Жаңалықтар

Ауыл хикаяларынан

ашық дереккөзі

Ауыл хикаяларынан

Алматы облыстық "Жетiсу" газетiнде тiлшiмiн. Бiр жолы бөлiм бастығы Мұғалiмбай Жылқайдаров тапсырма бердi.

– Кеген ауданына iс-сапармен барып, мал азығын дайындау науқаны барысымен танысып қайт.Ертеңiне жолға шықтым. Iс-сапарымды ауданның "Алғабас" совхозынан бастадым. Шөпшiлер тау бөктерiнде екен. Бiрi тракторына бекiтiлген орақпен шөп орып, бiрi тайланған тең шөптi тасымал көлiктерiне артып жатыр. Жанымызға келген шомбал қара кiсi өзiн бригадир деп таныстырды. Қоңыр түстi кең көйлегiнiң омырау тұсы ашылған. Шаң басқан өңiн тер айғыздапты. Сөзге жоқ екен. Сұраққа қысқа жауап берiп жатты. Сол сәтте көлiкке шөп артып жатқан жiгiттiң бiрi келдi. Бiр жақ көзiнiң ағы қызарып кеткен. . Ұйпаланған шашының арасына шөп-шалам қоқымдары тұрып қалыпты.

– Беке, көзiме шөп түсiп кеттi бiлемiн, түйiлiп ауырып барады. Әлдихан апаға барып, алдырып келмесем болмас, сiрә.

Бригадир жүргiзушiсiн шақырды. Қағылез жiгiт қолына жұққан қара майды жүре сүртiп, жетiп келдi. – Мына Сәкендi ауылға алып барып кел.

Шөпшi кабинасына мiнген бойда қорабы салдырлаған көлiк қара жолға түсiп, ауылды бетке алды. Бұл жерден ауыл аса алыс та емес. Көлденең жатқан дөң белдiң арғы жағында. Бригадирден есеп-қисап мәлiметтерiн алып, шөпшiлермен сөйлесiп болғанымша бригадирдiң көлiгi қайтып оралды. Кабинадан көздерi шырадай жарқырап, Сәкен түстi. Бала кезiмде ауылдағы Қымбат әжемнiң көзге түскендi тiл салып алғанын талай рет көргенiм бар.

– Кәрия шөптi тiл салып алды ма?

Ол түсiнбедi ме, аңтарыла қарады. Мен сұрағымды қайталадым.

– Қолының шыбыны бар. Сонымен алды.

Ендi оның айтқанын мен түсiнбедiм. "Қолындағы шыбыны несi? Онымен көзге түскен шөптi қалай алған?". Әйтсе де журналистiк әуестiк билеп, қайтар жолда сол ауылдағы қарияға арнайы соқтым. Күн еңкейiп, кеш түсiп қалған кез едi. Кәрия дуалдың сыртында өрiстен қайтқан малға қарап тұр екен. Ашаң сарғыш өңiн майда әжiмдер басқан. Ұзын етек көйлегiнiң сыртынан жеңiл бешпет киiптi. Жылы шырай таныта амандасып, үйiне қарай жол бастады. Үлкен бөлменiң төр жағындағы тозығы жеткен арқалы диванға жайғастым. Ал қария есiк көзiне жақын тұрған орындыққа тiзе бүктi. Арамыз төрт-бес метрдей. Кәрия маған тесiле қарап, тiл қатты.

– Шырағым, көзiң таза ғой. Жәй жүрсiң бе?

Кәрияның көзiмдi алыстан көрiп отырғанына қайран қалдым.

– Облыстық газеттiң тiлшiсiмiн, апа. Сiздiң ерекше қасиетiңiздi естiп, сол жөнiнде сөйлескелi келдiм.Ол есiктен сыртқа мойнын бұрып дауыстады.

–Мұрат, қонаққа шәй қой.– Содан соң маған қарады. Орнынан ауыр көтерiлдi.–Шырағым, шәй қайнағанша мал жайғап келейiн. Әзiрге теледидар көре отыр.

Бөлме iшi жұпыны. Ортада шағын үстел. Төрт орындықты қарама-қарсы қойыпты. Бiр жақ қабырғасына қолдан тоқылған кiлем iлiнген. Төр жақ бұрышта теледидар тұр. Еденге шетiн жағалай қошқар мүйiзбен әдiптеген алаша төселiптi. Мұрты тебiндеп қалған бозбала ортадағы шағын столға дастарқан жайып, ас мәзiрлерiн қамдауда. Соған қарағанда үйлене қоймаған-ау деп топшыладым. Сырттан екi иiнiнен буырқана дем алған жез самаурынды көтерiп келiп, үстел жанындағы жайдақ орындықтың үстiне қойды. Артынша қария да iшке ендi. Бiр-екi кесе шай iшкенше қария тiс жарған жоқ. Мен де асықтырып сұрақ қоя қоймадым. Аздан соң жаулығының ұшымен маңдай терiн сүрттi. – Ал, шырағым, менен не бiлгiң келiп едi?

