ЯДРОЛЫҚ ҚАУIПСIЗДIК – КҮН ТӘРТIБIНДЕ
ЯДРОЛЫҚ ҚАУIПСIЗДIК – КҮН ТӘРТIБIНДЕ
Ядролық бағдарламасы әлемдiк саяси сахнадағы пiкiрталасқа ұласқан Иран халықаралық ұйым мамандарын өз жерiнде бақылау орнатуға және тексеру жүргiзуге шақырды. Ал әлемдiк қауымдастық ядролық нысан құрылысын пайдалануға беруi мүмкiн деп күдiктенген Сирия БҰҰ мамандарын елге кiргiзген жоқ. Халықаралық атом энергиясы жөнiндегi агенттiк Израильден ядролық қаруды таратпау туралы келiсiмге қол қоюды талап етсе, Тегераннан кейiн халықаралық қауымдастықтың тегеурiнiне тап болған Солтүстiк Корея ядролық бағдарламасы жайлы егжей-тегжейлi ақпарат беруге мiндеттi.
Жер шарының 35 мемлекетi мүше болып табылатын Халықаралық атом энергиясы жөнiндегi агенттiктiң 59-кеңесi 12 қыркүйекте Венада өз жұмысын бастады. Иранның әлемдiк саяси сахнадағы қызу пiкiрталасқа әкеп соққан ядролық бағдарламасы, Жапониядағы үстiмiздегi жылдың 11 наурызындағы селден кейiн болған "Фукусима-Дайичм" атом электр стансасындағы жарылыс және Франциядағы "Маркуль" ядролық зерттеу кешенiндегi жарылысты 4 күн бойы жан-жақты талқыға салатын Кеңес Израильден ядролық қару таратпау туралы Қарарға қол қоюды талап етпек. Ядролық саладағы қауiпсiздiктi күшейтудi көздейтiн Агенттiк Жапониядағы жағдайдың қайталанбауын қамтамасыз етуге мүдделi.
Агенттiктiң 59-сессиясында Таяу Шығысқа кеңейтiлген тексеру жұмыстарын жүргiзудi көздесе, ядролық нысандарын алдағы 5 жылда Халықаралық атом энергиясы жөнiндегi агенттiгiнiң толық қадағалауы мен бақылауына ұсынған ирандық делегация Еуропалық Одақ тарапынан қабылданған бiржақты экономикалық санкциядан құтылуды көздейдi. Алайда ЕО құрамындағы бiрқатар мемлекет Тегеранның бағдарламасы тоқтатылмайынша, санкцияны алып тастамауды талап етуде. Кәрi құрлық Иранды ядролық қару жасауы мүмкiн деп қорқады. Брюссель Тегераннан ядролық саласының басқа да қырлары туралы толық ақпарат беруге мiндеттедi. Бұл мәселеде Иранның жақтастары да табылды.
Мәселен Бразилияның БҰҰ-дағы тұрақты өкiлi Луиза Виотти: "Иран – ядролық қаруды таратпау жөнiндегi келiсiмге қол қойған ел және уранды бейбiт мақсатта байытуға құқы бар. Оның ядролық нысандарын бақылауға беруге байланысты бiлдiрген ұсынысы да құптауға тұрарлық.
Сондықтан Бразилия Иранды толық қолдайды" дедi. Ирандықтар ядролық бағдарламасы шеңберiнде Таяу Шығыстағы араб елдерi коалициясының мүшелерiмен келiсiм орнатуға тырысуда. Әлемдiк саяси сахнада өгей баланың күйiн кешпес үшiн Тегеран арабтармен аузы бiр болуды қалайды.
Халықаралық атом энергиясы жөнiндегi агенттiк Солтүстiк Кореяның ядролық бағдарламасы мен 2007 жылы израильдiк әуе күштерi аяусыз талқандап тастаған ядролық реактор құрылысы ендiгi аяқталып қалуы мүмкiн Сириядағы ахуалды да талқылау үстiнде. Өйткенi сириялық билiк Агенттiктiң 2011 жылдың шiлдесiнде өткiзген кеңесiнде БҰҰ мамандарын Сирияда тексеру жұмыстарын жүргiзу үшiн кiргiзуге уәде берген. Бiрақ Дамаск ол уәдесiн тайқып шығып, Агенттiк осы мәселеге орай қосымша шаралар қабылдауға мәжбүр болды.
Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