғой. Осының өзi-ақ, табиғи байлықтың әлсiз елдер үшiн опа бермейтiндiгiн көрсеткен жоқ па. Сонымен қатар елдiң борышқа белшеден батуы да ұлттық дербестiктен айырылудың алғышартына айналады екен. Өзiн қорғауға дәрменсiз елдердiң барлығында бүгiнгi таңда ақпараттық нөпiрдiң күшiмен өз өнiмдерiн өткiзетiн стратегиялық алаңға айналдыру iсi қарқынды жүрiлiп жатыр. Себебi, көптеген елдер геосаясаты мен геостратегиясын жүзеге асыру үшiн халықаралық заңдылықтар мен нормаларда көрсетiлген нұсқауларды өздерiне тиiмдi етiп пайдалануға тырысады. Онымен де тынбайды, өздерiне қолайлы жағдайды қалыптастыру үшiн санқилы саяси-экономикалық ахуалды жасауға, өзгеге қысым көрсетуге күш салады.

Оған мысалды алыстан iздеудiң қажетi жоқ. Кезiнде бiздiң де бiршама заңдарымыз, әсiресе, табиғи ресурстар туралы заңдық нормалар әлемдiк банк пен шетелдiк сарапшылардың берген кеңестерiнiң аясында жасалғаны рас. Ақыр соңында оның өзi шетелдiк инвесторлар үшiн елiмiздiң стратегиялық нысандарына ие болуына жағдай тудырады. Келесi бiр қадамға келсек, белгiлi бiр елдiң жерiн өзiне қаратып алу немесе халықаралық нарықта құнды қағаздар түрiнде шығарып кепiлдендiру мәселесi деген бар. Ендi байыптап қарасаңыз, тәуелсiз елдiң заңымен, халықаралық конвенциямен бекiтiлген нормаларға сай қазiргi заманның заңдық, құқықтық соғыстың технологиялық тәсiлi бойынша геостратегиялық саясаттың мықтап жүзеге асырылғанын аңғарасыз. Бұл үрдiстi ендi кеңiрек талдап таратайық:

Бiрiншiден, әлемдегi халықаралық жалпыға ортақ конвенцияларға енген кезде елiмiз өзiне қандай мiндеттiң жүктелiп отырғандығын саналы түрде түсiнгенi абзал болар едi. Халықаралық заңдылықтарды қабылдағанда елiмiз одан туындайтын барлық қолайсыздықтардың ұлттық мүдде мен елдiң қауiпсiздiгiне нұқсан келмеуiне зер салған саясат ұстануға тиiс. Алайда, бiзде оған немқұрайды қарау белең алғаны өкiнiштi.

Екiншiден, энергетикалық ресурстар мен табиғи байлыққа қатысты заңдарды Конституциямен және ұлттық қауiпсiздiк саясатпен жiтi байланыстыру жағы кемшiн түсiп отыр. Шетел сарапшылары мен кеңесшiлердiң «ұсыныс, пiкiрлерi» терең зерттелмейдi, әйтеуiр, халықаралық стандартқа сай болуы керек дегендi ғана алға тартып, өзгенiкiн бiлместiкпен көшiру жағы басым түскенi аңғарылады.

Үшiншiден, табиғи байлық пен энергетикалық ресурстарды игеру, пайдалану туралы заңды бекiтерде лоббистер мен азғана топтың мүддесi басым болды ма, әлде, таза патриоттыққа негiзделдi ме дегенге келгенде тағы да күмiлжiп қаламыз.

Төртiншiден, пайдалы қазбалар туралы заңда ресми тұлғалар мен жеке адамдарға берiлуi мүмкiн лицензияның саны шектелуi тиiс. Бiр адам бiрнеше учаскеде қат-қабат барлау жасайтындай немесе қазба жұмыстарын бейберекет жүргiзетiндей жүгенсiздiк болмауы керек.

Бесiншiден, шетел инвестициясына қолайлы жағдай жасау мәселесi тек қана iргесi бекiген, заңдық, құқықтық қорғау базасы әлдеқашан қалыптасқан өркениеттi жоғары дамыған елдерде жүзеге асырылатын технология. Оны әкелiп, бiз секiлдi дамушы елге тықпалау ұлттық мүдде мен қауiпсiздiктi кейiн қарай ысырып тастаумен бiрдей.