Мен бағана көзiне түскен шөптi алдырған жiгiттi шабындықтан көргенiмдi айта келiп, сол қасиетiнiң қалай пайда болғанын сұрадым. Қария басын изеп тағы да бiрауық үнсiз отырды да, қоңырқай үнмен әңгiмесiн бастады.

– Бұл қасиет маған қырық жастан асқанымда қонды. Соған дейiн колхозда еңбек еттiм. Басшылар қайда жұмсаса, сонда бардым. Екi қызымды ұзатып, ендi мына ұлым бiр шүйкебас әкеп бере ме деп үмiтпен отырған жайым бар. Колхоздың жұмысы ауыр ғой. Бүгiнгiдей емес, тракторлардың аз кезi. Көбiне жұмысты қолмен атқарамыз. Бiр жолы қатты қажып келдiм де, кешкiсiн ертелеу жатып қалдым. Анам марқұм түсiме ендi. "Қызым-ау, қолыңнан ештеңе келмей қойды ғой. Мә, мынаны алшы" деп алақаныма әлдененi салып кеттi. Таңертең тұрсам оң жақ қолымның саусақтары жұмулы екен. "Шешем не берiп кеттi?" деп бүгiлген саусақтарымды бiртiндеп жаза бастадым. Алақанымда ештеңе жоқ. "Шешем жұмыстан шаршап-шалдығып жүргенiмдi сезген-ау, жарықтық. Бала секiлдi алдап кеткенiн қарашы" –деп төсектен тұрдым да, қолыма кетпенiмдi алып, жұмысқа кеттiм. Өзеннен жазыққа қарай арық қазып жатқанбыз. Түсте қос басында көже берiп, бiраз тынықтырады. Шатыр iшiнде көлеңкелеп отыр едiк, табан астынан жел тұрып, топырақ суырды. Шеттеу отырған өзiм құралпы Әйбат: "Көзiме топырақ түсiп кеттi", – деп құмандағы сумен көзiн шайды. Қолымен қайта-қайта уқалап, әбден әбiгерге түстi. Сол кезде оң қолымдағы сұқ саусағымның басы жыбырлап кетсiн. Соны баспақшы болып, бас бармағыммен үйкеледiм. Қайдан келгенiн бiлмеймiн, ызыңдаған бiр шыбын пайда болды да, саусағымның басына қонды. Кәдуiлгi үй шыбыны. Жанымда отырған әйелдерге қарап: "Әй, қатындар, менiң сұқ саусағыма қонған шыбынды қараңдаршы" дедiм. Олар бастарын көтерiп алып, қолыма қарады. "Әлдихан, қайдағы жоқ шыбынды айтып отырсың?" дейдi жамырай сөйлеп. Мен: "Мiне, саусағымның ұшына қонып отыр ғой", –дедiм. Қолымды соларға қарай создым. Олар маған шошына қарап: "Мынаған бiрдеңенiң шалығы тиген шығар" – деп жанымнан шегiншектей бердi. Мен ызаға булығып: "Сендердiң көздерiң ештеңенi көрмейдi", – дедiм кiжiнiп. Әйбат батыл мiнездi едi. Еңбектеп келiп, саусағыма тақала үңiлдi. "Әлдихан, ешқандай шыбынды көрiп тұрғаным жоқ", – дедi қызарған көзiн жыпылықтатып. Мен ызадан жарыла жаздадым. Сол сәтте қолым бiр тылсым күшпен оның көзiне қарай ерiксiз тартып бара жатты. Тап көзiнiң алдына барғанда сұқ саусағым өзiнен-өзi аңғалағында айналып, ал шыбын сонымен бiрге көзiне тиер-тимес айналшықтап ұшумен болды. Сондағы керемет қызықты қараңыз. Көзiндегi жасқа шыланған топырақ қиығынан сыртына шығып жатты. Әлгiнде ғана шошынған жұрт ендi таңырқай бастады. Әйбат қайта-қайта жұтынып: "Әлдихан, саусағыңнан жiбектей жып-жылы жел есiп, жаныма жағып барады", – дедi таңданып. Бұл құбылысты өзiм де түсiне алар емеспiн. Әйбаттың жанары топырақтан әбден тазаланған кезде шыбын көкке сiңiп жоқ болып кеттi. Саусағымның жыбырлағаны да сап тиылды. Әйелдер жан-жағымнан анталап, саусағымды ұстап, таңырқай бастарын шайқауда. Өзiм де таңмын. "Мен көрген шыбынды олар неге көрмейдi?". Ойыма шешемнiң түсiме енгенi түстi. "Е-е, оның маған берiп кеткенi осы екен ғой". Бұрын көзiне құм не шөп түскен жандар аудан орталығындағы дәрiгерлерге қарай сабылушы едi. Онда барып келудiң өзi бiр азап. Қара жолда көлiк күтiп, күн ұзаққа сарылып отырғаның. Содан ертеңiне кештетiп әзер жетесiң. Сол күннен бастап бұл ауылдың, осы маңның тұрғындары аудан орталығына сабылмайтын болды. Көзiне құм, шөп түскен бiреу келсе болды сұқ саусағымның ұшы жыбырлап, шыбыным ғайыптан пайда бола кетедi. Қазiр менiң бұл шыбыныма жұрт таңдануды қойды. Қалыпты жағдай секiлдi мән бере бермейдi.

