Жаңалықтар

ЖАТАҚХАНА ТАППАЙ ЖҮР ТАЛАЙ ҚАЗАҚ БАЛАСЫ...

ашық дереккөзі

ЖАТАҚХАНА ТАППАЙ ЖҮР ТАЛАЙ ҚАЗАҚ БАЛАСЫ...

"Балапанды санайтын" күз мезгiлi жетсе, қарбаластың да басталары белгiлi. Шаруа малын жайғап, диқан бидайын жинап, жұмысшы шаруасын реттеп, қыстың қамын ойлайтын шақта, мектеп ошақтары мен жоғары оқу орындарында да қым-қуыт тiршiлiк басталады. Мектеп жасындағы балалар сөмкесiн арқасына асып, оқулығын қолтығына қысып, сыныбына асықса, студент атаулы жиған-тергенiн буып-түйiп, шалғайдағы ауылдардан iрi-iрi қалаларға қарай сапар шегедi. Бiр жылдық несiбесiн Алматыдан, Астанадан немесе өзге де iрi қалалардан айыратын студенттiң алдына қойған бiр ғана мақсаты бар.

Ол – бiлiм алу.

Бiлiм қуып, арман арқалап, Алматыға жеткен бүгiнгi жастардың көбiнiң жанына бататын жалғыз мәселе бар. Ол – жатақхана. Жыл сайын күзде басталатын жатақхананың жыры студенттер үшiн қалыпты үрдiске айналып барады. Жастар үшiн жауыр болған жатақхана мәселесi биыл да жанға батып тұр. Елiмiздегi жоғары және орта кәсiптiк оқу орындарында жатақхана тапшы. Бiлiм және ғылым министрлiгi де, сол оқу ордаларының басшылары да бұл мәселеге келгенде, дәрменсiз. Ал оқуды ғана ойлауы тиiс студент жататын орны жоқ, тұратын баспанасы жоқ, сандалып жүр.

Күз басталса қазақ студенттерi көзтаныстарына "жатақхана алып берiңiзшi" деп қиылып өтiнiш айтады. "Жатақхана алып бершi" деп өтiнiш жасағанымен, жатақхана алып беру – оңай шаруа да емес. Өйткенi жатын орын тапшы. Әрi кейбiр жоғары оқу орындарында жатақханалар саны мүлдем жеткiлiксiз. Кейбiр жоғары оқу орындарының жатақханаларының бiрлi-екiсi жекеменшiкке өтiп, жекешелендiруге ұшырап кеткен. Нарықтық экономикаға алғаш көшкен жылдары "балапан басымен, тұрымтай тұсымен" кеткен уақытта, жатақханалардың да саудасы қызу жүрген екен. Кейбiр жоғары оқу орындары өздерiне тиесiлi жатақханаларды жекешелендiрiп жiберуге мәжбүр болыпты.

Жатақхана жырының басылмайтын себебi де бар. Жыл сайын жоғары оқу орнына мыңдаған бала құжат тапсырып, студент атанып жатады. Мәселен бiр ғана Алматыдағы Қаныш Сәтпаев атындағы Қазақ Ұлттық техникалық университетiнде 12 мыңнан астам студент болса, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетiнде студенттердiң саны 20 мыңға жетiп жығылады. Оның арасында грантпен оқитындары да, ақылы бөлiмде жүргендерi де жетерлiк.

Жатақхана алу үшiн студент ең алдымен мемлекеттiк грант иесi болу керек. Мемлекеттiк грант иесi болғанның өзiнде де олар бiрнеше категория бойынша ғана жатақханаға тұруға қол жеткiзедi. Сондықтан соңғы курстарда оқитын студенттердiң бiразы жатақханадан қағылып қалады да, арзан пәтер iздеуге тура келедi. Бұл әсiресе, Алматыдағы С.Асфендияров атындағы медицина академиясына да қатысы бар. 5-6 курсқа келген студенттердiң көбi жатақханадан орын жетпейтiнiн бiлетiндiктен, күз басталғаннан-ақ пәтер iздей бастайды. Жаңа оқу жылының алғашқы апталары да аяқталып қалды. Ал студенттердiң кейбiрi жатақханасыз жүр. Пәтер таба алмағандары да қаншама.

