Әдiл Құрықбаев, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының судьясы: НАМЫСТЫ ҚАЙРАЙТЫН УАҚЫТ КЕЛДI

Әдiл Құрықбаев, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының судьясы: НАМЫСТЫ ҚАЙРАЙТЫН УАҚЫТ КЕЛДI

Әдiл Құрықбаев, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының судьясы: НАМЫСТЫ ҚАЙРАЙТЫН УАҚЫТ КЕЛДI
ашық дереккөзі

Мемлекеттiк тiлдiң жыры бiтер емес. Соңғы күндерi Ата Заңның 7 бабының 2 тармақшасына орай, баспасөз беттерiнде жиi мәселелер қозғалып жатқаны баршамызға мәлiм. Осы орайда, мемлекеттiк тiлдi қолдау аясында оңтүстiк астанада арнайы митинг ұйымдастырылған болатын. Көпшiлiктi қынжылтатын нәрсе, iс-қағаздардың әлi күнге мемлекеттiк тiлге толықтай көшiрiлмей отырғандығы. Жуырда Жоғарғы Сотта мемлекеттiк тiл мәселесi де егжей-тегжейлi талқыланған болатын. Аталмыш жиында елiмiздегi сот iстерiнiң небәрi 25 пайызы ғана мемлекеттiк тiлде жүргiзiлетiнi сөз болған. Осыған орай, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының судьясы Әдiл Құрықбаев мырзамен әңгiмелескен едiк.

– Жақында Жоғарғы Сотта мемлекеттiк тiл мәселесi егжейтегжейлi талқыланғанынан хабардармыз. Сол жиында жасалған сiздiң баяндамаңызда республикадағы сот iстерiнiң 25 пайызы ғана мемлекеттiк тiлдi жүргiзiлетiнi айтылды. Бiздi қайран қалдырған екiншi бiр дерек – елдегi судьялардың 75 пайызы қазақ тiлiн меңгерген екен. Бұл қалай сонда? Судьялардың басым бөлiгi қазақша жақсы бiлсе де, сот iстерiн орыс тiлiнде жүргiзетiн болғаны ғой? Әлде мемлекеттiк тiлде жүргiзуге әлдеқандай кедергiлер бар ма?

– ҚР Конституциясының 7 бабын өзiңiз бiлесiз ғой, онда «Қазақстанда мемлекеттiк тiл – қазақ тiлi» деп жазылған. Ал орыс тiлi – ресми тiл, онымен тең қолданылады деп көрсетiлген. Сол кезде

заманның, қоғамның талабына орай осындай норма қабылдануы керек едi. Қазақстан жас мемлекет ретiнде жаңадан тәуелсiздiк алып, аяғынан ендi ғана тәйтәй басып келе жатқан болатын. Оның үстiне, республикада басқа ұлт азаматтарының саны басым едi. Бәлкiм, орыс тiлi ресми тiл деп жазбасақ, ол кезде елдiң бәрiн дүрлiктiрiп алатын ба едiк. Бiр жағынан, орыстiлдi мамандар Қазақстаннан сыртқа көшiп кетпесiн деген де ниет болған шығар.

Ол кездегi тiлдiң жағдайы қандай болғанын өзiңiз де бiлесiз. Тiл мәселесi ендi ғана айтылып, 1989 жылы «Тiл туралы» заң қабылданса да қолынан күш, жүрегiнен от кетiп бара жатқан әлжуаз ауру кiсi секiлдi болатын. Қазақ тiлi мемлекеттiк тiл болып жазылса да, дәл сол кезде шын мағынасында солай екен деп ешкiм қабылдай қойған жоқ. Себебi бiз ол кезде Кеңес одағы құрамында едiк.

Тәуелсiздiк алғаннан соң, 1995 жылы орыс тiлiне ресми тiлдiң дәрежесiнiң берiлу себебiн жоғарыда айттым.

Ал қазiргi жағдай бөлек. Ата Заң қабылданғалы он бес жыл өтiп кеттi. Халықтың санына, демографиялық құрамына қарасақ, қазiр жетпiс пайызға жуығы қазақтар екен. Халықтың үштен екiсi қазақтар екенiн бiле тұра, осыдан он бес жыл бұрын жазылған жайт – 7 баптың 2 тармақшасын басшылыққа алудың ретi жоқ, ендiгi жағдай өзгердi. Мемлекет құраушы халықтың туған тiлiнiң мемлекеттiк тiл болуына бар күш-қуатын салатын, сол үшiн барынша жағдай жасайтын уақыт жеттi, менiңше. Тiлдiң өсу қабiлетiнiң қаншалықты екенiн ендi қазақтар өздерi анықтау керек.

