Күнгейдiң телеарнасы дүниеге осылай келдi
Күнгейдiң телеарнасы дүниеге осылай келдi
Атам Қазақ: «Жүзден – жүйрiк, мыңнан – тұлпар шығады» – деген. Тұлпарлар да әлiне қарай шабады. Бiрi жазықта оза шауып, бәйгенiң алды болса, бiрi өрге қарай өршелене шауып, баршаның назарын өзiне аударып таңдандырады. Маған Байдулла аға да сол өрге шабатын тұлпар секiлдi. Олай дейтiнiм, зейнетке шыққан қаламгер журналистердiң көбi жазудан қол үзiп жатады. Ал жазуды жалғастыратындары тым сирек. Соның өзiнде анда-санда. Бұл жағынан Байекеңнiң жөнi бөлек. Зейнетке шыққан соң да қолынан қаламы түскен жоқ. Мерзiмдiк басылымдарға төпелете жазып, бiрнеше кiтаптарын жарыққа шығарды. Өрге шабатын хас тұлпардың өзi дерсiң.
«Тұлпар аунаған жерде түк қалады». Бұл да – Атам Қазақтың ұлағатты сөзi. Байдулла ағаның «Оңтүстiк Қазақстан» газетiндегi еңбегi бiр төбе. Ал облыстың телеорталығын ашқаны жанкештiлiк. Қазiр айтуға оңай. Сонау «тоқырау» дейтiн кезеңде жоқтан бар жасау қандай қиын болды десеңiзшi. Бәрiнен де сол телеорталықтан көпшiлiктiң көңiлiнен, талғам талабынан шығатын хабар жасауды айтсайшы. Бұл iсте де ол өзгелерге үлгi бола бiлдi. Оның күн аралатып жүргiзетiн «Бетпе-бет» авторлық бағдарламасы көрермендер көзайымына айналды. Иә, бұл бағдарлама өмiрге келген кезде республикалық «Хабар» телеарнасының «Бетпе-бетi» әлi тумаған болатын. Ағаның әр iсiнен, әр шығармасынан халыққа адал қызметi, журналистiк кәсiбiне деген құрметi мен сүйiспеншiлiгi көрiнiп тұрады.
1987 жылдың желтоқсан айында Шымкент облыстық партия комитетi бюросының шешiмiмен еңбекшiлер депутаттары облыстық Кеңесi атқару комитетiнiң теледидар және радиохабарларын тарату жөнiндегi комитеттiң төрағасы қызметiне кiрiстiм. Ұжым – шағын, қырықтан астам адам жұмыс iстейдi. Хабар қазақ, орыс, өзбек тiлдерiнде жүргiзiледi. Бұған дейiн төраға орыс ұлтынан болғандықтан ба, орыс тiлiнде берiлетiн хабар басым екен.
Келген күннiң ертесiнде алғашқы күннiң жұмысын тiлдер арасындағы салыстырмалықты ретке келтiруге кiрiстiм. Радионың бас редакторы Жеңiс Баһадүр де бұл ойымды қуана қолдады. Сонымен тiлдердiң ара қатынасы былай болды. Қазақ тiлiнде барлық хабардың 60 пайызы, орыс тiлiнде 33 пайызы, өзбек тiлiнде 7 пайызы берiлетiн болды. Кеңсе қағаздарын қазақ тiлiнде жүргiзетiн болып шештiк. Бұйрықтар қазақ тiлiнде жазылды. Мұның, әрине, бұрын орыстанып қалған ұжым үшiн едәуiр өзiндiк қиыншылығы да болды. Дегенмен ұжым алғашқы кезде дүрдараз болса да үйрене бастады. Қажет кезде қос тiл де кәдеге жарап тұрды.
