Жаңалықтар

БЕРЛИН ҚАБЫРҒАСЫ ҚҰЛАҒАН КҮН

ашық дереккөзі

БЕРЛИН ҚАБЫРҒАСЫ ҚҰЛАҒАН КҮН

Осыдан тура 21 жыл бұрын шығыс пен батысқа бөлiнген дiнi мен дiлi бiр немiс халқы қайта қауышып, бiр тудың астына бiрiктi.

1990 жылдың 3 қазанында шығыс пен батысқа бөлiнген Германия қара-қызыл-алтын жолақты бiр тудың астына бiрiгiп, екеуiне ортақ мемлекет құрды. Негiзi Ұлы Отан соғысынан кейiн екi мемлекетке күшпен бөлшектенген, ал 80-жылдардың басында шарықтау шегiне жеткен «қырғи-қабақ соғыстың» кесiрiнен дiнi мен дiлi бiр немiстердiң арасы алшақтай түскен болатын. Бiрақ 1989 жылдың 9 қарашасында қаралы шеп – Берлин қабырғасының құлаған соң кәрi құрлықтағы ең алып мемлекет пайда болды. Бастапқыда 9 қарашаны мемлекеттiк мереке ретiнде белгiлеу көзделген. Бiрақ 1923 жылғы Гитлер мен Людендорф шығарған бүлiк пен 1938 жылғы «тымық түн» де осы күнге дәл келетiндiктен, немiстер бастапқы ойларынан айнып қалды. 1990 жылдың 18 наурызында шығыс бөлiктегi немiстер жерiнде алғаш рет демократиялық құндылықтарға негiзделген сайлау өткiзiлiп, осы жылдың 16 шiлдесiнде федералдық канцлер Гельмут Коль мен КСРО басшысы Михаил Горбачев ортақ альянсқа қол қойылғанын мәлiмдейдi. ГДР мен ФГР қосылғаннан кейiн Германия NATO мүшесi ретiнде қала бердi. Арада аз уақыт өткенде Батыс Берлинде «Германия мен Германияның бiрiгуi туралы» келiсiм күшiне енiп, 1 қарашадан бастап толық егемендiкке қол жеткiзедi. 2009 жылы жаңа Германияда алғаш рет халық санағы жүргiзiлгенде адамдар саны 81 802 000-ға жеткенi анықталды.

Германияның ғасырлар қойнауынан бастау алатын тарихы тым әрiде жатыр. Бiрақ оның Батыс және Шығыс деп екiге бөлiнуiнiң себебi де қасiретке толы. Бiрiншi Дүниежүзiлiк соғыста ойсырай жеңiлуiнiң кесiрiнен талай рет бетке шiркеу болған Версальдық бейбiт келiсiмге мәжбүрлi түрде қол қойылып, 1919 жылы Веймар қаласында қабылданған құжатқа сәйкес, конституция бойынша Веймар республикасы атанады. Осыдан кейiн-ақ немiс қоғамындағы жаңа билiкке деген наразылар саны күрт артып, ел iшiнде iрiткi салушылық көбейедi. Осы кезде билiк басына келген Адольф Гитлер қоғам наразылығын өз мүддесiне шебер пайдаланды. Ол Үшiншi рейхты құрып, әлемдiк империя орнату жолында жанталаса соғыс жүргiздi. Соғыстан кейiнгi Германия екiге бөлiндi: Ұлыбритания, Франция, АҚШ батыс бөлiгiн Германия Федералдық республикасына айналдырса, КСРО жақтағы шығыс бөлiгi коммунистiк Германия Демократиялық республикасын құрады. Арада бiраз уақыт өткенде екi жақты бiр-бiрiнен бөлiп тұратын берлиндiк қабырға қаланды. 25 жыл бойы Батыс Германия өсiп-өркендесе, оның шығыс жағы керiсiнше, құлдырау үстiнде болды. Ширек ғасырға жуық «қырғи-қабақ соғыстың» қаралы символына айналған Берлин қабырғасы елдiң екi бөлiгi бiрiккенде ақыры құлатылып тынды. Түп-тамыры бiр ұлтты бөле-жара қарау мен әлеуметтiк әдiлетсiздiктер де бiртiндеп жойыла бастады. Шығыс жақты экономикалық тұрғыда күшейтуге жыл сайын федералдық бюджеттен 100 мың еуро көлемiнде қаражат бөлiнiп отырады. Бүгiнде Германия кәрi құрлықтың 26 мемлекетiн бiр арнаға тоғыстырған аса iрi ұйым – Еуропалық Одақтың беделдi әрi белдi мүшесi. Осыдан екi жыл бұрын ЖIӨ көлемi жағынан алғанда Германия әлем бойынша 4-орынды иелендi. Әлеуметтiк-нарықтық экономика қағидасын ұстанатын немiстердiң экономикасы әлеуметтiк тепе-теңдiк пен нарықтық бостандыққа негiзделген. Әсiресе, әлеуметтiк қамтамасыз етуге (жалақы, зейнетақы, жәрдемақы т.б.) баса назар аударылады. Сонымен қатар өнеркәсiп, ауыл шаруашылығы, энергетика, көлiк құрастыру, қара металлургия, химия мен фармацевтикалық, парфюмерлiк, ауыр өнеркәсiп, ақпараттық-коммуникациялық техника т.б. жақсы дамыған. Алайда, немiстер бала туу көрсеткiшi жағынан алғанда, көп елден артта қалған. Мысалы, жылына 1000 тұрғынға шаққандағы туылатын бала саны небары 7,9-бен шектелесе, әр әйелге орташа есеппен, 1,3 баладан келедi. 1972 жылдан берi Германиядағы туу деңгейi өлiмнен әлдеқайда төмен деңгейде сақталған. Егер осы қарқыннан таймаса, немiстер жерiндегi 60-тан асқан қарттар саны 2030 жылға қарай халықтың 320 пайызын құрамақ. Ал санаққа қатысты жалпы көрсеткiш 16 пайызға қысқаратын көрiнедi. Бiр қызық жайт, демографиялық және экономикалық ахуалды жақсарту мақсатында 2007 жылдың 1 қаңтарынан бастап елде балаларға жәрдемақы тағайындалыпты. Яғни, бала бiр жасқа толғанша ата-ана мемлекеттен жалақыларының 67 пайызын алып отырады. Бiрақ бiр айлық жәрдемақы көлемi 1800 еуродан аспауы тиiс. Егер баланың әкесi бала күтiмiне байланысты 2 ай уақытша демалыс алатын болса, отбасы қосымша екi айлық жәрдемақы алуға құқылы. Соңғы жылдары Германияға ағылған иммигранттар елдегi демографиялық проблемаларды шешуге ықпал етуде. Бiрақ сырттан келгендерге жергiлiктi тұрғындардың өшпендiлiкпен қарауы қоғамдағы әлеуметтiк ширығуға әкеп соқтыратын жайттар да кездесiп тұрады.

Германия 1991 жылдың 31 желтоқсанында Қазақстанды тәуелсiз ел ретiнде таныса, 1992 жылдан бастап дипломатиялық қарым-қатынастар орнады. Ел үкiметтерi бүгiнде 7 млрд. доллардан асқан екiжақты сауда айналымын жақын арада 10 млрд. долларға дейiн жеткiзудi көздеп отыр.

Алтынай Айдарқызы

06.10.2011