Бiр жолы түн жарымында есiгiм қатты қағылды. Шошып ояндым. "Шелектегi қызым бiр жайсыз жағдайға ұшырап қалды ма?". Ойым жаманға кетiп, жүрегiм тулап, қол-аяғым қалтырап, есiкке әзер жеттiм. Ашсам, арғы жағында бейтаныс екi адам тұр екен.

– Апа, сiздi көз емдейдi деп естiп, Шелектен келдiк. Iнiмiздi Алматының көз дәрiгерлерiне емдетiп едiк, шипасы болмады. Ендi сiзден қайыр бола ма деп келiп тұрмыз, –дедi еңгезердей бойшаңы көңiлсiз үнмен.Атқақтаған жүрегiмдi, аптыққан кеудемдi басып, өзiме-өзiм келдiм.

– Жарайды, үйге кiргiзiңдер. Қолымнан келсе, көмектесiп көрейiн.

– Апа, ол қал үстiнде жатыр. Жолға жарамайтын болған соң мұнда алып келе алмадық. Сiздi Шелекке алып барсақ па деп, көлiк жалдап келiп отырмыз.

Жұртты жалындырғанды жек көрушi едiм. Оларға көнбеске амалым қалмады. Таң бозында Шелекке жеттiк. Үй толған жан екен. Туған-туысқандары түгел жиналған секiлдi. Өң-түстерi қашып кеткен. Соларды көрiп өзiм де сескенiп қалдым. Ауру бала iшкi бөлмеде жатыр. Бет аузы түгел iсiптi. Мұрны қайсы, көздерi қайсы, аузы қайсы ажыратып болмайды. Бас емес дөңгеленген қазандай бiр нәрсе. Соңғы деммен әзер тыныстап жатыр. Есiнен танып жатқанына екiншi күн екен. Мұндайды бiрiншi рет көргендiктен бе шошығаным соншалық әлдекiм кеудемнен итерiп жiбергендей кейiн шегiнiп кеттiм. Жанымда тұрған екi ағасына басымды шайқап:

– Ренжiмеңiздер, емдей алмаймын,–дедiм. Тамағым құрғап, дауысым әзер шықты.

– Iнiмнiң талқаны таусылды десеңiзшi.–Мұртты ағасы орындыққа сылқ етiп отыра кеттi. Көзiнен парлап аққан жасты қолымен сүртiп, ағыл-тегiл дауыс салып жылаудың аз-ақ алдында тұр. Бойшаңы ұстамдылық танытты.

– Апа, бiр амалын жасаңыз. Егер iнiмiз олай-бұлай болып кетсе, сiзге артар кiнәмiз болмайды. Алланың басқа салғаны осы шығар деп, дегенiне көнемiз де қоямыз. – Үнi тарғылданып шықты. Соңғы үмiттерi мен секiлдi.

Бiр Аллаға сыйынып, нар тәуекелге бардым. Әдеттегiдей сұқ саусағымның басын бармағыммен үйкелеп, шыбынымды шақырдым. Келмей қала ма деп жүрексiнiп едiм, ызыңдаған үнiн естiдiм. Артынша қолыма келiп қонды.

