IРКIЛIССIЗ ДАМУДЫҢ IРI ЖОБАСЫ
IРКIЛIССIЗ ДАМУДЫҢ IРI ЖОБАСЫ
Астанада өткен "Нұр Отан" партиясы Парламенттiк фракциясының кеңейтiлген отырысы Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың 2012-2014 жылдарға арналған үш жылдық бюджет елiмiздiң экономикалық және әлеуметтiк дамуын жан-жақты қамтамасыз етуi тиiс деген тапсырмасына арналды. Әрi бұл жиында Халықтық Тұғырнаманың әлеуметтiк мәселелердi жедел шешуге һәм қоғамды демократияландыруға жұмсалып жатқаны да тiлге тиек болды.
Алдағы үш жылдық республикалық бюджет төңiрегiнде әлеуметтiк бағдары бар жобаларды айтуымызға болады. Оның нақты себебi: 2013 жылы бiлiм беру мен денсаулық сақтау салаларына, мәдениет пен әлеуметтiк қамсыздандыруға жұмсалатын қаржы 28 пайыздан жоғарыламақ. Яғни 42 пайызға дейiн көтерiледi. Биылғы жылы бiлiм беру саласына 898 млрд., ал денсаулық сақтау саласына 640 млрд. теңге бөлiнсе, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы да жаңғыртылып, 2011-2014 жылдар аралығында бағдарлама аясында жалпы көлемi 24,3 млн. шаршы метрдi құрайтын тұрғын үй тапсырысқа берiлмекшi.
Сонымен бiрге, үдемелi индустриалды-инновациялық даму бағдарламасы да қаржылық қолдаудан тыс қалмақ емес. Индустриалды-инновациялық даму бағдарламасы негiзiнде агроөнеркәсiп кешендерiне, автокөлiк жолдарына, электр және жылу-энергетика инфрақұрылымы мен аймақтардағы инновациялық жобаларға да арнайы қаржылар бөлiнбек. Бұл тұрғыда "2010 жылы басталған үдемелi индустриялдық-инновациялық даму мемлекеттiк бағдарламасы табысты болды. Биылғы бiрiншi жартыжылдықтың соңында 914 млрд. теңгенiң 227 жобасы iске қосылды. 29 мың тұрақты жұмыс орны құрылып, 100 млрд. теңгеден астам қаржыға өнiм шығарылды. Екiншi жартыжылдықта 617 млрд. теңге көлемiндегi қаржыға тағы да 129 жобаны iске асыру жоспарланып отыр. Нәтижесiнде 14,5 мың тұрақты жұмыс орны құрылады деп күтiлуде", – дедi Премьер-министр Кәрiм Мәсiмов.
Аталмыш бағдарлама негiзiнде бiрнеше iрi инфрақұрылымдық жобалар да ел игiлiгi үшiн қызмет жасайтын болады. Олардың құрамында Балқаш жылу электр стансасы, "Батыс Еуропа – Батыс Қытай" автожолы, "Жетiген-Қорғас", "Өзен-Түркiменстан шекарасы" темiр жол желiсi, "Бейнеу-Бозой-Ақбұлақ" газ құбыры сынды iрi құрылыс жобалары бар.
2007 жылдан берi елiмiзде 1 млн. 170 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылған екен. 2007 жылдан берi жұмыссыздық деңгейi 7,3 пайыздан биылғы жылдың екiншi тоқсанына дейiн 5,4 пайызға төмендесе, жастар арасындағы жұмыссыздық саны 2007 жылы 9,4 пайыз болса, 2010 жылы 5,2 пайызға дейiн төмендеген. Үкiмет басшысы: "Қазақстанның iскерлiк ахуалы да айтарлықтай жақсара түстi. Биылдың өзiнде ғана 1015 рұқсатнамалық процедуралардың 331-i қысқартылған. Лицензия алуға "жалғыз терезе" ұстанымы енгiзiлген. Сонымен қатар мемлекеттiк органдардың қадағалау қызметiн реттеу үшiн заңнамалық түрде тәуекелдердi басқару жүйесi негiзiнде тексерулердiң мерзiмiн бекiтетiн арнайы тетiк нақтыланған.
Банк секторында да жағымды жаңалықтар бар. Ұлттық қордың қаржысы артып, Ұлттық банктiң жалпы резервi мен Ұлттық қордың қаржысы тамыз айында 76,3 млрд. АҚШ долларына жеткен. "Қазақстанның банк секторының сыртқы қарыздары 2007 жылғы желтоқсандағы 46 млрд. АҚШ долларынан 2011 жылдың наурызында 16,6 млрд. АҚШ долларына дейiн қысқарды. Екiншi деңгейлi банктердiң сыртқы қарыздары 29,4 млрд. долларына төмендедi. Ал Ұлттық қордың активтерi 2007 жылғы қаңтардағы 14,7 млрд. АҚШ долларынан 2011 жылғы тамызда 40,3 млрд. АҚШ долларына дейiн өстi", – дейдi. Премьер-министрдiң мәлiметiне сүйенсек, қазiр екiншi деңгейлi банктердiң де тынысы ашыла бастапты. Биылғы жылдың шiлдесiне дейiн қарапайым тұрғындар да екiншi деңгейлi банктерге 2,5 трлн. теңгеден астам салым салыпты. Жиын барысында Премьер-министр: "Бүгiнде Қазақстан Бразилия, Малайзия, Түркия сияқты табыс деңгейi орташа елдер арасында көшбасшы орында тұр. Ендi Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев бiздiң алдымызға табыс деңгейi жоғары елдердiң қатарына ену мақсатын қойып отыр. Ол үшiн жан басына шаққандағы ЖIӨ 15 мың АҚШ долларынан кем болмауы тиiс. Бiз бұл деңгейге 2016 жылы қол жеткiзудi жоспарлап отырмыз" дегендi де алға тартты.