Оның үстiне, Ата Заңның 7 бабының 2 тармақшасына орай Конституциялық Кеңестiң түсiнiктемесi бар: «ресми тiл мемлекеттiк тiлмен тең қолданылады деген сөз, ол – орыс тiлi мемлекеттiк тiл деген түсiнiк бермейдi» деп көрсеткен. Ендеше, мемлекеттiк тiл қазақ тiлi болғандықтан, бiз қазақ тiлiнiң көбiрек қолданылуына назар аударуымыз керек болатын. Іс жүзiнде басқаша болып отыр. Басқа мемлекеттiк органдарды айтпай-ақ қойын, өзiмiз күнде отымен кiрiп, күлiмен шығып жүрген сот жүйесiн алатын болсақ, мұнда iс қағаздарын жүргiзу бар да, сот iсiн жүргiзу бар. Іс қағаздарын жүргiзу бұл соттың басқа органдармен, өз iшiнде алыс-берiс қағаздарын мемлекеттiк тiлде жүргiзуi. Қазiргi таңда кеңсе қағаздары бiзге екi тiлде қатар келiп жатады. Ал сот iсiн жүргiзудiң ауқымы да, маңызы да бөлек. Себебi сот iстерiн жүргiзу 1998 жылы қабылданған ҚР Азаматтық және Қылмыстық iстер, Әкiмшiлiк iстер Кодекстерiмен реттеледi. Ал Қылмыстық кодекстiң 30 бабына сәйкес, қылмыстық iстердi жүргiзу тiлi – мемлекеттiк тiл.

– Тек қана мемлекеттiк тiлде жүргiзiлуi тиiс пе?

– Мiне, былай деп жазылған: «ҚР Қылмыстық iстер бойынша сот iсi мемлекеттiк тiлде жүргiзiледi» деп жазылған да, одан әрi «қажет болған жағдайда ғана орыс тiлi қолданылады» делiнген. Менiң айтып жүргенiм де осы: «бiр тiлде жүргiзiледi» деген сөз бен «осындай тiл қолданылады» деген ұғымның мағынасы алшақ. Бiз қазiр соттардың назарын осыған аударып жатырмыз.

Егжей-тегжейлi зерттеген кезде, Қылмыстық кодекстiң 30 бабының 1 тармақшасында «сот iсi мемлекеттiк тiлде жүргiзiледi» делiнсе де, 2 шi тармақшасында айтылған «сот жүргiзу iсi тiлiн тергеушi өзi анықтайды» деген сөз бұл талапты жоққа шығарады. Қайшылық қайда жатыр? Алғашқы тармақ сот iсiн мемлекеттiк тiлде жүргiзудi талап етсе, екiншi тармақшасы қай тiлде жүргiзудi анықтау құқығын тергеушiге берiп қойған. Тiптi 2009 жылы Қылмыстық кодекске енгiзiлген өзгертулер бұл жағдайды түзеген жоқ, онда тек «сот iсi тiлiн өзгертудi тергеушi өзiнiң қаулысымен анықтайды» деп жазылды.

Ал Азаматтық кодекстiң 14 бабына келсек, оның 2 тармақшасында «сотты жүргiзу тiлi сотқа келiп түскен талап-арыздың тiлiмен анықталады» деп жазылған. Демек, талап-арыз қай тiлде жазылады, сот азаматтық iстi сол тiлде қарауы керек тиiс болады. Неге екенiн өзiңiз де бiлесiз, бiзде талап-арыздың денi орыс тiлiнде жазылады. Оның себебi: бiрiншiден, азаматтардың көбi құқықтық сауаты жоғары болмағандықтан, көмек сұрап, кәсiби қорғаушыға жүгiнедi. Ал олардың көбi мемлекеттiк тiлдi бiлмейтiн азаматтар. Шағымданушы қазақша сөйлеп отырса да, олардың сөзiн орысшаға аударып жазып бере бередi. Екiншiден, азаматтардың бойындағы мемлекеттiк тiлге байланысты азаматтық ұстанымының анықталмағандығы да, оған селқос қарайтындығы да себеп. Арызын орыс тiлiнде жазғызып алып, шаруасын тындырып жүре бередi. Үшiншiден, соттардың заң аясында iстi мемлекеттiк тiлде жүргiзудi талап етпейтiндiгiнде. «Неге қазақша жазбайсыңдар?» деп айтуға олардың шамасы жетпейдi.

Қылмыстық кодекстiң 30 бабының 2 тармақшасы тергеушiге өте қолайлы. Кеңес одағы дәуiрiнен берi жұмыс iстеп келе жатқан тергеушiлердiң көпшiлiгi орыс тiлiнде қағаз толтырып, тергеу жүргiзуге әдеттенiп қалған. Ал мемлекеттiк тiлде iс жүргiзуге бiрден төселiп кетуге ыңғайлары келмейтiн болуы керек немесе құлықтары жоқ. Яғни, мемлекеттiк тiлде iс жүргiзудi талап ететiн судья да, орыс тiлiне көбiрек ойысатын тергеушi де заңды өз қолайларына орай пайдаланып отыр, өйткенi өздерi мемлекеттiк тiлдi жете меңгермеген. Осы жағдайлардың бәрiн жалпылама ескергенде, республикадағы сот жүйесiнде мемлелекеттiк тiлдi қолдану деңгейiнiң 25 ақ пайыз болатыны сондықтан.

