Жаңалықтар

ЖАСТАР АУЫЛҒА АТТАНДЫ

ашық дереккөзі

ЖАСТАР АУЫЛҒА АТТАНДЫ

Бiр жағынан қалалардың өсiп, ауылдардың iрiленуi өркениеттi қоғамның жетiстiгi болғанымен, екiншi жағынан қазақтың ауылдан бiржола тамырын үзiп алмауы ұлттық деңгейде бас қатырар мәселе болуы тиiс. Ауыл экономикалық өсiм ғана емес, ұлттың өзегiн қалыбында сақтайтын, тiлi мен мәдениетiн есте ұстайтын, тарихы мен салт-санасын ардақтайтын қасиеттi мекен.

анттардың көбiсi Парижде немесе Алматыда емес, ауылдарда дүниеге келетiнiне әлдеқашан көзiмiз жеткен. Болашақта осы үрдiстiң жiбi үзiлмес үшiн ауылда ұлттық мәдениеттiң ошағы, заманауи бiлiмнiң бастауы сақталуы керек. Ал мұны ауылға жеткiзетiн әрi қадiрлейтiн қалада бiлiм алған жас мамандар болса керек.

Аты жаттанды ұранға айналғандай көрiнсе де, ойлы санаға «Дипломмен ауылға!» жобасының мағынасы тереңде. Нарықтық заман күшiне енген тұста Алматы, Астана сияқты қалаларда оқу бiтiрген жас мамандар шамасы келгенше сол iрi шаһарларда тұрақтап қалып, табысы жоғары жұмысқа орналасуды мақсат тұтқаны әлеуметтiк құбылысқа айналғаны рас. Бұл құбылыс үздiксiз iшкi миграциялық көшке ұласты. Алайда өткен ғасырдың 60-70 жылдары Алматыда қызмет бабы бойынша тұрақтап қалатындар саны iлуде бiреу болса, тоқсаныншы жылдардан берi қарай екiнiң бiрi қалалыққа айналды. Жастардың жаппай қалалық болуға ұмтылысы қаладағы өмiрдiң тәттiлiгiнен емес, ауылдағы тiршiлiктiң қиюы кетiп, ажары кемуiнiң салдары екенi белгiлi едi. Қоғамның дабыл қағар тұсы осы болатын. Бiрақ қанша айтылса да, ақпарат құралдарында қанша мәрте жазылса да, ауылдағы тiршiлiктiң құлақ күйiн келтiрмей, ауыл мәдениетiн жаңғыртпай, жастар көшiн ауылға қайта бұру қиынға соқты. Осы тұста арнайы мемлекеттiк бағдарламалар қабылданып, ауылды дамытуға қыруар қаржы бөлiндi. Елдi мекендердегi балабақша, мәдениет үйлерi, кiтапханалар қайта ашылып, ауылға таза су жеткiзу, жол салу қолға алынды. Ауылдан тысқары кеткен жастарды қызықтыру үшiн мемлекет тағы бiр жобаны жүзеге асыра бастады. Дипломын ендi қолына алған жас маман ауылға барып қызметке тұрған жағдайда оған арнайы сыйақы, баспанамен қамтамасыз ету жеңiлдiктерi және айлық табысына үстемеленетiн қосымша ақы беру жолдары қарастырылды.

2008 жылғы 24 желтоқсанда «Қазақстан Республикасының кейбiр заңнамалық актiлерiне ауылдық елдi мекендердiң әлеумет­тiк сала қызметкерлерiн әлеуметтiк қолдау және ынталандыру мәселелерi бойынша өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу туралы» Заң, ал 2009 жылғы 18 ақпанында «Ауылдық елдi мекендерге жұмыс iстеу және тұру үшiн келген денсаулық сақтау, бiлiм беру, әлеуметтiк қамсыздандыру, мәдениет және спорт мамандарына әлеуметтiк қолдау шараларын ұсыну мөлшерiн және ережесiн бекiту туралы» Үкiмет қаулысы қабылданды. Бұл идея туралы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 2009 жылы 14 қазанда әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетi студенттерi алдында оқыған дәрiсiнде таратып айтқан болатын. Президент жастарды өз бақытын шет елдерден емес, ауылдан, туған топырақтан iздеуге шақырды. Ол үшiн мемлекет тұрақты табыс, жайлы баспана, қосымша ақы берудi өз мойнына алатынын айтты.Осылайша, үш жыл бұрын «Дипломмен ауылға» жобасы жүзеге асырыла бастады. Бүгiнге дейiн осы бағдарлама аясында 13000 маман арман қуып ауылдарға аттанған.