Оңтүстiк шаһардың шеткi аудандарындағы 1 бөлмелi пәтердiң айлық ақысы кемiнде 300 доллардан төмен емес. Ал қарапайым студенттердiң бiр айлық шәкiрт ақысының мөлшерi небәрi 15 мың мен 17 мың теңгенiң аралығында. Бұл қаржының пәтер жалдауға жетпейтiнi түсiнiктi. Сондай-ақ күнделiктi жүрiс-тұрысына, iшетiн тамағы мен киетiн киiмiне кететiн шығыны тағы бар.

Жоғарыда айтқанымыздай, әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетiнде 20 мыңға жуық студент оқитын болса, жатақханадағы тиесiлi орын 5 мыңнан асады. Яғни студенттердiң бәрiне жатақханадағы орын жетпейтiнi бiрден белгiлi. Бұл мәселеден шығудың жолы бар ма? Жатын орынға жарымаған студенттен ертең жөнi түзу маман шыға ма? Бiздi толғандырған мәселе көп.

Жатақхана мәселесi төңiрегiндегi сауалымызды Қаныш Сәтпаев атындағы Қазақ Ұлттық Техникалық университетiнiң оқу – тәрбие iсi жөнiндегi проректоры Ұлықпан Сыдықовқа қойған едiк.

– Ұлықпан аға, қазiр жатақхана студент үшiн ең үлкен проблемаға айналған. Өркениеттi қоғамда жатақхананың жетiспеушiлiгi неден туындап отыр?

– 90-шы жылдардың басына дейiн бiзде университетте 10-11 жатақхана болған едi. Ол кезде бiздiң университеттiң Политехникалық институт болып тұрған кезi. Жатақханаға зәру балалар 100 пайыз болмаса да, қамтамасыз етiлетiн. 90-шы жылдардың ортасына қарай нарықтық қатынасқа көштiк. Коммерция басталды. "Балапан басына, тұрымтай тұсына" дегендей, қиын процестер жүрiп жатты. Алыпсатарлықпен айналысып жүргендердiң заманы туды. Мысалы бiздегi Аязбаев деген математик мұғалiмнiң айтқаны бар едi. Сол кiсi бiр күнi орталық стадионның алдындағы аялдамада тұрса, шет елдiк көлiк келiп, жанына тоқтапты. Әлгi мұғалiмге көлiктiң шоферi "Отырыңыз" дептi. Танымаған адамның көлiгiне отыра бермейсiң ғой. "Мен сiздiң шәкiртiңiзбiн. Отырыңыз" деген соң, көлiкке мiнедi. Сол жiгiт әлгi математикке: "Ағай, мен сiзге өте ризамын. Сiз маған екi қойып, институттан шығып кетпегенiмде, мұндай дәрежеге жетпес едiм. Қандай көлiк мiнiп жүргенiмдi көрiп тұрған шығарсыз" дептi. Көрдiңiз бе, елде осындай психология қалыптасқан кез едi. Сосын өте талантты жас мұғалiмдер, қабiлеттi жастар бизнеспен шұғылданамыз, коммерциямен айналысамыз деп, мұғалiмдiктен кетiп жатты. Әрi жоғары оқу орындарына жатақханаларды ұстап тұру да өте қиын болды. Сол кездерде жекешелендiру (приватизация) деген науқан басталды. Жатақханаларға ие болмағаннан кейiн, жоғары оқу орындарына оларды жекешелендiруге беруге тура келiптi. 1993 жылдарға дейiн институтта проректор болдым да, кейiн кафедраның меңгерушiсi болып кеттiм. 2000 жылдың басында қайта келсем, сол жатақханалардың көбi жекешеленуге берiлiп кетiптi. "СМУ-15" дейтiн жақта №10, №11, №5 дейтiн жатақханамыз бар едi. Сол №10 жатақхананы технология институтына министрлiк берiп жiберiптi, қалған екеуi жекешеленуге кеткен. Құрманғазы көшесiнiң бойында үлкен жатақханамыз бар едi, ол да сатылып кетiптi. 2000 жылдардың басында проректор болып келсем, институтта төрт-ақ жатақхана қалған екен. Мұратбаев пен Төле би көшесiнiң бойында бiр жатақханамыз бар едi. Бұрын ол жатақханаға шетелдiк студенттердi тұрғызатынбыз. Жас мұғалiмдердiң көбiн сол жатақханаға орналастыратын едiк. №9-шы жатақханаға да қызметкерлерiмiз орналасатын. Бұрыннан тұрып жатқандарының көбi басқа жаққа кеттi. Кейбiрiн бiрден шығаруға тағы болмайды. Өте мұқтаж мамандарды жұмысқа шақыртып, соларды сол жатақханаға орналастырып жатырмыз. Төле би-Мұратбаевтың бойындағы жатақхананың 1-қабаты бұрыннан басқа мекемеге өтiп кеткен. Жоғары жағы ғана бiзге қарайды. Төменгi қабатта ойын залы, бильярд дегендер бар, оларды жабуға бiзде мүмкiндiк жоқ. Өзiмiзге қарайтын жоғары қабаттарына жөндеу жұмыстарын жүргiзiп жатырмыз. Қызметкерлерге бұрын жатақхана беретiн едiк, қазiр аса мұқтаждарына болмаса, жатақхана бере алмаймыз. Жас балалары бар, үй алуға мүмкiндiктерi жоқтары тұрып жатыр. Әуелде осы жатақханаға байланысты да бiраз дау туындаған. Жекешелендiрiп алғысы келгендер де болды. Кейiн "Мәдени-оқу ошақтарына қатысты жатақханалар жекешелендiруге жатпайды" деген заң шықты да, бұл дауларға нүкте қойылды. Мұғалiмдерден басқа, бiрiншi кезекте магистранттарды жiберемiз. Арнайы тапсырыспен келген докторанттарды орналастырамыз. Отбасы құрған студенттерге де жатақхана беруге мүмкiндiк жоқ. Оларға тек бiр категория бойынша ғана жатақхана беруге болады. Ол отбасының екеуi де осы университеттiң студентi болған жағдайда ғана жатақханада тұра алады. Қазiр бiзде төрт жатақханамыз ғана бар. Бiзде 12 мыңдай студент оқиды, соның 7-8 мыңы республиканың өзге аймақтарынан келгендер.