Алтыншыдан, шетелдiк компаниялардың құқықтық мәртебесi дұрыс белгiленiп отырған жоқ. Олардың «шаңыраққа қарауды ұмытуына» жағдай жасалып отырғаны еш құпия емес. Жергiлiктi жұмысшыларға төлейтiн еңбекақы мен өздерiмен бiрге келген мамандарға беретiн жалақысы арасындағы алшақтық шектен шығып кеткен.

Мұның бәрi айналып келгенде елдiң экономикасын iрi көлемде қарызға батыруға немесе ұлттық қауiпсiздiкке орасан нұқсан келтiруге әкелiп соқтыруы әбден мүмкiн. Себебi, жоғарыдағы ұстанымдардың бәрi өз қолымызбен өзiмiздi буындырумен бiрдей әрекет. Оның негiзiн жат жұрттықтар қалап берiп қойған. Алайда, ол үшiн әлде бiр елдi айыптауға негiз болатын ешбiр құқтық акт жоқ. Ал шетелдiктер табиғи байлығымызды тонап жатыр дегендей немесе басқаша жолмен сыпайы түрде болса да елдiк, ұлттық мүддемiздi көздесек халықаралық ережелердi бұзған секiлдi ұғым тудырамыз. «Ары тартсаң арба сынады, берi тартсаң өгiз өледi» деп мәймөңкелеп, ұлттық қауiпсiздiкке төнетiн қауiптi ескермеу тағы да ағаттық болар едi. Мұның өзi 1973 жылғы Чилидiң, 2003 жылғы Ирактың тағдырын қайталауға итермелемесе екен деп тiлегеннен басқа жол жоқ.

Аталмыш саясаттың құрбанына ХХ ғасырда Африка елдерi айналған. Ал ХХІ ғасырда бiздiң кезегiмiз келмесе игi дейiк. Жалпы қырғи қабақ соғыстың аяқталған кезiнен бастап пост елдерде болып жатқан жағдайларға жiтi талдау жасасақ, бiзде жүзеге асырылып отырған сыртқы қатынас пен халықаралық ынтымақтастықтың шынайы бейнесiн жақынырақ тануға болады.

Экономикалық соғыс құралы деген не?

Экономикалық соғыс құралы ретiнде нендей дүниелер қолданылатындығына да аз кем тоқтала кетейiк. Бұл жерде қайтарымсыз көмек деген дүние елеулi орын иеленедi. Әлем елдерiнiң бiр-бiрiне көмектесуi, жалпы ынтымақтасуы құптарлық жайт, әрине. Дегенмен қайтарымсыз көмек арқылы бiр ел екiншi елдiң экономикасын күйрететiн технологияның да барын ұмытпауымыз керек. Мұндай технология белгiлi бiр саланы көтерудi көздемейдi. Керiсiнше, ары қарай дамуына емес, болмашы ғана «жеммен» iлдебайлап отырып, бiртiндеп өз меншiгiне айналдыруға тырысады. Мысалы, энергиялық қуат көздерiн дамытамыз деген желеумен бiршама инвестиция енгiзедi де қаржы, несиелерiн салып, саланы өз елiне лайықталған технологияға көшiру саясатын ұстанады.

Қарызды салаға құйғанда экономикалық тиiмдiлiгiн ескерудi тапсыруы мүмкiн. Ал, ешқашан елiңнiң қауiпсiздiгiн ойла демейдi. Осылайша, экономикалық пайдалы әрi тиiмдi ахуал қалыптастыру үшiн әдейi әлемдiк нарық бағасынан бiрнеше есе арзан бағамен технологиясы мен өнiмдерiн ұсыну арқылы белгiлi өндiрiстi өзiне тәуелдi етiп қояды. Осыдан кейiн бiрден өз елiнiң технологиясына бағынышты болған саланың қосалқы бөлшектерi мен технологиялық жаңартуларын қалағанынша өздерi жасап, әбден билеп-төстеп алады. Бара-бара елдiң энергетикалық қауiпсiздiгiнiң өзiн ашса алақанында, жұмса жұдырығында ұстап, өздерi талап қойып, онысын сөзсiз мойындататын жағдайға жетедi.

