ҚАЗАҚ ЖУРНАЛИСТИКАСЫНЫҢ ҚАРЛЫҒАШЫ
ҚАЗАҚ ЖУРНАЛИСТИКАСЫНЫҢ ҚАРЛЫҒАШЫ
Қазақ: "Өлi разы болмай тiрi байымайды", – дейдi. Киелi Кереку жерiнiң тумасы, қазақ қыздарынан шыққан алғашқы кәсiби журналист, қоғам қайраткерi, ақын, жазушы, аудармашы – Ләзиза Мешiтбайқызы Серғазина өз заманындағы ақпарат әлемiндегi арпа iшiндегi бiр бидайы болатын. Аналық әппақ жүрегiмен бесiгiн, сиялы сырымен қоғамын тербеткен апамыздың құрметiне қыркүйек айының 20 жұлдызы күнi С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттiк университетiнiң Ләзиза Серғазина атындағы баспасөз орталығында экспозициялық мұражай ашылды.
Мұражайдың ашылуына қол ұшын созып, мұрындық болған аталмыш оқу ордасының ректоры Ерлан Мұхтарұлы Арын мырза және келер ұрпаққа берерi мен айтар сыры мол, құнды дүниенi көзiнiң қарашығындай сақтап бүгiнгi күнге жеткiзушi қос алып тұлғаның қызы Райхан Әбуқызы Сәрсенбаева екенiн де атап өткен жөн. Мұражайдағы Ләзиза апамыздың өз қолымен ұстаған әрбiр затының қаншама құнды, әрi тарих үшiн маңызы зор екенi баршамызға мәлiм. Мұражайдың салтанатты тұсаукесер рәсiмiне Ләзиза апамыздың туыстары Қамар Мусалимова, Қуантай Нүкiшұлы мен зайыбы Зекен Жүсiпова және Кереку өңiрiнiң журналистерi, Павлодар облыстық мемлекеттiк архивi, Қазақстан әйелдерi қоғамдық бiрлестiгiнiң өкiлдерi мен болашақ жас журналистер қатысты. Салтанатты жиын барысында сөз алған туысқандары Ләзизаның адамгершiлiгi хақында сөз қозғаса, көзiн көрген iзбасарлары тек журналист қана емес, өздерiнiң аналарындай болған асыл жан деп еске алысты. Ал болашақ журналистердiң атынан шыққан Елена Гаркава өзге ұлттың өкiлi болса да қазақ тiлдi БАҚ-қа өз үлесiн қосқысы келетiнiн атай отырып, мұражаймен қатар Павлодар мемлекеттiк университетiнде Ләзиза атындағы жас журналистер клубы ашылса деген тiлегiн де ортаға салды. Сондай-ақ, "Әрқашан өзiң болдың сағынарым, Мөп-мөлдiр қасиетiңе табынды арым. Келдiң сен бақытымның ақ құсы боп, Көркейтiп Сәрсенбайлар шаңырағын", – деп жырлаған Әбу Сәрсенбаевтың жары Ләзизаға арнаған өлеңдерi де оқылды. Естелiктер айтылып, өлеңдер оқылғаннан кейiн келген қонақтар мұражайға саяхат жасап танысып шықты. ҚОС ҒАСЫРДЫҢ ЕРКЕСI Ләзиза Серғазина қызмет атқарған "Әйел теңдiгi" кейiн "Сталин жолына" айналады. Бiрақ соғыс нәубетiнiң кесiрiнен бiршама уақыт жабылып қалған әйелдер журналы кейiн қайта жарыққа шығады. Журнал редакторы болып партия қызметкерi, жас коммунист Хасиба Сейтқазиева тағайындалса, хатшылыққа "Социалистiк Қазақстан" газетiнде жиырма жыл iстеген тәжiрибелi журналист Ләзиза Серғазина шақырылады. Осы кезде Ләзиза апамызға кейбiреулер: "Барма, баспасөздiң не екенiнен хабарсыз жас коммунист қыз редактор да, жиырма жыл тәжiрибең бар сен хатшы ғана болғаның не?" – деседi. Ләзиза өзiнiң салиқалы мiнезiмен нақты шешiмiн былай жеткiзсе керек: "Басшылыққа өзiм де құмар емеспiн. Менiң әкем қажы болғандықтан партия мүшелiгiнде жоқпын, сондықтан басшы жұмысқа жiбермейдi. Өзiм де оған тырыспаймын, қайта осы жұмысқа баруға бел байладым. Балаң редакторды өзiм тәрбиелеймiн. Менiң көргенiм көп, тәжiрибем жетерлiк. Оны қазақ қыздарын, қазақ әйелдерiн тәрбиелеуге жұмсауға тиiстiмiн. Бұл жұмыстың қолымнан келетiндiгiне сенiмдiмiн, сендер де сене көрiңдер", – деген екен. Ләзиза апамыз өмiрден өткеннен кейiн Әбу атамыздың "Ғасыр мен ғасыр беттессе" атты кiтабында: "Ләзиза менiң жарым емес, кеңесшiм де, көмекшiм де едi. Ол көрнектi журналистермен бiрге кезiнде өзi де өлең жазды. Кейiн өлеңдi бiржола қойып, төл әдебиетiмiздi көркем аудармашылығымен байытып, қарымды қаламгерге айналды. Менiң бүкiл еңбегiм алдымен Ләзиза марқұмның сынынан өтетiн",– деп ағынан жарылғаны бекер емес. Қазақ әдебиетiнiң шоқ жұлдызы Әбу Сәрсенбаевтың шығармашылық жолындағы бағдаршамы болған Ләзиза Мешiтбайқызы болашақ жас журналистердiң де биiк шыңға бағыт алар бағдаршамы болмақ. Келешек жастарға қос жұлдыздың тағдыры тазалық пен сыйластықтың үлгiсi бола бермек! Қарлығаш ХАШЫМҚЫЗЫ Павлодар қаласы 29.09.2011