– Жаратқан ием, жар болып, ауруына шипа ете көр! – Қолым көзiне қарай созыла бердi. Саусағым мен шыбыным көзге тиер-тимес шыр айналып жатыр. Сәлден кейiн сол жақ жанарынан қою қоймалжың сұйық аға бастады. Тағы бiраздан соң қиығынан тырнақ шықты. Шыбыным ғайып болды. Кiшкене тырнақ ылғалда тез ұлғаяды. Қолымды кәдуiлгi кiр сабынмен жуып, алақанымның ұясына бiр шөкiм мақта салып, сыртынан жуылған целлофонды орап, iсiнген көздi ақырындап сықтым. Көз қиығынан бiраз қанды iрiң ақты. Сол кезде баланың да тынысы ашыла бастады. Әзiрге осы да жетер деп көздерiн таза дәкемен орадым. Екi ағасының жанарында үмiт оты жанды. Түн бойына әлдеқандай жағдай болады деп бар демдерiн iштерiне тартып, үн-түнсiз отырған жұрттың өңдерiнен қан ойнап шыға келдi. Өзiм де шаршағанымды сонда ғана бiлдiм. Төсектен басымда көтерсем, ұлы сәске болып қалыпты. Құдайы мал сойылып, әйелдер ошақ басында жүр. Бала жатқан бөлмеге кiрдiм. Есi кiрiп, сөйлейтiн халге келген екен. Күннiң шуағына қолынан жетектеп алып шығып, басынан дәке орауын шештiм. Iсiгi едәуiр қайтып, бет пiшiнi айқандалып қалыпты. Қолымды кiр сабынмен жуып, кешегi емдеу тәсiлiмдi тағы қайталадым. Көзiнен тағы да бiраз қан араласқан iрiң ақты. Дәкемен қайта таңдым. Ол түс кезiнде жұртпен бiрге асқа отырды.

Қария тағы да ойға берiлiп, үнсiз отырып қалды. Кеседегi сүт қатқан шайын шайқап iштi. Мен де сұрақ берiп, асықтыра қоймадым. Әлден соң үзiлген әңгiмесiн қайта жалғады.