Екi миллионға жуық халқы бар оңтүстiкте өз телеарнасының болмауы, сөз жоқ, олқылықтың ең үлкенi екендiгi көзге ұрып тұрды. Кезiнде комитеттiң төрағасы Әмiрсейiт Әлиев ағамыздың кезiнде күнiне 1 сағат ақ-қара түстi телеарна Шымкенттен хабар берiп тұратын-ды. Әмiрсейiт аға 1971 жылы қараша айында "Оңтүстiк Қазақстан" газетiне редактор болып тағайындалды. Роман Прокопьевич Зуевтан кейiн 1974 жылы Анатолий Алексеевич Агапов төраға болды. Мiне, осы кездерде, 1975 жылдары Шымкенттiң теледидары өз жұмысын тоқтатты. Оған бiр жағынан Орталықтың (Мәскеудiң) тапсырмасы да себепкер болды. Тапсырманы орындауды әне-мiне деп созған Маңғыстау, Жезқазған, Орал, Қарағанды, Семей, Шығыс, Солтүстiк Қазақстан сияқты облыстарда теледидар жойылмай, өз жұмысын одан әрi жалғастыра бердi… Содан бергi он бес жылдың iшiнде облыстың бiрнеше басшылары ауысты. А.Рамазанов, А.Асқаров, Р.Мырзашев, Қ.Төлебеков теледидар туралы сөз қозғамапты.Облыстық партия комитетiнiң бiрiншi хатшысы Валерий Батайұлы Темiрбаев 1988 жылдың күзiнде менi шақырып:
– Теледидар хабарын Шымкенттен тарату үшiн не қажет? – деп сұрады.
– Көптеген облыстар бұл күндерi "Қазақстан" телеарнасынан күн сайын 1-2 сағаттық хабарларын таратады. Бiздiң де солай етуiмiзге толық мүмкiндiк бар. Ол үшiн қажеттi аппаратураларды алуға қаражат, теледидарға арнайы жай керек, – дедiм.
– Телеорталықтың жобалау-сметалық құжаттарын жасауға күрделi құрылыс бөлiмiне тапсырма беремiн. Сiз аппаратураларды қайдан алу керектiгi жөнiнде мағлұматтарды iздестiрiңiз, – дедi.
Сонымен облыстың өз телеарнасын жасау жолындағы қарбалас жұмыс басталды да кеттi. Жалпы құны 3 миллион сомдық телеорталықтың құжаттары, оның макетi екi-үш айдың iшiнде дайын болды. Қазiргi Д.А.Қонаев даңғылының бойынан мәдениет институтының жанынан телеорталыққа жер бөлiнiп, алғашқы қазығы да қағылды.
Мiне, осы тұста бүкiл КСРО-да күйреу басталды. В.Темiрбаев бiрiншi хатшылықтан кетiп, оның орнына Сергей Александрович Терещенко бiрiншi хатшы болып сайланды. Демократиялық ағымның әсерiнен қапартияның өмiрi қыл үстiнде тұрды. Алайда айдаһарды қырық рет кессең де кесiрткедей әлi бар демекшi, партия елге соңғы бұйрықтарын берiп жатқан кез болатын.
1990 жылдың қаңтар айының ортасында С.А.Терещенконың кабинетiне бiр топ мекеме басшылары жиналдық. Әр басшы өз шаруаларын айтты, маған да кезек келдi.
– Сергей Александрович, облыстың өз телеарнасы жоқтығын жақсы бiлесiз. Бiздiң облыстан халқы бiрнеше есе аз Маңғыстау, Жезқазған облыстарында өз телеарнасы бар. Валерий Батаевичтың кезiнде телеорталықтың орны белгiленiп, құжаттарының бәрi жасалған едi. Ол сол күйiнше қозғаусыз жатыр. Орталықтың құны 3 миллион сом. Осы қаражатты тауып, телеорталық салуға бас-көз болыңыз, көмектесiңiз, – дедiм. С.Терещенко аз-кем ойланды. Жан-жағына қарап отырды да:
– Телеорталық салуға қазiр мүмкiндiк жоқ. Қаражат жағы да тапшы. Басқа қандай қолайлы жағдаят бар. Соны ойластырып, маған айтарсыз.
Мен екi-үш күнде қажеттi нәрселердi айтатын болып келiстiм. Кеңсеге келген сәтте Алматыға, төрағаның орынбасары Кеңес Әбеновке телефон соқтым.
– Кеңеке, хатшымен сөйлестiм, телеорталық салудың қазiрше мүмкiндiгi болмай тұр. Екiншiден, ол ұзаққа созылады. Бiз теледидар хабарын биыл ашуға тиiстiмiз. Сiз бiзге аппаратура алатын жерлердi айтсаңыз, ең қысқа мерзiмде солармен байланыс жасап, алуға көмектесiңiз, – дедiм.