Осылайша, тәуелдi етiп алған соң бағаны да өздерi белгiлейдi, халықтың қанын теспей соруға көшедi. Батыстың жоғары дамыған елдерiнiң тәжiрибесiне зер салып қарасақ, ешбiр мемлекет энергетика мен байланыс саласын ешқашан жекешелендiрмейдi және шетелдiк ұйымдарға бермейдi.

Экономика мен нарықтың белгiлi бiр саласын импорттық мақсатқа негiзделген саясатпен банкротқа ұшырататын тағы бiр тәсiл бар көрiнедi. Импорттық саясаттың негiзгi құралы стратегиялық «пайдалы» және «пайдасыз» деген топтан тұрады. «Пайдасыз» делiнген технологияның өзi 1–3 жыл ғана шығынмен жұмыс iстейдi. Ал, 5–10 жылдан соң шығынын бiрнеше еселеп өндiрiп алады немесе бәсекелес жақтың экономикасын күйрету мақсатымен қайта бас көтеру мүмкiндiгiн бiржолата жабу арқылы белгiлi бiр елдi өзiнiң ықпалына енгiзу стратегиясын қарастырады. Мысал ретiнде Солтүстiк Шығыс Азия елдерi арасында 1970 жылдары болған шекаралық қақтығысты еске алуға болады. Оған себеп болған дүниенiң өзi тым ұсақ әрi өте қызық жайт едi. Көршiлес бiр ел екiншiсiнен сиырдың бiр құйыршығын бiр iрi қараның бағасымен сатып ала бастайды. Соның салдарынан аша тұяқтының бәрi қырылып, жер жыртатын сиырсыз қалған елдi аштық жайлайды. Елде тұрақсыздық орын алып, қауiпсiздiктi сақтаймыз деген желеумен әскери күш қолданылып, ақыры соғыс да көптеп кездеседi.

«Пайдалы» делiнетiн технология – өз елiне пайдалы стратегиялық шикiзатты аз қаржымен, яғни, көп қиындықсыз жолмен тұрақты әрi ұзақ мерзiммен енгiзуге жағдай тудыру. Ол үшiн шектеусiз ықпал етудiң технологиясын пайдалану. Аталмыш технология аясында белгiлi бiр шикiзатты экспорттаушы елге шикiзатты жартылай немесе толықтай өңдеу кәсiпорындарын салуға мүмкiндiк бермеудiң стратегиялық саясатын жүзеге асырады. Сөйте келе экономикалық және саяси жанама ықпалға негiзделген саясаттарын шикiзат экспорттаушы елге қарсы қолданады.

Импорттық және экспорттық саясат пен оның бағасын да үйлестiрiп үлгермеген бiз үшiн жоғарыдағы технологиялардың түпкiлiктi мәнi мен залалын айқындап зерттеу көптеген құрбандықтардың алдын алуға көмектескен болар едi. Жалпы өз бәсекелестерiнiң нарығын құлатудың үкiметтен үйлестiрiлген технологиясы соңғы кездерi құрлықтан құрлыққа жетiп, халықаралық деңгейге көтерiлгенiн әлем сарапшылары ескертiп келедi. Кей жағдайда қарсылас жақтың экономикалық базасын бүлдiру жолмен өз ықпалына енгiзу саясатының бiр құралына айналғандығы белгiлi болып отыр.

Инвестицияның игiлiгi болса да…

Өкiнiшке қарай, ел экономикасына инвестиция енгiзудiң көлеңкелi тұстары қылаң берiп жатыр. Мысалы, Латын Америкасындағы мына бiр жайтты тарихи ащы сабақ деуге болады. Елдiң ауыл шаруашылығы саласына жарияланған тендер бойынша оған шетел инвестициясын тартуға тиым салынған арнайы ереже енгiзiлген екен. Алайда, бiрлескен компанияның инвестициясына рұқсат беретiн заңдық құжат бар. Оны шетелдiк компания асқан шеберлiкпен пайдалана бiлген. Оффшорлық тiркеудегi бiрнеше қожайыннан құралған секiлдi етiп бiрнеше ұжым бiрлескен компания құрады да тендерде жеңiп шығады. Елдiң ауыл шаруашылығы мен азық-түлiк саласында басты ойыншыға айналады. Ресми түрде бiрнеше компания жұмыс жүргiзiп отырғандай көрiнгенiмен iс жүзiнде артында бiр ғана қожасы бар ұйымның тұрғаны кейiн белгiлi болады. Компанияның көп жыл бойы жүргiзген саясаты мен атқарған iс қызметi елдiң экономикасына қыруар шығын әкелiп залалын тигiзген.