Ал судьялардың 75 пайызы сот iстерiн мемлекеттiк тiлде жүргiзуге қабiлетi жетедi деуiмiздiң себебi, республикадағы судьялардың ұлтына қарасақ, көбiсi қаракөз қазақтар екен. Әрi кеткенде, он пайызы басқа ұлттың өкiлдерi шығар.

Жақында ғана жас судьялармен болған кездесуде мен «Бiздiң ендi намыстанатындай кезiмiз келдi» деп едiм. Шынында да, намысымызды қайрайтын уақыт туды. Тiл бiлмейтiн азаматтардың мемлекеттiк тiлдi үйренетiн кезi келдi, заманның талабы да солай болуы керек. Талапты бiрте-бiрте күшейте беру керек деп ойлаймын.

Осы мәселеге орай өткiзiлген дөңгелек үстелде мынандай талап қойдық: Азаматтық және Қылмыстық кодекстердiң мемлекеттiк тiл туралы баптарына өзгертулер енгiзу керек. Азаматтық кодексте iстi жүргiзудi талапкердiң арыз тiлiне қалдыратын болсақ, ал қылмыстық iстердi жүргiзудi анықтауды тергеушiнiң құзырына берсек, онда мемлекеттiк тiлдiң аясы кеңiмейдi.

Жалпы алғанда, Қылмыстық кодексте мемлекеттiк тiлде iс жүргiзудiң жалпы заңдылықтары сақталған. Оны сот жүргiзудiң тiлдiк қағидаттары деп атайды. Мысалы, сотты жүргiзушi мемлекеттiк тiлдi бiлмесе, оған аудармашы берiледi. Мына жерде қағаздарын аударып берген, мына жерде сотқа аудармашы қатысқан деген сияқты нормалар сақталып отыр. Бiрақ бәрiбiр мемлекеттiк тiлдiң қолдану деңгейi төмен.

– 25 пайыз республика бойынша ортақ көрсеткiш қой. Бiрақ аймақтарда тiлдiң қолданылу деңгейi тең емес екенi белгiлi ғой. Сол 25 пайыз Қызылорда, Оңтүстiк Қазақстан облыстарындағы көрсеткiштен шығатын болуы керек.

– Өкiнiшке қарай, жүз пайыз тек мемлекеттiк тiлде сот iсiн жүргiзу ешбiр аймаққа тән емес. Ең жоғары көрсеткiш Қызылорда облысында. Соның өзiнде 75 пайыз iстер ғана мемлекеттiк тiлде жүргiзiледi. Ал тұнып тұрған қазақы аймақтар делiнетiн Оңтүстiк Қазақстан облысы, Атырау облыстарындағы көрсеткiштер бұдан әлдеқайда төмен. Екi миллион қазағы бар Оңтүстiк Қазақстан облысында сот iстерiнiң жетпiс пайызы ғана қазақша жүргiзiледi. Шымкенттен жiберiлген әкiмшiлiк iстердiң көбiсi орысша келедi. Тергеушiсiнiң орысша сауаты шамалы болса да, орысша жазады.

– Ал солтүстiк аймақтардағы жағдай қандай?

– Алдыңғы жылдары Солтүстiк Қазақстанда бiрде-бiр iс қазақша қаралмаған болатын. Ал жақында ақпарат алдық, мұндағы көрсеткiш бiр-екi пайызға жетiптi. Тұрғын қазақтардың саны отыз-қырық пайызға жетiп қалған. Сот iстерiнiң бiр-ақ пайызы қазақша. Осыған қарап ойлана берiңiз. Бiлiмiмiздiң, мәдениетiмiздiң көрнектi өкiлдерi тұратын Алматының өзiн алып қарайық. Істердiң көпшiлiгiн орысша жүргiзедi. Бар болғаны 2,6 пайыз. Астананы қараңыз. 2 ақ пайыз. Ал сол жерде отырған бiрiншi басшылардың бәрi өзiмiздiң қаракөз қандастар. Неге олар талап етпейдi? Қазақтың сөзi бар ғой, «Балық басынан шiридi» деген. Президенттiң жанайқайына қарамай, көп кедергi тiлдiң аясын шектейтiндердiң ойына, ниетiне байланысты. Мен Жамбыл облысын қазақы аймақ деп ойлаушы едiм, оларда сот iстерiнiң 80 пайызы – орысша. Алматы облысы да сондай. Осының бәрiн түйiндей келгенде айтарым, бәрi өзiмiзге байланысты. Жоқ жерден сылтау iздеудiң қажетi жоқ. Заңның өзiнде жазылған нормалар тiлдi толыққанды қолдануға әрi кеткенде жиырма пайыз ғана кедергi жасайтын шығар, арғы жағындағы сексен пайыз өзiмiзге өзiмiз кедергi жасап жүрмiз. Сондықтан өзiмiздiң көзқарасымыз түзелмей, тiлдiң жағдайы түзелмейдi. Кезiнде орысша бiлмейсiң дегенге намыстанып, орыс тiлiн жатпай-тұрмай оқып алдық. Ал қазақша бiлмейсiң дегенге намыстанып, қазақ тiлiн үйренiп жатқан азаматтар некен-саяқ. Оқып жүргендерi де бар, оған көз қуанады, бiрақ көпшiлiгiнiң намысы бойында бұғып жатқан сияқты.