– Өзге аймақ дегенiмiз, ауылдардан, өзге облыс орталықтарынан келген студенттер ме?

– Иә. Алыс шалғай ауылдардан келiп оқып жатқандар бар. Жатақхананың бiр бөлмесiнде санитарлық норма бойынша төрт бала ғана тұруға тиiс. Төрт-ақ бала тұратын болса, бiздегi орынның саны азайып қалады. Сондықтан бiр бөлмеге бес баладан тұрғызып жатырмыз. Қазiр есептеп қарасақ, бiздегi төрт жатақханада 1800 – ден астам ғана студент тұрады екен. Бұл отыз пайыздың ар жақ-бер жағы ғана. Мәселеден қалай шығуға болады? Әдiлдiк бар жерде, қазақ сөзге тоқтайды. Ол үшiн жатақханаға орналастыру жөнiнде арнайы комиссия құрамыз. Сол комиссия бойынша студенттердiң контингентiн есептеймiз. Онда да ақылы бөлiмге түскендердi есепке алмаймыз. Тек, мемлекеттiк грантпен оқуға түскендер бiрiншi есепке алынады. Олардың отбасы жағдайы қалай? Оның бәрiн арнайы комиссия тексередi. Бiрiншi кезекте, балалалар үйiнен келгендер. Оларға ешқандай ақша төлетпеймiз. Екiншiсi, жетiм балалар. Құжатын алып келедi, сол бойынша қарастырамыз. Әкесi не шешесi жоқ балалар, көп балалы отбасынан шыққандар, сосын шалғай ауылдардан келгендердi қарастырамыз. Бiзде төлемақы өте аз. Бiр жылға бiр кездерi 600-ақ теңге алатынбыз. Қазiр заман талабына сай, он мың теңге төлейдi. Бұндай төлемақы ешбiр оқу орнында жоқ.

– "Ақылы бөлiмде оқитын балаларға жатақхана бөлiнбейдi" дедiңiз. Оларға не себептi жатақхана берiлмейдi?