Әлемнiң алдыңғы қатарлы елдерi түпкiлiктi қожасы беймәлiм, ақырғы жауапкершiлiктi жүктеуге келмейтiн оффшорлық компанияларды мемлекеттiң стратегиялық маңызды салаларына жолатпайды. Ал, бiз бүгiнде шетел инвесторларына жағдай жасаудан әлемде алға шығып кеткенiмiздi мақтан етiп, БАҚ арқылы шулаймыз да жатамыз. Ал оның қырына үңiлiп, ақырғы нәтижесi не боларын пайымдауға мұршамыз болар емес. Қысқасы, мақтанудан қолымыз босайтын түрi жоқ.

Экологиялық жаулауды ескерiп жүрмiз бе?

Экологиялық соғыстың өзiнде екi бағыт айқындалған екен. Бiрiншiсi, экологияның тұрақты балансын технологиялық тәсiлмен бүлдiру болса, екiншiсi, экологиялық құрылымды экономикалық фактормен қирату. Алғашқысы, қарсы жақтың экологиялық жүйесiнiң тепе-теңдiгiнен айыру белгiлi бiр елдiң экономикасын күйретудiң таңдаулы тәсiлдердiң бiрi дегендi сарапшылар ескертiп келедi. Экологияның тұрақты балансын технологиялық тәсiлмен бұзу мәселесi көп жағдайда кездейсоқ тұрпатта iспеттi көрiнiс табады екен. Ал, кей жағдайда сирек болса да әдейi қасақана бүлдiру, ластау технология да қолданылады. Кездейсоқ тұрпатта секiлдi жасалатын қастандықтың тәсiлi белгiлi бiр технологияны жүзеге асыруға қабiлетсiз адамдарға iстiң тетiгiн әдейi ұстатып қояды. Сосын, әдейi бiреудiң қолымен от көсеуге кiрiседi. Ғылымда экологияға еш нұқсан келтiрмей жұмыс жүргiзу технология әзiрше шығарылған жоқ. Дегенмен, табиғатқа келтiретiн залалы мейлiнше аз озық технологиялар жоқ деуге тағы болмайды.

Айталық, цианит натри деген улы зат бар. Егер оның техникалық қауiпсiздiк ережелерiн сақтап, дұрыс қолдана бiлсек экологияға тигiзетiн зиянын азайтуға болады. Ал, оны бiлмейтiн, қолдану тәртiбiнен бейхабар адамдарға әдейi берсе немесе сатса, одан келетiн қауiптiң салдарын алдын ала болжаудың өзi қорқынышты.

Қоршаған ортаны қасқана бүлдiру технологияларға энергетикалық станциялар, ядролық қуат күшiн пайдаланатын ұйымдар, өндiрiстер, құрылыс трестерi жатқызылады. Экономикалық өндiрiстiк жүйелi саясат жасалмайынша аталмыш технологиялар ұлттық қауiпсiздiкке және тұрғындардың денсаулығы мен гендiк қорына залал төндiретiн фактор ретiнде қала бередi. Осындай iс әрекеттерден шығатын керi салдарларды бiле тұра оған әдейi қолдау көрсетудi, қаржыландыруды, ұйымдастыруды да экологиялық соғыстың бiр түрiне жатқызуға болады.Экологиялық құрылымды экономикалық факторлар арқылы бүлдiру ел экономикасын тұралатып қана қоймайды. Сонымен қатар қоғамдық-саяси құрылымды да орасан түрде зақымдайтындықтан ең қауiптi технологияға жатқызылады. Мал шаруашылығын құлдыратып күйрету стратегиялық саясат бiзде кеңестiк дәуiрден бастап қолға алынған. Тәуелсiздiк жылдарында оған өзiмiз де қомақты үлес қосып келемiз. Экожүйенi бүлдiрудiң салдарынан судың тапшылығын тудыру, жайылымды талқандап, мал жаятын өрiстi тарылту көшпендiлердiң дәстүрлi шаруашылығын құртудың ең таңдаулы тәсiлдерiнiң бiрi. Қу тақырға айналған далада шығын көбеймесе мал басы өспесi анық.

