"ҚАРАКӨЗДЕН" ҰШҚАН ҚЫЗ
"ҚАРАКӨЗДЕН" ҰШҚАН ҚЫЗ
Ұстаз! Екiншi анаң, тәрбиешiң, шәкiртiне ақ жүрегiн ұсынған абзал жан…
1965 жылы Алматы шетел тiлдерi педагогикалық институтын тамамдап, туған топырағым Талдықорған облысының "Қаракөз" ауылындағы Қызылорақ орта мектебiне мұғалiм болып оралғанда ұстаздық деген ұғымның қыр-сырына әлi де терең қанықпаған едiм. Жиырма бiр жастан ендi ғана асқанмын. Мектеп директоры Ерғабыл Тұрсынбековтiң кабинетiне кiрiп, жолдамамды ұсынғаным есiмде. Тәжiрибелi ұстаздың:
– Әй, балам! Өрiмдей жас екенсiң. Он бiрiншi сыныптың оқушылары тыңдамай қойса, маған айт. Өзiңе төменгi сыныптың жетекшiлiгiн берейiн, – дегенi есiмде қалыпты.
Мектептiң оқу iсiнiң меңгерушiсi Нұрсұлтан Құмарғалин 4 "б" сыныпқа ертiп апарып:
– Ал балалар! Мына ағаларың сендердiң сынып жетекшiлерiң. Айтқанын тыңдап, жақсы оқыңдар. Тәртiп бұзбаңдар, – деп тапсырғаны көз алдымда.
Бiр сәт бөлме iшiн тыныштық басты. Әлдебiр кiшкентай батыл бала қолын көтерiп.
– Ағай, сiз осы ауылдiкi екенсiз ғой. Бiздiң мектепте оқыпсыз,– дедi.
– Ия,– дедiм басымды изеп. Сөйткенше артқы жақтан "қылқ" еткен дыбыс естiлiп, артынша бөлме iшi күлкiге ұласты. Орнымнан тұрдым.
– Мына партада сiздiң атыңыз жазулы тұр. Балалар соған күлiп отыр,– дедi ендi бiр қыз бала оқиғаның мән жайын баяндап.
Ұстаз әрқашан да сабырлы болуы керек. Жақындап кеп, соңғы партаға үңiлдiм. Танданбасқа шараң жоқ. Әкемнiң өткiр бәкiсiмен ойып жазылған аты-жөнiм мен мұндалайды. Шәкiрттерiм келесi сәттi күтiп үнсiз. Қандай шешiм қабылдау қажет. Ақиқатты айтқан ұстаздың жолы ашық.
– Балалар,– дедiм әңгiмемдi сабырмен бастап. – Мен де бала болғанмын. Өздерiң сияқты ойнадым, күлдiм. Қаракөздiң бойын бойлап, суына шомылдым. Басқанның балығын ауладым.
Несiн жасырайын. Тентектiк те жасадым. Сабақ оқымай келiп, екiлiк те алдым. Мына жазу сол балалықтың белгiсi боп қалған ғой. Қашан жазғаным есiмде жоқ. Ондай "жiгiттер" iштерiңде бар шығар ә?.. Солай ма?
Әп-сәтте балалар тыныш қалды. Менiң сөзiм жандарына жаққан сияқты. Үстелiме жақындап кеп, журналды ашып, шәкiрттерiммен таныса бастадым….
Қымбат кiп-кiшкентай, сүйкiмдi, адамдарға тiке қарайтын қайсар қыз едi. Iсiне тыңғылықты, әр iсiне ұқыптылығы бiр төбе, сабаққа зерек. Әр шәкiрт өзiнше бiр ғалам.
Әр баланың мiнезi әртүрлi. Сонысына қарай оны өзiңе жақындату-қиынның қиыны. Сынып жетекшiсi өзi үлгi бола тұра, жақсылыққа, тәрбиелiкке бейiмдейдi. Тiптi сырласады да. Сондай сыршыл, қыздың бiрi осы – Қымбат.
– Ағай мен өскенде сiз сияқты мұғалiм боламын,– дейтiн ол. – Өйткенi мұғалiмдi бүкiл ел сыйлайды, жақсы көредi.
– Жас өрiм, тұлымы желкiлдеген кiп-кiшкентай қыз, сырын ашық айтатын.
Сонау жылдары "Мамания" атындағы мектепте оқу iсiнiң меңгерушiсi боп жүрген кезiм. Тамыз мәслихатының кезiнде әрбiр пәннiң мұғалiмдерi топтанып, өз үйiрмелерiнде оқыту-әдiстемелерi жөнiнде пiкiрлерiн ортаға салатын әдет қалыптасқан. Мұндайда жыл сайын жоғарғы оқу орнын бiтiрген жас мамандар таныстырылады. Сондай сәттiң бiрiнде маңдайы жарқырап бiр бойжеткен ортаға шыға келсiн.