– СССР Қорғаныс министрлiгiнде жылжымалы телевизиялық станса (ПТС) бар екен. Су жаңа. Құны – 1 миллион сомға жетер-жетпес. ПТС қазiр Байқоңыр ғарыш айлағында. Мiне, соны алсаңыздар, биыл өз арналарыңыздан хабар тарату мүмкiндiгiне ие боласыздар, – дедi Кеңес.
– Қаражаттан көмектесiңiз, 1 миллионыңыз мың сом емес қой, – дедiм.
– Байеке, қаражатты өзiңiз табасыз. Сiздерге беретiн көк тиыным да жоқ. Бұл жоспарда қаралмаған. Сiздерде теледидар хабарын ашу 1992 жылға белгiленген, – дедi.
– Онда жаңағы министрлiк пен ғарыш айлағының телефондарын берiңiз, сөйлесейiн, – дедiм.
Кеңес Әбенұлынан олардың мекен-жайын, телефондарын, жауапты адамдардың аты-жөнiн алып, олармен байланыс жасауға кiрiстiм.
Айтқандай-ақ 1989 жылы шығарылған ПТС әлi қолданысқа түспей жап-жаңа күйiнше тұрғанын бiлдiм. Мәселе ақшаға келiп тiрелдi.
Сонымен теледидардың техникасын, оның қолданылуын, жалпы телестудия жасаудың жай-жапсарын бiлетiн маман қажет болды. Радиокомитетте инженер болып iстейтiн Александр Григорьевич Толмачевтi әңгiмеге тарттым.
– Әлеке, қалай болғанда да биыл телехабарды Шымкенттен ашуға тиiспiз. Сiз маған көмектесiңiз. Теледидардың тiлiн бiлетiн мамандарды iздестiрейiк, – деп оған қолқа салдым.
– Әмiрсейiт Әлиевтiң кезiнде теледидар ашуға көмектескен Байменов деген азамат бар. Ол телеарна қысқарған соң басқа қызметке ауысып кеттi. Соны iздеп табыңыз. Бiлiмдi, iскер жiгiт. Телеарна ашу соның қолынан келедi, – дедi Толмачев.
Бұл мәселенi көңiлге бiр түйiп қойдым да, облыстық партия комитетiне келдiм. Идеология саласы бойныша хатшы Ермек Алданов өз кабинетiнде екен.
– Ереке, ПТС табылды. Тек миллион сом болса, Байқоңырдан алып келемiз, – дедiм.
Ерекең маған таңдана қарады да:
– Бауырым-ау, 1 миллион жерде жатқан жоқ қой. Қазiргi қиыншылық кезеңде оны бiзге кiм бере қояр дейсiң, бiрiншiмен сөйлесiп көрейiншi, – деп телефон трубкасын қолына алды.
– Телеарна мәселесiмен маған Қонысбеков келiп отыр. Ұсыныстары бар. Мүмкiн болса қабылдайсыз ба? – деп сұранды.
Ермек жалма-жан телефон трубкасын орнына қойды да:
– Сәтi келiп тұр екен. Екеумiздi тез келiңдер деп шақырды, – дедi де асығыс орнынан тұрды. Әне-мiне дегенше бiрiншiнiң кабинетiне кiрдiк. Кабинетте Шымкент қалалық партия комитетiнiң бiрiншi хатшысы Валерьян Александрович Шеманский отыр екен. Бiз есiк алдында тұрыңқырап қалдық.
– Кiре берiңiздер. Әңгiмелерiңдi айтыңдар. Қане қандай ұсыныс бар? – дедi Сергей Александрович. Мен болған жайды баяндадым. Соңы қаражатқа тiрелiп отырғанын айттым.
– Бiр миллион сом. Едәуiр ақша екен. Жарайды, ойланып көрейiк. Мүмкiндiгiн қарастырамыз, – дедi Сергей Александрович. Әңгiмеге Шымкент қалалық партия комитетiнiң бiрiншi хатшысы В.А.Шеманский араласқан жоқ, үнсiз күйi қалып қойды. Бiз шығып кеттiк. Ермек Алдановтың кабинетiнен шығып, коридормен келе жатыр едiм, В.Шеманский маған қарсы жолықты. Ол менiң қолтығымнан жәй ғана ұстаған күйi обкомнан сыртқа шықтық.