– Адам құқығын қорғаушы Евгений Жовтис басына iс түсiп, түрмеге жабылғаннан кейiн «Мен қазақ тiлiн үйренiп жүрмiн» деп мәлiмдеме жасады. Ат үстiнде жүргенде мемлекеттiк тiлдi оншалықты қажетсiнбеген азаматтың түрмеде қазақ тiлiн үйренуiне деген қажеттiлiк туды ма?

– Түрмеде отырғандардың бәрiн қазақша сөйлетiп жатыр дей алмаймын. Олардың iс қағаздарын қай тiлде жүргiзетiндiгiнен-ақ бәрi түсiнiктi ғой. Бiзге түрмеден келiп түсiп жатқан хаттардың денi орысша жазылады.

Ал Жовтис мыразның қазақшаға бет бұру бәлкiм, азаматтық көзқарасының пiсiп-жетiлуiнен шығар. Осы мемлекеттiң нан-суын iшiп, бiрақ мемлекеттiк тiлiн бiлмей кетем бе деп ойланып жатқан шығар? Оған қуанбасақ, ренжуге болмайды. Кейде адамның басына қиын-қыстау күн туғанда, көп нәрсеге басқаша қарай бастайды. Бұл – менiң ойым. Ал Жовтистiң ойында не барын мен бiлмеймiн.

Егер ел алдында жүрген, Парламенттегi өзге ұлт өкiлдерi бiртiндеп қазақша сөйлей бастаса, бәрi де, солардың iшiнде қазақтар да қазақша сөйлейтiн едi. Қалғандары ұялғаннан қазақша сөйлеуге тырысар ма едi. Олар Асылы Осман сияқты үлгi көрсетсе дейсiң. Қазақстанның азаматы болғаннан кейiн мемлекеттiк тiлдi меңгеру олардың азаматтық парызы болуы керек едi.

– Жаңа «Қазақ тiлiнде сот iсiн жүргiзу үрдiсi әлi қалыптасып болған жоқ» деген ой айттыңыз.

– Рас, әлi қалыптасқан жоқ.

– Оны қалыптастыру үшiн не iстеу керек? Бәлкiм терминдердi жөндеу керек болар немесе сапалы оқулықтар түзу керек пе?

– Бұл орайда мемлекет тарапынан жасалып жатқан шаралар жеткiлiктi. 2020 жылға дейiнгi аралықты қамтыған бағдарламалар қабылдадық. Мемлекеттiк терминологиялық комиссия заңға байланысты терминдердiң көбiсiн аударып тастады. Егер көп нәрсе қазақ тiлiнде шығатын заңдарға байланысты десек, олардың сапасы да дұрысталып келедi. Мен мемлекеттiк тiлдiң аясын кеңейтудiң негiзi елiмiздегi құқық қорғау органдарында сот немесе тергеушi болып қызмет етiп жүрген азаматтардың азаматтық ұстанымына тәуелдi деп бiлемiн. Заңды бүгiн өзгерткенмен, ол азаматтардың тiлiн өзгертпей, ештеңе өзгермейдi. Заңда не деп жазсақ та, олар бүгiн-ертең қазақша жазып кете алмайды. Себебi әлi күнге дейiн қазақша тiл сындырмаған судьялар, тергеушiлер баршылық. Елдегi мемлекеттiк тiлдi қолдану аясының тарлығының бiр себебi де осында жатыр. Оған қандай шаралар қолданамыз дегенге келсек, сот iсiн жүргiзуде менiңше, судьяларды iрiктеу жұмысын, кадрлық саясатты ескеру керек сияқты. Мемлекеттiк тiлде сауатты жаза, сөйлей бiлетiн, сот iсiн жүргiзе алатын азаматтардың сот жүйесiне келуiн қадағалай бастасақ, құба-құп болар едi. Бұл мәселе сан рет айтылды, бiрақ оған жете мән берiлген жоқ. Өз басым Жоғарғы Сот кеңесiнiң мүшесi ретiнде бiлiктiлiк комиссиясы жұмысына қатысып отырғанда, «Мемлекеттiк тiлдi қандай деңгейде бiлесiз?» деген сұраққа айрықша мән беретiн едiм. Кейбiреулер бұған ренжидi. «Жаңадан үйренiп жүрмiн, оқып жүрмiн» дегендерге мен ренiш айтушы едiм: «Әлi күнге дейiн үйренiп жүрсеңiз, қай уақытта меңгерiп боласыз?» деп. Сондықтан кадрларды iрiктеу мәселесiне назар аударуымыз керек. Кеңестiк дәуiрден қалған сөз бар ғой: Іс тетiгi бiлiктi кадрдың қолында. Бұл – бiр.

