Жаңалықтар

«ТӘУЕЛСIЗДIК ӨНЕРI»

ашық дереккөзі

«ТӘУЕЛСIЗДIК ӨНЕРI»

Адамзат бойынан пендешiлiк ойларды аластап, жан рахатына бөлейтiн рухани құндылықтар – мәңгi. Әсiресе, жабырқау да жылаңқы күзде көңiлiңдi сергiтетiн, рухани азық болатын дүниелердi ерiксiз iздей бастайсың. Сондықтан шығар, Ә.Қастеев атындағы Мемлекеттiк мұражай өткен отандық суретшiлер көрмесi жиылған жұрттың жанын жадыратты.

Әбiлхан Қастеев атындағы Мемлекеттiк өнер мұражайында Еуразиялық банктiң Қазақстан тәуелсiздiгiнiң 20 жылдық меретойы құрметiне арнап ұйымдастырған байқауы – «Тәуелсiздiк өнерi» қайырымдылық арт-жобасының қорытындысы шығарылды. Отандық суретшiлер арасынан суырылып алға шыққан тәуелсiздiкпен түйдей құрдас ақтаулық жас талант Аида Тiлепованың «Aktau City» тақырыбына салған шығармасы жүлделi орынды иемденiп, 5 мың АҚШ долларын қанжығасына байлады. Ал аймақтық iрiктеуден өткен 17 қылқалам иесiне де VISA Gold төлем карточкаларымен бiрге 2 мың АҚШ доллары көлемiндегi ақшалай сыйлық тапсырылды.Аймақтық және республикалық кезеңге бөлiнген «Тәуелсiздiк өнерiнiң» басты мақсаты – қазақстандық суретшiлердiң Туған жерге, тәуелсiз елге деген сүйiспеншiлiк сезiмдi күшейтетiн, патриоттық сезiмдi нығайтып, қоршаған ортаны қорғауды, табиғатты аялауды насихаттайтын, Қазақстанның өткенi мен бүгiнiн, келешегiн, күнделiктi тұрмыс-тiршiлiгiн бейнелейтiн, сонымен қатар халықтың бойындағы өршiл рухты, саналуан ерлiгiн суреттейтiн туындыларға байқау жариялау. Ұйымдастырушылардың айтуынша, елiмiздiң түкпiр-түкпiрiнен жиналған 315 суретшiге тиесiлi 650 туындының iшiнен iрiктелген 15 шығарманың бесеуi – интернет арқылы дауыс беру жолымен, бесеуi – Еуразиялық Банктiң жұмыс тобы қабылдаған шешiммен, бесеуi Еуразиялық Банк филиалының директоры және қазақстандық суретшiлер қауымдастығының өкiлдерi мен қала әкiмдiгi қызметкерлерiнен құралған қалалық iрiктеу комиссиясының қалауымен таңдалып алыныпты. Жалпы гранттық қоры 45 мың АҚШ долларына тең «Тәуелсiздiк өнерi» арт-жобасының жеңiмпаздары салған туындылар көрмесiн қазақстандықтар да тамашалады. Олардың iшiнде ақтөбелiк Әдiлғали Баяндиннiң «Қыз Жiбек», алматылық Заманбекова Шолпанның «Келешектiң Жаркентi», астаналық Қалиолла Ахметжанның «Жаңажылдық Астана, атыраулық Отарбай Кендiрдiң «Шаңырақ», оралдық Қыдыров Даниярдың «Достық даңғылы», қарағандылық Бегалин Айбектiң «Қарағандыдағы қыс» т.б. шығармалары көрерменнiң көзiн қуантты.

Салтанатты кеш барысында «Еуразиялық Банк» АҚ Басқарма төрағасы Майкл Эглтон: «Бiздiң жобамыз Қазақстанда әлеуметтiк саланы қолдауға және дамытуға бағытталған. Бiздiң бастамамыз елге танымал, тәжiрибелi мамандармен қатар осы өнерге жаңа қадам басқан жас суретшiлер тарапынан кең қолдау тапқанына ризамыз. Таңдау оңай болған жоқ, себебi байқауда көптеген дарынды туындылар сарапқа салынды. Ендi бiз байқау жеңiмпаздарының суреттерiн Еуразиялық Банктiң жаңадан шығарылатын VISA пластикалық карточкаларын безендiруге пайдаланбақпыз. Бұл арт-жобаның екiншi кезеңi ретiнде жыл соңына дейiн жүзеге асырылады» дедi. Демек, жүзден жүйрiк шыққан талантты қылқалам иелерiнiң тамаша туындыларымен Жер шарының көптеген елi сусындамақ.

Баспасөз мәслихатында Қазақстан суретшiлер одағының төрағасы Байтұрсын Өмiрбеков: «Қазақстанда әлеуметтiк жобалар негiзiнен басқа салаларға бағытталатын. Отандық мәдени өмiрiмiзде өзiндiк орны бар «Өнер тәуелсiздiгi» арт-жобасы арқылы қаржылық тұрғыда суретшiлерге қолдау жасалды. Бұл жобаның басты ерекшелiгi сол, кәсiби шебер мамандармен бiрге жас суретшiлер де бақ сынасты» дей келе, Қазақстан Суретшiлер одағының ҚР Мәдениет министрлiгiмен бiрлесiп, кәсiби тұрғыда жетiлген қылқалам шеберлерiнiң арасында Қазақстан тәуелсiздiгiнiң 20 жылдық мерейтойы қарсаңында арнайы байқу жариялағанын, жақында дода жеңiмпаздары анықталатынын айтты.

Қазақтiлдi журналистер қауымын сүйсiндiрген жайт, баспасөз мәслихатында орысша қойылған сауалға Ана тiлiнде жауап берген 20 жастағы жас талант Аида Тiлепова: «Сурет салуды бала күнiмнен жақсы көремiн. Көбiнесе туған қалам Ақтауды қағаз бетiне түсiргендi ұнатам. Қазiр Астанадағы Гумилев атындағы Еуразиялық университетте дизайнер мамандығын меңгерiп жатырмын. Бас жүлденi жеңiп алу мен үшiн тосын сый болды. Қуанышымды бөлiскендердiң барлығына шексiз ризамын» дедi.

Жеңiмпаздарды құттықтаған салтанатты шарада мәскеулiк «Pompeya» квартетi өнер көрсеттi.

06.10.2011

Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