– Қымбат Тiлеубаева. Алматы шетел тiлдерi институтын үздiк бiтiрген. Қызылорақ орта мектебiнiң түлегi,– деп таныстырды үйiрме жетекшiсi.
Сол Қымбат…. Кәдiмгi салауатты, сабырлы қалпы. Күнi кеше ақ фартук киiп, бұрымына бантик таққан сүйкiмдi қара торы қыз. Көкiрегiмдi қуаныш биледi. Қымбат айтқан сертiнде тұрыпты. Қайран балалық-ай, "мен сiздiң жолыңызды қуамын, шетел тiлiнiң мұғалiмi боламын" деп анықтап айтуға батылы бармаған-ау, сiрә…
Үзiлiсте әңгiмеге ден қойдық. Жанарынан қуаныш оты жарқылдап, сонау балаң кездегi сыр айтысқан сәтiн еске алып, күлiмсiрей бередi.
– Арманың орындалыпты, Қымбат. Сәттi сапар тiлеймiн, – деймiн ағымнан жарылып.
Сол кезден бастап, жас ұстаздың әр қадамына назар сала бастадым. Қымбат Алматы шетел тiлдерi институтын үздiк бiтiрiп, өз ауылына оралыпты. Мен Алматыға ауыстым.
– Ағай, ұстаз болу қиынның қиыны екен. 2007 жылы Алматыдағы қыздар педагогикалық институтының психология бөлiмiн бiтiрiп, екiншi мамандық алдым,– дедi ол бiр кездескенде.
Шәкiртiмнiң шәкiрттерi аудандық, облыстық пән олимпиадаларына қатысыпты, жүлдегер атаныпты, облыстық тамыз мәслихатында "Жоғарғы сынып оқушылары мен ұстаздар арасындағы қарым-қатынас" атты тақырыпта баяндама жасап, Құрмет грамоталарымен марапатталыпты. 2010 жылы "Дарын" ғылыми жобасы байқауына қатысқан 11 сынып оқушысы, шәкiртi Досан Аманжол "Жасөспiрiмдердi жат қылықтардан алдын-алу жолдары" психологиялық бағыты бойынша 2-орынға ие болыпты.
Әдетте, ұстаз бiлiктiлiгi шәкiрттiң болашаққа қадам басуына мол әсер етедi. Күнi кеше алдыңғы партада отырып, қолын көтерiп сабақ айтудан таймайтын Қымбаттың қылықтары есiме түсiп, екеуара сырласқан сәттердегi "Мен өскенде сiз сияқты мұғалiм" боламын деген сәтi көз алдыма елестеп кеттi.
– Ұстаздың жолын қуған шәкiрттерiң бар ма? – деп сұрадым.
Қымбат жымиып күлдi.
– Баршылық,– дедi ол ойлана жауап қатып.
– Күдербаева Айшагүл деген шәкiртiм Германияда қызмет етедi. Ибраимова Бақытгүл Алматыдағы қазақ қыздар педагогикалық университетiнде шетел тiлдерi кафедрасында, студенттерге дәрiс оқиды.
Гүлназ Бухарбаева Талғар қаласында мектепте немiс тiлi пәнiнен, психологиядан дәрiс бередi. Ол да мен сияқты екi жоғарғы оқу орнын бiтiрген – дейдi Қымбат.
Өмiр бiр орнында тоқтамайды. Жылжыған жылдар, аршындаған апталар, ат желiстi апталар, қас-қағым күндер бел асқан керуендей өте бередi екен.
Жақында ауылда Қымбатты кездестiрдiм. Қызықты қараңызшы. Елудiң ортасынан асқан Қымбат мейiрбан ана болыпты. Үш баласы – Гүлнары Алматыда медбике, Тельманы – кәсiпкер, кiшiсi қолында екен. Немере сүйiп, әже атаныпты. Әлi де ұстаз екен. Сол өзi оқыған мектебiнде жас өскiнге дәрiс бередi. Ойда-жоқта қолындағы ұстаздарға арналған "Iзгiлiк" атты басылымға көзiм түсiп кеттi.
– Ойпыр-ай, мына қыз әлi де өз iсiне деген белсендiлiгiн, iзденiмпаздығынан қол үзбептi. Жарайсың, еңбегiң жемiсiн берсiн. Шәкiрттерiңе iзгiлiк нұрын себе бер, – дедiм iшiмнен күбiрлеп.
Шәкен КҮМIСБАЙҰЛЫ,Халықаралық "Алаш"
сыйлығының иегерi
22.09.2011