Мемлекеттiк тiл: КӨКШЕДЕГI КЕЛЕЛI ЖИЫН
Мемлекеттiк тiл: КӨКШЕДЕГI КЕЛЕЛI ЖИЫН
22 қыркүйекте Көкшетау қаласында өткен Халықаралық "Қазақ тiлi" қоғамының кезектегi V құрылтайы болып өттi. Қоғам мүшелерi Құрылтайдың қаулысын қабылдап, республикамызда қазақ тiлiнiң мәртебесiн тиiстi дәрежеге көтеру үшiн Мемлекеттiк тiл туралы заң қабылдау керек деген пәтуа жасады.
Құрылтайды халықаралық "Қазақ тiлi" қоғамының құрметтi президентi, академик Әбдуәли Қайдар ашып, сөз кезегiн ҚР Президентi Әкiмшiлiгi жетекшiсiнiң орынбасары Мәулен Әшiмбаевқа бердi. Құрылтайдың қатысушыларына Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың құттықтау хатын жеткiзген Мәулен Әшiмбаев жиырма жылдық тәуелсiздiк жылдарындағы қазақ тiлiнiң хал-жағдайына тоқталып, кейiнгi жылдары бұл салада қол жеткiзiлген жетiстiктер туралы өз ойларын ортаға салды. Одан кейiн сөз сөйлеген мәдениет министрi Мұхтар Құл-Мұхаммед биыл қабылданған Тiлдердi қолдану мен дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттiк бағдарламасының аясында қазақ тiлiнiң өрiсiн кеңейту бағытында ауқымды iс-шаралардың iске асырыларын, сондай-ақ мемлекеттiк тiлге қатысты мәселелердi реттеу, саладағы жұмыстарды ретке келтiру мақсатында тiл мәселелерi бойынша жаңа заңнама жыл аяғына дейiн әзiрленерiн, ол келесi жылдың басында баспасөзде жарияланып, елдiң талқысынан өтетiнiн мәлiмдедi.
Құрылтайды Көкшетау қаласында ұйымдастыруға ұйытқы болғандардың бiрi Ақмола облысының әкiмi Сергей Дьяченко баяндамасын қағазға қарап оқыса да, оның қазақ тiлiнде сөйлегенi құрылтайға қатысушылардың бәрiне жақты. Әкiмнiң сөзiне қарағанда, бүгiнгi күнi облыс халқының 48 пайызы қазақ тiлiн бiледi. Бұл көрсеткiш 2015 жылы 75 пайызға, Елбасының жолдауында атап өтiлгендей, 2020 жылы 95 пайызға жеткiзiлмекшi. Тiл саясаты бағдарламасын орындауға өткен жылы облыс бюджетiнен 54 миллион теңге, биыл 60 миллион теңге қаржы бөлiнген. Құрылтайда "Қазақ тiлi" қоғамының атқарып жатқан iстерi және алдыға қойған мiндеттерi туралы негiзгi баяндаманы қоғамның президентi, академик Өмiрзақ Айтбайұлы жасады. Қоғамның басшысы Қазақстан Үкiметiнiң жанында құрылған Мемлекеттiк тiл саясатын одан әрi жетiлдiру жөнiнде комиссияның мүшесi ретiнде Премьер-министр төрағалық еткен комиссия отырыстарында бiрқатар ұсыныстарды, атап айтқанда, жер-сулардың және елдi мекендердiң тарихи қазақша атауларын қалпына келтiру iстерiн жүйелендiру үшiн нормативтiк актiнi қабыл алу, Павлодар мен Петропавл қалаларына Абылай мен Кенесарының атын беру, қазақ тiлiндегi аты-жөндердi қазақ тiлiнiң емле ережесiне сай рәсiмдеу, электрондық байланыс құралдарына арналған латын жазуындағы қазақ әлiпбиiн бекiту, мемлекеттiк тiлге қатысты сот процестерiнiң әдiл болуына өзгеше көңiл бұру мәселелерiн кiргiзген. "Қоғам түзелуi үшiн елдiң бас адамдары түзелуi керек, өз iс-әрекетiмен үлгi-өнеге болулары керек. Атам қазақ "Ет сасыса тұз себедi, тұз сасыса не себедi" деп осындайда айтпай ма? Қазақстандағы барлық бала-бақшалар мен бастауыш сыныптар тек қана қазақ тiлiнде болуы талап етiлуге тиiс. Жоғарғы оқу орындарындағы қазақ тiлiндегi оқулықтар 7-ақ пайызды құрайды. Бұл не сұмдық! Студенттердi тиесiлi оқулықпен қамтамасыз ете алмаған жоғарғы оқу орындарына Бiлiм және ғылым министрлiгi неге лицензия бередi? Студенттер көпшiлiк пәндердi – қоғамдық-әлеуметтiк бағыттағы пәндердi Ресей оқулықтарымен оқиды. Өзге елдiк гуманитарлық саладағы оқулықтарды пайдалану арқылы бiз өзге идеологияны насихаттаймыз. Бұл – егемен елдiң намысына тиетiн жағдай", – дедi халықаралық "Қазақ тiлi" қоғамының президентi Өмiрзақ Айтбайұлы.