Жобаның артықшылықтары баршылық: тәжiрибесiз жас маманның қалада жұмыс табу қиыншылығы өз алдына, ал ауылдағы қызметке тұруға тiлек бiлдрген түлекке мiндеттi түрде айлық табысына қосымша 25 пайыз үстеме берiледi. Оның үстiне, жергiлiктi әкiмшiлiктiң көмегiмен жас маман ауылдық жерде 952 560 теңге көлемiнде баспана алады немесе бюджет несиесiн рәсiмдей алады. Ең бастысы, ауылға жаңадан қоныстанған жас маманға бiр реттiк 105 840 теңге көлемiнде арнайы жәрдемақы да тағайындалады. Осы игiлiктердiң бәрiне ие болу үшiн әлеуметтiк саладағы жас маман ауылда кемiнде бес жыл қызмет етуi тиiс.

Бiр ғана Павлодар облысына соңғы екi жылда осы бағдарлама бойынша 1272 маман қоныс аударыпты. Олардың жартысына жуығы мұғалiм, ал 200-дейi дәрiгер болса, арасында 20-дан астам мәдениет қызметкерi де бар.

Бұл жоба ең әуелi ауылдарда кадр тапшылығын азайтуға бағытталған. Үш жылдан берi 13000-нан астам маман ауылдарға аттанды десек те, ауылдық аймақтарда әлi де 26000-дай маман тапшылығы сезiледi. Ендеше, бұл бағдарлама жалғаса бермек. Ауылдағы мамандар тапшылығын республика бойынша тұрақты түрде өткiзiлетiн «Жас маман» атты жәрмеңкелер барысында анық байқауға болады.

Осы шаралардың нәтижесi ретiнде жастар арасындағы жұмыссыздық көрсеткiшi азайғаны байқалады. Статистика агенттiгiнiң дерегiне сәйкес, соңғы алты жылда бұл көрсеткiш 7 пайызға кемiген.

«Нұр Отан» ХДП «Жас Отан» жастар қанаты таратқан мәлiметке жүгiнсек, мемлекеттiк жастар саясаты аясында 76 маңызды әлеуметтiк жоба жүзеге асырылған. Солардың iшiнде ең ауқымды саналатын әрi жастардың көңiлiнен шыққан жобалар: «Дипломмен ауылға!», «Ауыл жастары», «Жастар кадр резервi», «Жастар – Отанға». Бұл жобаларды жүзеге асыруға ауыл шаруашылығы, денсаулық сақтау, байланыс және ақпарат, мәдениет, еңбек және халықты әлеуметтiк қолдау, туризм және спорт министрлiктерi, Алматы мен Астана қалалары, облыс әкiмшiлiктерi атсалысып отыр.

Бұл бағдарламалар бiрiн-бiрi толық­тырады: «Дипломмен ауылға!» жастарды ауылға келуге үндесе, «Ауыл жастары» жастар ұйымдарын қолдауға, ауылдық жастар мәселелерiн көтеруге, түрлi қоғамдық шаралар өткiзуге бағытталған.

Сондай-ақ дипломмен ауылға келген жас мамандар «Жастар кадр резервi» жобасына да қатысып, бақ сынай алады. «Жас Отан» жастар қанаты ұйымдастыратын қатаң сұраптаудан өткен мамандар болашақта мемлекеттiк қызметтiң барлық қажеттi сатысынан өтедi. Мысалы 2009-2010 жылдары бұл жобаға республика бойынша 3000-дай жас қатысқан. Оның iшiнде жүзден жүйрiк атанған 100 маман арнайы курс оқып, мемлекеттiк органдар мен ұлттық компанияларда тағылымдамадан өттi.

Халықаралық жастар күнi қар­саңында «Нұр Отан» ХДП төра­ғасының бiрiншi орынбасары Нұрлан Нығматуллин жастар ұйымдары басшыларымен кездескен болатын. Бейресми кездесуде мемлекеттiк жастар саясатының мән-жайына кеңiрек тоқталған Н.Нығматуллин «Қазақ­станның болашағы әрқайсыңыздың қолыңызда» деп атап көрсеттi.

Соңғы кезде жастар қоғамдық өмiрге белсене араласа бастады. Елдiң болашағы өздерiне тiкелей байланысты екенiн сезiнсе керек.

06.10.2011

Гүлбиғаш Омарова