Күнгейден Астанаға керуен аттанды
Күнгейден Астанаға керуен аттанды
Таяуда Шымкенттен ет және сүт, кө-көнiс пен жемiс-жидек өнiмдерiн, басқа да ауыл шаруашылығы тауарларын тиеген бiрнеше жүк көлiгi Елордаға аттанды. Бұл керуен Оңтүстiк Қазақстан облысының Астанадағы күндерiне арналған тартуы болатын.
Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы бастығының орынбасары Полатбай Тастановтың айтуынша, керуенмен 10 тонна сиыр етi, 10 тонна қой етi, 12 тонна күркетауық етi, 8 тонна шұжық өнiмдерi, 10 тонна балық өнiмдерi жөнелтiлдi. Кептiрiлген жемiстердiң түр-түрi де Астана тұрғындарының дастархан мәзiрiн байыта түсетiнi анық. Жерлестерiмiз бұл жолы оның 5 тоннасын дайындапты. 5 тонна тiл үйiретiн балы және бар. Оған 3 тонна кондитер өнiмдерi мен 1 тонна тортты қосыңыз. Сүт өнiмдерiнен жасалған тағамдардың өзi 5 тоннаны құрайды. 40 мың жұмыртқа арзан бағамен сатылмақ.
Оңтүстiк өңiрi көкөнiс пен бау-бақша өнiмдерiне бай екенiн астаналықтар жақсы бiледi. Сондықтан оны асыға күтетiнi де рас. Биылғы берекелi өнiм жомарт күздiң ажарын аша түскендей. Әсiресе Сарыағаш, Мақтаарал, Сайрам аудандары мен Түркiстан, Арыс қалаларында жиын-терiм қызу жүруде. Олар Астана жұртшылығына арнап мол сыбаға салды. Мәселен 16 тонна қияр, 20 тонна қызанақ, 16 тонна болгар бұрышы мен баклажан, 40 тонна пияз, 20 тонна сәбiз, 40 тонна қырыққабат, 30 тонна картоп…тағысын-тағылар. Сонымен қатар, 10 тонна өсiмдiк майы, 10 тонна макарон өнiмдерi, 20 тонна сыра, 12 тонна түрлi сусын және оңтүстiктен шығатын басқа да тауарлар бар.
Жалпы, Оңтүстiктiң көкөнiс, бау-бақша, жемiс-жидек дақылдарына деген сұраныс артып келедi. Елбасымыздың көкөнiс кластерiн дамытуда Оңтүстiк Қазақстан облысына басты басымдық бергенi мәлiм. Мысалы былтыр облыс аумағындағы 29,7 мың гектар көкөнiс алқабынан 633 мың тонна өнiм жиналып, оның 490 тоннасы республиканың өзге өңiрлерiне жөнелтiлсе, ағымдағы жылдың межесi мұнан да жоғары. Осыны ескерген өңiрдiң агроқұрылымдары биыл көкөнiстi 3872 гектарға, картопты 1200 гектарға , бақша дақылдарын 2235 гектарға артық ектi.
Астана қаласына бұған дейiн 38,4 мың тонна көкөнiс, 41,5 мың тонна бақша, 15 мың тонна картоп, 8 мың тонна жемiс-жидек, 1 мың тоннадай жүзiм жеткiзiлген екен. Бұл керуеннiң соңы емес. Елордаға сапар қара күзге дейiн жалғасады.Ендеше, көш көлiктi болсын!
Қали Рақымжанов Шымкент қаласы 06.10.2011