Жаңалықтар

ҚАЗАҚСТАН КЕЛЕШЕК ИНВЕСТИЦИЯЛАРҒА ҚҰШАҚ АШПАҚ

ашық дереккөзі

ҚАЗАҚСТАН КЕЛЕШЕК ИНВЕСТИЦИЯЛАРҒА ҚҰШАҚ АШПАҚ

Қазақстан Тәуелсiздiгiнiң 20 жылдық мерейтойы қарсаңында өткiзiлген IV «Kazenergy» Еуразиялық форумында инвестициялық және энергетикалық ынтымақтастық, көмiрсутегiлердi тасымалдау жолдарын дербестендiру, кен орындарындағы өндiрiс қарқынын арттыру т.б. мәселелер талқыланды.

Көмiрсутегiлер қорына бай Қазақстан энергетика саласында жан-жақты ынтымақтастық орнатуға мүдделi. Сырттан тартылатын инвестиция көлемiн жылдан жылға арттыра түсу, шетелдiк инвесторларға жағдай жасау, инвестициялық ахуалды жақсарту мәселелерi – Қазақстан үшiн күн тәртiбiнен түспейтiн мәселелер. 1991 жылдан, яғни егемендiгiн алғалы берi Қазақстан түбегейлi әлеуметтiк-экономикалық реформалар жүргiзуге, ашық нарықтық экономиканы құруға, бизнес жүргiзуге қолайлы жағдай жасауға және тiкелей шет ел инвестицияларын тартуға кiрiстi, алдымен мұнай-газ саласынан бастады. «Қазақстан: 20 жыл өркендi даму, жаңа инвестициялық жобалар және мызғымас әрiптестiк» тақырыбындағы «Kazenergy» IV Еуразиялық форумы Қазақстанның тәуелсiздiк алған жылдары энергетика саласында қол жеткiзген жетiстiктерi мен табыстарын сарапқа салды. Шараның салтанатты ашылуында «Kazenergy» қауымдастығының төрағасы Тимур Құлыбаев: «Форумның басты тақырыбы ретiнде бiз Қазақстанның Тәуелсiздiк жылдардағы даму қарқынын, инвестициялар мен энергетикалық ынтымақтастықтың жарқын келешегi мәселесiн таңдап алдық», – деп атап айтты.

Жер шарының 40-тан астам елiнен жиналған кәсiпкерлiк, билiк және халықаралық сарапшы­лары бас қосқан форумда ҚР Премь­ерi К.Мәсiмов: «Индустрия Қазақ­станның қарқынды дамуында әр­қашан негiзгi рөл атқарды. Шетел­дiк энергетикалық компаниялар Қазақстанның алғашқы iрi инвесторлары болды және келешекте де солай болмақ» дей келе, әлемдiк қаржы дағдарысының экономикалық өсуге тигiзiп отырған ықпалы жайлы айтты. Қазақ премьерiнiң айтуынша, «экономикалық өсудiң баяулауы, АҚШ-тағы қаржылық жағдайдың нашарлауы мен Еуропадағы борыштар дағдарысының ушығуы сенiмге селкеу түсiрдi және рецессия қаупiн арттырды. Қомақты инвестициялық қаражатты пайдаланып отырған индустрия үшiн де бұл – ауыр күйзелiс. Осыған байланысты Қазақстан Үкiметi инвестициялар тартуда және оларды сақтап қалуда белсендiлiк танытуы тиiс».

