Жаңалықтар

«ТАРТА ЖЕСЕҢ, ТАЙ ҚАЛАР»

ашық дереккөзі

«ТАРТА ЖЕСЕҢ, ТАЙ ҚАЛАР»

Грек билiгi мемлекеттiк шығындарды халықты «шөмiштен қысу» арқылы азайтуға тырысуда. Ал Еуроодақ пен Халықаралық қаржы қоры сенiмдi ақтамаған Папандреудiң командасына қосымша қарыз беруге құлықсыз. Кәрi құрлықтан борыш алмаса, Греция дефолтқа ұшырайды. Бұл дегенiңiз, бүкiл еуроаймаққа төнген қауiп.

2012 жылға мемлекеттiк бюджеттi бекiткен грек үкiметi келесi жылы 30 мың мемлекеттiк қызметкердi жұмыстан қысқартуға, 1200 еуродан көп зейнетақы алатындардың ақшасын азайтуға, мемлекеттiк қызметкерлер айлығын тағы да төмендетуге шешiм қабылдады. Мемлекеттiк қызметтiң қай түрiне қысқарту жарияланатыны әзiр белгiсiз. Грецияның қаржы министрлiгi тарапынан берiлген деректерге сүйенсек, биыл елдiң бюджет тапшылығы ЖIӨ-нiң 8,5 пайызына тең болмақ. Ал Еуропалық Одақ, Еуропалық Орталық банк пен Халықаралық қаржы қорының талаптары бойынша бұл көрсеткiш 7,6 пайыздан аспауы тиiс.

Қаржылық қиындықтар кесiрiнен тығырыққа тiрелген грек үкiметi олқылықтардың орнын қызметкерлердi қысқарту арқылы толтыруды көздейдi. Яғни, мемлекеттiк шығындарды барынша азайта отырып, 2012 жылы бюджет тапшылығын 6,8 пайызға дейiн төмендетуге қол жеткiзбек. Экономистер мен қаржыгерлердiң көпшiлiгi Папандреу командасы ұстанған бұл саясаттың бұрыстығын айтады. Өйткенi жұмыссыздар санының күрт артуы, жалақы, зейнетақы, жәрдемақы көлемiнiң азаюы, керiсiнше, төленетiн салықтар жүгiнiң ауырлауы елдегi экономикалық қиындықтарды ушықтыра түспек. Қазiргi кезде ашыққан әрi ашынған жұрт үкiмет үйi, мемлекеттiк органдар мен парламенттiң алдына жиналып алып, ереуiлдер мен наразылық шараларын өткiзудi әдетке айналдырған. Грециядан жеткен жағымсыз хабардан еуропалық қор нарығында тағы да аласапыран басталды. Дүйсенбiнi құлдыраумен бастаған Лондон мен Франкфурттегi биржалық көрсеткiштер – 2,5%; австралиялық 2,7%, гонконгтық қор нарығы 5 пайызға төмендедi. Ал еуроның 1 АҚШ долларына шаққандағы бағамы соңғы сегiз айда болмаған ең төмен көрсеткiш, 1, 3328-ге құлдырады. Еуропадағы ең iрi банктер акциясы да бұрын-соңды болмаған бағаға құнсызданды.

Әлемдiк қаржылық дағдарыстың салдарынан экономикалық көрсеткiштерi құлдырап кеткен Греция өзi миллиардтап борыш алған Еуропалық Одақ пен Халықаралық қаржы қорына қаражатты босқа шашып жатпағанын азаматтарын «шөмiштен қысу» арқылы дәлелдегiсi келедi. Оның үстiне, мемлекеттiк қарызды, жалақы мен зейнетақыны төлеу үшiн Еуроодақ пен Халықаралық қаржы қорынан тағы да 8 млрд. еуро көлемiндегi берiлетiн қарыздың бiр бөлiгiн алуы қажет. Керiсiнше болған жағдайда, сыртқы қарыздар бойынша дефолтқа ұшырайды. Осы себептi, бүгiнде рецессиямен күресiп әлекке түсiп жатқан еуроаймақ шенеунiктерi грек үкiметiнiң мемлекеттiк қарызының бiр бөлiгiн қайтарымсыз борыштар тiзiмiне қосып, Еуропалық қаржылық тұрақтылық қоры (ЕҚТҚ) арқылы бөлiнетiн ақша көлемiн 440 млрд. еуроға дейiн ұлғайтуға, сондай-ақ, iрi еуропалық банктерге қаржылай көмектесуге мүдделi. Греция дефолтқа ұшыраса, еуроаймақты құрдымға бiрге әкетерi сөзсiз. Оның алдын алу мақсатында, Еуропалық Одақтың ең салмақты ойыншысы әрi беделдiсi Германия кезiнде өзi бастама көтерiп, мұрындық болған кәрi құрлыққа ортақ валюта –еуроның күйрегенiн қаламайды. Немiстердiң канцлерi Ангела Меркель: «Еуроның күйреуi – Еуропаның күйреуi. Бiз бұған жол бере алмаймыз» деп бiр емес, бiрнеше рет ашық мәлiмдеме жасаған.

06.10.2011

Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