Жиынға қатысқан экономикалық даму және сауда министрi Қайрат Келiмбетов 2012-2016 жылдарға арналған экономикалық саясаттың негiзгi мақсаты теңгерiмдi экономикалық өсуi туралы да сөз қозғады. Сондай-ақ, министр экономикалық өсудi 7 пайыздан төмендетпеудi қамтамасыз ету басты қажеттiлiк екенiн атап көрсетiп, индустрияландыру бағдарламасын жүзеге асыру аясында индустриялық-инновациялық қызметтi және кәсiпкерлiктi қолдаудың кешендi жүйесi құрылатындығын да айта кеттi. Министр: "Бұл үшiн Индустриялық-инновациялық қызметтi мемлекеттiк қолдау туралы" және "Энергия үнемдеу және энергияның тиiмдiлiгiн арттыру туралы" заңдар қабылданатын болады", – дейдi.
Отырыс барысында сөз алғандардың бiрi – Ұлттық банк төрағасы Григорий Марченко болды. Банк төрағасы жиналғандарды әлемдiк экономикадағы тұрақсыздыққа қарамастан, теңге бағамы тұрақты болатындығына сендiрдi. Марченко мырза: "Бiзде ұлттық валютаның тұрақтылығын бұдан әрi қарай да қолдауға мүмкiндiк беретiн әлеует жетерлiк. Биыл валюта нарығындағы жағдай тұрақты. Теңгенiң бағамы 1 АҚШ долларына 145,2-147,5 теңге аралығында болады", – деп шегелеп айтты. Мұнай және газ министрi Сауат Мыңбаев бүгiнде аса қат болып отырған жанармайдың жырын қозғады. Қарапайым тұтынушылардың жанармайға деген зәрулiктен биылғы жылдың қазан айының орта тұсында құтылатындыған жеткiздi министр. Сауат Мыңбаев: "Бiрiншiден, жанармайға қатысты жағдайды реттеу мақсатында мемлекет тарапынан қолға алынған шаралар өз нәтижесiн бере бастамақ. Екiншiден, оның үстiне бұл-маусымдық проблема. Үшiншiден, Ресей Федерациясында қыркүйек айының басында АИ-92 маркалы бензинiн өндiрудi шектеу туралы шешiмiнiң күшi жойылды немесе бұл бастама Ресейдегi жанармай бағасына қатысты жағдайдың мүшкiл болуына байланысты 2012 жылдың соңына дейiн тоқтатылды",– дедi жиын барысында.
"Нұр Отан" партиясының Төрағасының Бiрiншi орынбасары Нұрлан Нығматуллин мырза халықтық тұғырнаманың негiзгi мұраты мен мақсаттарына тоқталды. Партия тұғырнамасы iске асырыла бастағаннан берi бюджет саласы қызметкерлерiнiң еңбекақысы мен студенттердiң стипендиясының екi есеге өскенiн, зейнетақы мен бала жәрдемақысы көлемiнiң жоспарланған мерзiмiнен бұрын екi еселенгенiне де тоқтала кеттi. Соңғы төрт жылдың iшiнде 395 емхана салынып қана қоймай, 343 мектептiң де пайдалануға берiлгенiн айтады партия басшысының бiрiншi орынбасары. Сонымен бiрге, Нұрлан Нығметуллин: "Үкiмет, Парламент және "Нұр Отанның" бiрлескен жұмысының нәтижесiнде бiз Елбасымыздың тарихи Жолдауын және партиямыздың Халықтық платформасын iске асыруда бiрқатар нәтижелерге қол жеткiздiк. Әрине, осының бәрi – тiкелей қаражат арқылы шешiлетiн өте маңызды сұрақтар. Сондықтан бүгiн қаралған үш жылдық бюджетте барлық мәселелер нақты шешiмiн тапқаны – бұл деген елiмiздiң әрбiр азаматының жағдайын жақсартуға депутаттық корпустың, Үкiметтiң және партияның өз үлесiн қосуы деп айтуға болады", – дедi.
Келелi жиын көптеген мәселелердiң басын ашып қоймай, оның шешудiң жолдарын да көрсеттi. Соңғы жылдар iшiнде елiмiзде жасалып жатқан игiлiктi шаралар да кеңейтiлген отырыстың тақырыбына арқау болды.
22.09.2011Гүлзина Бектасова