Дүйсенбі, 6 Ақпан, 2023

ТУЫМЫЗ ТУЛАҚТАЙ БОП ЖАТЫР

"Тәуелсiздiктiң қадiр-қасиетiн қаншалықты сезiнiп жүрмiз?" деген сауал көп азаматтың көкейiнде тұратын да шығар. Десе де, көңiлде көп күдiк бар. Елдiң болашағына, тарихына, жерiне, тiлiне, мәдениетiне, мемлекеттiң құндылықтарына немқұрайды қарайтын азаматтар да аз емес екен арамызда. Мәселен Талдықорған қаласы әкiмшiлiгiнiң коммуналдық қызметшiлерi көк туды күресiн салатын қап ретiнде пайдаланғаны туралы БАҚ өкiлдерi жарыса жариялаған едi. Азиада ойындары кезiнде тағы бiр ши шықты. Астана қаласындағы "Қазақстан" спорт сарайында хоккейден жапон командасын жеңген елiмiздiң спортшыларының бiрi байрағымызды жерге тастай салғаны өкiнiштi болды.

Жақында Алматы облысы, Қарасай ауданына қарасты "Ақсай" ипподромында дүбiрлi ат жарысы өттi. Барған адам да, шапқан тұяқ та көп. Сәйгүлiктердiң жер тарпып, пысқырынып тiзiлiп тұрған сәтiн көрiп, суретке түсiруге асықтым. Сәл биiктеу жер болса деген оймен жан-жағыма қарасам, ипподромның iшiнде шолу мұнарасы бар екен, қуанып кеттiм. Фотоаппаратымды мойыныма асып алып, сол мұнараға жүгiре жөнелдiм. Баспалдақпен өрлеп бара жатып жерге қарасам, қазақтың туы аяқтың астында жатыр екен. Жүрерiмдi, не жүрмесiмдi бiлмей тұрып қалдым. Мұнараның айналасында ұйымдастырушылар да, полиция да, атбегiлер де ары-берi өтiп жүр. Ешкiм "Мына туды кiм тастаған?" демейдi.

Менi "Ту қайдан келдi, кiм осы жерге әкеп тастады?" деген сұрақтар мазалай бастады. Сұрастырсам, былай болған сияқты: мұнара басындағы ескi туды жаңалайды да, ескi байрақты тростың астына тастай салған! Мемлекеттiк нышанды машина сүртетiн сүрткiш ретiнде қалдырып кету отансүйгiштiктiң көрiнiсi емес. Ту – қасиеттi ұғым, елдiң рухы мен намысының белгiсi. Осындай сорақылықтар шетелде болса, кiнәлi азаматты жауапқа тартар едi. Неге бiз жым-жырт отыра беремiз?

Еркiн ТӨЛЕК

22.09.2011

Байқау айқын
Байқау айқын

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button