– Балалардың келiсiмiмен тағы бiр орын қойып, алтыншы балаларды кiргiзiп жатырмыз. Қазiр екi мыңға жуық баланы осылай орналастырудамыз. Ақылы бөлiмнiң балаларының өзiнде бiрнеше категория бойынша жүзеге асырылады. Кейбiр кәсiпорындармен келiсiмшартымыз бар. "Қазақмыс" және басқа да iрi кәсiпорындар студенттердi арнайы оқытады. Өйткенi олардың ақшасын арнайы кәсiпорындар төлеп отырғандықтан, оларға жатақхана мiндеттi түрде бөлiнедi. Ақылы бөлiмде оқитындардың iшiнде жағдайы ауыр, баспанаға тұру мүмкiндiгi жоқ балалар болса, олармен сөйлесiп, жағдайын қарастыруға тырысамыз. Сосын бiздiң университеттiң тағы бiр ерекшелiгi, бiз ақылы бөлiмге онша көп құмар емеспiз. Ақысын төлей алатын, жағдайы бар студенттер ғана ақылы бөлiмге тапсырады. Былтырғы жылы бiзде ақылы бөлiмi 22 пайыз ғана болды. Ақылы бөлiмде оқитын, жағдайы қиын балаларға жасалатын әлеуметтiк көмек деген бар. Арнайы комиссияның шешiмiне қарап, олардың ақысын төмендетемiз. Олардың арасында спортта көзге түсiп жүрген балалар да болуы мүмкiн. Республиканың намысын қорғап жүрген студенттердiң ақысын университет өз мойнына алып жатады. Оларға жатақхана беру жағынан да жеңiлдiктер бар. Өнерлi балалар, әдебиетке құмар балаларға да бiрсыпыра көмек жасаймыз.

Бұл Қазақ Ұлттық техникалық универсиеттiң басындағы жайт. Бұдан бөлек, студенттерiнiң көбi жатақханаға жете алмай, мұқтаждық күй кешiп жатқан оқу орнының бiрi – әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетi. Жоғарыда өзiмiз мысалға келтiргендей, бұл университеттiң студенттер құрамы да өзге оқу орындарымен салыстырғанда көбiрек. Әрi гуманитарлық саланы таңдайтындардың көбi де осы оқу орнына құжат тапсыруға тырысады. Студентi көп, жатақханасы да бiршама Қазақ Ұлттық университетiнде де жатақхана мәселесi күрделi. Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетiнде барлығы 13 жатақхана бар. Ол жатақханаларында орындар саны да әртүрлi. Жалпы ҚазҰУ – дiң жатақханаларында барлығы – 4901 орын бар көрiнедi. Университеттiң қабырғасында оқып жүрген студенттер мен магистранттардың жалпы саны – 18 444. Бұл тiзiмге дайындық факультетiнде оқып жатқан шетелдiк студенттер мен колледж тәлiмгерлерi және PhD докторанттары кiрмейдi. Ал жоғарыдағы тiзiм бойынша, бакалавр мамандығында бiлiм алып жатқан студенттер саны – 17 920. Оның iшiнде сырттан келгендер, яғни Алматы қаласынан тыс облыстардан келгендер саны 15 500-ден асып жығылады. ҚазҰУ-де жатақхана алуға өтiнiш бiлдiретiндердiң саны естуiмiзше, 13-14 мыңнан асып жығылатын көрiнедi. Оның бес мыңын ғана университеттiң қанағаттандыруға мүмкiндiгi бар. Ал қалған шамамен 8500-9000-нан аса өтiнiш иесiне орын жетпейдi екен.

Осыған орай, жатақхана мәселесiнiң не себептi күрделенiп кеткендiгi туралы сауалымызды оқу орнының басшылығына жолдаған едiк. Бiздiң сауалымызға ҚазҰУ-дың баспасөз қызметi былай деп жауап қайтарды.

– ҚазҰУ-де жекешелендiрiлген жатақханалар бар ма?

– Дәл қазiр ҚазҰУ-дың иелiгiнде ешқандай жекешеленген жатақхана жоқ. Бiрақ бiздiң территориямызда бiзге қарамайтын 2 жатақхана бар. Олар 1993 жылы ҚР Үкiметiнiң қаулысына сәйкес, университеттiң сол кездегi жатақханада тұрған қызметкерлерiне жекешелендiрiлiп берiлген жатақханалар. Екi жатақхана да жеке пәтер иелерi кооперативiне қарайды. Ол Алматы қаласы Бостандық ауданының иелiгiнде.

– Кейбiр факультеттiң студенттерi басқа факультеттiң жатақханасында тұрады деп естiдiк. Факультеттiң өз студенттерiне жатақхана жетпей жатқан кезде, мұның қандай себебi бар?

– Бұл ешқандай заңға қайшы емес. Қарап отырсаңыз, кейбiр жатақханаларда орын аз. Ал кейбiреулерiнде оған қарағанда көп. Сондықтан орын аз жатақханаларда оқитын факультеттер бойынша көп өтiнiш түссе және жоғарыда айтқан талаптар бойынша әлеуметтiк жағдайы өте төмен отбасының балалары сол факультеттерде көп болса, талап бойынша, бiз сол әлеуметтiк қорғалмаған студенттердiң өтiнiштерiн қанағаттандыруымыз керек.