– Баке, Сiз маған түстен кейiн сағат 3-терде келiңiз. Ақылдасатын шаруа бар. Мен Маңғыстау облысында да телеарна ашудың басы-қасында болғам. Бұл iс маған етене жақын, – дедi. Менiң көңiлiм көтерiңкi. Жылы сөз жанға жайлы тидi. Айтқан уақытында кабинетiнде болдым.
Мен кiрген бетте Шымкент қалалық Кеңесi атқару комитетiнiң төрағасы Жолдияр Адырбековтi шақырды.
Бiрiншi хатшы әңгiменi төтесiнен бастады.
– Шымкентте өз телехабарымыз болса, оның халыққа жасар қызметi де мол болар едi. Сергей Александрович осы мәселе жөнiнде ойлануды маған да өтiнген-дi. Байқоңырда ПТС бар екен. Құны – 1 миллион сом. Зауыттардың директорлар кеңесiн шақырып, осы қаражатты табу жөнiнде ақылдассақ. Сiз бұған қалай қарайсыз? – деп Жолдиярға сұрақ қоя сөзiн аяқтады.
– Қазiр зауыттардың да жағдайы жетiсiп тұрған жоқ. Көбiсi шығынмен жұмыс iстеуде. Олар көне қояр ма екен? – деген дүдәмәлдi Жолдияр алға тартты.
– Екеулесек, көнедi. Ең бастысы Сiз қарсы болмай, менi қоштасаңыз, онда директорлар кеңесiн шақырамын. Көп болып қолға алсақ, қажеттi қаражат та табылып қалар, – дедi В.А.Шеманский.Екi бастық бiр-бiрiмен келiсiп, бәтуаласқан соң, мен екеуiнiң де қолын алып:
– Сiздерге көп рахмет. Бұл өзi оңды iс болғалы тұр. Облыстың намысын қорғап, халқының жағдайын ойлап, қамқорлық қолын созғандарыңыз үшiн тағы да ризашылығымды бiлдiремiн, – дедiм.
Ертесiне түске таяу В.А. Шеманскийге телефон соқтым.
– Құттықтаймын! Ақша табылды. Ендi әрекетiңiздi жасай берiңiз, – дедi, көп сөзге бармай.
– Валерьян Александрович, мен Байқоңырға барып, ПТС-ты көзiммен көрiп қайтайын. – дедiм.
– Ол ендi өз шаруаңыз. Бiрақ көп кешiктiрмеңiздер. Темiрдi қызған кезiнде соқ деген ғой. Уақыт өткiзiп алсаңыздар, мына қиын-қыстау кезеңде қаражаттан да, ПТС-тен де айрылып қалуларыңыз мүмкiн, – дедi. Бiрiншi хатшымен қоштастым да, инженер Толмачевтi шақырып, ертең Байқоңырға бiрге жүретiнiмiздi, соған дайындалу керектiгiн айттым. Ол:
– Сiз өзiңiзбен бiрге Байменов Болатты да ерте барғаныңыз жөн. Ол осы қалада, ПТС-тiң жағдайын жақсы бiледi, – дедi.
Сонымен Болат Уатайұлын iздеуге кiрiстiк. "Сұрай-сұрай Меккеге де барасың" дегендей оны да таптық. Ол құрылыс мекемесiнiң директорының орынбасары екен. Үлкен кабинетте маңдайы жарқыраған, көзiнде көзiлдiрiгi бар, жалпақ беттi, қараторы жiгiт ағасы отыр. Мен өзiмдi таныстырып, Байменов мырзаны iздеп жүргенiмдi айттым. Ол:
– Iздеген адамыңыз мен боламын. Радиокомитетке жаңа бастық келгенiн естiген едiм, Сiз екенсiз ғой. Танысқаныма қуаныштымын, – дедi ақ-жарқын қалпы.
Бiз бiр-бiрiмiздi бұрын көрмегендiгiмiздi, оның сәтiнiң бүгiн түсiп тұрғанын айтып, қасына жақын отырдым.– Болеке, Сiздiң теледидардың маманы екенiңiзге сырттай қанықпын. Облыста телеарна ашудың сәтi туып тұр. Соған Сiздiң көмегiңiз қажет. Байқоңырда ПТС бар екен, соны алмақшымыз. Бiзбен бiрге барып, стансаның техникалық жағдайына баға берiп, ақыл-кеңесiңiздi айтсаңыз деген өтiнiшпен келiп отырмын, – дедiм.
