ЖАСТАРЫМЫЗҒА ТӘУЕЛСIЗДIКТIҢ ТАРТУЫ
ЖАСТАРЫМЫЗҒА ТӘУЕЛСIЗДIКТIҢ ТАРТУЫ
Жуырда Қазақстан жастары конгресiнiң Тәуелсiздiктiң 20 жылдығына орай ұйымдастырылған "Жастар-2011" республикалық жастар сыйлығына үмiткерлердi ұсыну басталды.Аталмыш шараны Қазақстан жастары конгресi Бiлiм және ғылым министрлiгiмен бiрге және "Нұр Отан" партиясының жастар қанаты "Жас Отан" ұйымымен бiрлесiп ұйымдастырып отыр. Аталмыш шараның басты мақсаты – елiмiздегi жастар қозғалыстарының қызметiн дамытуға үлес қосып жүрген азаматтарды ынталандыру және түрлi салалар бойынша жас кәсiби мамандарды анықтау болып табылады.
Дәстүрлi түрде ұйымдастырылып келе жатқан "Жастар" сыйлығы 11 және 9 арнайы аталымдар бойынша берiлетiн болады. Олардың арасында жастар ұйымы, жас көшбасшы, жас саясаткер, жас ғалым, жас кәсiпкер, жас жауынгер, жас спортшы, жас талант, жас шығармашылық ұжым, жас журналист, жас мемлекеттiк қызметкер сияқты аталымдар бар. Аталмыш сыйлық "Өзiңе деген сенiмдiлiгiң үшiн", Жас ұстаз, жас дәрiгер, жылдың жас ерiктiсi, "Жасыл ел" отрядының ең үздiк жауынгерi, Тәуелсiздiктiң құрдасы, Жас батыр, Жылдың ең үздiк жастар жобасы, Жастармен жұмыс iстейтiн ең үздiк мемлекеттiк орган деген тақырыптарды қамтитын болады.
Тағы бiр айта кететiн жайт, әрбiр аталым бойынша тек бiр адам ғана аталмыш аталымның жеңiмпазы атанады. "Жастар" сыйлығының иегерлерi байқау арқылы анықталады. Сыйлықты тек 14 пен 29 жас аралығындағы Қазақстан азаматы жеңiп ала алады. Байқауға қатысатын заңды тұлға елiмiзде кемiнде үш жыл қызмет етуi керек. Сондай-ақ "Жастар" сыйлығының бұрынғы иегерлерi байқауға қайтадан қатыса алмайды және бiр кандидат бiрнеше аталымның жеңiмпазы бола алмайды. Сыйлыққа үмiткерлердi қоғамдық ұйымдар мен азаматтар ұсына алады. Байқаудың жеңiмпаздары екi айдан соң, яғни 25 қарашада www.zhastar.kz сайтында жария етiледi. Сондай-ақ жеңiмпаздарды ресми түрде марапаттау рәсiмi "Болашақ бiздiң қолымызда" республикалық жастар форумының аясында өтедi.
15 қыркүйек Едiге БЕКТАС