Екiншiден, мен неге осы жерде отырып, тiлдiң мәселесiн қозғаймын? Қазақ болып туылғаннан кейiн, қазақ мемлекетiнiң азаматы болғандықтан, қазақша iс жүргiзсек, қазақша сөйлесек деген ниет қой. Ал әр ауданда отырған соттар осылайша тiл мәселесiн қозғайтын болса, тiлдiң жағдайы түзелмес пе? Судья – жоғары мәртебелi лауазымды адам. Оның айтқан сөзiн бәрi тыңдайды, оның шығарған шешiмiн басқа құқықтық органдар, азаматтар орындауға мiндеттi. Егер судьялар өзiнiң қаулысымен мына жерде мемлекеттiк тiлдi қолдану заңдылығы бұзылып жатыр деп үкiм шығарып жатса, мемлекеттiк тiлдiң дамуына көп үлес қосқан болар едi. Бiз бiрде-бiр рет «мемлекеттiк тiлдi қолдану қағидаты бұзылып жатыр» деп шешiм шығарып көрген жоқпыз әлi.

Өткенде дөңгелек үстелге дайындалған кезде, өзiмiзде болған бiраз iстердiң барысын қайта қарап шықтым. Сонда мынандай үрдiстi байқадым: iстi қозғау қаулысы қазақша басталады да, одан соң iс мемлекеттiк тiлдi бiлмейтiн тергеушiге берiледi. Бес-алты iстiң екеуi орыстiлдi тергеушiге берiлген. Ал орыстiлдi тергеушi күдiктiден немесе айыпталушыдан «мен орыс тiлiн жақсы бiлемiн, аудармашыны талап етпеймiн» деген қағаз жаздырып алып, қылмыстық iстi жүргiзу тiлiн орыс тiлi деп анықтаған. Бiттi. Ал шындығында сотта iсi қаралып жатқан адамнан «Сен мемлекеттiк тiлдi бiлесiң бе?» деп сұрамайды да. Егер кеудесiнде намыс оты бар тергеушi болса, ол тым құрығанда, «Сен қазақша бiлесiң бе?» деп сұрар едi. Сонда iс мемлекеттiк тiлде жүргiзiлер едi. Ал сол iстiң бiреуiнiң iске қатысушы тараптары: айыпталушы, жәбiрленушi, куәгерлерге дейiн қазақтар екенi, сұралған кезде, бәрiнiң де қазақшаға судай екенi анықталған. Тiптi кейбiреулерi орыс тiлiн бiлмейдi, оларға аудармашы қызметi ұсынылған. Мiне, көрдiңiз бе, соған қарамастан, iс орыс тiлiнде жүргiзiлген. Тергеушiге байланысты болатыны осыдан-ақ көрiнедi. «Сен неге өйттiң?» дейтiн басшының да ыңғайы көрiнбейдi. Себебi олардың өздерi мемлекеттiк тiлдi меңгермеген орыстiлдi азаматтар. «Сен неге орысша жүргiзесiң?» деп заңның орындалуын талап ететiн прокурор да жоқ, себебi ол да – орыстiлдi. Ішкi iстер, прокуратура қызметкерлерi ренжiмесiн, ешқайсы сот iстерiн толықтай мемлекеттiк тiлде жүргiзу жөнiнде бас қатырып жүрген жоқ. Ал олардың әрқайсысы осы мәселе төңiрегiнде ойлана бастаса, бiзде тiлдi қолдану аясы 25 пайыз емес, одан екi-үш есе жоғары болар едi. Мемлекеттiк тiлде iс жүргiзуге қажеттi заңдық негiз бар, бiрақ оны толықтай жүзеге асыруға құлық жағы жетiспейдi. Бұл көбiне қазақ азаматтарының тiлге қатысты азаматтық ұстанымының осалдығынан. Тiлге деген енжарлығы, немқұрайлылығынан. Бiздi құртатын осы. Несiне мәймөңкелеймiз, қазiргi таңда қазақ тiлiнiң жауы өзiмiз болып отырмыз.