Су ресурстарын құртудың тағы бiр амалы орман, тоғайларды отау үшiн көршi елдердiң бiрi ағашты жоғары бағамен импорттау стратегиялық саясат жүргiзсе жеткiлiктi. Жерасты қазба байлықтарын пайдалану саласына мол көлемде инвестиция енгiзудiң өзi судың тартылуына, жердiң азып-тозуына, жайылымдарды құнарсыз етуге әкелетiн ең оңтайлы тәсiл. Ал оны ескерiп жатқан бiз жоқпыз.

«Ауру астан» немесе генетикалық соғыс

Әлем ғалымдарының салыстыруларына қарағанда, 1910 жылы бiр алма жегенде адам бойына даритын темiрдiң көлемiне 2010 жылы 5 кг алма жегенде ғана зорға жететiндiгi анықталған. Қазiргi таңда генетикалық керi әсер көрсетуi ықтимал технологияны қауiптi үрдiске жатқызып отыр. Ғалымдар генетика әсерiн, мутациялық қаупi жоғары технологияны биологиялық, химиялық қару қолданудан да зор залал төндiредi деп санайды. Генетикалық және мутациялық залал әкелетiн технологияны iшiнара қысқа және ұзақ мерзiмде әсер ететiн, керi ықпалы жылдам немесе баяу анықталатын, салдарынан арылуға болатын және болмайтын деп бiрнеше бағытқа бөледi. Елiмiзге төнетiн генетикалық технология қауiпi ең алдымен азық-түлiк, мал жемi арқылы таралу ықтималдығы басым.

Азық-түлiк қауiпсiздiгi әрбiр ұлттың ең басты қорғаны болғандықтан аталмыш салада ең жоғарғы талап пен стандарт, заң ережелер қызмет етуге тиiс. Осы саладағы саясат ақсаса, генетикалық қауiптiң бұлты басымызға үйiрiлмек. Олай болса, бұл мәселе қауiпсiздiктiң бiрнеше саласын қамтымақ. Атап айтқанда, жер қыртысының, мал жайылымдары мен су көздерiнiң ластануынан сақтау секiлдi құқтық және қадағалаушылық кешендердiң аясында қарастырылады. Жалпы аталмыш салаға белгiлi бiр жаңа технологияны енгiзу үшiн де жiтi зерттеп, жылдар бойы тәжiрибеден өткiзiп барып өндiрiске енгiзедi. Бiз фермерлiк шаруашылықты дамытамыз деп шулап жүрмiз ғой. Оған байланысты да туындауы ықтимал субъективтiк құрбандықтар болатын көрiнедi.

Фермерлiк шаруашылықтың артықшылығы еңбек өнiмдiлiгiнiң жоғарылығы мен экономикалық тиiмдiлiгiнiң басымдығы екендiгiн бәрiмiз бiлемiз. Алайда, сүт пен етке сiңетiн табиғи нәрлiлiк пен пайдалы витаминнiң құрамы мен сапасы 5–85 пайызға дейiн кемiп кететiндiгiн бiле бермеймiз. Оны азайту үшiн мал жемiне түрлi комбикорм, биокормдарды пайдаланып жатады.

Ауа райының ерекшелiктерi, экологиялық тарихи эволюцияға сай ұлтымыздың гендiк қоры да өзгерiске түстi. Жылдың төрт мезгiлiнiң ауыспалы маусымына сай қазақ баласының гендiк қоры да соған лайықталған. Сапалы әрi витаминға бай экологиялық таза өнiм түрлерiн тұтынып келген қазақ ұлтының дене организмi аумалы төкпелi ауарайының құбылмалы өзгерiстерiне төтеп бере алған. Малдан алынатын барлық өнiмдердi ұқсатып пайдаланудың арқасында халқымыздың өсiп-өнгенi тарихи шындық. Ал, ендi фермерлiк шаруашылыққа түбегейлi бет бұрған жағдайда өркениеттi елдердiң стандартын ұстануымыз керек болады. Ал, ондай экономикалық қалыптасқан база бiзде жоқ. Аталмыш технологияны стандарт бойынша жүзеге асыру үшiн ондаған жылдар мен қыруар қаржы керек. Американың Миссури штатынан бiрнеше сиырды ұшақпен тасып әкелумен мәселе шешiлiп кетпейдi. Стандартқа сай келетiн фермерлiк шаруашылық құрылмағаннан кейiн, табиғи жемдi сапалы комбикорммен алмастырмаған соң азық-түлiк сапасының төмендеуiне әкелiп соғады. Оның салдары халықтың гендiк қорына нұқсан келтiредi.

