Жаңалықтар

АЛТЫН АСТЫҚ – АЛАШТЫҢ ЫРЫСЫ

ашық дереккөзі

АЛТЫН АСТЫҚ – АЛАШТЫҢ ЫРЫСЫ

«Нан болса, ән де болады!..» Биыл қазақтың дастарқаны нанға толып, қара шаңырағы шаттық ән мен шалқыған жырға бөленгелi тұр. «25 миллион астық аламыз», – дейдi диқандар. Аламыз десе алады! Ақ сөйлесiн ағайындар! 25 миллион астық! Тәуелсiздiгiмiздiң 20 жылдық тойына бұдан артық қандай тарту болмақ!

Алдын-ала болжаулар бойынша, биыл 18, 9 млн. тонна астық жиналады делiнген едi. Алайда күзгi науқандағы жиын-терiн нәтижесi қуанышымызды еселей түсетiн сияқты. Қазақтың жерiнде бұрын-соңды, яғни алпыс жылда болмаған астық жиналады деп диқандар қауымы қуанышты. Қазiрдiң өзiнде астық алқаптарында егiн орағының 77 пайызы орындалып, 19 миллион тоннадан артық бидай жиналды. Ал жалпы биыл 25 млн. тоннадан астам астық қамбаға түсуi мүмкiн. Ауыл шаруашылығы министрлiгiнiң жауапты хатшысы Евгений Аманның: «Қазақстан биыл рекордтық деңгейде астық жинауды көздеп отыр. Биыл астық жақсы пiстi. Бұл тәуелсiздiк жылдарындағы рекордты астық болатын шығар. Бiздiң экспорттық әлеуетiмiз 10 миллион тоннадан асып түседi» деген сөзi жұрттың төбесiн көкке жеткiздi. «Бұл Тәуелсiздiгiмiздiң 20 жылдығы қарсаңында диқандардың тарту еткен сыйы» дестi жұрт. Тiптi кейбiр мамандар елдегi нан бағасы жөнiнде ешқандай алаңдаушылық туындамайды дегендi нық сенiммен айтуда. Оның үстiне биыл елiмiздiң агроөнеркәсiп кешенiн дамытуға бюджеттi былай қойғанда, ұлттық қордан 120 млрд. теңге бөлiнiптi. «Азық-түлiк келiсiмшарт корпорациясы» АҚ басқарма төрағасы Бейбiтхан Қабдырахманов: «Қазiр астықтың бағасы жоғары емес. Сондықтан да нан бағасы қымбаттамайды деп ойлаймыз», – дедi.

«Нан болса, ән де болады». Бұл бағзыдан санамызда жатталып қалған тұрмыстық аксиома. Алайда бағымызға қарай нәсiп еткен 25 млн. тонна астықты жауын-шашынға қалдырмай жинай аламыз ба? Ауыл шаруашылығы министрi Асылжан Мамытбековтiң пiкiрiне қарағанда, бар мәселе – астықты жиын-терiм кезiнде тасымалдау және сақтауға тiрелiп тұр. Республикада лицензиясы бар 217 астық қабылдайтын кәсiпорын жұмыс iстесе, оның 205-i жаңа астықты қабылдауға дайын тұр. Бұл астық қабылдау кәсiпорындарында (АҚК) шамамен 13,6 млн. тонна астық сақтауға болады. Мұның сыртында ауыл шаруашылығы құрылымдарында 8,9 млн. тонна астықты сақтауға мүмкiндiк беретiн сыйымдылықтар бар. Қазiргi таңда астықты өңiр саналатын үш облыста қуаттылығы 1,5 млн. тоннаға тең элеватор тапшылығы қатты сезiлуде. Мысалы мол өнiм берген 2009 жылы астық сақтайтын қойманың аздығынан тау-тау боп үйiлген астықтың қар астында қалып қойғаны жұрт есiнде. Жыл сайын кесе-көлденең шығатын осы мәселенi Үкiмет қолға алып жатса да, түйткiлдi жайттың шешiлетiн түрi жоқ. Тiптi сол 2009 жылдан берi астық қоймасы жетiспейтiн өңiрлерде 500 мың тонна астық сиятын қамба салынған болатын. Мұның өзi жеткiлiксiз. Ауыл шаруашылығы министрлiгi бұл мәселенi тиiмдi шешу үшiн элеваторларды жекеменшiк компанияларға салуға мүмкiндiк жасау керектiгiн айтады.

Ал Үкiметтiң шешiмiне сәйкес, қарапайым шаруалардан жалпы көлемi 5 млн. тонна бидай сатып алу жұмысы басталып кеттi. Бүгiнгi күнi небәрi 80 мың тонна астық сатып алынды. Диқаншыға бидайдың әр тоннасына 26 мың 500 теңгеден төленедi деп шешiлген. Қазақстан астық өңдеушiлерi мен нан пiсiрушiлерi одағының президентi Евгений Ганның айтуынша, «Азық-түлiк келiсiм-шарт корпорациясы» бекiткен баға шаруалар үшiн тиiмдi болуы мүмкiн болса да, астық өңдеушiлер мен нан пiсiрушiлер бидайды нарықтық бағамен сатып алады. Бұл астықтың нарықтағы бағасының төмендемейтiндiгiн бiлдiрмей ме?

Қазiргi таңда Жамбыл және Оңтүстiк Қазақстан облыстарында бидай мен арпа толық жиналып алынса, Батыс Қазақстан, Алматы, Шығыс Қазақстан, Қостанай және Павлодар облыстарында арпа мен бидай ору аяқталуға жақын. Ауыл шаруашылығы министрi әлi де егiн орағы жалғасып жатқан Қазақстанның солтүстiк облыстарына қосымша 40 мың тонна жанар-жағармай жеткiзудi жоспарлап отыр. «Дизель отыны таусылып келе жатқан солтүстiктегi үш облысқа қосымша 40 мың тоннадай отын жеткiзу үшiн, бiз Мұнай және газ министрлiгiмен келiссөз жүргiзудемiз», – дедi Министрлiктiң жауапты хатшысы Евгений Аман. Оның айтуынша, «бүгiнгi таңда диқандар жоспарланған отынның 84 пайызын жұмсады, ал қалған отынды қыркүйек-қазан айларында алады».

«Азық-түлiк келiсiм-шарт корпорациясының» мәлiметтерi бойынша, еркiн саудалауға арналған астық көлемi 14 млн. тоннаға тең. Ал 2011-2012 жылдары елiмiзден Орталық Азия мен Каспиймаңы елдерiне шығарылатын бидай мен ұнның есептiк көлемi 6-6,5 млн. тонна шамасында болмақшы. Дегенмен бидайды сыртқы нарықтағы көлемiн ұлғайту үшiн Ресей мен Қытай арқылы Солтүстiк Африка, Таяу Шығыс, Оңтүстiк-Шығыс Азия елдерiнiң нарығына шығу қажет.

29.09.2011

Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