Бiр мысал айтайын, кейде мына тұрған Бәйтеректiң айналасында сейiлдеп жүрiп, өзара шүйiркелесiп отырған жастарды, үлкен кiсiлердi байқаймын: бiр-бiрiмен орысша шүлдiрлесiп отырады. Бiрде зиялы қауымға жататын ерлi-зайыпты кiсiлер орысша сөйлесiп отыр екен, шыдай алмадым да: «Апа, Ата» деп амандасып: «Неге орысша сөйлейсiздер?» деп едiм, бiрi маған жалт қарады, екiншiсi қызарақтап төмен қарады. Мен олардың жауабын күтпестен, орнымнан тұрдым да, жүре бердiм. Сондай кезде түңiлiп кете жаздайсың. Түсiнесiз бе?

Осының бәрiн сарапқа салғанда, мен мемлекеттiк тiлдiң қолданылу аясының тарлығын ешкiмнен көрмеймiн. Шындап келгенде, орыстiлдiлердiң айғайы намысы бар қазаққа кедергi емес едi. Күнделiктi өмiрде табанды түрде қазақ тiлiн қолдана берсек, олардың да бойы үйрене бастайды. Олар айғайлағанда оған өзiмiз қосылып, айғайды екi есе көбейтiп отырмыз ғой.

– Конституцияда 7 баптың 2 тармақшасында жазылған «ресми тiл мемлекеттiк тiлмен тең қолданылады» деген қағиданы көбiнесе мемлекеттiк тiлдiң орнын ауыстырады деген мағынада түсiндiрiлiп жүргенi рас. Ал құқықтық тұрғыда қалай түсiндiресiз? Әлде «тең қолданылады» деген сөз «iшiнара қолдану» деген мағына бiлдiре ме?

– Бұл тармақшаға байланысты Конституциялық Кеңестiң түсiнiктемесi бар. «Қазақстан Республикасында мемлекеттiк тiл қазақ тiлi, ал ресми тiл онымен тең қолданылады» деген сөз орыс тiлiнде сөйлейтiн азаматқа қажет жағдайда аудармашы қызметiн ұсынып, онымен аудармашы арқылы тең дәрежеде сөйлесу деген сөз. Яғни мемлекеттiк тiлдi бiлмейтiн адамның құқығын аяқасты етпеу деген сөз. Олардың өз құқығын қорғауы, көзқарас-пiкiрiн бiлдiруi үшiн барлық жағдайды жасауымыз керек. Басқаша айтқанда, қажет болған жағдайда қазақ тiлiнен орыс тiлiне аударып беруiмiз керек деп түсiну керек. Ал мемлекеттiк тiл әр уақытта басқа тiлдерден жоғары тұр. «Қолдану» деген сөздiң мағынасы тек қажет жағдайда ғана дегендi бiлдiредi, үнемi емес. Ал «жүргiзу» деген сөздi ол күн сайын, ұдайы деген мағынада түсiну керек.

– Бiрақ қазiр ресми тiл қоғамдық орындарда, тiптi мемлекеттiк органдарда көбiне мемлекеттiк тiлдiң орнына қолданылып жүр…

– Мен саясаткер емеспiн. Қазiргi кезде тiлдi саясат құралына айналдыру талпыныстары бар. Бiрақ тiлдiң обал-сауабы бар екенiн естен шығармау керек. Мемлекеттiк тiл адамның ас-су, ауа сияқты күн сайынғы қажеттi, онсыз өмiр сүре алмайтын нәрсесi. Ал саясат бүгiн бар да, ертең жоқ дүние. Сөзiмнiң басында айттым ғой, қай жерде мемлекеттiк тiл қағажу көрiп жатса, сол жерде отырған азаматтардың көзқарас-ұстанымы сондай деген сөз. Президенттiң «қазақ пен қазақ қазақша сөйлессiн» деген сөзiнде мән бар ғой. Қандай да бiр ұйымды басқарып отырған азаматтың ұстанымы сол мекеменiң қызметкерлерiнiң көзқарасына ықпал етедi. Заңда «Қазақстанда мемлекеттiк тiл – қазақ тiлi» деп жазылған, одан артық ендi не керек? Ал «ресми тiл тең қолданылады» деген сөз «қажет болған жағдайда сол тiлде түсiнiсуге жағдай жасау» деген сөз, бiрақ ол мемлекеттiк тiлдi заң жүзiнде ауыстыра алмайды. Ал мұны жүзеге асыру бойында қазақтың қаны бар әр азаматтың өзiне байланысты емес пе?