Фермерлiк шаруашылықтың мүлде қажетi жоқ деуден аулақпыз. Тек оны елдегi дәстүрлi мал шаруашылығымен дұрыс үйлестiрiп, дамыта алсақ туындауы ықтимал кереғарлықтың алдын алуға болады дегендi айтқымыз келедi.

Геостратегиялық сыртқы саясат қырғи қабақ соғыс заманы аяқталғаннан кейiн көптеген жоғары дамыған елдердiң басты ұстанымдарына айналды. 1973 жылы Чилиде болған оқиғаны коммунистiк лагердiң қаупi ретiнде идеологиялық қалқан етiп, астыртын жаулағандары секiлдi өзге елдерге өз ықпалын ұлғайтуды көздеушiлiк белең алып отыр. АҚШ-тың көмегiмен Августо Пиночет билiктi алғаннан кейiн Чили елiнiң мыс нарығындағы саясат Американың геосаяси жүрiсiнiң аясында шешiлiп келдi. Кезiнде АҚШ Августо Пиночеттi қолдау саясаты мен ресми түсiнiктемесi арасында елеулi алшақтық болды. Бiр жағынан Сальвадор Альенде билiгiнiң iрi мыс қорыту орындарын мемлекет меншiгiне өткiзуiн АҚШ өз азаматтарының жеке мүлкiне қол салу деп қабылдады. Ол тұста Чилидiң iрi кәсiпорындары американдық жекеменшiк компанияларының иелiгiнде болған. Осынау «майшелпектерден» қапияда айырылып қалу АҚШ экономикасының дамуына соққы болып тигендiктен олар құпия қызметтерiнiң тiкелей араласуымен Августо Пиночетке билiктiң тiзгiнiн ұстатқаны бүгiнде зерттеушiлер үшiн басы ашық әңгiме.

Мұның бәрi бiзге тарихи сабақ алу, iрi державалардың мүдделерiнiң, құрлық асыра жеткiзетiн саясатының ықпалына түспеу, ұлттық қауiпсiздiктi сақтау үшiн қажет. Бұл әрине, бiр-екi адам, азын-аулақ мекеме, ұйымдардың ғана айналысатын шаруасы емес. Дәл қазiргiдей, «алдымен экономика, сосын саясат» – деп, арқаны кеңге салуға болмайтынын әлемде өтiп жатқан оқиғалар өзiнен өзi ескертiп тұрғандай. Айналып келгенде, қоғам өмiрiндегi барлық iс әрекет саясаттан тыс тұра алмайтындықтан оны айналып өту мүмкiн болмасы да белгiлi.

Экологиялық соғыстың өзiнде екi бағыт айқындалған екен. Бiрiншiсi, экологияның тұрақты балансын технологиялық тәсiлмен бүлдiру болса, екiншiсi, экологиялық құрылымды экономикалық фатормен қирату. Алғашқысы, қарсы жақтың экологиялық жүйесiнiң тепетеңдiгiнен айыру белгiлi бiр елдiң экономикасын күйретудiң таңдаулы тәсiлдерiнiң бiрi дегендi сарапшылар ескертiп келедi. Экологияның тұрақты балансын технологиялық тәсiлмен бұзу мәселесi көп жағдайда кездейсоқ iспеттi көрiнiс табады екен. Ал, кей жағдайда сирек болса да әдейi қасақана бүлдiру, ластау технологиясы да қолданылады. Кездейсоқ тұрпатта секiлдi жасалатын қастандықтың тәсiлi белгiлi бiр технологияны жүзеге асыруға қабiлетсiз адамдарға iстiң тетiгiн әдейi ұстатып қояды. Сосын, әдейi бiреудiң қолымен от көсеуге кiрiседi.

Қуандық ШАМАХАЙҰЛЫ,

халықаралық журналист.

Астана.

13.10.2011