Жаңалықтар

БАҚЫТСЫЗДЫҚ БАЙЫПСЫЗДЫҚТАН КЕЛЕДI

ашық дереккөзі

БАҚЫТСЫЗДЫҚ БАЙЫПСЫЗДЫҚТАН КЕЛЕДI

Жаймашуақ жаздың аптапты ыстығының да бетi қайтып, сарыала күздiң алғашқы айы да мәресiне жетiп қалды. Тынысты тарылтып жiберетiн жаз айларының биылғы аптабы ерекше болды. Қапырықтан қашып су, көл жағалап кеткендер анау Алакөл, мына жағы Ыстықкөлге, одан қала бердi өзiмiздiң Қапшағайдың жағалауларын жайлап, түннiң бiр уағына дейiн демалыстар ұйымдастырылды.

Дегенмен осындай жазғы демалыстардың соңы қайғылы жағдайларға әкелiп жататыны тағы бар. Осы ретте қаламыздағы Алатау ауданы аумағында үстiмiздегi жылдың алты айында 14 табиғи және техногендiк түрдегi төтенше жағдайлар тiркелiп, соның салдарынан 36 адам жарақат алса, бiр адам қайтыс болған. Соның iшiнде бiр жол-көлiк оқиғасы, 3 өрт пен жарылыс, 5 техногендiк нышандағы, 4 табиғи түрдегi төтенше жағдай тiркелсе, бiр адам суға батып қайтыс болған.

Бүгiнгi таңда Алатау аудандық төтенше жағдайлар бөлiмi "Шаңырақ-1" және "Ұлжан" ықшам аудандарының жергiлiктi өзiн-өзi басқару комитетiнiң төрағаларымен бiрлесе отырып, Үлкен Алматы өзенiнiң жағалауындағы орналасқан тұрғындар арасында кездесулер өткiзiп, түрлi жағдайлардың алдын-алу жолында шаралар ұйымдастырылды. Аталған кездесулерде тұрғындарға көптеген ескертпелерi бар жадынамалар таратылды. Онда Үлкен Алматы өзенiнiң жағалауында демалыс орындарын ұйымдастыруға тыйым салынып, кәмелетке толмаған балаларды көлге жiбермеуге, ересектерге назардан тыс қалдырмауды және iшiмдiк iшiп, масаң күйiнде шомылуға қатаң тыйым салынатыны жазылған.

– Осындай шараларды үнемi халық санасына құйып, тек жаз айларында ғана емес, жылдың қай мезгiлi болса да төңiрегiне байыпты қарап, көпшiлiк орындарда төтенше жағдайлардың алдын-алып, бақылап жүру керектiгiне байланысты жүргiзiлген iс-шаралардың қорытындысы да жаман болмайды,– дейдi Алматы қаласы Төтенше жағдайлар Департаментiнiң Алатау аудандық төтенше жағдайлар бөлiмiнiң бас маманы Е.Махамбетов мырза. – Жоғарыдағы жағдайлардың 2010 жылмен салыстырғанда жол-көлiк оқиғасы 14, өрт пен жарылыс 6 есеге азайса, табиғи түрдегi төтенше жағдайлар тiптi тiркелмеген. Мұның өзi халықпен, осы аудан тұрғындарымен үнемi байланыста болудың, яғни бiрiгiп атқарылған жұмыс нәтижесi деуге болады.

Бас маманның бұл пiкiрiне аудандық төтенше жағдайлар бөлiмiнiң өртке қарсы қызмет майоры Ж.Смағұлов мырза да қосыла отырып:

– Көбiне тұрғындардың немқұрайдылығынан тұрғын үйлерде өрттiң шығуы азаяр емес. Қаражатты үнемдеймiз деп электр желiлерiн, сымдардың жалғанатын жерлерiн түю немесе байлау сияқты аса ұқыптылықты қажет ететiн жұмыстарды мамандарына жасатпай, таныс кiсiлерiне тапсырыс берiп жатады. Арнайы маман жасамағандықтан осындай өрт қауiпсiздiгi ережелерi дұрыс сақталмаудың салдарынан жылдың екiншi жартысының өзiнде 3 адам қаза тапты. Қарап отырсаңыз, бәрi де өз қолымызда, өмiрiмiздi сақтандыру өз алдына, кейде базбiреулердiң қателiгiнен басқалар зардап шегiп жататыны да бар. Сондықтан да жеке тұрғын үйлердегi от жағатын пештiң мұржаларын дер кезiнде тазалап, жамап-сылап отыру қажет. Сонымен қатар, пештiң жанына тез тұтанғыш заттарды қоймай, "Сақтансаң сақтармын" деген қағиданы мықтап ұстанған жөн болар. Әсiресе балаларды үйде жалғыз қалдырмау керек,– дегендi айтады.

Расында да, көбiне жас балалардың бақылаусыз қалуы, ата-аналардың ұқыпсыздығы салдарынан күнделiктi өмiрiмiзде келеңсiз жағдайлардың кездесiп жататыны өтiрiк емес. Немесе маскүнем ата-аналардың араққа сылқия тойып, темекi тұқылынан болып жататын жағдайларды да көрiп, естiп жүрмiз. Өз өмiрiмiзге, өз болашағымыз – балаларымыздың тағдырына жанашырлықпен қарауға, өзiмiз күнделiктi ауасын жұтып, тiрлiк кешiп жатқан ауыл-село маңына жинақылықпен қараған дұрыс-ау,сiрә?

Қаламыздың шет аймағына орналасқан Алатау ауданы небәрi үш-төрт жылдың жүзiнде құрылса да, жұртшылықпен жұмыс iстеу тәсiлiн жақсы меңгерiп, ұйымдастыру жұмыстарына белсендi кiрiскен жағдайы бар. Оны жоғарыдағы бас мамандар пiкiрiнен-ақ көруге, түйсiнуге болады.

29.09.2011

Таңсұлу Алдабергенқызы