– Өте жақсы бастама екен. Облыстың өз телехабарынсыз отырғаны менiң де жаныма батып жүр едi. Сiздiң бұл iске бел шеше кiрiскенiңiз дұрыс болыпты. Қызылорда облысының Қармақшы ауданында туып өскенмiн. Байқоңыр соның аржағында тиiп тұр ғой. Баруға қарсы емеспiн. Алайда менi бастықтардан сұрап алмасаңыз, өз бетiмше бара алмаймын, – дедi Болат.
– Бастығыңыз кiм?
– "Шымкент мелиорация" тресiнiң басқарушысы Өстемiр Тiлегенов деген азамат бар. Сол ғана рұқсат бере алады. Байқоңыр бұл жерден 800 шақырымдай жерде. Барып-келуi 3-4 күн болып қалар. – Болаттың мына әңгiмесiнен тәртiптi азамат екенiн, жалпы бiзге көмектесуге дайын екенiн байқадым.Ертең ерте жүрiп кетемiз. Мен қазiр барып, қалайда Сiздi сұрап аламын, – дедiм де тура трестке тарттым. Өстемiр Тiлегенұлы менiң өтiнiшiме түсiнiстiкпен қарады.
– Облыстың намысы үшiн, жаңа телехабар үшiн жiгiттердi жiберуге әбден болады. Ал Болаттың мұндай өнерi барын бiлмейдi екенмiн. Қазiр оған телефон соғайын, – деп Болатпен сөйлестi. – Барып қайтыңыз, ел үшiн, халық үшiн жасалынбақшы игi шаруа екен. Оған бiздiң де үлесiмiз тиiп жатса, кейiн журналистер ұмыта қоймас, – деп сөзiнiң аяғын жеңiл әзiлмен аяқтады.
Сонымен 1990 жылдың 27 ақпаны күнi Толмачев, Байменов, жүргiзушi Берiк Құлжанов төртеумiз таңертең "Волга" автокөлiгiне мiнiп, "Байқоңыр қайдасың?" деп тартып кеттiк. Қыс айы болғандықтан ауа-райы әлi де суық. Аспанды қара бұлт торлап тұр. Жаңбыр оқта-текте сiркiреп қояды. "Волга" сырғып келедi. Үлкен шаруаны жүзеге асыруға бара жатқандықтан төртеумiз де көңiлдiмiз. Ауа райының құбылып тұрғанына да көңiл аудара қойған жоқпыз.
Түркiстаннан шыға бере жаңбыр нөсерлетiп жауа бастады. Ақ "Волга" ағызып келедi. Берiк рульде мығым отыр. Шығар алдында Байқоңырдағы әскерилермен телефон арқылы сөйлескенбiз. Әйтеуiр итшiлеп жүрiп кешкi сағат 8-дерде Шиелiге де жеттiк-ау. Ары қарай жүруге машина жарамайтын болды. Бiз сол күнi Шиелiде, Болаттың қайнысы Еркiн Қойшыбаевтың үйiнде қондық та, ертесiне поезбен Қызылордаға келдiк.
Машинаның бұзылған бөлшектерiн Қызылордадан әупiрiмдеп тауып, Берiк Шиелiге қайта кеттi. Кешқұрым жөнделген "Волгамен" Байқоңырға қарай жол тарттық. Бiр күн кешiгiп, 1-наурыз күнi кештете Байқоңыр қақпасының алдында тұрдық. Бiздi күтiп алған әскери кiсiлер "Байқоңыр" қонақүйiне орналастырды.