– Мiндi өзiмiзден iздегенiмiз дұрыс шығар, бiрақ заңның шикiлiгi бар екенiн мойындау керек. Мысалы, судьялыққа тағайындалу үшiн талапкерлер белгiлi бiр талаптарға сай болуы керек: құқықтық салада жоғары бiлiмi және осы салада белгiлi бiр жұмыс тәжiрибесi болуы керек деген сияқты. Ендi осы талаптардың iшiнде мемлекеттiк тiлдi жетiк меңгеруi тиiс деген талап жоқ қой. Мәселен, бұған дейiн әлдебiр бiлiмдi де бiлiктi судья мемлекеттiк тiлдi бiлмегендiктен, бұл қызметке тағайындалмады деген оқиға болған емес қой.

– «ҚР Сот жүйесi мен соттардың мәртебесi туралы» Заңында Қазақстан азаматтарының судья болуы үшiн қандай талаптарға сай болуы керек екенi анық жазылған. Олардың iшiнде жоғары құқықтық бiлiмi, 25 жасқа толуы керек деген сияқты бес-алты талап бар. Ал «сот болуы үшiн мемлекеттiк тiлдi бiлуi керек» деп әлi жазған жоқпыз.

– Осылай деп қашан жазамыз?

– Дәл қазiр бұл мәселе кадр iрiктеудiң басықасында жүрген азаматтардың ұстанымына тәуелдi. Бiлiктiлiк комиссиясы талапкерден емтихан алу барысында мемлекеттiк тiлдi бiлу деңгейiн де тексере бастаса, жағдай бiртiндеп өзгерген болар едi. Өзiңiз де түсiнесiз ғой, дәл қазiр ондай талапты заңға кiрiктiру мүмкiн емес. Бұл талапты қоя алсақ, әрине, құба-құп болар едi. Менiң ойымша, мұны қазiр айғайлатпай, саясатқа айналдырмай, азаматтық ұстаныммен талап етер болса, ешкiм «бұл заңсыздық» дей алмайды. Бiлiктiлiк комиссиясының алдында тұрған адамның қай ұлт өкiлi екенiне байланысты, мемлекеттiк тiлде сұрақ қойып, оның тiл бiлiмiн тексерудi талап етуге болады ғой?

– Мемлекеттiк тiлдi қолдану құқығы осы республика азаматтарының құқығына кiредi ғой. Осы орайда, бүгiнге дейiн елдегi сот жүйесi тәжiрибесiнде «Менiң мемлекеттiк тiлдi бiлу, меңгеру немесе қолдану құқығым шектелiп жатыр» деген шағым бойынша сот iсi өттi ме?

– Мен Жоғарғы сотта көп жылдардан берi қызмет етiп келемiн, мұндай iс туралы естiген емеспiн. Тiлге байланысты құқығым бұзылды деп бiр азамат сотқа арыз берген жоқ.

– Бәлкiм, аймақтық деңгейде болған шығар?

– Болған шығар. Бәлкiм, сiздер естiген шығарсыздар. Менiңше, елдiң азаматы ретiнде осындай деректердi жинап, «мемлекеттiк тiл туралы заң талаптары орындалмайды» деп сотқа арыз түсiрiп жатса, ондай шағымдар қаралған болар едi. Қазақстан Республикасының азаматы ретiнде мемлекеттiк тiл – менiң тiлiм, ал оның өз мәртебесiне сай болмауы менiң намысыма тиедi, сондықтан мұндай шағым орынды деп ойлаймын.

Бiр мысал айтайын. Германияда сол елдiң бiр азаматы өзiнiң басшысын сотқа берген. Ұлты француз азамат французша сөйлеп жүрсе, қожайыны: «Сен неге француз тiлiнде сөйлейсiң? Мен саған рұқсат бермеймiн» десе керек. Сонда әлгi француз фирма басшысын сотқа берiп, өзiнiң тiлдiк құқығын қорғап шыққан. Фирма қожайыны моральдық шығынды өтеуге мәжбүр болған. Ал Германияда тiл мәселесiнде ешқандай екiұдайлық жоқ деуге болады. Сонда да азаматтардың тiлге қатысты құқықтарын сотта қорғау үрдiсi қалыптасқан. Ал бiз де осылай ете бастасақ, кейбiр азаматтар ойланар ма едi.

– Осының бәрiн қорыта келгенде, қазiр «Мемлекеттiк тiл туралы» заң керек деп ойлайсыз ба?

