ЕУРОНЫҢ КҮЙРЕУI - ЕУРОПАНЫҢ КҮЙРЕУI

ЕУРОНЫҢ КҮЙРЕУI - ЕУРОПАНЫҢ КҮЙРЕУI

ЕУРОНЫҢ КҮЙРЕУI - ЕУРОПАНЫҢ КҮЙРЕУI
ашық дереккөзі

Италия үкiметiнiң әлеуметтiк саясатына наразы болған римдiктердi полиция сабасына әрең түсiрдi. Ал қарызға белшеден батқан кәрi құрлық Греция, Португалия, Ирландияның қателiгiнен сабақ алуға мүдделi. Бүгiнде батыстық ортақ валютаның тағдыры да қыл үстiнде. Қордаланып қалған мемлекеттiк қарыздар көлемi ұлғая берсе, әлемдiк экономиканың халi мүшкiл тартпақ.

Италия Үкiметiне қарсы жаппай наразылық шарасын ұйымдастырған Рим тұрғындары билiктiң бюджеттi қысқартуға қатысты дайындаған заң жобасын қабылдамауды талап етуде. Парламент алдына жиналған жүздеген римдiк Берлускони үкiметiнiң мемлекеттiк қарызды 54 миллиард долларға дейiн қысқартуға мүмкiндiк беретiн құжатын талқылауда "аққу – көкке, шортан – көлгенiң" керiн келтiрген депутаттарға да наразы. 2013 жылы Италияны дағдарыстан алып шығуға жағдай жасайтын заң жобасы зейнеткерлiкке қатысты ережелердi өзгертiп, салық көлемiн ұлғайтуға бағытталған. Ортақ шешiмге келе алмай дауласқан депутаттарға ашуланған топты полиция қызметкерлерiнiң көмегiмен әрең сабаға түсiрдi. Қазiр италиялық билiктi еуропалық шенеунiктер мен Ақ Үй де қыспаққа алуда.

Апта басында арнайы мәлiмдеме жасаған АҚШ президентi Барак Обама Еуропалық Одақ кейбiр елдердегi бюджеттiк қарыздарды толық шешiп алмайынша, әлемдiк экономика тығырықтан шыға алмайтынын айтты: "Бүгiнде кәрi құрлықтың ортақ валютасы – еуроның құнсыздануы тұрақсыздыққа тап болған әлемдiк экономикаға керi әсер ете бередi. Ортақ валютасы болса да, Еуропада ортақ экономикалық саясат жоқ. Бюджеттiк саясатта iрi еуропалық мемлекеттер тiзе қоса отырып, әрекет етуi тиiс. Әсiресе, Грециядағы дағдарыс бiздi қатты алаңдатып отыр. Егер Италия мен Испаниядағы ахуал шиеленiсе түссе, дүниежүзiлiк экономиканың халi мүшкiл". Қарашада Каннда кездесудi жоспарлап отырған Үлкен жиырмалық (G20) саммитiнде Еуропадағы қарыздық дағдарыс күн тәртiбiне шықпақ.

Бүгiнде еуропалық аймақтағы экономикалық жағдайды егжей-тегжейлi талқылауға валюталық блокқа мүше 17 елдiң қаржы министрлерi, АҚШ қаржы министрi, еуроаймақтағы Орталық банктердiң жетекшiлерi мен Еуропалық Одақ құрамындағы елдердiң қаржыгерлерi де мүдделi. Ертең, яғни 16 қыркүйекте Польшаның Вроцлав қаласында бас қосатын олар кәрi құрлықтағы қордаланып қалған қарыздар мен экономикалық проблемаларды қаузайды.

Негiзi батыстық елдердiң басын қосқан Маастрихтiк келiсiм Еуропалық орталық банк пен еуроаймақтағы банктерге өте қатаң талап қойған. Мысалы немiс маркасы кезiнде Германиядағы инфляция деңгейi орташа есеппен алғанда, 2,4 пайыз болса, қазiр бұл көрсеткiш 2 пайыздан аспауы тиiс. Сонымен қатар еуроаймақтағы елдерге мемлекеттiк қарызға байланысты талапты қатты күшейттi. Бiрақ Маастрихтiк келiсiм шарттарын дұрыс орындамау салдарынан қазiр батыстық экономика тығырыққа тiрелдi. Өткен аптада Еурокомиссия жетекшiсi Жозе Мануэл Баррозу Германия канцлерi Ангела Меркельмен Берлинде кездескеннен кейiн Еуоодаққа мүше елдердi қарыздарынан құтылуға шақырып, қаржылай көмек тек борышсыз мемлекеттерге ғана берiлетiнiн ескерттi. Бүгiнде батыстық шенеунiктер кәрi құрлықтың ортақ валютасын дағдарыстан шығаруға жанталасуда.

Өйткенi "еуроның күйреуi – Еуропаның күйреуi" (А.Меркель). Ортақ ақшасы бар елдердiң бiр-бiрiне қарсы ешқашан соғыспағанын көлденең тартқан канцлер еуроны сақтап қалу керектiгiн баса айтты. "Еуропадағы қордаланып қалған қарыз 2008 жылғы дағдарысқа қарсы күрес пен банктердi құтқару шаралары ғана емес, ондаған жылдар бойы дұрыс түзiлмеген философияның кесiрiнен" деп мәлiмдеген ол қарызға қатысты дағдарыстан Батыс ерте ме, кеш пе, құтылатынын, тек жұмыла еңбек ету қажеттiгiн жеткiздi. Еуроодақтың ең басты елдерiнiң бiрi – Германияның мемлекеттiк қарыздарға байланысты үлкен тәжiрибесi бар. Сондықтан да кәрi құрлықтың экономикасын құтқару үшiн одақ ережелерiн қатайтып, қосымша талаптар енгiзуге ұсыныс жасады. Греция, Ирландия мен Португалияның жiберген қателiктерiнен сабақ алуы тиiс кәрi құрлық қаржылық тұрғыда құрдымға кетпес үшiн ақша саясатын қайта қарастыруға мүдделiлiк танытуы тиiс. Аталған үш елдiң мемлекеттiк құнды қағаздарын 75 млрд. еуроға сатып алған Еуропалық Орталық банк әрекетiн сынға алған мемлекеттер де жетерлiк. Себебi Италия, Испания, Ирландия, Греция, Португалияның мемлекеттiк қарызын жабу үшiн еуроны бұрқыратып басып жатқан Орталық банк Федералдық банкке 300 млрд. еуро қарыз. Еуропалық Одаққа мүше елдерге қаржылық тұрғыда көмек беруге аспанасты елi де құлшына кiрiстi. Сейсенбi күнi Даляньдағы Дүниежүзiлiк экономикалық форумда КХР Мемлекеттiк кеңесiнiң премьерi Вэнь Цзябао Қытай тарапынан еуропалық елдерге бағытталатын инвестиция көлемiн арттыруға уәде бердi.

15 қыркүйек

Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