Қазақстан мұсылмандары дiни басқармасының бас мүфтиi Әбсаттар Дербiсәлi мемлекеттiк мекемелердi мемлекеттiк тiлге құрметпен қарауға шақырды. Дiни басқармаға келген хаттарға мәтiн мемлекеттiк тiлде жазылған болса ғана жауап қайтарылады екен. АҚШ-тан келген бiр хат сол себептен бiр ай қаралмай жатыпты. Сосын бұл хат қазақ тiлiнде келген. Бас мүфти бiрде қазақ тiлi бойынша аудармашысы жоқ француздық делегацияны қабыл алмай қояды. Ертеңiне француздар қазақ аудармашысын ертiп келген. Бас мүфти келтiрген бұл мысалдар кiмге болса да ой салуға тиiс. Өзiн сыйламағанды өзгелердiң сыйламайтыны айдан анық.
Ең бiрiншi өз үйiмiзде, отбасымызда балаларымыз және немерелерiмiзбен қазақша сөйлесейiк деп ұран тастаған Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Нұрлан Оразалин сөзiн одан әрi сабақтап, қазақ тiлiндегi кiтаптардың өте аз нұсқамен шығып жатқандығына жұртшылықтың көңiлiн бұрды. Сол сәтте құрылтайды жүргiзiп отырған Мұхтар Құл-Мұхаммед мырза 16 желтоқсанға дейiн 15 томдық Қазақ тiлiнiң түсiндiрме сөздiгi әрбiрi 10 мың нұсқада жарық көрерiн сүйiншiлеп жiбердi. "Қазақ тiлi" қоғамының Тексеру комиссиясының төрағасы Марат Қалимолдин қоғамның өте кедей мекеме екенiне назар аударды. Бұл мәселе аймақтық өкiлдердiң сөздерiнде де ашық айтылып, қоғамды республикалық бюджеттен қаржыландыру мәселесi сұралды. Қоғамның материалдық мүшкiл хәлi қатты әсер етсе керек, сөз кезегi келгенде Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының бiрiншi орынбасары Ералы Тоғжанов қоғамдық ұйымға қаржы бөлудiң қиындығына қарамастан, Ассамблея қоғамға 2 миллион сом мөлшерiндегi бiр жолғы қолдау көрсетудi қарастыратынына уәде бердi. Сондай-ақ, Қазақстан мұсылмандары дiни басқармасының бас мүфтиi Әбсаттар Дербiсәлi де қаржылай жәрдем беретiнiн айтты.
– Айтылған сөздер осы жерде қалса, сөздiң атасы өледi, құрылтайда айтылған барлық ой-пiкiрлердi Мәулен Әшiмбаев екеумiз Үкiметке, Президенттiң әкiмшiлiгiнiң басшысына жеткiземiз, қазақ тiлiне байланысты көкейкестi мәселелер Елбасыға да мәлiмделедi деп ойлаймын, ал ендi мемлекеттен жалақы алып отырған соң мемлекеттiк қызметкерлерден мемлекеттiк тiлдi бiлуiн талап ету орынды мәселе, – дедi мәдениет министрi Мұхтар Құл-Мұхаммед мырза мiнберге шығып мұң-мұқтаждықтарды айтқандарға жауап берiп.
Құрылтайға қатысушылар қазақ тiлiн бұдан әрi өркендету бойынша бүкiл қауымға арналған Үндеу қабылдады. Сондай-ақ халықаралық "Қазақ тiлi" қоғамы жарғысының жаңа редакциясының жобасы талқыға ұсынылды.
Құрылтайда ұйымдастыру iстерi де қаралып, қоғамның президентi болып Өмiрзақ Айтбайұлы бiр ауыздан қайта сайланды. Жәнiбек Нәлiбаев бiрiншi вице-президент, Бораш Шенсiзбаев Оңтүстiк Қазақстан аймақтары, Орал Шәрiпбаев Солтүстiк Қазақстан аймақтары және Ғарифолла Әнес мәдениет бойынша президенттiң орынбасарлары болып сайланды.
Назарбек БАЙЖIГIТОВ29.09.2011