Бар қызық ертесiне болды. Бiз алатын ПТС-ке дейiн әлi бiрнеше шақырым жүруiмiз керек екен. Жол-жөнекей әр қыратта қала. Төрт-бес қабатты зәулiм үйлер айдалада менмұңдалап шақырып тұр. Бiздi бастап жүрген офицер ен даладағы үйлердi, әрбiр төбешiктiң үстiндегi құрылыстарды таныстырды. "Восток" кораблiнiң, "Буранның" ұшқан алаңын көрсеттi. Иә, кең даланың көз жетер жерiнiң бәрi де бос емес. Әр төбе, әр қыратта қалашық. Бiз шағын қалашыққа келiп тоқтадық. Бұл жер байланыс орталығы екен. Космостың тыныс-тiршiлiгiнiң бәрi-бәрi осы жер арқылы байланысады. Қалашық iшi толған әскерилер. Болат, Александр, Берiк төртеумiздi жаңа ПТС-тiң қасына алып барды. Көрдiк. Су жаңа. Пленкалары да алынбаған. Мен Болатқа қарап:
– Қалай, аламыз ба? – деп сұрадым.
– Зауыттан шыққан күйi тұр екен. Қалай жұмыс жасайтынын бiлу үшiн қостырып көрейiк, – дедi.ПТС-ты қосып көрдi. Менiкi тамашалау. Тетiктерiне түсiнiп тұрғаным жоқ. Болат iшi-сыртын әбден тексерiп шыққан соң:
– Алуға толық болады. Ешқандай қауiптенбеңiз, – дедi. Сонымен ПТС-тiң есiгiне пломба салып, алатын болып елге қайттық.
Бас-аяғы үш-төрт күнде Болатпен ескi таныстардай шүйiркелесiп, әңгiмелесiп кеттiк. Ашық-жарқын азамат екен. Техника тiлiн бiлетiндiгi, адамды жатсынбай тез тiл табысып кетуi маған ұнады.– Болеке, төрағаның орынбасары болуға қалай қарайсыз? Облыстан Сiз болып, бiз болып тағы да екiншi рет телеарна ашсақ деген ой бар, – дедiм Шымкентке келген соң.
– Мен бұл жұмысқа өте қызығамын. Қазiргi жұмысым да жаман емес. Күн көрiске жарап тұр. Айлығым 300 сомнан асады, – дедi.
– Менiң де айлығым осы шамалас. Ал, орынбасар болғаннан соң 10 пайыздай төмен болады. Бiрақ барлық болашақ теледидарда. Алдағы кезде көбейетiн де шығар, – дедiм.
– Тәуекел, мен келiстiм. Бiрақ тағы да Өстемiр Тiлегенұлынан сұрап алуыңыз керек, – дедi.
Болат Уатайұлымен уәделесiп, кадр мәселесiн бiр ретке келтiрген соң, екеуiмiз С.А.Терещенконың алдына бардық. Көргенiмiз бен бiлгенiмiздiң бiрiн қалдырмай баяндадық. Ол бiздiң атқарған iстерiмiздiң бәрiн қуаттады.
– Баке, әр дүйсенбiде Сiздiң кабинетте планерка өткiземiз. Теледидар ашуға қатысы бар мекеме басшыларын кабинетiңiзге жинайсыз. Не iстелiндi? Не атқарылмады, баяндайсыз. Мен сол жауапты азаматтардан талап ететiн боламын, – дедi.
"Шымкентмелиорация" тресiнiң басқарушысы Өстемiр Тiлегенұлынан Болат Байменовтi қалап алдық. Алғаш бергiсi келмеп едi, кейiн теледидардың маңыздылығын түсiндi бiлем, келiсiмiн берiп, арқасынан қағып Болатты шығарып салды.
Сергей Александрович айтқан уәдесiнде тұрды. Бiр ай бойы әр дүйсенбiде облтелерадиокомитеттiң Некрасов көшесiндегi №15 үйiнде "планеркасын" өткiзiп тұрды. Қаланың бiрқатар мекемелерiн аралап, теледидарға жай iздей бастадық. Ең соңында таңдау Совет көшесiндегi Дзержинский аудандық партия комитетi үйiнiң үшiншi қабатындағы мәжiлiс залына түстi. Соның жанынан үш кабинет бөлiндi. Ендi залды студияға айналдыруымыз қажет. Бұл iстердi жүзеге асыру түгелдей дерлiк Болат Уатайұлының мойнына жүктелдi.
ПТС алуға қаражат Мәскеуге-Қорғаныс министрлiгiне аударылды. Ол жақтан "ақшамызды алдық" деген хабар жетiсiмен Болат Бәйменов бастаған топ Байқоңырға жiберiлдi.
1990 жылдың шiлде айында ПТС Шымкентке келiп, облыстық партия комитетi үйiнiң алдында тұрды. Облыс басшылары ПТС-ты көрiп, көңiлдерi толды.