– Ресейде мемлекетiк тiл туралы заң бар. Қателеспесем, Өзбекстанда да, Украинада да осындай заңдар қабылданған. Басқа да елдерде мұндай заңдар қолданыста. Бiзге де «Тiлдер туралы» заңды өзгертiп, «Мемлекеттiк тiл туралы» деп қайта қабылдайтын уақыт келген шығар. Тағы да қайталаймын, мен көп жағдайда мәселенiң сыртқы формасына емес, iшкi мазмұнына көбiрек мән беремiн. Заңның атауы – оның сыртқы формасы. Ал оның iшкi мазмұны қандай болады? Егер атын ғана өзгертiп, норма өзгермесе, баяғы жартас сол жартас болып қала бермек. Мемлекеттiк қызметтерде жүрген қазақ азаматтарының мемлекеттiк тiлдi бiлуiне мiндеттеме қойсақ, мазмұн өзгерген болар едi.Мысалы, мен орыс тiлiн кезiнде қалай үйрендiм? Өмiрлiк қажеттiлiктен, өмiр сүрген ортам, қарайтын iстерiмнiң бәрiн орысша болғандықтан, амалсыз үйрендiм. Қазақ ауылынан шыққанбыз, қалаға оқуға келгенде, нанның орысшасын ғана бiлетiнбiз. Оқу бiтiрiп, Қостанай облысында қызметке кiрiскенде, қиналып жүрiп үйрендiм орыс тiлiн. Қазiр оны ана тiлiмнен кем бiлмеймiн. Көп тiл бiлген адамның таным-түсiнiгi де кең болатын сияқты. Бiрақ орыс тiлiн үйренiп, өз тiлiн ұмытып қалған жiгiттердiң кеудесiнде намыс оты қайда кеткен деп қайран қаламын.

Сексенiншi жылдардың аяғына таман Қостанайда жұмыс iстеп жүрiп, жергiлiктi газетке қазақ тiлi туралы бiр мақала жазғаным бар. Облыстық деңгейде қазақ тiлiнде шығатын газет он мың данамен тарайды екен. Ал сол кездегi санақ бойынша Қостанайдың өзiнде 40000 дай қазақ тұратын. Ал солардың он мыңы ғана қазақша газеттi жаздырып алып оқиды. Сонда менiң жазғаным: «Қазақтар, осы бiздер кiмге ренжiп жүрмiз? Бiзге өз тiлiңде сөйлеме, өз тiлiңде газет оқыма деп жатқан адам бар ма?».

Сол жылдары зиялы қауымға жататын азаматтардың үйiне бара қалсаң, сөрелерде әдемi жылтыр мұқабадағы Мәскеуден, Ленинградтан шыққан орысша кiтаптар жоғарыда тiзiлiп тұратын да, ал Мұхтар Әуезовтiң «Абай жолы» бастаған қазақ кiтаптары шаң басып, төменгi сөрелерден табылатын. Оған кiм кiнәлi?

Кейбiр қазақтар «Мен орыстардың ортасында жүрдiм, сөйлеу ортасы болған жоқ, сондықтан қазақшаны ұмытып қалдым» деп сылтауратады. Сексенiншi жылдардың аяғында Қостанайда мешiттердi қайтару туралы үлкен кеңес болды. Сонда сол жерде туыпөскен бiр азамат «Мен қазақ тiлiн бiлмегенiм үшiн ешкiмнен кешiрiм сұрамаймын» дедi. «Оған кiнәлi сендерсiңдер» деп басшыларға орысшалап дүрсе қоя бердi. Орысшасының өзi шамалы, бiр сөзi бiр сөзiне байланыспай шатып-бұтып сөйледi. Жиын соңына таман Түркиядан келген бiр жас жiгiт сөз алды. Сол жiгiттiң қазақшасының шұрайлылығына таң қалдық. Ендi салыстырып көрiңiз. Түркияда қазақы тiл ортасы бар ма? Онда Қостанайдағы сияқты қазақша газет шығып жатыр ма, қазақша телеарна сөйлеп жатыр ма, әлде қазақ мектебi бар ма? Мұның бiрi де жоқ. Сол жiгiт тiлге қатысты, мешiттердi қайтару туралы тұжырымды ойлар айтып, әдемi сөйледi. Сонда маған тiлдi меңгеру, өзiңнiң қазақ екенiңдi сезiну бойдағы тектiлiк пен намысқа байланысты-ау деген ой келдi. Сонда орнымнан тұрып, айғайлағым келдi: «Айналайындар-ау, қараңдаршы, шетте жүрген жас жiгiт қазақша қалай сөйлейдi, ал сендер Қазақстанда тұрып, қазақшаны неге бiлмейсiңдер?!» деп. Ақыры сол туралы газетке мақала жаздым.

Тiлдi қорғау өзiмiзге байланысты екенiне күн сайын көзiм жетiп жүр. Әрбiр қазақтың жүрегiнде қазақ тiлi жатса, онда тiлдi тезiрек төрге шығарамыз. Тiл бiздiң ғана емес, болашақ ұрпағымыздың тағдыры екенiн естен шығармауымыз керек.

СұхбаттасқанГүлбиғаш ОМАРОВА13.10.2011