– Университетте қанша студент жатақханаға мұқтаж?

– Жасыратыны жоқ, университетте шамамен 8500-9000 мыңнан астам студент жатақханаға мұқтаж. Алдағы жылдары бұл мәселе одан ары күрделене түсуi мүмкiн. Сондықтан бiз студенттердiң барлық өтiнiштерiн тиiстi мекемелерге берiп отырмыз. Олар алдағы жылдары ҚР Үкiметi мақұлдаған Бiлiм және ғылым министрлiгiнiң 2011-2015 жылдарға арналған "Студенттiк баспана" атты бағдарламасы бойынша жатақханамен қамтылатын болады. Қазiр бұл бағдарлама жергiлiктi әкiмшiлiктерге жолданып, студенттерге арналған жаңа жатақханалар салу қолға алынып жатыр. Бұдан басқа осы жылдың соңында бұрынғы жатақханалар, қазiргi халықаралық қатынастар факультетi мен шығыстану факультетiнiң оқу корпустары қайта жөндеуден өткiзiлiп, келер жылдың басында 700 орындық екi жатақхана студенттерге қайтарылып берiледi.

Сондай-ақ, жатақханадан орын тимеген шәкiрттердi далада қалдырмау мақсатында бiз тағы да жаңа тәсiл ойлап тауып отырмыз. Ол – әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Студенттер сенатының ойлап тапқан "Студенттерге тұрғын үй iздеуде көмек көрсетудiң әлеуметтiк желiсi" атты жоба. Бұл жобаның басты мақсаты — жатақханадан орын жетпеген студенттерге қаладан пәтер жалдап тұруға қол ұшын беру, көмек қолын созу. Бұл тұрғыда екi бағытта қызмет атқарылады: бiрiншi пәтердi жалға берушiлердi ауданға сәйкес бөлiп, толық мәлiметтер базасы жасалынады, екiншi пәтер iздеушi студенттердiң мәлiметтер базасы түзiледi. Ол жерден әркiм өзiне тиiмдi ақпараттарды ала алады. Жоба жұмысы факультет деңгейiнде Студенттер мәслихатымен, ал университет деңгейiнде Студенттер сенатымен үйлестiрiлiп отырады.

Қазақ Ұлттық университетiндегi мамандардың пiкiрi осындай. Жоғары оқу орындарының басшылары "жатақхананы жетiмдерге, көпбалалы отбасынан шыққан балаларға, сонымен бiрге алтын белгi мен грант иегерлерiне кезексiз беремiз" дегендi алға тартады. Ал Алматы қаласына бiлiм қуып келетiндердiң саны жыл сайын 10 пайызға артады екен. Мамандардың айтуынша, бұл мәселенiң түйiнiн шешу үшiн кемiнде 30 шақты жатақхана салыну керек дейдi. Түркия мемлекетiнде баспанасыз жастар мен студенттер үшiн арнайы жатақханалар салынады екен. Оларда тiптi iскер азаматтардың өзi өз қаржысына жатақхана салуды өздерiне мiндет санайтын көрiнедi. Бұл жатақханаларда кез -келген оқу орнының жатақханаға қолы жетпеген студентiнiң тұруына мүмкiндiк бар көрiнедi. Бұл да болса, мемлекеттiң тарапынан жастарға жасалып отырған үлкен қолдау болса керек.

Қазақстанның өзге қаласын қайдам, оңтүстiк шаһарда жатақхана мәселесi әзiр шешiмiн табар емес. Әрi бұл бiр ғана университеттiң немесе бiр институттың басындағы мәселе емес. Бұл жалпы Қазақстан көлемiндегi жоғары оқу орындарындағы орын алып отырған мәселе. Бұл мәселеге мемлекеттiк тұрғыдан қарағанда ғана, шешiмi табылатын сияқты.

Әзiрге жатақханадан орын таба алмай, пәтер жалдайын десе, қалтасы көтермейтiн жалаңаяқ студенттiң бар мұңы жатын орынға тiрелiп-ақ тұр. Студенттiң зарын еститiн құлақ, мұңын мұңдайтын жоқтаушы табылар ма екен?!

15.09.2011

Гүлзина Бектасова