– Баке, бiз қалайда Ұлы Октябрь социалистiк революциясының 73 жылдығы күнi, 7 қарашада Шымкенттен алғашқы хабарды көретiн болайық! Сiзге тапсырма осы, iске сәт! – деп бiрiншi хатшы С.А.Терещенко iсiмiзге сәттiлiк тiледi. Радионың iшкi жұмысын бас редактор Жеңiс Баһадүр мырзаға тапсырып, Болат Байменов екеуiмiз телеорталықты құру, мәселесiмен, инженер-техникалық кадрлар iздестiру мәселесiмен түбегейлi айналыса бастадық. Александр Григорьевич Толмачевтi ПТС-тiң бастығы етiп тағайындап, оған телестудияны монтаждау жүктелдi. Облыстық телерадио хабарларын тарату орталығының бастығы Әбдiмәжит Рашидовпен тiкелей қоян-қолтық араласып жұмыс iстедiк. Ол да, оның командасы да бiзден бар көмегiн аяған жоқ. Бiз бiле бермейтiн кейбiр жағдайларда қол ұшын берiп, мамандарын бөлiп тұрды. Жұмыла көтерген жүк жеңiл екенi рас көрiнедi. Студияны шама-шарқымызша әзiрледiк. Әрине, типтiк үлгiдегiдей емес, кемiстiктерi жетiп-артылады.
Құрылысшылардың тiлiмен айтқанда, "хозспособпен" атқарылды. Аудандық партия комитетiнiң мәжiлiс залы үш айдың iшiнде телестудияға айналды. ПТС-ты аулаға қойып, оның техникалық тетiктерiн студиямен жалғастыру жұмысы да оңай шаруа болмай шықты. "Ақжардағы" телемұнарамен байланысудың өзi де едәуiр уақытты алды.
1990 жылдың 4 қарашасында таңертеңгiлiк бас қосуда төрағаның орынбасары Болат Байменов:– Облыстық теледидар эфирге шығуға дайын, – деген сөздi салтанатты жағдайда хабарлады. Бұл қуанышты хабарды Алматыдағы бастықтарға, облыстық партия комитетiнiң бiрiншi хатшысы С.А.Терещенкоға жеткiздiк. Олар да рахметiн жаудырып, құттықтап жатыр.
Ертесiне, 5 қараша күнi, сағат 19-00-де "Қазақстан" телеарнасы арқылы "Шымкенттен көрсетiп отырмыз" деген қуанышты сөзбен Шымкенттен екiншi рет түрлi-түстi теледидардың көгiлдiр экрандағы шымылдығы көтерiлдi. Алғашқы тiкелей эфир хабарына Шымкент облыстық партия комитетiнiң бiрiншi секретары Сергей Терещенко, облыстық телерадио хабарларын тарату орталығының бастығы Әбдiмәжит Рашидов, "Оңтүстiк құс" акционерлiк қоғамының президентi Әбiлқасым Досболов, облыстық телерадиокомитет төрағасының орынбасарлары Болат Бәйменов, Жеңiс Баһадүр қатысты. Тiкелей эфир хабарын мен жүргiзiп отырдым. Хатшының тапсырмасы екi күн бұрын орындалды. Хабар бiткеннен соң бiрiншi хатшы Сергей Александрович:
– Спасибо Вам, Конысбеков! Теперь гуляйте до утра. Я Вас завтра искать не буду, – деп ризашылық бiлдiрдi.
Өмiр кезегiмен өтiп жатты. Көктен тiлегенiмiз жерден табылып, Қазақстан тәуелсiздiгiн алды. Елiмiздiң басынан өткен қуанышты жағдайлар да, қиыншылық, күйзелiс кезеңдерi де телекомпаниядан тыс қалған жоқ, "Қазақстан" телерадиокорпорациясы тарап, "Хабар" агенттiгiнiң құрамына енiп, әйтеуiр зиялы қауымның арқасында қайтадан аяғына тiк тұрды. Соның бәрiн көрiп, жеңiп, дәл осы бүгiнгi жағдайға жетiп отырмыз.
15 қыркүйек Байдулла ҚОНЫСБЕК,Қазақстан Республикасының құрметтi журналисi