"ҚАЗАННАН ҚАҚПАҚ КЕТСЕ"...
"ҚАЗАННАН ҚАҚПАҚ КЕТСЕ"...
Анау-мынау емес, бақандай 130 мың долларды кеденнен заңсыз алып өтпек болған "Благодать" шiркеуiнiң пiрәдары құрықталып, үстiнен қылмыстық iс қозғалды. Бұған дейiн мемлекетке сатқындық жасау, мемлекеттiк маңызы бар құпия мәлiметтердi заңсыз жолмен алу және жариялау, ұлтаралық және дiни араздықты қоздыру, өзгенiң мүлкiн алаяқтық жолмен иемдену, денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтiру, салықтан жалтару сияқты т.б. ауыр қылмыстарға қатысты 8 рет айыпталған шiркеу басшылығын заңды жаза күтiп тұр. Ал дiн туралы заңнамалық талаптардың дұрыс орындалмауы және жүйелi түрде қадағаланбауы – секталар үшiн таптырмас мүмкiндiк.
Алматы әуежайында қомақты соманы елден заңсыз алып өтпек болған "Благодать" сектанттық шiркеудiң басшысы Ким Сам Сон қолға түстi. 1947 жылы дүниеге келген ол Қазақстандағы "Благодать" шiркеуiнiң негiзiн салушы әрi пiрәдары. Оңтүстiк Корея азаматы болып табылады. Ұшаққа отырар алдында қол жүгiне жасырған 130 мың доллар көлемiндегi қаражатты Қазақстан шекарасынан декларация толтырмай-ақ әкеткiсi келген пiрәдардың үстiнен қылмыстық iс қозғалды. Өйткенi Қазақстан заңына сәйкес, егер кеденнен керi асыратын ақшаңыз 10 мың доллардан асса, декларация толтыруға мiндеттiсiз. Кеден комитетiндегiлердiң мәлiмдеуiнше, осыншама мол қаржыны пiрәдар Сам "Благодать" шiркеуiне келiп, құдайға табынушылардың асқан жомарттығының арқасында жинағанын айтқан. Бiр қызығы, кеден комитетiндегiлердiң сөзiн терiске шығарған шiркеу қызметкерлерi өздерiнiң жетекшiсi Сам мырзаның екi айдан берi Қазақстан аумағында жоқтығын, дәл қазiр Америкада жүргенiн айтып, азар да безер.
Отандық бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланған деректерге жүгiнсек, 1995 жылы құрылған "Грейс-благодать" шiркеуiнiң Қазақстан аумағы бойынша 240 бөлiмшесi бар. Алғашқыда шiркеуге келушiлер саны 300 адаммен шектелсе, бүгiнде 15 мыңнан асып жығылады. Секта иелiгiнде 126 дiни нысан жұмыс iстеуде. Кейбiр деректерге қарағанда, "Благодать" шiркеуiне Алматы мен Қарағанды облыстары бойынша ерiктiлер тарапынан небары бiр аптада 1 миллион теңгеден астам қаражат түсетiн көрiнедi. Ол аз десеңiз, шiркеу АҚШ пен Оңтүстiк Корея тарапынан да ақшалай көмек алып отырады. "Пендешiлiк өмiрден баз кешiп, қолындағы көлiк, жылжымайтын мүлiк, ақшаны шiркеудiң атына өткiзуге қатысты "мәжбүрлеу-ерiктi түрде ондық садақа" жинау қалыптасқан дәстүрге айналған. Яғни шiркеуге келушiлер ай сайын тапқан табысының он пайызын шiркеу басшылығына өткiзуге мiндеттi.
Қазақстандық құқық қорғау органдары қызметкерлерiнiң мәлiмдеуiнше, соңғы екi жылда Қазақстанда аталған "Благодать" ұйымы басшылығы мен белсендi мүшелерiнiң үстiнен 8 қылмыстық iс қозғалған. Оның iшiнде, мемлекеттi сату, мемлекеттiк құпия мәлiметтердi заңсыз жолмен алу және жариялау, ұлтаралық және дiни араздықты қоздыру, өзгенiң мүлкiн алаяқтық жолмен иемденiп алу, денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтiру, салықтан жалтару бар. "Қазаннан қақпақ кетсе, иттен ұят кетедi" демекшi, дiнге қатысты заңның дұрыс сақталмауы елдi алатайдай бүлдiрiп, отбасылық құндылықтарды жоққа шығаратын секталарға таптырмас олжа боп тұр.
29.09.2011Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