– Түнеу күнi сол Шелекте тұратын үлкен қызым Шара келдi. Бастауыш сыныпта оқитын немерем суық тиiп, науқастанып қалған екен. Күйеу бала мен өзi жұмыста. Оны күн сайын емханаға алып барып, укол салдыратын жанның ретi болмаған соң маған қолқа салды. Немере деген тәттi емес пе?! Жанымды қоярға жер таппай Шелекке қарай алып ұштым. Таңертең орталықтағы емханаға барып, дәрi еккiземiн. Немерем тәуiр бола бастады. Бiр жолы емхананың дәлiзiнде немеремдi күтiп отыр едiм, бiр бөлмеден көзiн таңған еңгезердей орыс жiгiтi шықты. Бетi iсiңкiреп қалған. Оны екiншi, үшiншi күнi де көрдiм. Көз дәрiгерiне кiрiп, сәлден соң қайта шығады. Бiз келесi күнi есiк алдында ұшыраса кеттiк. Қолынан ұстай алып: "Балам, көзiңе не болған? Мен көрiп берейiншi", – дедiм қазақша сөйлеп. Орысша тiл бiлмеймiн. Ол үстiмдегi көнелеу киiмiме жирене қарап, қолымды сiлкiп жiбердi. Түрiм де ұнамаса керек. "Что вы говарите? Я по казахский не понимаю", – деп жүре бердi. Ертеңiне оны тағы да қолынан ұстай алдым. Сөзiмдi түсiнбей: "Отстаньте от меня" деп жекiп, емханадан шығып кеттi. Келесi күнi орысша тiл бiлетiн бiр әйелге өтiнiш жасадым. Ол көз дәрiгерiнен шыққан бойда: "Әй, балам, көзiңдi маған көрсет. Менiң көз емдейтiн қасиетiм бар едi. Мүмкiн шипам тиер", – дедiм. Әйел сөзiмдi орысшаға аударды. Анау маған тағы да жирене қарап: "Не морожте голову", – деп есiктi сыртынан тарс жапты. "Қап, әттеген-ай! Азап шегетiнiн бiлмей жүргенiн қарашы мынаның", – деп қынжылып қала бердiм. Қасымдағы әйел: "Апа, сөзiңiздi тыңдамаса әуре болып қайтесiз", – дедi. Сол екi арада есiк қайта ашылып, әлгi орыс жiгiтi қайта кiрдi. Бұл жолы аудармашы әйелден жөн сұрап, маған сенер, сенбесiн бiлмеген жандай аңтарыла қарады. Әйтсе де көрiп беруiме келiстi. Мен оны жарық көзi мол түсiп тұрған үлкен терезе алдына алып бардым да көзiн таңған дәкенi шештiм. Аңғалағы iсiнiп, қызарған көзiнiң аясы тым тарылып кетiптi. Шыбынымды шақырып, көзiнiң айналасына шарлатым. Содан соң оған: "Шырағым, көзiңде тырнақ бар", – дедiм. Ол едiрейе қарап: "Сiз не айтып отырсыз? Қайдағы тырнақ? – Төс қалтасынан бiр парақ қағаз шығарды. – Мiне, мынау Алматыдағы көз дәрiгерлерiнiң берген медициналық анықтамасы. Мұнда тамырларына салқын тиген деп жазылған",– дедi жуан дауысын көтере сөйлеп. Мен: "Шырағым, сенбесең алып берейiн", – дедiм. Ол кiлт бұрылып, көз дәрiгерiнiң бөлмесiне кiрiп кеттi. Көп кiдiрмей қайта шықты. Қасындағы ақ халат киген дәрiгер әйел жаныма жетiп келiп, ал айқайға бассын. Қара көздерi шақшиып, орысшалап айтпаған сөзi жоқ. Сонда да сабыр сақтап бақтым. Ащы шыққан дауысты басқа бөлмеде отырған дәрiгерлер де естiсе керек, бәрi iлезде айналамызға жиналып қалды. Мен соларға қарап: "Мынаның көзiне тырнақ түскен. Сенбесеңiздер алып көрсетейiн сiздерге", – дедiм жалынғандай үнмен. Олар жiгiтке қарады. Ол: "Ладно", – деп келiсмiн бердi. Шыбынымды шақырып, көзiнiң айналасына жүгiрттiм. Сәлден соң-ақ, шыбыным көзiнiң арғы жағындағы қанды iрiңге малынған тырнақты қиығынан алып шықты. Оны ақ қағаз бетiне қойғанымда, жағасын ұстамаған дәрiгерлер қалмады. Ал әлгi бұрқылдаған көз дәрiгерiнiң үнi өшiп, сырт айналып, бөлмесiне кiрiп кеттi. Мен көзде қалған iрiңдi сығып шығардым да дәкемен қайта таңып бердiм. Ертеңiне орыс жiгiтi емханада менi күтiп тұр екен. Есiктен кiрген бойда құшақтай алды. "Апа!.. Апалап!.." рахметiн жаудырып жатыр. Немереме дәрi егiп жүрген қыз сөзiн аударды. Сол күнi түнде ғана көзiнiң ауырғаны басылып, тыныш ұйықтап шығыпты. Мен тағы да көзiн қарадым. Iсiгi де қайтқан. Қалған iрiңдерiн сықтым. Ол немереме дәрi егiлiп болғанша күтiп тұрды. Жеңiл автокөлiгi бар екен. Сонымен үйге дейiн шығарып салды. Кабинадан түсiп жатқанымда жүк салатын артқы қорабынан бүйiрi шыққан ауыр сөмкенi шығарып: "Апа, это вам, мясо", – дедi. Мен басымды шайқап: "Шырағым, үйде етiмiз бар. Ықыласыңа рахмет!" – деп алмайтынымды айттым. Ол қояр да қоймай сөмкенi өзi үйге көтерiп кiрдi. Содан бастап немерем жазылғанша бiздi емханаға тасып жүрдi.

Кәрия тағы бiрауық үнсiз отырды да:

– Мұндай мысалдың қайсы бiрiн айта берейiн, шырағым. Осы үйде көз ауруларынан зардап шегiп жүргендерден келген екi қап хаттар бар едi. Балам оларға жауап жазуға ерiнген. Ақыры бiр қабын былтыр қыста отқа жақты. Ал бiр қабы әне тұр, – деп бұрышта жатқан қапты иегiмен меңзедi. Содан кейiн тағы да үнсiз тұрды да. – Менi қойшы, мына Тоғызбұлақ колхозындағы сынықшы Мәтiмханды айтсайшы. Күл талқаны шыққан сүйектердi орын-орнына қойғанда таңданбай көр.

Қаншама жанның көздерiн тазалап, қатерден алып қалған қарапайым жанның өзiнен гөрi өзгенi жоғары бағалағанына қалай сүйсiнбейсiң.

15 қыркүйек

Көлбай Адырбекұлы