Екi күн бойы форум шеңберiнде жиылған қауым Қашаған кенiшiндегi өндiрiс, экстремалды суық жағдай­ларда мұнай операцияларын жүр­гiзу, Қарашығанақ кенiшiнде сұйық көмiрсутегiн өндiрудiң жаңа мүм­кiндiктерi т.б. жайлы жан-жақты пiкiр алмасты. «Қашаған» мұнай-газ кен орнының екiншi кезеңiн жүзеге асыруға қатысты мәселелер әлi түбегейлi шешiлген жоқ. Осы туралы сөз қозғаған ҚР Мұнай және газ министрi Сауат Мыңбаев мердiгер компаниялар мен құзырлы органдардың өзара тиiмдi де тығыз қарым-қатынас орнату арқылы әрi халықаралық стандарттарға сәйкес келетiн тәжiрибелердi ескере отырып, 2012 жылдың желтоқсаны мен 2013 жылдың маусымы аралығында жүзеге асырылуы мүмкiндiгiн көлденең тартты. Сонымен қатар «Теңiз» мұнай-газ кен орнын кеңейтуге қатысты жаңа жоба түзiлуде. Аталған шара iске қосылғанда қазiргi 26 млн. тонна кендi 36 млн. тоннаға дейiн арттыруға мүмкiндiк бар. «Ресми деректерге сәйкес, әлем бойынша мұнай қоры жағынан алғанда, Қазақстан 9-орында тұр. Бұл тәуелсiз дерек көздерiнен алынған. Менiңше, геологиялық қорларымыздың арқасында өндiру көлемiн ұлғайта аламыз» (С.Мыңбаев).Бүгiнде елiмiз үшiн атом энергетикасын дамыту да аса маңызды. Жуырда осыған байланысты үкiметтiк бағдарлама да қабылданған. Атом энергетикасын дамыту туралы Жапон Ұлттық комитетiнiң төрағасы Теруаки Масумото, Халықаралық атомдық энергетика агенттiгiнiң Атом энергетикасы технологияларын дамыту бөлiмiнiң бастығы Томас Кошы т.б. әлемдiк деңгейдегi сарапшылар өз ұсыныстарын бiлдiрдi. Қазiргi кезде ҚР Үкiметi Атырау, Шымкент, Павлодардағы үш мұнай өңдеу зауытының өндiрiс қуатын арттыру мәселесiн шешуге тырысуда. Өйткенi аталған өндiрiс орындарының iшкi нарықты толық қамтамасыз ете ал­мауының салдарынан жоғары октанды жанар-жағар май сырттан тасымалданады: «Импортқа тәуелдiлiк жаз айларындағы секiлдi жанар-жағар май дағдарысына, анығында, дағдарыс емес, бағаның күрт өсуiне әкеп соғады» (С.Мыңбаев).

Экономика мен тұтынушылық сұраныс өскен сайын халықаралық нарықтағы көмiрсутегiлерге деген сұраныс та артып келедi. Энергетикалық қорларды еуропалық нарыққа тасымалдау жолдары саусақпен санарлықтай. Орталық Азияға тиесiлi мұнай мен газды Ресей аумағы арқылы алатын кәрi құрлық энергетикалық қауiпсiздiктi қамтамасыз ету мақсатында орталықазиялық аймақтан бастау алатын құбырларды Түркия жерiмен тiкелей тартсақ дейдi. Мұндайда бiрнеше жылдан берi қағаз жүзiнен аса алмай келе жатқан Nabuccо құбырын iске қосу – кезек күттiрмейтiн мәселе. Сонымен қатар Әзiрбайжан мен Түркiменстан көмiрсутегiлерi толтыратын Транскаспийлiк құбырды жүзеге асыруға да Еуропалық Одақ бүгiнде құлшына кiрiскен. Еуразиялық форумда Еуропалық Одақтың энергетика жөнiндегi комиссары Гюнтер Оттингер: «Каспий­дiң шығыс жағалауындағы елдер үшiн экспорттық дәлiз құруда жуырда ғана келiсiмге келгенiмiздi жеткiзгiм келедi! Жаңа транзиттiк мүмкiндiктердi, инвестицияларды әрдайым құптауға әзiрмiз. Бiздiң Орталық Азиядағы жобаларымыз – Nabucco газ құбырының жобасына, сонымен қатар Транскаспийлiк құбырға ат салысуға шақырамыз», – дедi.

06.10.2011

Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